ҰЛТЫМ БАСҚА БОЛҒАНМЕН, ЖАНЫМ — ҚАЗАҚ!

ҚХА бойынша түрлі этнос өкілдерінен құралған жастар ұйымы «Ассамблея жастары» қоғамдық бірлестігі болып құрылғаннан бері республика, облыс бойынша болсын, қай жерде игі істер, сол жерде — біздің жастар!

Жастар бірлестігінің көздеген мақсаттары мен атқаратын міндеттері осыдан 3 жыл бұрын «Қоғамдық келісім» Республикалық мемлекеттік мекемесімен бекітілген болатын.

Олардың ішінде ең бастысы – жастар бастамаларын дамыту, жастар ортасында қоғамдық келісім мен бірлікті нығайту, қазақстандық жастардың әлеуметтік деңгейін арттыру және оларға үкімет, халық мүддесіне жақын жақсылықтардың жанынан табылу, жалпықазақстандық бірегейлікті қалыптастыру.

Осыған сәйкес, еліне жанашыр өңірлік ассамблея жастары — өз Отанының адал патриоттары, өз Мемлекетінің сенімді болашағы ретінде қаншама игі жұмыстарды игеріп, жақсылыққа жар елінің белсенді атсалысушылары боп қызмет етіп келеді.

Бүгін, күз айының 27 қыркүйегінде, Тараз шаһары, «Көне-Тараз»  тарихи-мәдени кешенінде орналасқан Достық үйінің алдында Тараз қаласы күні мен алда келе жатқан мемлекеттік ортақ мерекеміз — Республика күніне арнап, өңірлік Ассамблея жастары «Қазағым»  әнінің желісінде «Қазақстан — туған жерім, туған елім»  флешмобын қазақстандықтар мен жамбылдықтарға тарту ретінде дайындап, ҚР күніне қатысты қосымша шаралар жұмыстарын жүргізді.

Әр елдің келешегі жастарымен кемел. Іс-шараға жұмыла келген жастардың талпынысы мен шынайы ниеттерін көре келе болашаққа болжаммен емес, селкеусіз сеніммен қарайсыз! Өздерінен кейінгіге үлгі тұтар тәрбиелі жастардың іс-қимылдарынан түрлі этностан жиналса да, тілектерінің бір екенін айқын байқайсың!

Жалынды жастарымызбен, ашық аспанымызбен қадірлі, әрі көпэтносты Қазақ елінің бірлігі мен тірлігі жарасып, көсегесі көгеріп, туы көктен түспесін!

«Ақпараттық жұмыс және қоғаммен байланыс» бөлімі