ПЕРЗЕНТХАНАДАҒЫ ЖАС АНАЛАРҒА ДОМБЫРА ТАРТУ ЕТІЛДІ

Шілденің алғашқы жексенбісі – ҚХА ұсынған «Қазақтану» мәдени-ағартушылық жобасының негізінде жүзеге асып келе жатқан дәстүрлі де өміршең мереке – Ұлттық Домбыра күні. Ағымдағы жылдың 2 маусымында «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Мүбәрак Қасымқызы және «Анаға тағзым» орталығының басшысы Эльмира Мырзағали бастаған өңірлік ҚХА Аналар кеңесі өкілдері облыстық перинаталдық перзентханаға арнайы ат тізгінін бұрды.

«Домбыра» күні мерекесінде дүниеге келген сәбилердің аналары – Ботагөз бен Мөлдірді атаулы мерекемен құттықтап, бастарына ақ орамал жауып, өмірге ұрпақ алып келгендері үшін қазақ елінің сувенир іспеттес көк байрағымен бірге Ұлттық аспабымыз – домбыраларды сыйға тарту етті.

«Тәрбие – тал бесіктен» қағидатын ұстанатын Ассамблея Аналарының бүгінгі жас аналарға басты тілегі – ұрпақ тәрбиелеуде қай этнос болмасын оған,

өзінің туған елі, туған жерінің рухани мәдениетін сыйлатып өсіру болса, перзентханаға келуінің мақсаты –

ұлттық құндылықтарды қастерлеу, көпмәдениеттілік пен жалпықазақстандық ұлттық бірегейлікті сақтау, ұрпақтар сабақтастығын жалғастыру және дүние есігін ашқан нәрестелердің бойында патриоттық сезімді дарыту тілеулестігі еді.

Аспабымыз әлемдік деңгейдегі брендке айналып, ел мерейін асыра берсін, ағайын!

ҚХА Аналарының игі істері еселеніп қайтсын! Жарқын іс-қимылдары жалғасын тапсын!

«Ақпараттық жұмыс және қоғаммен байланыс»  бөлімі