Тараз қаласының облыстық Қан орталығында “Ерікті донор” акциясы өткізілді
Әлемде қан құюға жыл сайын миллиондаған адамдар мұқтаж болады. Осыған орай, ағымдағы жылдың ақпан айында жамбылдық этномәдени бірлестікттердің белсенді жастары Тараз қаласындағы «Қан орталығына» барып қан тапсырды. Жастар қатарында Жамбыл облыстық «Жаңғыру жолы» республикалық жастар қозғалысының өңірлік штабының мүшелері және ассамблея волонтералары, этномәдени бірлестіктің белсенді жастары болды. Қайырымдылық шарасы жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Қан өткізуге, қайырымдылыққа ерікті түрде атсалысатын жастардың биылғы жылғы шарасы «Ерікті донор» атауымен өткізілді. Қолдарына ҚХА жалауын ұстаған жастар, «Қан орталығы» ғимаратының алдында жиналды.Бұл игілікті іс әрбір жанға үлгі болары сөзсіз.
Қан қандай жағдайда керек? Сырқат жандар күнделікті қан құюға мұқтаж болады. Қан немесе қанды құраушы компоненттер жол-көлік оқиғасына ұшыраған, босанғаннан кейінгі ауыр жағдайдағы әйел азаматшаларға, сырқаты терең балаларға ауадай қажет. Ал гемофилиямен және анемия ауруына шалдыққандарға өмірін сақтап тұру үшін тек қан керек. Әлемнің әрбір үшінші тұрғыны бір рет донорлық қанды қажетсінеді дейді статистика. Ал «Донор» дегеніміз –өзінің қанын беру арқылы біреуге өмір сыйлайтын адам.
Жамбыл облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ-нің ерікті донорлары, Тараз қалалық Қан орталығының қолдауымен өткен атаулы акцияға ерекше ынта-ықыластарымен атсалысты.
Алдымен тіркеу бөлімінен өтіп, зертханалық кабинетте талдама жасалынды.денсаулығы жарамды деп танылған қыз-жігіттер қанға мұқтаж жандарға өз қандарын өткізіп, қайырымды іс жасады.
Орталық басшысы Умаров Гулам Мухтарұлы қайырымдылық іске белсене қатысқан жастардың ізгі ниеттеріне өз ризашылығын білдірді. Осынау дәстүрлі шара жалғасын тауып, қайырымдылыққа жаны құмар мейірімді жастардың қатары көбейсе деген тілегінде жасырмады. Мұндай жауапты әрі өте маңызды шараға жас буынның саналы түрде қатысуы қуанарлық жағдай екенін ерекше атап өтті.
Сонымен қатар, Жамбыл облыстық «Жаңғыру жолы» республикалық жастар қозғалысының өңірлік штабы жастарының жетекшісі Хамида Турдыева: – «Қайырымдылық акциясына барлығы 40 жас қатысып, белсенділік танытты. «Ерікті донор» қайырымдылық акциясы алдағы уақытта да өз жалғасын табады және оған қатысушылар саны артып келеді»-деді.
Шара соңында акцияға қатысушылар мекеме қызметкерлерімен естелік суретке түсті.
Жамбыл облысы әкімі аппаратының
«Қоғамдық келісім» КММ
Баспасөз орталығы