«КӨШПЕНДІЛЕР» ФЕСТИВАЛІ ӨТТІ
Бүгін Достық үйінде Жамбыл облысы әкімдігінің ақпарат және қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ мен мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының «Тілдерді оқыту орталығы» бірлесіп “Қазақстан халқы тілдері күніне” орай «Көшпенділер» фестивалін ұйымдастырды.
Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, ұлттық құндылықтарды дәріптеу, қазақ тілінің этносаралық қарым-қатынас тілі ретіндегі рөлін күшейту мақсатында өткен іс-шараға этномәдени бірлестіктердің басшылары мен өкілдері қатысты.
Мерекелік іс-шара барысында «Қазақстандық татар және башқұрттар конгресі» республикалық қоғамдық бірлестігінің өңірлік филиалы өкілдері Татар этносының тарихы мен ұлттық биін биледі. «Қоғамдық келісім» КММ қызметкерлері қазақ халқының «Сырға салу» рәсімін көрсетсе, республикалық Дүнген этномәдени бірлестігінің өкілдері «Келін түсіру» дәстүрін көрсетіп, ұлттық тағамдарын тарту етті. Облыстың Немістер қоғамы және «Радонеж» Орыстар қауымдастығының өкілдері тарихи кітаптар, түрлі құндылықтарымен таныстырып, дәстүрлі әндерін орындады.
Бұдан өзге «Тілдерді оқыту орталығының» мемлекеттік тілді оқыту курсына қатысушылары қазақ халқының көрнекті ақындарының тіл тақырыбына арналған өлеңдерін оқыды.
Жиын соңында этномәдени бірлестік өкілдері мен курс қатысушыларына Жамбыл облыстық тілдерді дамыту басқармасының Алғыс хаттары және сыйлықтары табысталды.