ЖАМБЫЛДЫҚ ЖАСТАР ЕҢБЕК АДАМДАРЫНА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТТІ

Күнделікті қала тазалығын қамтамасыз ететін жұмысшылар қашанда
құрметке лайық.
Бұл тұрғыда жамбылдық Ассамблеяның белсенді жастары көне шаһар
тазалығына үлес қосатын еңбек иелеріне арнап жыл сайын ізгілік шараларын
ұйымдастырады.
Дәстүрлі шара биыл да жалғасын тауып, аймақтық “Ассамблея жастары”
қоғамдық бірлестігінің белсенділері аязды күні көшені қардан тазартып
жүрген коммуналдық қызметкерлерге ыстық шәй толы термос пен тәтті
бәліш, бауырсақтарды үлестірді.
Бұл жолғы шара былтырғыдан ерек. Себебі, биылғы жылды Мемлекет
басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп
жариялаған болатын. Осы орайда игілікті іске ұйытқы болған Ассамблея
жастары мұндай шара арқылы еңбек адамдарына алғыс білдіргісі келетіндігін
жеткізді.
–Таңның атысынан күн батқанға дейін ауа райының қолайсыздығына
қарамастан қала көшелеріндегі тазалыққа үлкен жауапкершілікпен қарап
жүрген жандардың еңбегі ерекше. Сол адамдардың тәулік бойы жұмыс
істеуінің арқасында тазартылған көшелермен жүреміз. Бүгінгі шара арқылы
қала тұрғындарын жақсылыққа шабыттандырып, айналамызға жылулық
сыйлауға шақырғымыз келеді, – дейді «Ассамблея жастары» РҚБ
төрағасының орынбасары, жамбылдық жастардың жетекшісі, облыстық
Ұйғырлар этномәдени бірлестігі төрағасының міндетін атқарушы әрі Жастар
қанатының төрағасы Хамида Турдыева.