Алла мен адамзатқа алғыс айтудан арылмайық!
Көктемнің алғашқы айы наурыз – ізгілік мерекесіне толы. Алғыс айту күнімен басталып, аналар мейрамымен сабақтаса Ұлыстың Ұлы күні Наурыз мерекесімен аяқталады. Бүкіл тіршілік оянып, табиғат түлеп, қара жерге жан кіре бастағанына адамзат, алдымен, Жаратушыға алғысын айтары анық.
Мұсылмандар «Адамға алғыс айтпағанның Аллаға шүкірі жоқ» десе, қазақ халы «Алтын алма, алғыс ал» деп, алғыс алудың – адамзат танымындағы ізеттіліктің бір түрі екеніне баса назар аудартқан. Әр мерекенің өзіндік тарихы мен соған орай тәрбиелік мәні бар. Сол сияқты Алғыс айту мерекесінің негізгі тәрбиелік мәні – өскелең ұрпақты достық пен бауырмалдыққа, бір-біріне деген құрмет пен толеранттылыққа, отансүйгіштікке тәрбиелеу, Қазақстанда этникаралық келісім мен ұлтаралық қарым-қатынасты нығайту. Қай заманда да қоғамның рухани тренді ізгілікке негізделген.
Сол үшін өз басым алдымен,
Мені дүниеге әкелген ата-анама;
Шарапатын аямаған бауырларыма;
Бақытты еткен бала-шағама;
Ел тыныштығын күзеткен әскерилерге;
Денсаулық үшін күрескен дәрігерлерге;
Білімін берген ұстаздарға;
Ғылымды ашқан ғалымдарға;
Өмірді түрлеткен өнерлілерге;
Халықтың қамын ойлайтындарға;
Шындықтың жаршысы болып;
Әділдік пен адалдықты ту еткендерге;
Қамқорсыздарға пана, ініге аға болғандарға;
Бейбіт заманыма, кең пейіл жомарт халқыма
Бірлігі жарасқан жұртыма АЛҒЫС АЙТАМЫН!
Зуннун Мысри: «Өзіңнен жоғары тұрған адамға алғыс – бойұсынумен, өз деңгейлесіңе алғыс-рақмет айтумен, ал өзіңнен төмен адамға – жақсылық жасаумен болады», – деген екен. Ендеше алғыс айтып, нығметімізді арттырып жүрейік!
Мырзабаева Балмира,
Жамбыл облысы ҚХА ҒСТ мүшесі,
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің аға оқытушысы