ҚХА ҒЫЛЫМИ САРАПТАМАЛЫҚ ТОПТЫҢ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ
Ағымдағы жылдың 18 қарашасы күні Ш.Мұртаза атындағы ХТИИ ғимаратында Жамбыл облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы Ғылыми-сараптамалық тобының кеңейтілген отырысы өтті.
Көпэтносты Қазақстанда жұмысшы кәсіптерінің беделін арттыру тұрғысынан жоғары және орта арнаулы білім беруді реформалау тақырыбы аясында өткен отырысқа өңірлік Ассамблеясының ғылыми-сараптамалық тобының мүшелері, аймақтың этномәдени бірлестіктерінің өкілдері, студенттер, БАҚ өкілдері қатысты.
Жиын аталған оқу орнының Вице-президенті, өңірлік ҚХА ғылыми-сараптамалық тобының төрағасы, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Махметғали Сарыбековтың модераторлық алғы сөзімен басталды.
Ары қарай Жамбыл политехникалық жоғары колледжі директорының оқу-өндірістік жұмыс жөніндегі орынбасары Тұрлыхан Оразбаев, «Жастар-зерттеу» жастар қоғамдық бірлестігінің төрайымы, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің экономика және құқық факультетінің 3 курс студенті Адиля Саитбаева, «Жамбыл-Жылу» МКК №1 пайдалану ауданының бастығы Сәкен Қасымбеков және облыстық «Днепро» Украин мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Федор Клименколар сөз сөйледі.
Кеңейтілген отырыста еліміздің экономикасының дамуындағы кәсіптік техникалық білімнің рөлі, еліміздегі экономикалық дамуы және жұмысшы кәсіптердің болашаққа болжамдары сынды түрлі мәселелер мен тақырыптар талқыланды.
Сондай-ақ отырыста «Адал еңбек, адал азамат» жобасы таныстырылып, ғылыми талқылау жасады. ҚХА Аналар кеңесінің мүшесі Пайза Куненова қазіргі жастардың, әсіресе блогерлердің жеңіл табысын атап, адал табыс пен адал еңбектің маңыздылығына терең тоқталып, сессия тапсырмасына сәйкес, «Салауатты сана» жобасы қоғамның әлеуметтік дертіне айналған 5 кеселден арылу бойынша сөз сөйледі.
Жиын соңы өзара пікір алмасулар және ғылыми-сараптамалық топтың белсенділерін марапаттаумен тәмамдалды.