«САЛАУАТТЫ САНА» ЖОБАСЫ АЯСЫНДА КЕЗДЕСУ ӨТТІ
Бүгін Қордай ауданының Сортөбе, Масаншы, Ауқатты, Степной, Сарыбұлақ ауылдарында республикалық «Салауатты сана» жобасы аясында ақпараттық-түсіндіру тобының кездесуі өтті.
«Салауатты сана» ҚР Президентінің ҚХА ХХХІІІ сессиясында сөйлеген сөзі негізіндегі қауіпсіз өмір сүру үшін арылу керек әлеуметтік кеселдермен күресу туралы берген тапсырмасы негізіндегі ҚХА Аналар кеңесінің жасақтаған бірегей жобасы.
Ауыл аналарына аталған жобаны республикалық ҚХА мүшесі, жергілікті меценат Таня Апаева мен «Республикалық және облыстық «Вынхуа» Дүнгендер этномәдени бірлестігі» Аналар кеңесінің төрайымы Сара Даузова таныстырды.
Жиын барысында әлеуметті әуреге түсірген нашақорлық, құмар ойындарға тәуелділік, отбасы және әлеуметтік зорлық- зомбылық, вандализм, ысырапшылдық секілді бес кеселдің тамырын жою, әйел денсаулығына қатысты алаңдатып тұрған мәселелердің маңыздылығы туралы айтылды.
Қыз-келіншектер мәселесін көтеруде сөз сөйлеген «Вынхуа» Дүнгендер этномәдени бірлестігі» Аналар кеңесінің төрайымы Сара Манкизқызы мемлекеттік органдармен, мәслихаттармен өзара іс-қимылды күшейту арқылы жалпыұлттық құндылықтарды ілгерілетуге, жалпыазаматтық бірегейлікті, қоғамдағы сенім мәдениетін нығайтуға, қоғамның әлеуметтік кеселдеріне қарсы іс-қимылға, жастарды тәрбиелеуге және жас кадрлар даярлауға бар күш-жігерді салу керектігі жөнінде айтты. Ал, жергілікті меценат Таня Мудалифовна әйел денсаулығының бәрінен маңызды екенін, сау анадан сау балалар тарайтынына ерекше тоқталды.
Мәжіліс барысында аталмыш жоба негізінде атқарылатын жұмыстардың жоспары, Аналар кеңесінің салауатты өмір сүретін саналы қоғам қалыптастыруы, «Адал азамат» тәрбиелеуге бағытталған жаңа жобаны жүзеге асыру бойынша ұсыныстары талқыланды.
Жиын соңында аналардың ұсыныстары мен пікірлері тыңдалды.