ДОСТЫҚ ҮЙІНДЕ «АНАНЫҢ ӘНІ» БАЙҚАУЫ ӨТТІ
Халықаралық әйелдер күніне орай республикалық «Мәдениетті ана –мәдениетті ұлт» жобасы аясында «Қоғамдық келісім» КММ мен өңірлік ҚХА Аналар кеңесі бүгін Достық үйінде «Ананың әні» байқауын өткізді.
Облыс орталығы мен аудандардан 18 бен 45 жас аралығындағы 15 үміткер қатысқан бәсекенің мақсаты – қазақ халқының өнері мен мәдениетін, мемлекеттік тілді насихаттау, ән арқылы үйрету. Сондай-ақ, еліміздің бірлігін сақтау және этностар мәдениетінің ерекшеліктерін айқындауды, үміткерлердің кәсіби шеберлігін арттыруды көздейді.
Байқау қатысушыларына «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Мубарак Жинақбаева мен облыстық ҚХА Аналар кеңесінің төрағасы Эльмира Иниятқызы сәттілік тілеп, мерекелік құттықтауларын арнады.
Сайысқа қатысушылар отбасының үлгілі дәстүрлеріне байланысты бейнероликтерін (алдын ала дайындалған, сапалы) ұсынып, ана тақырыбында қазақ тілінде белгілі ақын-композиторлардың әнін орындауымен және биыл мерейтойы атап өтілетін қазақ классиктерінің бірінің шығармаларынан үзінді жаттау арқылы бақ сынасты.
Байқаудың бағасын беретін қазылар құрамында «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Мубарак Жинақбаева, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, әнші Асылхан Шүңіреков және Аналар кеңесінің өкілі Сейсекүл Исматова болды.
Сарапшылар үміткерлерді бағалауда орындаушылық шеберлік, сахналық мәдениет, репертуардың байқау ережесіне сай болуы сынды критерийлерін басты назарға алды.
Байқау нәтижесі бойынша М.Қашқари атындағы Ұйғыр этномәдени бірлестігінің өкілі, мұғалім Мухабат Алеханова І орын, Қордай аудандық мәдениет үйі және Тарихи-өлкетану музейінің концертмейстері Рузана Усенова және Сарысу ауданының үміткері Жамиля Амоева ІІ орынды иеленсе, Жуалы ауданынан келген қатысушы, жеке кәсіпкер Кристина Чакова мен меркілік Куляра Рамазановаға ІІІ орын бұйырды.
Ал, өзге де қатысушылар арнайы Алғыс хаттармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.