Таразда «Өмір сыйла» қайырымдылық акциясы өтті

Әлемде қан құюға жыл сайын миллиондаған адамдар мұқтаж болады.   Осыған орай ағымдағы жылдың ақпан  айында жамбылдық этномәдени бірлестіктің белсенді жастары Тараз қаласындағы «Қан орталығына» барын қан тапсырды. Жастар қатарында Жамбыл облыстық «Жаңғыру жолы» Республикалық жастар қозғалысының өңірлік штабының жастары, «Ақ желкен»  жастар  лигасының және этномәдени бірлестіктің белсенді жастары болды. Аталған қайырымдылық шарасы  жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Қан өткізуге, қайырымдылыққа ерікті түрде атсалысатын жастардың биылғы жылғы шаралары «Өмір сыйла» атауымен өткізілді. Қолдарына ҚХА жалауын ұстаған жастар, Тараз қаласының Тұңғыш Президент атындағы саябағынан бастап «Қан орталығы» ғимаратына дейінгі аралықты салтанатты шерумен жүріп өтті. Сырттан көрген әр жанға бұл игілікті іс үлгі болары сөзсіз.

Қан қандай жағдайда керек? Қан күйікке шалдыққандарға, жарақаттанғандарға керек. Күрделі операцияларды өткізу кезінде, ауыр босануларда қан құйылады. Ал гемофилиямен және қаны аздықтың ауруына шалдыққандарға – өмірін сақтап тұру үшін тек қан керек. Сонымен бірге, химиотерапиядан кейін тромбоциттер мен эритроциттердің, ақуыздардың орнын толтыру үшін  онкологиялық ауруларға қажет. Әлемнің әрбір үшінші тұрғыны бір рет донорлық қанды қажетсінеді дейді статистика. Ал «Донор» дегеніміз –өзінің қанын беру арқылы біреуге өмір сыйлайтын адам.

Жамбыл облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ, Тараз    қалалық  Қан  орталығының қолдауымен  өткен  атаулы акцияға еріктілер донорлар ерекше  ынта – ықыластарымен атсалысты. Алдымен тіркеу  бөлімінен өтіп, зертханалық  кабинетте талдама жасалынды,  содан соң барып денсаулығы күмәнсіз қыз-жігіттер  қанға мұқтаж жандарға өз қандарын беріп қайырымды іс қылды.

Орталық  басшысы Умаров Гулам Мухтарұлы  қайырымдылық іске  белсене араласқан жастардың  ізгі ниеттеріне  өз  ризашылығын білдірді. Осынау дәстүрлі шараның жалғасын тапса, қайымдылық жаны құмар мейірімді жастар көбейсе деген тілегінде жасырмады. Мұндай жауапты әрі өте маңызды шараға  жас буынның саналы түрде қатысуы  қуанарлық  жағдай екенін ерекше  атап өтті.

Сонымен қатар, Жамбыл облыстық «Жаңғыру жолы» Республикалық жастар қозғалысының өңірлік штабының жастарының жетекшісі Хамида Турдыева: «Қайырымдылық акциясына барлығы 70 жас  қатысып белсенділік танытты.  Былтырғы жылмен салыстырғанда биылғы жылы ерікті донорлар саны артты. «Өмір сыйла» қайырымдылық акциясы алдағы уақытта да өз жалғасын табады және оған қатысушылар саны да артып келеді»-дейді.

Шара соңында  акцияға қатысушылар мекеме қызметкерлерімен естелік суретке түсті.

 

 

Жамбыл облысы әкімі аппаратының

«Қоғамдық келісім» КММ

баспасөз қызметі