МЕДИАЦИЯ – ЫНТЫМАҚ ПЕН БІРЛІКТІҢ БАСТАУЫ

Дана қазақ «Ынтымақ жүрген жерде ырыс бірге жүреді» деп тегін айтпаған. Бірлік барда берекелі тірлік көрініс табары анық.

Бүгінде қазақ жерін мекен еткен 140-тан астам этнос өкілдері осы бірліктің арқасында тату-тәтті ғұмыр кешуде. Біз қоғамдағы бірлік пен келісімді көздің қарашығындай сақтап, қашан да алауыздыққа қарсы тұра білуіміз керек. Бұл жөнінде Мемлекет басшысы, ҚХА төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» атты ҚХА-ның ХХХІІІ сессиясында да айтқан болатын. Күні кеше еліміздің бас қаласы Астанада өткен республикалық ҚХА медиация кеңесінің кеңейтілген отырысына қатысып қайттым.

Алқалы жиында ҚХА Төрағасының орынбасары, ҚР Президенті Әкімшілігі ҚХА Хатшылығының меңгерушісі Марат Әзілханов Мемлекет басшысының ҚХА-ның ХХХІІІ сессиясында берген тапсырмасына сәйкес Алматы, Түркістан және Жамбыл облыстарында этномедиация саласындағы мамандардың тәжірибесі барлық өңірлердегі Ассамблеяның бүкіл ұйымдастырушылық шеңбері бойынша кеңейгенін атап өтті. Сондай-ақ, қазіргі қоғамда медиаторлардың еңбегі мен жалпы медиацияның рөліне тоқталып, соңғы бірнеше жылда медиацияның көмегімен көптеген арыз-шағым мәселелері шешілгенін айтты. Сонымен қатар, Жамбыл облысы «Қоғамдық келісім» КММ этнос өкілдермен жұмыс істеу жүйесі жоғары бағаланды.

Басқосуда қатысушылар проблемалық мәселелерін ортаға салып, жалпы медиация институтын жетілдіру бойынша ұсыныстарын ұсынды. Медиация кеңесінің мүшелері айтылған ой-пікірлерді қолдады.

Мемлекет үшін халқы тату, жері тыныш, қоғамы тұрақтылықта өмір сүру – үлкен жетістік. Сан түрлі этностың басын біріктіріп, бір мақсатқа жұмылдыру – оңай шаруа емес. Киелі Әулиеата жерінде көптеген этнос өкілдері берекелі бірлікке негізделген игі бастамаларға атсалысып, қоғамдық келісімді сақтап, ұлт бірлігін дәріптеуге үлес қосып жүр.

 

Абдрахман ЗАЙНУТДИНОВ,

Тараз қалалық Өзбек орталығының төрағасы