«КӨШБАСШЫЛАР МЕКТЕБІ» – БІЛІКТІ МЕНЕДЖЕРЛЕРДІ ДАЯРЛАУДАҒЫ МАҢЫЗДЫ ҚАДАМ
«Көшбасшылар мектебі» білім беру жобасы – Қазақстан халқы Ассамблеясының жаңа ұрпақ көшбасшыларын тәрбиелеуге, әлеуметтік және мәдени мәселелерді тиімді шешуге дайын жас жетекшілерді қалыптастыруға үлес қосатын бірегей жоба.
Апта басында Елорда төрінде бастау алған жиынға ҚХА Төрағасының орынбасары – ҚР Президенті Әкімшілігі ҚХА Хатшылығының меңгерушісі Марат Әзілханов қатысып, жастармен бірге атқарылатын негізгі міндеттерді атап өтті.
Үш күнге жоспарланған шара барысында еліміздің әр аймағынан жиылған қатысушыларға кәсіби тренерлер көпшілік алдында сөйлеу, интонация, қимыл-қозғалыс арқылы сөзсіз ойды жеткізу, аудиториямен өзара әрекеттесу бағытында білім-біліктерімен бөлісті.
Арнайы сала мамандарынан алған дәріс барысында жастар өзара келіссөздер жүргізуге дағдыланып, топтық жұмыс жасау барысын және сапалы жобаларды дайындауды меңгерді.
Аталмыш жобаның үшінші күнінде бағдарламаға сай қатысушылар ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Абай облысы бойынша филиалының директоры Әсет Абжақовтың «Наразылық белсенділігімен өзара әрекеттесу» тақырыбында жасаған баяндамасына зейін қойып, бірқатар маңызды мәліметтерге қанықты.
Айта кетейік, маңызды жиынға Жамбыл облысынан республикалық «Ассамблея жастары» төрағасының орынбасары, өңірлік жастар ұйымының жетекшісі Хамида Турдыева және облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ жетекші сарапшысы Алмас Ақынтай қатысқан болатын.