ТЕМІРЖОЛ БОЙЫНДАҒЫ ЭТНОСТАР БАУЫРЛАСТЫҒЫ

Жамбыл облысы әкімдігінің ІСБ «Қоғамдық келісім» КММ «Ақпараттық жұмыс және қоғаммен байланыс» бөлімі этносаралық және әлеуметтік тақырыптарда бейнероликтер дайындау мақсатында және Алғыс айту күні қарсаңында “Жамбыл пайдалану локомотив” депосының тыныс-тіршілігі, тың тарихына бойлап қайтты.

Теміржол – сан түрлі сапарлар мен сезімдерге ерік беретін, ұшақ жолы мен көлік жолдарына қарағанда ең ыңғайлы, әрі ең қауіпсіз жол десек те болады. Ал оның қауіпсіз болуы ол өз алдына үлкен жауапкершілікті жүктейді.

Темірдің тілін тауып, тәртібіне идірген, жолаушылар отыратын жүрдек пойыздарды алып жүретін алып тепловоздарды жөндеу нысаны – локомотив депосының жұмысын бүгінде қазақтармен бірге онға жуық түрлі этнос өкілдері де дөңгелетіп отыр.

Сан түрлі этностарды тонның ішкі бауындай бауырластықта ұстап отырған Нұрболат Нұрсейітов Төлегенұлы олардың мемлекеттік тілге жетік екендерін де алға тартты.

Сұхбат барысында кәсіпорын басшысы бастауы Мұхамеджан Тынышбаевтың ерен еңбегімен басталған Жамбыл пайдалану локомотив депосына бүгінде 100 жыл толып отырғанын хабарлады.

Бұдан өзге цех жұмысының жүйесі, техникалық бақылаулар мен жаңартулар, біліктілікті арттыру мәселелері туралы да сөз қозғады. Нұрболат Төлегенұлы ең бастысы ауызбіршілік бар жерде ғана ойға алған істер оңынан жүзеге асатынын жеткізді.

Әрмен қарай теміржолдағы түрлі маман өкілдерінің жұмысымен таныстық. Осы орайда мұндағы жұмысшылардың денсаулығына аса қатты көңіл бөлінетінін айта кеткен жөн. Олардың әрқайсысы үшін жұмыс күні медициналық тексерістен өтуден басталады.

Сондай-ақ, мұндағы медициналық құрылғылардың заманауи, жаңа екені көрініп-ақ тұр. Ол құрылғыда жұмысшының қан қысымын, тамыр соғысын және алкагольдік сусындар пайдаланғандығын тексеретін арнайы функциясы бар. Тексеру аяқталғаннан кейін медицина қызметкері жұмысшының денсаулық көрсеткіштері қалыпты болса ғана жұмыс істеуге рұқсат береді.

Бүгінде “Жамбыл пайдалану локомотив” депосын ыстық ұямыз деп санайтын орыс, корей, қырғыз, өзбек, түрік, дүнген, неміс, украин т.б этностардың өкілдерінен құралған қызметкерлер тобы басшылары мен жұмыс орындарына алдағы “Алғыс айту” күніне орай алғыстарын айтты.

Бір шаңырақтың астында татулығы мен бірлігі жарасып, ауыр жұмысты еңсеріп отырған этнос өкілдері ең бастысы — Қазақ халқына ризашылықтарын білдірді.

«Ақпараттық жұмыс және қоғаммен байланыс» бөлімі