Таразда «Қазақтану» бағдарламасы аясында ашылған «МӘМІЛЕ» клубының екі отырысы өтті
Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың төрағалығымен өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХҮІ сессиясында қазақ тілін, мәдениетін, тарихын, философиясын, қазақ елінің құндылықтарын насихаттауға бағытталған «Қазақтану» жобасын жүзеге асыру жөнінде тапсырма берілген.
Бұл жобанын басты міндеті – қазақстандық этностар арасында қазақ халқының гуманитарлық және адамгершілік қағидаттарын қалыптастыру, Қазақстан халқының бірлігі мен достық дәстүрлерін ұрпақтан ұрпаққа беру мен сабақтастық тетігін құру.
Жобаға байланысты облыс әкімдігі тілдерді дамыту басқармасының «Тілдерді оқыту орталығы» мен «Қоғамдық келісім» арасында «Мәміле» жобасының (бұдан әрі – Мәміле клубы) тұжырымдамасы әзірленген еді. Осыған орай ағымдағы жылдың сәуірінде Достық үйінде Жамбыл облысы Қазақстан халқы ассамблеясының облыс әкімдігінің тілдерді дамыту басқармасы «Тілдерді оқыту орталығымен» бірлескен «Мәміле» клубының екі отырысы қатар өтті.
Бұл клуб – тілді үйренгісі келетіндер мен оған көмек көрсететін, сондай-ақ тілді меңгерген еріктілерге арналған диалог алаңы болып табылады.
Отырыстардың мақсаты – қазақ халқының салт-дәстүрін, әдебиетін, мәдениетін, тарихын дәріптеу. Мемлекеттік тіл саналатын қазақ тілінің бағасын түсініп, қазақ елінің дінін, ділін құрметтеу. Болашақ жастарды ұлттық патриотизмге, еліне, жеріне деген сүйспеншілікке тәрбиелеу.
Іс-шараға қатысушылар диалог алаңында «Ерлі-зайыпты, ұл-қыз» және «Туған-туысқан» (өз жұрты, қайын жұрт, нағашы жұрт) тақырыптары аясында әңгіме өрбітті.
Отырыстың спикерлері – өңірлік «Әулие Ата» қазақ мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы – Айгүл Кабиева, «Ақ желкен» жастар лигасының төрағасы Зайнуддин Махусеев, «Махмұт Қашқари атындағы Ұйғыр этномәдени бірлестігінің» төрайымы Мухаббат Тұрдиева, «Асу» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, тіл жанашыры Мәскеу Ноқрабеков этнос жастарына өз ойларымен, ақыл-кеңестерімен бөлісті.
Сонымен қатар, отырыста белгілі жазушы Ғабит Мүсіреповтің сценарийі бойынша отандық «Қазақфильм» киностудиясы түсірген «Қыз Жібек» фильмінен үзінділер көрсетіліп, әр ұлт өкілдерінің жастары қазақтың салт-дәстүрлері, ырымдарын фильмді арқау етіп ұғыну, көру арқылы өз жеке көзқарастары мен ой-толғамдарын ортаға салды және тіл үйренді.
Отырыс соңы өткізілген дәрістерді сараптау және қорытындылаумен аяқталды.
Жамбыл облыстық әкім аппараты
«Қоғамдық келісім» КММ Баспасөз қызметі