«Ұрпақ тәрбиесі – келешек қоғам тәрбиесі»
Үстіміздегі жылдың 4-қазанында Таразда «Қоғамдық келісім» мекемесінде алғаш рет «Сенімен Болашақ» республикалық қоғамдық бірлестігі филиалының ұйымдастыруымен «Ұрпақ тәрбиесі – келешек қоғам тәрбиесі» атты іс-шара өткізілді.
Қатысушылар арасында – «Ассамблея жастары» РҚБ филиалының мүшелері және Жамбыл облыстық ҚХА Аналар кеңесінің өкілдері,Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық колледжінің студенттері, қала жастары бар. Сонымен бірге, мақсатты кездесудің құрметті қонақтары ретінде Әулие Ата өңіріне арнайы ат басын тіреген «Сенімен Болашақ» республикалық қоғамдық бірлестігінің құрылтайшысы Нұркен Асанов және осы ұйымның төрағасы Жансая Исмағұлова, сондай-ақ, ерекше атап өтейік, филология ғылымдарының кандидаты, абайтанушы Омар Жәлелұлы да болды.
Іс-шара барысында колледж студенттері «Сарыарқа күйі» театрландырылған қойылымын көрермендерге талантты түрде көрсете білді.
Қатысушылар алдында іс-шараның сыйлы қонақтары Нұркен Асанов пен Омар Жәлелұлы сөз сөйледі. Жиынға қатысушылар аталмыш бірлестіктің қызметі туралы егжей-тегжейлі біліп, «Сенімен Болашақ» республикалық қоғамдық бірлестігін 2021 жылдың тамыз айында құрылтайшы және кәсіпкер Нұркен Асановтың иелігімен құрылғандығынан хабардар болды. Бірлестіктің негізгі мақсаты – ата-аналардың бала тәрбиесінде ой-санасына әсер ету, олардың психологиялық-педагогикалық білімдері мен дағдыларын арттыру, жан-жақты қолдау көрсету.
Спикерлер қатысып отырған жастарды алға қойған мақсаттарына қол жеткізуге, өзін-өзі жетілдіруге, өзін жеке тұлға ретінде қалыптастыруға ынталандырды.
Ең басты салтанатты да маңызды сәт – Жамбыл облысы әкімдігінің ІІБ «Қоғамдық келісім» КММ, «Сенімен Болашақ» республикалық қоғамдық бірлестігі және өңіріміздің жастар ресурстық орталығы арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандум жасасып, оған қол қою рәсімі болды. Меморандум өскелең ұрпақты дұрыс тәрбиелеуді қалыптастырып, оларға білім беруде адами капиталды дамытуға жәрдемдесетін болады деген сенімдеміз.
Іс-шара естелік-фотосессиямен аяқталды.
«Қоғамдық келісім» КММ Баспасөз қызметі орталығы