Жапар Сатылғанов 70 жаста!
Бүгін, биылғы жылдың 20 қазанында Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану мұражайында облыс әкімдігінің ІСБ «Қоғамдық келісім» мекемесінің басшысы Мүбәрак Жинақбаева көпшілікпен бірге облысқа танымал құсбегі, бүркітші, этнограф-зерттеуші, әрі табиғаттанушы Жапар Сатылғановты мерейтойымен құттықтау салтанатты кешіне қатысты.
Жиын барысында қалалық Ардагерлер кеңесінің өкілдері, ішкі саясат басқармасының қызметкерлерімен облыстық ҚХА және этномәдени бірлестіктер өкілдері, журналистер клубы, ғылыми-сарапшылар, ассамблея жастары, ақсақалдар, аналар кеңестері және өзі басқарып отырған Достық үйі – «Қоғамдық келісім» мекемесі ұжымы атынан Мүбәрак Қасымқызы да Жапар Тілеужанұлын 70 жас мерейтойымен құттықтап, сый-сияпатын тапсырып, үлкенге ізет жасады:
«Қадірлі де құрметті ЖАПАР ТІЛЕУЖАНҰЛЫ!!!
Сізді баянды ғұмырыңыздың биік бір белесі – 70 жасқа толу мерейтойыңызбен шын жүректен құттықтаймыз!
Сіз осынау қазыналы жасқа жетер жолда, өмірдің талай белестерінен қажымай өтіп, бүгінде өркен жайған алып бәйтерек боп, үлкен бір әулеттің ғана ақылшы тірегі, арқа сүйері емес, өңіріміздің рухани дамуы мен жастардың дұрыс бағытта отаншыл боп қалыптасуына, ұлттық әдет-ғұрыптар мен аңшылықтың сыңары саятшылықты жастар арасында кең таратып, баға жетпес рухани байлығымызды дамытуға зор үлес қосып жүрген ер-азаматсыз.
Қазақ халқының табиғатпен тығыз байланыста болатын ұлттық өнеріміздің бір ерен түрі – «құсбегіліктің» кеңінен қанат жаюына ерекше атсалысып жүрген жансыз.
Табиғат пен жаратылыстану ғылымын зерттеуде де өз білім деңгейіңізді табиғаттанушы қатарында аянбай көрсетіп келесіз. Сонымен бірге, әлем халықтарының, оның ішінде қазақ халқының ұмыт болған салт-дәстүрі мен әдет-ғұрыптарын зерделеп қарастыруда, жаңғыртуда да ізденімпаз, зерттеуші-этнограф ретінде сіздің есіміңіз тек жамбылдықтарға ғана емес, исі қазақтың бәріне жақсы таныс.
Кең далада кербестіні ерттеп мініп, қолына қаршығаны қондырып жүретін бекзадалық пен кербездікті сомдайтын өрелі қазақ арда азаматының еңбегі ешқашан ескерусіз қалған емес. Бұл кез келгенге беріле бермейтін, келер ұрпаққа мол өнеге етіп қалдыратын бірегей өнер.
Әкеден балаға мұра боп келе жатқан бұл өнер түрі сізге де атаңыздан берілген екен. Атаңыздан өзіңізге мирас болып қалған құсбегіліктің қыр-сырына үйретіп, қазір немерелеріңізді баулып жүр екенсіз. Бұған қоса, Мойынқұм аймағындағы «Андасай» қорығын 20 жыл басқарумен қоса, бүкіл өміріңізді табиғатты қорғауға арнап келесіз.
Ендеше, бүгінгідей мерейлі сәтте Сізге мықты денсаулық, қажымас күш-қайрат, ортаймас несібе-дәулет тілей отырып, абырой-беделіңіз бен табыс-тартуларыңыз артып, өмір-жасыңыз ұзағынан, көрер қуанышыңыз молынан болғай демекпіз! Әрдайым отбасыңыз аман, жүзіңіз жарқын, мерейіңіз үстем, қадір-қасиетіңіз зор болсын!» -деп, ақжарма тілегін білдіріп қайтты.
Этнография саласында ұлтымыздың ұмыт болған қазынасын жаңғыртуға сүбелі үлес қосып жүрген ақтаңгер азаматтың ғұмыры баянды, тұғыры биік болсын!
«Ақпараттық жұмыс және қоғаммен байланыс» бөлімі