Этносаралық қақтығыстардың алдын алу
Ағымдағы жылдың ақпан айында Тараз қаласының Достық үйінде облыс әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің ұйымдастыруымен өскелең ұрпақ арасында, қақтығыссыз қоғам қалыптастыру мақсатында өңірдің мектептері мен колледждерінде бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылды. Жалпы, дау-дамайлар мен жанжалдарды медиативтік тәсілді қолдана отырып шешу және халықпен құқықтық түсіндіру жұмыстары ҚХА медиаторлары және Ақсақалдар кеңесі өкілдерінің қатысуымен жүргізіледі.
Медиация кабинетінің меңгерушісі Валентина Николаевна Досыбиева жиынға қатысушыларды Медиацияның құралдары және ұстанымдарымен, қолдану саласымен таныстырды. Өз сөзінде ол оқушылардың мектеп аумағында құрдастарымен және аға буын өкілдерімен өзара қарым-қатынас, араласу этикеттерін атап өтті: -«Қақтығыстар әр адамның өмірінде жойқын рөл атқарады. Кез-келген жанжал өзіне ғана емес, қоршаған ортаға да зиян келтіретін, күйзеліс әкелетін эмоциялармен байланысты. Жанжал сияқты келеңсіз жайттар әр адамның өмірінде кездесіп тұрады, оларды болдырмау мүмкін емес. Біздің жұмысымыз сол жанжалдардың себебін шешуден тұрады. Міндетіміз – әр адамды қалыптасқан шиеленістерден лайықты шыға білуге үйрету және дұрыс нәтижесін көріп, оң тәжірибе алу, жастарды сабырлыққа, даналыққа тәрбиелеу».
Жамбыл ауданының ҚХА медиаторы Әмірова Нұрлыкүл Сейсенғалиқызы қатысушыларды медиацияны өмірде қолданудың тәжірибесімен таныстырып, өз өмірлік жайттарынан мысалдар келтірді.
Сондай-ақ, Жамбыл облысы ҚХА ақсақалдар кеңесінің төрағасы Жанабаев Рахмиджан Ергешұлы да колледж студенттеріне «Ұрпақтар сабақтастығы» тақырыбында дәріс оқыды. Ол, әр жастағы адамдарды бір-бірімен біріктіретін тарихи, әлеуметтік және биологиялық байланыстардың ұрпақтар сабақтастығы болып табылатындығын атап өтті. Уақыт туыс-жақындарды белгілі бір уақыттарға ажыратып, жастардың тәрбиелік құндылықтары мен өмірге деген көзқарастарын өзгертсе де, әке мен баланың, ата мен немеренің өзара байланысына әсер етпеуі тиіс. Осы себепті де туыстар, жақындар сабақтастығы мен пайдалы мәліметтермен алмасу дәрістері жастар арасында тұрақты өткізіліп тұру керектігін алға тартты.
Тараз қаласының Өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы Зайнутдинов Абдрахман Юлдашұлы этносаралық қақтығыстардың себептері мен алғышарттарын, сондай-ақ ұлтаралық негіздегі жанжалды шешу жолдары туралы айтып берді. Ол мемлекетіміздің – көпұлтты ел екендігін және де этникалық ерекшеліктерге қарамастан Қазақстан конституциясының заңдарының барша азаматтарға тең екендігін атап өтті. Сонымен қоса, этносаралық қатынастарға ғылыми зерттеу саласының айрықша назар аударуын талап етті.
Жамбыл облысы әкімі аппараты
«Қоғамдық келісім» КММ
Баспасөз орталығының баспасөз хатшысы
Бибігүл Шахзада