ҚОРЖЫН ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ АКЦИЯСЫ БАСТАЛДЫ

Халықтар арасындағы ажырамас ынтымақ жібін жалғап жатқан игілікті істің бірі – қайырымдылық. Тұтастықтың тұғырын нығайту жолында Қазақстан халқы Ассамблеясы қайырымдылық шаралардан қалыс қалған емес.

1-наурыз Алғыс күніне және ҚХА-ның 30 жылдығына орай Достық үйінде өткен мерекелік жиын барысында «Қайырымдылық керуені» жобасы аясындағы «Қоржын» қайырымдылық акциясына бастау берілді.

Аталған жиында Жамбыл облыстық ҚХА жанындағы «Жомарт жан» орталығының жетекшісі, облыстық мәслихат төрағасы Жалил Аббосов сөз алып, игілікті істердің ұйытқысы болып жүрген аймақтық Ассамблеяның толайым табыстарын атай келе, мерекелік құттықтауын жеткізді.

Жиын барысында облыстық ҚХА төрағасының қоғамдық орынбасары Асқарбек Сейілхан ауқымды қайырымдылық шараларды дер кезінде және жедел ұйымдастырып жіберетін жамбылдық ҚХА мүшелерінің жұдырықтай жұмылып атқарған еңбектерін ерекше атап өтіп, ақ батасын берді.

Ассамблеяның бастамасымен қолға алынған «Қайырымдылық керуені» акциясы 2015 жылдан бері дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді. Аталмыш ауқымды акция аясында жергілікті ҚХА өкілдерінің атсалысуымен қыстан қысылып шыққан, әлеуметтік жағдайы аз қамтылған, көпбалалы отбасыларға азық-түлікпен көмек көрсетілуде.

Бүгінгі акция барысында республикалық «Ассамблея жастары» ҚБ төрағасының орынбасары, жамбылдық жастар жетекшісі Хамида Турдыева бастаған Ассамблея жастары азық-түлік салынған себеттер мен сөмкелерді әлеуметтік жағдайы аз қамтылған отбасыларына таратты.