ҚАРТТАРЫН ҚАДІРЛЕГЕН ЕЛ АРДАҚТЫ

1 қазан – Халықаралық қарттар күні. Айтулы күнге орай, облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» мекемесінің ұйымдастыруымен «Қарттарын қадірлеген ел ардақты» атты мерекелік іс-шара өтті.

Салтанатты жиында «Қоғамдық келісім» мекемесі басшысының орынбасары Сәуле Досымбекқызы, облыстық ҚХА Ақсақалдар кеңесі төрағасының орынбасары, Тараз қаласы Өзбек орталығының төрағасы Абдырахман Зайнутдинов, облыстық ҚХА Аналар кеңесінің төраға орынбасары Сара Даузова өңірлік ҚХА ардагерлерін мерекелерімен құттықтап, жылы лебіздерін жеткізді. Бұл күні өңірдегі татулық пен тұрақтылықты ту еткен ардагерлерге өңір өнерпаздарының мерекелік тартуы толастамады. Қарияларға арналған жиында К.Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясының күміс көмей, жезтаңдай әншілері Торғын Орынбаева, Айгүл Мақашева, Жандос Омаров және «Тараз» триосы кешті әсем әнмен әрлеп, кеш шырайын кіргізді.

Әсіресе, Тараз тарихын әнмен жеткізген трио орындаған «Аяулы Таразым», «Анашым» әндері көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді. Одан әрі Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы би үйірмесінің мүшелері «Бабушки заюшки» биімен мерекені қыздырып, ардагерлерге ерекше көңіл күй сыйлады.

Сондай-ақ, «Қоғамдық келісім» КММ жанынан құрылған «Қолөнер шеберлерінің» «Vivat traditional» күздік топтамасы, Сәуле Тортбаеваның әзірлеген «Күміс жібек» атты қазақша кимешек пен тақиялар жинағы қонақтар назарына ұсынылды. Өз кезегінде қазыналы қарттар да алғыстарын жеткізіп, ілтипатын білдірді.

Кеш соңында ардагерлерге мерекелік дастархан жайылып, арнайы марапаттар мен сый-сияпаттап табысталды.