«100 Жаңа есім»
Ағымдағы жылдың 9-шы желтоқсанында Т.Рысқұлов ауданындағы Құлан агротехникалық жоғары колледжі білімгерлері «100 Жаңа есім» жобасының жеңімпаздарымен кездесті.
Шараның басты мақсаты – Қазақстандық бірегейлікті одан әрі қалыптастыру, қоғамдық келісім мен ұлттық бірлікті нығайту. Тәуелсіз Қазақстан азаматтарының жетістіктерінің нақты тарихы мысалында жастарды патриоттық тәрбиелеу, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің қазақстандық үлгісін одан әрі жетілдіру, нығайту, сондай-ақ қазақ халқының құндылықтарын насихаттау.
«100 Жаңа есім» жобасының қатысушысы, «Жамбыл облысы әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасы Жамбыл облыстық қан орталығы» директоры, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, депутат, «Аманат» партиясының мүшесі, Гулам Умаров студенттерге өз өмір жолындағы тәжірбиесімен бөлісті. «Бүгінде еліміз табысты, қарқынды даму үстінде. Ендігі ретте өркениетке бет бұрған егемен ел жастары болашақты өз қолымен жасайтын нағыз патриот болуы қажет» – деді ол. Айтуынша, еліміздің іргетасы берік болуы білімді жастардың қолында.
Ал, республикалық дүнген этномәдени бірлестігінің төрағасы, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, «Ақ желкен» жастар лигасының негізін қалаушы, жас кәсіпкер Зайнутдин Махусеев жастарға түрлі кеңестерін айтты.
Өз кезегінде, білімге құштар жастар спикерлерге сұрақтарын қойып, мардымды жауаптар алды.
Дөңгелек үстелге модераторлық еткен «Қоғамдық келісім» КММ басшысы – Мүбәрак Қасымқызы белсенді жастарға сыйлықтар табыстады. Шара соңында, «Your-Path» жобасының негізін қалаушылары – Александр Скалкин және Санжар Сүлейменов жастарға арнап тимбилдинг форматында кездесу өткізді.
Айта кету керек, аталған ауданның орталығында «Достық үйі» ашылған болатын. Тараздан келген қонақтар ат басын бұрып, Достық үйінің қызметкерлерімен, этномәдени бірлестік мүшелерімен кездесті. Кездесу барысында, жамбылдан арнайы апарған сый-сияпаттарды табыстап, бірлікті бекемдеу жолында жасағалы жатқан істеріне толайым табыстар тіледі.
Баспасөз қызметі орталығы