ҰЛТТЫҚ ИДЕОЛОГИЯ – ЕЛ ДАМУЫНЫҢ КЕПІЛІ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» атты XXXIII-ші сессиясында сөйлеген сөзінде: «Ассамблея жұмысын еліміздің жаңа гуманитарлық идеологиялық доктринасымен үйлестіру қажет», – деп айтты.

Осыған орай, 2024 жылдың 17 маусым күні аймақ басшысы, облыстық ҚХА төрағасы Ербол Қарашөкеевтің қатысуымен «Бірлік пен даму: Өңірлік Қазақстан халқы Ассамблеясының стратегиялық бағдарының басты негіздері» атты облыстық ҚХА-ның XXVII сессиясы өтті.

Менің ойым – ассамблея жұмысын еліміздің жаңа гуманитарлық идеологиялық доктринасымен үйлестіру қажет.

Қазақстан құқықтық және демократиялық мемлекет ретінде қалыптасу жолында нәтижелі қадамдарын жасауда. Сол үшін де Ата Заңымыз – Конституцияға өзгерістер енгізілді. Конституциялық Сот жұмысын бастады. Әрине, жақсы заңдар қабылдауға болады. Негізгі мәселе – оларды орындау. Елімізде «заң мен тәртіп» қағидаты орнығу қажет. Кейбір кезде демократияға байланысты Қазақстанды Америка Құрама Штаттарымен салыстырып жатады. АҚШ бүгінгі демократиялық жүйесіне ғасырлар бойы келді. Біздің егемендік алғанымызға биыл 33 жыл болады. Сондықтан да әр қазақстандық құқықтық және демократиялық мемлекеттің азаматына лайық. Ел Президенті айтқандай «отаншыл, білімпаз, еңбекқор, тәртіпті, адал, әділ, үнемшіл әрі жанашыр» болу керек. Осы қасиеттерді ең алдымен бүгінгі жастардың бойына сіңіру маңызды. Әділетті Қазақстанды құру үшін өзіміздің қоғамдық санамыз бен азаматтық ниетімізді өзгерту қажет.

Ұлттық идеологияның түп-тамыры – білімді қоғам арқылы Қазақстанға рухани серпіліс жасау керек. Білімпаздық пен жаңашылдық бірінші орында тұрған жөн. Ұлттық идеологияның даму жолында жалғандыққа жол беруге болмайды. Бүгінгі жастарымыз өсіп-өркендесін десек, оларды жақсыдан үйреніп, жаманнан жирене білуге тәрбиелеу қажет.

Сонымен қатар, қазір әлем күн сайын өзгеруде: жаңа технологиялар, мамандықтар және салалар пайда болуда. Осындай жағдайда жастарымыз жаңа кәсіби дағдыларды меңгеруге және озық білімін тиімді пайдалануға дайын болу керек. Яғни рухани серпіліс жаңа сапалы білім алудан басталады.

Сананың өзгеруі ұлттық идеологияның дамуына тікелей байланысты. Бізге халқымыздың қуатын арттыратын, толағай табыстарға жетелейтін, жалпыұлттық құндылықтарын дамытатын идеология керек. Осы бағытта ҚХА өкілдері өз үлестерін қоса береді деген сенімдемін.

 

Махметғали Сарыбеков, Жамбыл облысы Қазақстан халқы ассамблеясы жанындағы ғылыми-сараптамалық топтың төрағасы