Талдықорған қаласында «Мәдениеттер калейдоскобы» атты Тараз және Алматы облыстары этномәдени бірлестіктерінің өңіраралық туры өтті
Ағымдағы жылдың қыркүйегінде Талдықорған қаласы «Достық үйінде» Жамбыл облысы Қазақстан халқы ассамблеясы ұйымдастыруымен этномәдени бірлестіктер арасында «Мәдениеттер калейдоскобы» атты Жамбыл және Алматы облыстарының «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының штабы мүшелерінің қатысуымен өңіраралық тур өтті.
Екі облыс жастарының кездесу туры олардың бойында біртұтас ортақ құндылықтарды қалыптастырудың негізі ретінде қазақ халқының тарихын, мәдениетін, философиясын, этникасын дәріптеуге, сондай-ақ Қазақстан этностарының арасында «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жобаларын ілгерілетуге бағдарланған. Кездесудің басы Жамбыл облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысы Убайдуллаева Рано Махсудқызы және Алматы облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі Тұрсынбай Ғабит Тұрсынбайұлының ізгі тілектерімен басталды.
«Қоғамдық келісім» КММ басшысы Рано Махсудқызы: «Біздің келуіміздің мақсаты – «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жалпы құндылықтарды қалыптастыруға, қазақ елінің тарихын, мәдениетін, әдебиетін, өркениетін, дүниетанымын Қазақстан халқы арасында насихаттауға бағытталған «Қазақтану» жобасын жүзеге асыру. Өңіраралық турдың негізгі міндетінің өзі – ұлттық мұраны нығайтуға және қазақстандық жас буындарға мәдени-рухани тәрбие беруге ықпал ету болатын. Осы тұста Алматы облысының тарихы мен мәдениетін таныстыру экскурсиясы жамбылдық жастарға рухани серпіліс әрі шығармашылық әлеуетін ашады деген сенімдемін. Облыстар арасындағы осындай бірлескен іс-шаралар этномәдени бірлестіктердің тәжірибе алмасып, екі өңірдің жастары арасында достық қарым-қатынас орнатуға мүмкіндік береді» – деді өз сөзінде.
Сондай-ақ, кездесу барысында Жамбыл облысының «Жанғыру жолы» жастар қозғалысының атқарған жұмысы туралы өңірлік штабтың белсендісі Алиев Хабиб сөз сөйлеп, жыл бойындағы жолға қойылған жоспарлардың жүйелі нәтежиелерімен бөлісіп, екі облыстың жастар қанаты тәжірибе алмасты. Кездесу кезінде ҚР Президентінің жолдауы бойынша Жамбыл облысының этномәдени бірлестіктерінің мүшелері Лигостаев Артур мен Пряхина Русалина және Алматы облысының өзге этнос өкілдері өзара пікір алмасып, ой қозғады.
Өңіраралық кездесуде жастар Талдықорған қаласындағы М. Тынышпаев атындағы тарихи-өлкетану және І. Жансүгіров атындағы облыстық әдебиет мұражайларымен танысты. Сондай-ақ, Жамбыл облысының «Жаңғыру жолы» ЖҚ штабы мүшелері алматылық ағайынға тараздықтардың ыстық ықыласын жеткізу үшін мерекелік концерт ұйымдастырды. Алматы қаласының «Жаңғыру жолы» ЖҚ өкілдері жамбылдықтарды Алматы облысы, Үштөбе қаласындағы «Қазақ халқына алғыс!» атаумен депортацияланған этностардың ризашылығы ретінде салынған ескерткішпен таныстырды. Сан жылдық тарихтан сыр шертер ескерткіш жастардың назарына ерекше ілінді. Сонымен қатар, кездесу кезінде жастар Алматы облысы, Қаратал ауданындағы Кемел Тоқаев атындағы саябаққа саяхат та жасап үлгерді.
Кездесу соңында жастар өңіраралық турдан алған әсерлерін ортаға салды. Жамбыл облысы «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының белсендісі Алиев Хабиб турдан алған әсерімен бөлісіп, адағы уақытта да осындай игі бастамалар жалғасын тауып, тәжірибе алмассақ екен деген тілегін де жасырмады. «…Құрметті алматылық белсенді жастар, ел ертеңі біздің қолда. Осы орайда біз жүйелі жұмыс атқарып, қомақты нәтиже көрсете білуіміз керек. Бүгінгі өңірарлық турдағы басты міндетіміз – қоғамның назарын қазақ халқының қасиетті мұрасы дәстүрлерінің бірегейлігіне, этностар мәдениетінің әртүрлілігіне және өзіндік ерекшеліктеріне баса назар аударту, Қазақстандық ішкі туризмді дамытуға жәрдемдесу, өскелең ұрпақты қазақстандық бірегейлік пен патриотизм рухында тәрбиелеуіміз керек. Сонымен қатар, өңірлердегі кесенелердің тарихымен жіті танысып, облыстар арасында іс-шараларды ұйымдастырып, өздеріңіз секілді өзге өңірлердің мамандарымен танысып тәжірибе алмасу қажет. Ұлттық мұраны насихаттау және қазақстандықтардың жас буынын мәдени-рухани тұрғысынан тәрбиелеу, қоғамдық келісімді қалыптастыру және халық бірлігін нығайтуда бар күш-жігерімізді аямауымыз қажет», – деді белсенді жас.
Жастарға жаңаша мүмкіндіктер сыйлап, тәжірибелерін еселеген, таным-тыныстарын кеңейткен турдың соңы екі облыстың бір-бірлеріне естелік сыйлықтар табыстаумен тәмамдалды. Бір елдің баласындай, бір қолдың саласындай жұмыла жұмыс істесе алынбас асу жоғын білген жастар аталған жиыннан ерекше әсер алып қайтты.
Жамыл облысы әкімі аппаратының
«Қоғамдық келісім» КММ
баспасөз қызметі бөлімінің басшысы
Бибігүл Шахзада