РУХАНИ КЕЛІСІМ – БЕЙБІТШІЛІК НЕГІЗІ

Бүгін Достық үйінде облыстық дін істері басқармасының ұйымдастыруымен «Рухани келісім күніне» орай діни бірлестіктер мен дін саласындағы сарапшылардың қатысуымен кездесу өтті.

Діни экстремизм мен терроризм идеологиясының таралуының алдын алу мақсатында өткен шараға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының облыстағы өкілдері, өңірлік этномәдени бірлестіктер, Христиан бағытындағы діни бірлестік мүшелері, дінтанушы, психолог және теолог мамандар мен облыс, қала және аудан әкімдігінің өкілдері қатысты.

Қоғамда бейбітшілік пен тұрақтылық, толеранттық, рухани келісім идея-ларын насихаттауға бағытталған жиында Астана қаласындағы «Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығының» басқарма төрағасының орынбасары Бауыржан Бәкіров, «Ислам зерттеулері орталығы» қоғамдық қорының директоры, дінтану ғылымдарының PhD докторы Балғабек Мырзаев, «Ақниет» ақпараттық-насихаттау және оңалту орталығы қоғамдық қоры басшысының орынбасары Әлім Шауметов мемлекеттік-конфессиялық қатынастар саласындағы өзекті мәселе¬лерге тоқталып, қоғамдағы рухани келі¬сімнің бағасы қымбат екенін атап өтті.

Сондай-ақ, азаматтарды ортақ рухани-адамгершілік құндылықтарға топтастыруды мақсат еткен басқосуда сарапшылар өңірдегі түрлі конфессиялар мен этностар өкілдерінің өзара түсінісіп, қарым-қатынасын одан әрі дамытуы үшін осындай кездесулерді алдағы уақытта да өткізуге уағдаласты.