АҚСАҚАЛДАР МЕН АНАЛАР КЕҢЕСІ ЖУАЛЫ АУДАНЫНДА

«Достық»  керуені жобасы аясында биылғы жылдың 16 қарашасында Жуалы ауданында өңірлік ҚХА Ақсақалдар кеңесінің «Ақсақалдар кеңесі – ел бірлігінің кепілі» және Аналар кеңесінің көшпелі отырысы өтті. Ақсақалдар кеңесін Жамбыл облысы әкімдігі ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық келісім» мекемесінің басшысы Жинақбаева Мүбарак Қасымқызы мен Жамбыл облысы ҚХА Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Сейілханов Асқарбек Ақылшаұлы жүргізсе, ал Аналар кеңесінің жиынын Жамбыл облыстық ҚХА Аналар кеңесінің төрайымы Эльмира Мырза-ғали жүргізді.

Жобаның мақсаты – өңірдің этностар тығыз орналасқан аудандарында этномәдени бірлестік мүшелерінің, ассамблея құрылымдарының халықпен кездесулерін өткізу мен коммуникациялар қалыптастыру, этносаралық саладағы тәуекелдердің алдын алу үшін жастар, мәдени және басқа да құрылымдар нысанындағы диалог алаңдарының жұмысына қатысу, жастар арасында мәдени-спорттық байланыс орнату.

Алқалы топта сөз сөйлегендер қатарында облыстық ҚХА Ақсақалдар кеңесінің этномәдени бірлестік жетекшілері мен ақсақалдары да өз ой-пікір, ұсыныстарын ортаға салды. Атап айтқанда, «Днипро» украин мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Клименко Федор Леонтьевич, Әзербайжан этномәдени бірлестігі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Поилиев Асабали Ахметович, Тараз қалалық өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы ЗайнутдиновАбдурахман Юлдашевич , «Қарашай-балқар» қоғамдық бірлестігінің «Архыз» облыстық филиалы» төрағасы Узденова Леля Ахматовна , «Архыз» қарашай-балқарлардың ақсақалдар кеңесі төрағасының орынбасары Исмаил Хаджимуратов, «Жамбыл облыстық Махмұт Қашғари атындағы ұйғыр этномәдени бірлестігі» қоғамдық бірлестігінің ақсақалы Абдукаим Мусаев.

Баяндамаларда және кеңес мүшелерінің сөз сөйлеуінде аталмыш кеңестің өз ортасында беделді, көпшілікке айтары бар, өмірлік тәжірибесі мол, ақсақалдары этнос өкілдері тығыз орналасқан аймақтарда этносаралық қатынасты нығайту жолында, кеңес жұмысын жандандыру мақсатында ел ішінде жастарға ақыл-кеңес беріліп тұратындығы айтылды.

Ауыл тұрғындары, жастармен мемлекетіміздің ұлттық құндылықтарына құрметпен қарау, мемлекеттік тілді игеру, этносаралық кикілжіңді болдырмау сынды маңызды мәселелер аясында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуді көбейту сынды мәселелер көтерілді.

Жалпы , ақсақалдарымыз өскелең ұрпақты тәрбиелеуге, ел бірлігін сақтауға белсенді атсалысып, ортақ іске барынша зор үлес қосуда. Ақсақалдар кеңесі бірлесе атқарған жұмыстары арқылы бүгінде тұрғындардың татулығы мен бірлігін, қоғамның қауіпсіздігі мен тыныштығын қамтамасыз етуге өз ықпалын тигізіп отыр.

Алдағы уақытта да қоғамдағы тұрақтылыққа аса зор назар аударып отырса, Ақсақалдар кеңестері үкімет пен тұрғындар арасындағы әмбебап диалог алаңына айналатыны сөзсіз.

Сонымен қатар , Аналар кеңесінде жастармен жұмыс істеп,ажырасу алдында тұрған отбасыларды татуластыру, мұқтаж жандарға көмектесу, отбасылық құндылықтар, үлкендерге құрмет көрсету, қоршаған ортада болып жатқан жағдайға бей-жай қарамай, кез-келген келеңсіз жағдайды жақсы жаққа өзгерту, отбасындағы тәрбие, ата-ананың баланы қадағалауы, қазіргі кезеңде белең алып отырған жастар арасындағы діни жат ағымдар, лудомания, нашақорлық, денсаулық мәселесін терең қарастырып, облыс аймағындағы барлық Аналар кеңестерінің мақсат-міндеттерін тың жолға қойып, атқарар жұмысын күшейту көзделді.

Шара соңында «Қоғамдық келісім» мекемесінің басшысы Мүбарак Қасымқызы белсенді ақсақалдар мен аналарға “Қоғамдық келісім” мекемесі басшылығы атынан сыйлықтар тарту етіп, алғысхаттармен марапаттады.

Айта кетейік, «Достық керуені» жобасы қыркүйек айында басталып, Меркі, Т.Рысқұлов, Шу, Қордай, Талас, Сарысу, Байзақ аудандарын қамтып келеді. Ақсақалдар, Аналар кеңестерінің 500-ден аса адамның қатысуымен 14 отырысы өткізілсе, жас суретшілер байқауында 120 бала шығармашылығын таныстырды, «Өнерім саған Қазақстан» фестивалінің іріктеу кезендеріне 100-ден жуық үміткерлер өнерлерін көрсетті. Ассамблея жастарының аудан жастарымен «PRO ANR» тақырыбында 16 кездесуі мен мектеп оқушыларына арналған «Менің елім, Менің Қазақстаным» атты тимбилдингіне 800 адам қатысты. «Достық керуен» жобасы аясында «Ғылыми-сараптамалық қолдау» бөлімінің сарапшылары Жамбыл облысындағы этнос өкілдері тығыз шоғырланған аудандары мен елді мекендерінді 394 респонденттерді қамти отырып, фокус-топтық зерттеулер мен сауалнамалар жүргізілді.

 

«Ақпараттық жұмыс және қоғаммен байланыс»  бөлімі