«ЩЕЛКУНЧИК» ЕРТЕГІСІ КӨРЕРМЕН НАЗАРЫНА ҚОЙЫЛДЫ

Бүгін «Қоғамдық Келісім» мекемесінде Жамбыл облысы Немістер қоғамы дәстүрлі түрде көрермендерге Гофманның ертегісі желісімен «Щелкунчик» атты рождестволық театрландырылған қойылымын ұсынды.

Жаңа жылдық сән салтанатқа сай сиқырлы шырша шамдары, әсем әуен Рождестволық әсерге бөледі. Гофманның бұл туындысы жай ертегі емес. Ол жақсылықтың салтанат құруы, бақыттың орнауы және махаббат пен достықтың әдемі әлеміндегі таңғажайып пен романтикаға толы хикая. «Щелкунчик» сиқырлы ертегісі бірнеше ғасырлар бойы балалар мен ересектер үшін мерекенің басты символына айналған.

Оқиға Рождество қарсаңында, ең керемет сиқырлы кездесулер мен тамаша шытырман оқиғалар орын алған кезде басталады!

Қойылым барысында ертегі кейіпкерлері де, көрермендер де мейірімділік пен қайраттылық кез келген жау ордасын жеңетініне, мейірімге толы жүректің ең зұлымдықты бұза алатынына бір емес, бірнеше рет көз жеткізді.

Қойылымға «Таланте» театр тобы, «Сингэнде Герцен» вокалдық тобы, «Эремурус» хореографиялық ансамблі қатысты. Талантты орындаушылардың сезімдері мен әртістік шеберлігі көрерменге тамаша сезімдер сыйлады.

Қойылым соңында Жамбыл облысы Немістер қоғамының президенті, Қытай орталығының төрайымы Галина Воробьева, «Радонеж» орыс қоғамдастығының мүшесі Антонина Беляева құттықтау сөз сөйледі.

Іс-шара естелік суретке түсумен аяқталды.

 

«Ақпараттық жұмыс және қоғаммен байланыс» бөлімі