«АҚЫРЫН ЖҮРІП, АНЫҚ БАСА» ЖАҢА ДЕҢГЕЙГЕ
2024 жылғы 21 ақпанда ZOOM платформасында ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі этносаралық қатынастарды дамыту комитетінің төрағасы Ғалым Нұрмағамбетұлы Шойкиннің қатысуымен Республикалық әдістемелік кеңестің онлайн-отырысы өтті.
Іс-шараға «Қоғамдық келісім» КММ, өңірлік Достық үйлерінің қызметкерлері қатысты.
Отырыс барысында ҚХА құрылымдары мен этномәдени бірлестіктермен жұмыс істеу тәсілдерін жандандыру, ақпараттық жұмысты ұйымдастыру, «Қоғамдық келісім» КММ және Достық үйлерінің қызметін қайта форматтау мәселелері қызу талқыға түсті.
Іс-шараның ең маңызды сәті — ҚХА мақсаты мен міндеттерін іске асыру жөніндегі жұмыс жоспарының жобасын ұсыну болды. Бұл жоба этномәдени бірлестіктердің жұмысын жандандыруға, жүйелі жоспарлауға және неғұрлым тиімді өзара іс-қимылға бағытталды.
Сонымен қатар, аудитория үшін Қоғамдық келісім КММ қызметін бағалау тетігі, жаңа жүйедегі қоғамдық аккредиттеу ережелері, «Алғыс айту» күніне арналған «Арайлы Атамекенім» челленджін орайлы өткізу сөз болды.
Сондай-ақ, алдағы «Алғыс айту» мейрамы тек этнос өкілдеріне ғана емес, жалпы бүкіл қазақстандарғв қатысты екені де баса айтылды. Жалпы, Ғалым Нұрмағамбетұлы ҚХА Баспасөз қызметінің жұмыстарына да жаңашылдық ендіруді тілге тиек ете келе өңірлік КММ жұмыстарының жаңа жүйелерін таныстыру барысында түсінікті де, көңілге қонымды бағыт-бағдар берді.
Оңтайлы отырыс барысында мәдениетаралық өзара іс-қимылды, этносаралық коммуникацияларды кеңейту, этноәлеуметтік топтарды біртұтас азаматтық отбасына біріктіру, мемлекеттік тіл, іс-шараларды өткізу кезінде мемлекеттік рәміздерді пайдалану туралы да нақты тапсырмалар қатары талқыланды.
«Ақпараттық жұмыс және қоғаммен байланыс» бөлімі