ҚАЗАҚША ОҢАЙ
«Бір ел» жобасы аясында өтіп жатқан республикалық жастар форумы аясында қатысушылар Меркі ауданының көрікті жерлеріне де табан тіреп, мерейлі өлкенің тарихымен танысты.
Кезекті түскі астан соң өңірге келушілер Меркі шатқалында орналасқан тау басындағы 90 метрлік ерекше үңгірге бет алды. Жалынды жастар ауа-райының жайсыздығына қарамастан тылсым табиғаттың тамашасына тамсанып, бірнеше бөлмеге бөлінетін таңғажайып үңгірдің ерекшелігіне куә боп, таудан ағатын бұлақты да тамашалады.
Түскі серуеннен соң қатысушылар «Қазақша Оңай!» деп аталатын жеке бағдарламаның интерактивті бөлімін жалғастырды.
Тренингті «Ассамблея жастары» РҚБ төралқа мүшесі, блогер, «SetantaQazaqstan» телеарнасының журналисі Анастасия Нұғманова жүргізді.
Семинар-тренинг барысында дәріскер Анастасия Юрийқызы қазақ тілінің грамматикасына тоқталып, одан соң мақал-мәтелдер арқылы мемлекеттік тілде сөз құрастыру, заттар атауын дұрыс табу, қазақ тілінің лексикасы – тіл байлығына ерекше тоқталды.