Жамбыл облысының Өрт сөндірушілері Отан қорғаушылар мен Жеңіс күнін атап өтті
Ағымдағы жылдың мамыр айында Жамбыл облысы ТЖД Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің Тараз қаласының №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің аумағында салтанатты іс-шара өтті.
Іс-шара басталмастан бұрын Өрт сөндіру қызметінің жеке құрамы қызметін атқару барысында қайтыс болған өрт сөндірушілер мен құтқарушыларды бір минут үнсіздікпен еске алып, батырлар ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.
Бұдан соң өрт сөндіру қызметінің бастығы, азаматтық қорғау полковнигі Әлібек Әділбекұлы Әбсатов ұжымды 7 мамыр Отан қорғаушылар күні және 9 мамыр Ұлы Жеңіс күні мейрамдарымен құттықтап, отбастарына амандық, жұмыста табыс және зор денсаулық тіледі.
Сонымен бірге, №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөліміне Халық қаһарманы-Мейіржан Аймановтың есімі берілгені туралы бұйрықтың шыққанын атап өтті.
Салтанатты шара барысында жұмысқа жаңадан жұмылдырылған жас мамандар Отан алдындағы анттарын қабылдап, бірқатар қызметкерлер арнайы ведомстволық наградалармен және Жамбыл облысы әкімдігінің алғыс хаттарымен марапатталды.
Іс-шараға қатысушылар қатарында Шешен этносының өкілі Дадаев Ахмад Хасанұлы мен Нығметов Жеңіс Әжғалиұлы бастаған азаматтық қорғау органдарының ардагерлері шақырылды.
Олар бірінші кезекте шараға арнайы шақырылғандары үшін ұйымдастырушыларға алғыстарын білдіріп, өрт сөндірушілердің жұмысы әлемдегі ең маңызды және қажетті екенін айрықша атап өтті. Сонымен қатар, әскерге алынған жас өрт сөндірушілерді құттықтап, қызметте барлығына сәттілік тіледі.
Мерекелік жиын соңында өрт сөндіру қызметі бастығының орынбасары, азаматтық қорғау полковнигі, облыстық Өзбек этномәдени бірлестігінің өкілі – Шайкрамов Мансур Закирович барлық өрт сөндірушілер мен құтқарушыларды атаулы мерекелерімен құттықтап, қызметтік міндеттерін атқару кезінде қаза тапқан өрт сөндірушілерді еске алудың маңыздылығын атап өтті.
Іс-шара естелік фотосессиямен аяқталды.
”Ақпараттық жұмыс және қоғаммен байланыс” бөлімі