БЕРЕКЕСІ КЕТКЕН ЕЛДІҢ БОЛАШАҒЫ ЖОҚ

Бүгін қаламызда баршаңызға атаулы ұлттық мейрам – Республика күні мерекесі еліміздің тәуелсіздігі мен егемендігінің символына айналған көк байрақты көтеру рәсімінен басталды. Қазақстан халқының бірлігі мен қоғамдық келісімді нығайтудың негізі – Қазақстан халықтары арасындағы өзара сыйластық, татулық, бірлік болғандықтан, бұл күнді өңірлік ҚХА өкілдері мен «Қоғамдық келісім» мекемесінің қызметкерлері бірге атсалысып атап өту жылда ортақ парызымызға айналады.

2022 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күнін қайтаруды ұсынып, оған “ұлттық мереке” деген мәртебе беріп, Қазақстанның басты мейрамы ретінде атап өту туралы бастама көтерген болатын. Бұл бастама халықтың қолдауына ие болып, дәл сол жылы заңға тиісті өзгеріс енгізілді. Сонымен былтыр Қазақстан халқы ұзақ жылдар бойы атаусыз қалған Республика күнін алғаш рет атап өтті.

– «Қуатты аймақтар – қуатты мемлекет» дегеніміз – жалаң ұран емес. Бұл – Әділетті Қазақстанды құруға қажетті ең басты қағидат. Біз былтыр еліміздің әкімшілік-аумақтық құрылымына бірқатар өзгеріс енгіздік. Сол арқылы кейбір облыстың дамуына тың серпін бердік. Менің тапсырмаммен ауыл-аймақты дамыту тұжырымдамасы қабылданды. Бұл құжаттың мән-маңызы зор. Аймақтарда әлеуметтік, инженерлік және көлік инфрақұрылымын құру – басты міндет”,- деді Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күні қарсаңында Астанада мемлекеттік наградалар мен сыйлықтар тапсыруға арналған салтанатты рәсімде.

Президенттің пікірінше, Республика күні халықтың болашаққа сенімін нығайтатын ерекше мейрам болуы керек деп патриоттық, іс-шараларды көптеп ұйымдастыруды ұсынды.

Қуатты мемлекет болу үшін ауыл-аймақты инфрақұрылымын дамытуға қоса саяси ахуалын да үнемі қадағалап отыру – сарапшылардың міндеті. Осыған қатысты мемлекет басшысы еліміздегі тұрақтылықты сақтауды айта келе, тыныштық болмаса басқаның бәрі бекер дейді.

Сондай-ақ, әлемде болып жатқан кейбір келеңсіз жағдайлар халыққа қандай ауыр күй кештіретінін де баса айтқан еді. Тұрақтылық пен тыныштықтың айқын бір көрінісі – алыс-жақын шетелдегі әртістердің Қазақстанмен шарт жасасып, біздің аймаққа батыл келетінідігін де тілге тиек етті.

Шынымен де, тұрақсыздық жайлап, берекесі кеткен елге ешкім келмесі анық.

Осыдан ой ала түйіндейтін болсақ, тыныштығымызға жетер байлық жоқ. Бір бүтін мемлекет тұрмақ бір кішкене ауылдың өзіне өз атқаратын міндетімізде қаншама сараптамалық жұмыстар керек?!

Сондықтан да, тұрақтылығымызды ең асыл қазынамыздай сақтағанымыз дұрыс. Және де балаларымызға Қазақстанымыздың ең асыл қасиеті — бейбітшілікті сақтап отырғандығын үнемі дәріптеп отырғанымыз абзал.

Қайта жаңғырған мейрамымызда жерлестер мен әріптестерге тілерім – зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасы-жанұяларыңызға амандық, шаңырақтарыңызға шаттық, еңбекте барлық бастамаларыңызға сәттілік, жаңа жетістіктер!

«Қоғамдық келісім» КММ Ғылыми-сараптамалық топты қолдау бөлімінің бас сарапшысы Ербол Қаншымбеков