ҚХА жастары аймақтық «Жастар шақырады» форумына қатысып, белсенділік танытты
Жамбыл облысы Қазақстан халқы ассамблеясы «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының активтері ағымдағы жылдың 23-25 тамыз аралығында Жамбыл облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ ұйымдастыруымен табиғатымен баурайтын Меркі ауданындағы тау бөктерінде орналасқан «Turan» демалыс орталығындағы аймақтық «Жастар шақырады» форумына қатысты. Аталмыш форумға «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының белсенді мүшелері іріктеліп алынды. Дарынды жастардың шығармашылығын анықтауға, қолдауға және көтермелеуге, қазақстандықтардың жас буынын мәдени-рухани тәрбиелеуе, қазақстандық бірегейлікті, қоғамдық келісімді қалыптастыруға және мемлекеттік тілді оқыту арқылы халықтың бірлігін нығайтуға бағытталып үш күнге созылған «Жастар шақырады» форумы ойдағыдай аяқталды. Үш күн ішінде жастарға түрлі ойын сауықтық бағдарламалар ұйымдастырылып, қатысушылар арасында таныстық, достық қатынасы орнады. Аймақтық форум аяқталып өз мәресіне жеткенде Жамбыл облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ-нің басшысы Убайдуллаева Рано Махсудқызы жастарға жүрекжарды тілегін білдірді.
– Жамбыл облысы Қазақстан халқы ассамблеясы Меркі ауданындағы “Тұран” мәдени-демалыс кешенінің аумағында “Жастар шақырады” этномәдени бірлестігі жастарының облыстық форумын өткізіп келдік. Бұл жыл сайын өткізілетін іс-шара. Форумға қатысушылар этномәдени бірлестіктердің өкілдері мен көшбасшылары. Ұйымдастырушылары Жамбыл облысының Қазақстан халқы ассамблеясы. Меркі өңірінде жастар жиынын алғаш рет өткізіп отырмыз. Менің ойымша, бұл форум табысты өтті деп ойлаймын, себебі бұл іс-шара түрлі бағдарламаларға қанық. Аймақтық форумның қатысушы жастар бір-біріне ұмытылмас естеліктер, ерекше көңіл-күй сыйлау үшін бар күш жігерлерін салып тырысты. Форум барысында ойын-сауықтық сипаттағы мәдени іс-шаралар ғана емес, сондай-ақ семинар-тренингтер өткізілді. Барлық қатысушылар уақыттарын жақсы өткізді деп ойлаймын.
Шынында да жастардың демалысы қызықты сәттерге толы болды. Алғашқы күннен-ақ жоспар бойынша белгіленген бағдарламалар жалындаған жастардың ерекше қызығушылықтарын оятты. Әрбір берілген тапсырманы бар ынта-жігерлерімен орындап форумға қатысушылардың әрқайсысы жеке қырларынын танылды. Шілденің аптап ыстығы болмаса да қолайлы ауа райына байланысты форум жастарына арнайы жүзуден «Лови волну-2019» сайысы өткізіліп, жүзгіш жүйріктер де анықталды.
Күннің екінші жартысында қатысушылар Хасанова Дильноза Бахадүрқызының жүргізуімен «Поколение Z» тақырыбында семинар-тренингке қатысып, нәтижесінде бұл буын туралы қызықты ақпарат алды. Сонымен қатар тренингте лектор жастарға бағыт-бағдар ретінде алдағы он жылдықта жоғары сұранысқа ие болатын және сол уақыт аралығында қоғамға пайдасы бәсеңдейтін мамандық түрлерімен бөлісті. Сондай-ақ, «Қазақтану» бағдарламасы аясында әр этнос қыздары арасында қазақтың ұлттық тағамы «Қуырдақ» пісіруден шеберлік сыныбы өткізілді. Ал, ер балаларға жоғары санатты аспаз кәуап пісірудің және мүшелеп ет бөлшектеудің қыр-сырларын көрсетті. Жоғарыда атап өткеніміздей форум жастардың интеллектуалдық, мәдени деңгейін арттыруды басты нысанға алынды. Осы орайда көшбасшы жастарға «Ораторское искусство и леторское мастерство» тақырыбында «Елім-ай Достық» қоғамдық бірлестігінің басшысы Ким Полина Александровна семинар-тренинг өткізді. Семинар тренингте «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының мүшелері төрт топқа бөлініп, әр топ көңіл-күй түрлерін (меланхолиялы, сангвиндік, ашуланшақ, қызба, т.б.) таныстыру арқылы сөздік қорларының кеңдігін көрсетті. Бұл тренинг жастарға шешендік өнерді игерудің маңыздылығын аңғартты. Күндізгі уақыт жастардың білімдерін арттыруға жұмсалса, кешкі мезгілде ой сергіту мақсатында жастарға караоке сайысы, би сайыстары және викториналық ойындар ойнатылды. Форум барысында жастар бос уақыттарын да тиімді пайдаланып, демалыс орталығының тамаша табиғатымен танысып, демалыс орталығын қоршаған алып тауларға көтеріліп, аймақтың көз тоймас табиғаты аясында фотосесия жүргізді. Сонымен қатар форумға қатысушыларға демалыс барысында төрт мезгіл дастархан жайылып, тәтті тағамдар беріліп, демалысты жақсы өткізуілеріне қолайлы жағдайлар жасалды.
«Жастар шақырады» аймақтық форумының жабылу салтанатында концерттік бағдарламамен қоса Жамбыл облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ-нің басшысы Убайдуллаева Рано Махсұдқызы форумға қатысушы көшбасшы жастарға сертификат пен Қазақстан халқы ассамблеясының логотипі бар ыдыстарды сыйға тартты.
Аталмыш форум жастарға ерекше әсер сыйлап, білімдерін кеңейтуге, жаңа достар табуға, тамаша табиғаттың куәгері болуға, бос уақыттарын тиімді өткізуге зор үлесін қосқан игі іс-шараларымыздың бірі болып қатарға енді.