АЛМАТЫДА ҚХА ЖУРНАЛИСТЕР КЛУБЫНЫҢ ОТЫРЫСЫ БАСТАЛДЫ

Алматы қаласында Қазақстан халқы Ассамблеясының журналистер клубының үш күнге жоспарланған көшпелі отырысы басталды.

Журналистер жиынына ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі Қ.Ысқақов, ҚР Президенті Әкімшілігі Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының өкілдері, «Voice Power» консалтингтік компаниясының сарапшылары, журналистер, блогерлер, мемлекеттік және жеке ұйымдардың баспасөз хатшылары мен жастар қатысуда.

Көшпелі отырысқа Жамбыл облысынан «Қоғамдық келісім» КММ «Ақпараттық жұмыс және қоғаммен байланыс» бөлімінің бас сарапшысы, бөлім басшысы Бибігүл Утепова, «Жамбыл Тараз» газетінің тілшісі Дионисий Пляшешник, «Қордай шамшырағы» газетінің тілшісі Жандос Омаров барды.

Айта кетейік, отырыс шеңберінде журналистік этика қағидаттарын енгізу, дамыту және сақтау, сондай-ақ этносаралық мәселелерді жариялау барысында жауапкершілікті арттыру мәселелері талқыланбақ.

 

«Ақпараттық жұмыс және қоғаммен байланыс» бөлімі