Жамбыл ауданында ҚХА Аналар кеңесі өтті

Ағымдағы жылдың наурыз айында Жамбыл ауданында «Отбасындағы әйелдер образы және тәрбие»  тақырыбында   ҚХА    Аналар кеңесінің  отырысы өтті.

Отырысқа  ауданның  Өрнек, Шайқорық,  Аса, Қызылқайнар, Жалпақтөбе, Ақбастау, Айша бибі ауылдарының Аналар кеңесі  төрайымдары қатысып, пікірлерін ортаға салды.  Жалпақтөбе ауылының ҚХА  Аналар кеңесінің төрайымы М.Ибрагимова «Хадия» қайырымдылық орталығын ашса,  Шайқорық ауылында  аналар кеңесі қайырымдылық дүкенін ұйымдастырған. Ауылдық мәдениет үйі жанынан «Сырласу» клубы құрылып, ауылдағы барлық этнос әйелдерінің басын қосып отыр. Осыған қоса, жиналған әйелдер қауымы  отбасындағы  тәрбие,  «Қамқор болайық», «Ана мен бала»,  «Аналар тәрбиесі көпке үлгі» тақырыптарында  іс-шаралар ұйымдастырды.   «Қызыл Қайнар» аналар кеңесінің төрайымы  Сейітқасымова Клара ауыл арасындағы тұрмыстық, отбасылық жанжалдарды  ауыл ақсақалдарымен бірлесіп шешетіндерін, ел бірлігін сақтаудағы аналардың рөлін егжей-тегжейіне дейін жеткізіп айтып өтті.

Жиналғандар балалардың бос уақытын дұрыс ұйымдастыру, Аналар кеңесі құрамына жас аналарды тарту,  әлеуметтік жағдайлардың аналар агрессиясын туғызу қаупі, ауылдық жердегі интернет, бала-бақша мәселелерін көтерді.

     

Жамбыл облысының

ІСБ «Қоғамдық келісім» Баспасөз орталығы

Тараз қаласының Достық үйінде «Масленицаны» атап өтті

Бүгін «Масленицаны» радонеждықтар Тараз қаласының Достық үйінде көңілді және бұрын-соңды болмаған дәрежеде атап өтті.

Іс-шара  «Радонеж» орыс қауымдастығы, Жамбыл облысы әкімдігінің ІСБ «Қоғамдық келісім» КММ ұйымдастыруымен өтті.

Мерекелік іс-шараға «Радонеж»  орыс қауымдастығының ұжымдары, №2 жалпы орта білім беру мекемесінің мұғалімдер құрамы мен оқушылары, этномәдени бірлестіктердің өкілдері – «Днипро» украин этномәдени орталығы, «Айнуры» татар-башқұрт этномәдени орталығы, Жамбыл облысының Немістер қоғамы, облыстық орыс драма театрының шығармашылық топтары, Балалар шығармашылығы орталығының би ұжымдары мен әншілері, сондай-ақ облыстық және қалалық БАҚ өкілдері қатысты.

«Масленица» іс-шарасы  Достық үйі қызыл залының сахнасында 25 нөмірден тұратын концерттік бағдарламадан басталды. Концерттік бағдарламаны №2 мектептің жас таланттары орыс халықтық әндері мен жаңылтпаш, әзіл-сықақ әндерімен (частушкалармен) ашты. Бұған қоса, театрландырылған қойылымда орыс драма театрының шығармашылық топтарының әншілері мен актерлары орыс ұлттық әндері мен частушкаларын орындап, орыс халықтық «Май аптасы» жеті күнінің мазмұнын ашты.

Концерттік бағдарламада, сондай-ақ, «Балалар шығармашылығы» орталығының би ұжымдары, облыстық ҚХА этномәдени бірлестіктерінің «Красная гвоздика» хоры, «Калинка», «Маричка»  ансамбльдері қатысты. Атап өтейік, «Радонеж» орыс қауымдастығы ұйымдастырған осы бір «Масленица» іс-шарасына жыл сайын Достық үйінің барлық ұжымдары белсене  қатысады.

Сонымен қатар, мерекеге сәйкес келетін «Широкая Масленица» театрландырылған қойылымы дайындалып, мерекеге қатысушылар мен қонақтарға дәстүрлі орыс құймақтары ұсынылды. Іс-шара орыс  эпостары мен ертегілері  кейіпкерлерінің костюмдерінде нағыз халықтық мереке болды.   Сондай-ақ, көрермендер украиндықтардың  «Маричка» вокалдық тобының, татар ансамблінің «Ляйсан тамчылары», «Поющие сердца» неміс дуэтінің өнерін өте жылы қабылдады. Осыған қоса,  іс-шара барысында Жамбыл облысы ҚХА этномәдени бірлестіктерінің көрмесі ұйымдастырылып,  тараздықтар қолөнер шеберлерінің көрмесін қызығушылықпен тамашалады.

– «Осындай қызықты мерекені бүгін бізге өз деңгейінде сыйлай білген “Радонеж” орыс қауымдастығының өкілдеріне және, осы мерекеге аянбай атсалысқандардың барлығына үлкен рахметімді айтамын.  «Масленица» мерекесі Наурыз мейрамымен тұстас келгені – кәрі, жастың бойында бір-бірінің салт-дәстүрлеріне деген сыйластығы мен құрметін оятады, саналарына бір елдің адамдарымыз деген жылулықты сіңіреді. Болашақта біз осы дәстүрлерді сақтай отырып, мерекелерді жаңа форматта өткізетіндігімізге сенімдіміз. «Масленица», «Қысты шығарып салу» славян мерекесі болғанына қарамастан, оны әртүрлі этностардың өкілдері қуанышпен атап өтеді. Мұндай іс-шаралар Тәуелсіз Қазақстан халқының бірлігі мен келісімін  нығайтуда маңызды рөл атқарады, – деп өз алғысын білдірді Достық үйінің басшысы, Жамбыл облысы әкімдігінің ІСБ «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Парида Иманжанқызы Мамедова. Сондай-ақ, мерекені ұйымдастырушы «Радонеж» орыс этномәдени бірлестігінің төрағасы Владимир Сорокин өз алғысын білдірді: – «Масленица», немесе «қысты шығарып салу» орыс дәстүрлері   – барлық жамбылдықтардың бұрыннан көңілінен шығып келе жатқан және сүйіспеншілікпен қарсы алатын мерекелерінің бірі. «Қысты шығарып салу» -бұл көктем мерекесі, мейірімділіктің нышаны. Бүгін мұнда біраз этнос өкілдерінің  жиналып, мазмұнды бағдарлама дайындауға көмектескендеріне өте қуаныштымыз», – деді Ол өз сөзінде.

Айта кету керек, биыл Масленица мерекесіне карантинге қарамастан 70-тен астам адам қатысып, қауіпсіздік шараларын сақтай білді.

Іс-шара соңында Достық үйі ғимараты маңында сабан қуыршағын салтанатты түрде өртеу рәсімі өткізіліп, ел-жұрт  бір-біріне жылы ақ-тілектерін айтып, қыспен қоштасты.

Қорытынды: этносаралық қатынастарды үйлестіру және орыс этносының мәдениетін, дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын сақтау, жалпы барлық этностар мен орыс мәдениетіне, әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлеріне деген қызығушылықты ояту, құрметпен қарау мақсатында өткен іс-шара ойдағыдай  аяқталды.

Жамбыл облысы әкімдігінің ІСБ

«Қоғамдық келісім» КММ

Баспасөз қызметі орталығы

Тәжікстанның төтенше және өкілетті Елшісі Таразда

Үстіміздегі жылдың наурыз айында Тәжікстан Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Хайрулло Ибодзода Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 30 жыл толуы және Наурыз мейрамы қарсаңында көне Тараз шаһарына арнайы сапармен келді.

Түркі халықтарының мерекесі қарсаңында орын алған кездесуге өңірлік ассамблеяның этномәдени бірлестік басшылары, облыстық Тәжік этномәдени бірлестігінің өкілдері, өнерпаз жастары, «Қоғамдық келісім» КММ қызметкерлері және облыстық БАҚ тілшілері қатысты.

Өз кезегінде, жиылған қауымға Жамбыл облыстық Тәжік этномәдени бірлестігінің ұйымдастыруымен кең дастархан жайылып, тәжік халқының тарихы, мәдениеті, әдебиеті мен әдет-ғұрпы, салт-дәстүрінен сыр шертетін үлкен көрме ұйымдастырылды. Сәндік-қолданбалы өнер көрмесінде Тәжікстанның түрлі аймақтарынан келген тәжік этносының ұлттық киімдері, кестеленген дастархан жапқыштары, шимен тоқылған қамқа кілемдері, ұлттық жәдігерлері, қыз-келіншектерге арналған зергерлік бұйымдары, жібек жіппен тігілген көрпе-жастықтары, сонымен бірге, ұлттық аспаптары да жұрттың назарын өздеріне аудармай қоймады. Сондай-ақ, тәжік халқының «Бесік жыры», «бата беру» ғұрыптары, «сумаляк», «палау» тағамдарын өзге этностардың рецептіне ұқсатпай өзіндік ерекше тәжіктік дәмін келтіріп дайындау тәрізді салт-дәстүрлері тамашаланды.

Елшіге ең бірінші болып қазақ халқының ұлттық тағамдары ұсынылды.   Ұлттық брендімізге айналған құрт, ірімшік, бауырсақ, талқан, сүзбе, жент, қатық сияқты қасиетті 7 тағам тәжік дастарханының төрінен орын алды. Сонымен қатар, Хайрулло Ибодзода бастаған делегация түркі халықтарының жаңа жылының басты нышаны болып табылатын «сумаляк» тағамынан дәм татты.

Оған қоса, аталмыш тағамнан ауыз тиген жұртқа ақ жаулықты Нилуфар әже ақ батасын берді. Тәжікстандық Елші жамбылдық тәжік бауырластарына және өңірлік ассамблеяға қарасты «Жамбыл облыстық Тәжік этномәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің мүшелері мен іс-шараға қатысушыларға жылы лебізін білдіре келе:

– Қазақстан Республикасы – Тәжікстанмен бауырлас ел. Сонымен бірге стратегиялық серіктес. Қазақстанда ассамблеяның бар болғаны – көңіл қуантарлық. Мұнда 140-тан астам этнос өкілдері өмір сүреді және жалпы Қазақстан бойынша әр түрлі аймақтар мен қалаларға барған кезімізде, Қазақ еліндегі барлық ұлт пен ұлыс өкілдерінің бірлік пен келісімде өмір сүріп жатқандығын көреміз. Бұл өзара түсінісушілік бейбітшілік пен келісімде ортақ жол тапқан мамыражай Қазақстанның әлемдік қауымдастықта жоғары беделге ие болуына негіз сала білді, -деді Ол.

Сондай-ақ, Жамбыл облысы әкімдігінің ішкі саясат басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Парида Иманжанқызы да тәжік делегациясын бірнеше этносты бір шаңырақтың астына біріктірген Достық үйінің құрылымымен, сондай-ақ, тәжік этномәдени орталығының тыныс-тіршілігімен және бүгінгі бас қосудың ең қызықты сәті – «сумаляктан» дәм тату рәсімінен, яғни, тағамның кішігірім тарихымен таныстыра кетті: – Наурыз мейрамы – барша түркі халықтары үшін, оған қоса, Қазақстанда тұратын түркі этнос өкілдері үшін де басты мереке. Тәжік этносы үшін бұл мейрам «сумаляк» тағамын дайындаумен ерекшеленеді. Ежелгі уақытта сумаляк көктемгі егіс басталғанға дейін дайындалатын салттық тағам ретінде ұсынылған. Ол ұнтақталған бидай дәндерінен дайындалады, одан соң ұн араластырылып, қазандықтағы мақта майында 20-24 сағат бойы қайнатылады. Бұл тағам адамдарға күш-жігер беріп, рухани азықты болуға зор пайдасын тигізеді деген наным бар. Бұл енді халықтың байырғы заманнан келе жатқан сенім-ниеті, бұл да бір тәжік халқының салт-дәстүріне жатады. Атап өтейік, Тәжік этномәдени бірлестігі облыста этносаралық қарым-қатынасты нығайтуға, халықтар достығын дамытуға бағытталған барлық іс-шараларға өз деңгейінде қатысатындықтан, бұл бас қосу – халықтардың достығы мен бірлігін бекітіп, серіктестікті кеңейте түсері анық. Бүгінгі іс-шараға бір адамдай атсалысып, алыстан ат арытып келген Елшіні күтіп алған тәжік бауырластарға рахметімді айтамын. Наурыз баршамызға құт-береке әкелсін! – деп өз сөзін аяқтады Достық үйі басшысы Парида Иманжанқызы.

Сондай-ақ, осы тұста айта кетейік, аталмыш тағамға дайындау сәтінде кішкене тастар қосылады екен, олар қазанның түбіндегі тағамның түбін күйдіріп алу қаупінен сақтану үшін қолданылады. Сіз егер, осындай тасты тамақтану кезінде ыдысыңыздан тауып алсаңыз, онда жасырын тілек жасауыңыз керек және ол міндетті түрде орындалады деген сенім бар тәжік халқында. Осыған қоса, «Сумалякты» дайындау барысында аталмыш асты қыз-келіншектер бір дауыста әндерін шырқай, билерін билей жүріп, бір-бірімен әзілдесе, көңілді жүріп пісіру керек деп саналады. Салқындағаннан кейін «сумаляк» толы ыдыс дастарханға қойылады. Тағамның «талабы» – қыстан аман-есен шығу, астықтың молшылығы.

Іс-шара барысында шалғайдан келген Елші мен Тәжік халқының делегациясы және өңірлік тәжік этномәдени бірлестік өкілдері және БАҚ тілшілерінің қатысуымен фотосессия жасалды. Сонымен бірге, қонақтармен жүздесуге облыстық «Тараз қаласының өзбек орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Абдурахман Зайнутдинов та қатысты. Бірлестік басшысының өңірімізде қоғамдық келісім мен бірлікті нығайту, этнос өкілдерінің экономиканы ілгерілетуге қосып жатқан үлесі жайында кеңінен ақпарат бергенін айта кеткен жөн. Тәжікстан елшісі Хайрулло Ибодзода өз қорытынды сөзінде Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен ел саясатын жүзеге асыру үшін құрылған, әлемде теңдесі жоқ институт – Қазақстан халқы Ассамблеясы жайында айта келе, этномәдени бірлестіктер қызметін дамытуға барлық жағдай жасалғанын тілге тиек етті.

Бұдан өзге мерекелік кездесуде тәжік халқының ұлттық аспаптары сүйемелдеуімен түрлі сарында әуендер шырқалып, «Асылжан» би ансамбльінің орындауында қазақ халқының ұлттық биі биленді.

Іс-шараның соңы этномәдени бірлестіктің төрағасы Алижон Шукурұлы бастаған бірлестіктің белсенді мүшелері мен Тәжікстан елшісінің бір-біріне естелік сыйлықтар тарту етуімен аяқталды.

Қорытынды: салт-дәстүрлері ұқсас, тілегі егіз екі елдің ынтымағы мен бейбітшілігі жалғасын табарына сеніміміз мол.

 

Жамбыл облысы әкімдігі

ІСБ «Қоғамдық келісім»КММ

Баспасөз орталығы

 

«Ұлы даланың ұлтаралық тілі» ашық алаңы Шу ауданында жалғасты

Ағымдағы жылдың  наурыз айында облыстың Шу ауданы, Шу қаласында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында өтетін  «Ұлы даланың ұлтаралық тілі» ашық алаңы жалғасын тапты.

Іс шараның мақсаты – Жамбыл облысы аумағындағы этностардың арасында қазақ тілін меңгергендердің санын арттыру, жастардың қазақ тілін үйренуге деген ынтасын арттыру, елдегі тіл саясатын нығайтуға және мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейтуге үлес қосу.

Жиынға мемлекеттік тілді меңгерген өзге ұлт өкілдері, этномәдени бірлестіктер, жастар, ауыл тұрғындары және  БАҚ өкілдері қатысты.

«Менің қазақ тіліне жету жолым», «Қазақ тілін қалай үйрендім?» , «Мемлекеттік тіл – әлеуметтік баспалдақ»  тақырыбында «Ахыска» түріктер этномәдени орталығының жетешісі Тагиров Бинали Ильясович, «Насими» әзірбайжан  этномәдени бірлестігінің жетекшісі – Мухамеджанова Гульханум Насруллаевналар мемлекеттік тілдің дәрежесін көтеру мақсатында, этнос жастарының қызығушылығын танытып, үлгі ретінде өз ойларын ортаға салды.

Сондай-ақ, іс-шара барысында жұрт назарына өзге ұлттардың ұлттық тағамдары қойылып,

Шара соңы этномәдени орталықтардың концерттік бағдарламасы аяқталды.

Жамбыл облысы әкімдігі

Ішкі саясат басқармасының

«Қоғамдық келісім» КММ

Баспасөз қызметі орталығы

Тараз қаласының Достық үйіне жаңа басшы тағайындалды

Ағымдағы жылдың 9 наурызында Қазақстан Республикасы Президент әкімшілігінің тапсырмасы негізінде, Жамбыл облысы әкімдігі ішкі саясат басқармасының бұйрығымен және Жамбыл облысының әкімі, облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының төрағасы Бердібек Сапарбаевтың шешімімен Парида Иманжанқызы Мамедова Жамбыл облысы әкімдігі ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ басшысы қызметіне тағайындалды.
Жиынға «Қоғамдық келісім» КММ ұжымы, этномәдени бірлестік өкілдері, «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының мүшелері және қалалық, облыстық БАҚ тілшілері қатысты.
Жаңа басшы Парида Мамедованы Достық үйінде өткен басқосуда облыс әкімінің орынбасары Ержан Жылқыбаев таныстырды. Ол өз сөзінде өңірімізде орын алған келеңсіз жағдайларға байланысты қазіргі қоғамның ел бірлігін сақтау, тұрақтылықты, ұлтаралық татулықты нығайтуды, осы бағытта жаңаша бағытта, жаңа көзқараста жұмыс жүргізуді талап етіп отырғандығына тоқталып, ҚР Президент Әкімшілігінің тапсырмасымен «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесі облыс әкімдігі аппаратынан, облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасына өткендігі жөнінде егжей-тегжейлі айтып өтті. Сондай-ақ, аталмыш мекеменің құрылымы мен кейбір бағыттарының қайта қаралып, бірқатар жұмыстар мен міндеттерді жүргізу қолға алынғандығы жөнінде де зерделеді.
Сонымен бірге, нәтижесінде өткен жылы облыстық ассамблеяның атқарған жұмыстары жөнінде атқарылып, бірқатар ірі жобалар жүзеге асты. Атқарылған жұмыстардың нәтижелі болуына «Қоғамдық келісім» мекемесі ұжымының, әрбір этномәдени бірлестік мүшелерінің қосқан үлесі зор. Алдағы уақытта өңірдің әр елді мекеніндегі халықтың тыныс-тіршілігін саралау, тұрғындарды қандай мәселелер толғандыратынын саралайтын жұмыстарға кеңінен тоқталды. – Осы уақытқа дейін сіздермен қоян-қолтық жұмыс істеген Рано Убайдуллаеваға айтар алғысымыз шексіз. Енді осы қызметке облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасы басшысының бұйрығымен Парида Иманжанқызы тағайындалды. Жаңа басшы сенімдеріңізден шығатынына сенімдімін, – деді Ержан Жұматұлы. Осы тұста айта кетейік, аталған мекеменің бұрынғы басшысы Убайдуллаева Рано Махсұдқызы облыстық тарихи-өлкетану музейі басшысының орынбасары болып тағайындалды.
Сонымен бірге, облыс әкімінің орынбасары ұлтаралық татулық пен келісімді сақтау және нығайтуға бағытталған «Бейбітшілік пен келісім» жобасын жүзеге асырудың маңыздылығын да атап өтті. Аталған жоба аясында қоғамдық-саяси ахуалды мониторингілеудің, жергілікті халықты толғандыратын өзекті мәселелерді анықтаудың және шешудің мәні зор екенін тілге тиек етіп, алда атқарылар бірқатар өзге де шаруаларға қысқаша тоқталды. Сондай-ақ, Парида Мамедова да артылған жауапкершілік жүгін өз деңгейінде көтеріп, мойнындағы міндеттін абыроймен атқару мақсатында ұжыммен жұмыла жұмыс істейтінін жеткізді.
Жалпы, еске сала кетейік, П.Мамедова М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің «Философия және саясаттану» кафедрасының доценті, философия ғылымдарының кандидаты, Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі.
– Облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы ғылыми-сараптамалық топ төрағасының орынбасары, «Жастар зерттеу» өңір жастарының мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі, Қазақстан саясаттанушылар конгресінің Жамбыл филиалының директоры ретінде Қазақстан халқы Ассамблеясының жұмысына уақытында белсене араластым. Бұл салада бірқатар жайттарды зерделеп, көптеген жұмыстардың атқарылуына өз үлесімді қостым. Десе де бір өзім ештеңе тындыра алмайтыным анық. Сондықтан ұжымды бірлесе еңбек етіп, жүктелген міндетті бірге еңсеру үшін күш салуға шақырамын. Маған сенім білдіріп, қолдау көрсеткендеріңіз үшін алғыс айтамын, – деді П.Мамедова.
Жиын барысында аталған мекеменің ұжымы мен этномәдени бірлестік өз-ой пікірлерін білдіріп, кейбір мәселелерге қатысты талап-тілектерін жеткізді.

Жамбыл облысы әкімдігі
Ішкі саясат басқармасының
«Қоғамдық келісім» КММ
Баспасөз қызметі орталығы

«Ұлы даланың ұлтаралық тілі» эстафетасы Байзақ ауданында жалғасын тапты

Ағымдағы жылдың наурыз айында Жамбыл облысы әкімдігі ішкі саясат басқармасы және Қоғамдык келісім КММ ұйымдастыруымен Қазақстан республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен Алғыс айту күніне орай бастау алған «Ұлы даланың ұлтаралық тілі» эстафетасы Байзақ ауданында жалғасын тапты.

«Ұлы даланың ұлтаралық тілі» ашық алаңын өткізудегі мақсат – Жамбыл облысы аумағындағы этностардың арасында қазақ тілін меңгергендердің санын арттыру, жастардың қазақ тілін үйренуге деген ынтасын арттыру, елдегі тіл саясатын нығайтуға және мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейтуге үлес қосу.

Байзақ ауданында өткен іс-шараға мемлекеттік тілді меңгерген өзге ұлт өкілдері, этномәдени бірлестіктердің белсенді мүшелері, жастар, ауыл тұрғындары және БАҚ өкілдері қатысты.

«Гүлсім» балабақшасының меңгерушісі, аудандық мәслихат депутаты Гүлсім Алиева және орыс этномәдени бірлестігінің мүшесі Евгений Кравчук «Менің қазақ тіліне жету жолым», «Қазақ тілін қалай үйрендім?», «Мемлекеттік тіл – әлеуметтік баспалдақ» тақырыптарында өз ойларын ортаға салды.

Шара соңында өнер мектебінде концерттік бағдарлама және түрлі ұлт өкілдерінің мәдени көрмесі ұйымдастырылды.

Байзақ ауданының жастары өзге ұлт өкілдері арасында мемлекеттік тілді насихаттау мақсатында «Ұлы Даланың ұлтаралық тілі» эстафетасын  Жамбыл облысының Жамбыл ауданына жолдады.

Жамбыл облысы әкімдігі ішкі саясат басқармасы

«Қоғамдық келісім» КММ Баспасөз қызметі орталығы

Бар тіршіліктің тұтқасын ұстап тұрған Аналар, мейірімді Әжелер, әдемі Арулар!

 

Сіздерді шұғылалы көктемнің алғашқы мерекесі – Халықаралық әйелдер күнімен құттықтай отырып, бойына мейірім, жылулық, махаббат пен ізгілікті дарыта білген Сіздерге – көктеріңізден күн, құшақтарыңыздан гүл, өмірлеріңізден күлкі кетпесін демекпін! Осындай айтулы мерекеде отбасыларыңызға амандық, саулық, бақыт пен байлық тілеймін!

 

Ізгі тілекпен:  Жамбыл облыстық «Барбанг» күрділер

 ассоциациясының төрағасы Бабаев Хано Абдуллаевич

Меркі ауданында ҚХА Аналар кеңесінің кеңейтілген көшпелі отырысы өтті

Ағымдағы жылдың наурыз айында Жамбыл облысы ішкі саясат басқармасы мен «Қоғамдық келісім» КММ ұйымдастыруымен 8-Наурыз халықаралық әйелдер күні мерекесінің қарсаңында Меркі ауданында  «Қазақтың дәстүрлі құндылықтары: «Отбасындағы әйелдер образы және тәрбие»  тақырыбында ҚХА Аналар кеңесінің кеңейтілген көшпелі отырысы өтті.

Іс-шараның басты мақсаты –көп балалы отбасылар мен жастарды қолдау бойынша мемлекеттік жаңа шаралардың жүзеге асуын талқылау, аудандардағы аналар кеңесінің іс тәжірибесімен таныстыру, тәрбие жұмысына өнегелі аналарды тарту, аналарды өз балаларының бейбіт және қауіпсіз болашағының негізі ретінде елдегі әлеуметтік әл-ауқат, тұрақтылық, бейбітшілік және келісім саясатын қолдауға шақыру.

Отырыс барысында этнос әйелдерінің жұмыспен қамтылуы, бюджеттен аналарға арнайы қаражат қарастыру, мектеп жанындағы қыздар жиналысын қалпына келтіру, тәрбие жұмысына өнегелі аналарды тарту, дін өкілдерімен байланыс, уақытша жұмыссыз қалған аналарға арналған әлеуметтік қор ұйымдастыру, көпбалалы аналарды тегін интернет жүйесімен қамтамассыз ету, азаматтық алу туралы мәселелер көтерілді. Сондай-ақ, аудандағы этнос қыздарының арасында  тұрмысқа тым ерте шығудың алдын алу, жат ағымдарға ілеспеу, отбасындағы зорлық-зомбылық, отбасындағы әйелдердің  рөлі бойынша дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Осыған қоса, этностар жинақы тұратын елді-мекендердегі  әйелдерге әр түрлі мәселелер бойынша кеңес берілді.

Қортындысында, жалпы көтерілген 4 мәселенің 2-і  жергілікті деңгейде шешілді, қалған 2 мәселе (аудандық бюджеттен әйелдер мәселесіне байланысты қаражат қарастыру, әлеуметтік қор құру) жоғарғы органдарға ұсыныс ретінде жолданатын болады.

Жамбыл облысы әкімдігі

ІСБ «Қоғамдық келісім» КММ

Баспасөз қызметі орталығы

Қордайда славян этномәдени бірлестігінің 20 жылдығы аталып өтті

Ағымдағы жылдың наурыз айында Қордай аудандық мәдениет үйінде Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына және Алғыс айту күніне орайластырылған славян этносы күні өтті. Қордай ауданының «Отечество» славян этномәдени орталығының құрылғанына 20 жыл толды.

Іс-шараға аталмыш  этномәдени орталығының және аудандық этномәдени бірлестіктердің өкілдері, ішкі саясат басқармасының қызметкерлері, орыс этномәдени бірлестігінің шығармашылық ұжымы және аудандық және облыстық БАҚ журналистері қатысты.

Шара  барысында аудандық Мәдениет үйінің фойесінде «Отечество» этномәдени орталығының шеберлері: Пронникова Наталья, Бабешко Лариса, Шакул Валентиналардың қатысуымен қолданбалы өнер көрмесі ұйымдастырылды.

Мерекелік іс-шара «Соседушки» халықтық ұжымының концерттік бағдарламасымен жалғасты. Сондай-ақ, мерекелік  құттықтау сөздерімен Қордай ауданының  ІСБ өкілі – Таңат Қабылтай, «Вынхуа» дүнген этномәдени бірлестігінің төрағасы – Айша Идыбо, «Шаңырақ» қазақ мәдени орталығы басшысының орынбасары – Сарагүл Баденова сөз сөйледі.

Жиын соңында этномәдени бірлестік мүшелеріне мақтау қағаздары мен естелік сыйлықтар табыс етілді.

 

 

Жамбыл облысының ІСБ

«Қоғамдық келісім» КММ

Баспасөз қызметі орталығы

Медиация Алғыс айту күніне арналған Ашық есік күні өтті

Жамбыл облысы әкімдігінің ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ 2021 жылдың  наурызында Медиация кабинетінде Алғыс айту күніне арналған медиацияның Ашық есік күнін ұйымдастырды.

Іс-шараға облыстық соттың судьялары, облыстық прокуратураның, әділет департаментінің, адвокаттар алқасының өкілдері, кәсіби және кәсіби емес медиаторлар, этномәдени бірлестіктердің өкілдері қатысты.

Аталған іс – шараның мақсаты – медиация бойынша заңнамадағы өзгерістер туралы азаматтарды хабардар ету.

Іс-шараның басы Медиация кабинетінің меңгерушісі Валентина Досыбиеваның   сөз сөйлеп, қатысушыларды Алғыс айту күнімен құттықтауынан басталды: «Біздің бұл алаңдағы кездесулер дәстүрге айналды! Біздің ортақ ісіміз – адамдарға жанжалды дауларды шешуге көмектесу және отбасылық, серіктестік және қайырымдылық қатынастарды сақтай отырып, олардан абыроймен шығу. Медиация институтын, азаматтардың құқықтық мәдениетін дамытуға және татуластыру рәсімдерін насихаттауға бірлесіп жәрдемдесе отырып,  жалпыазаматтық қағидаттар негізінде қазақстандық қоғамды дамыту арқылы елдің бірлігін нығайтамыз!

Сонымен бірге, облыстық соттың судьясы Тілепов Азамат Серікұлы да қылмыстық заңнамадағы сотқа дейінгі талқылау сатысындағы өзгерістермен бөлісті: «2020 жылы – 56 қылмыстық іс медиация араласуымен дұрыс  аяқталды. Бұл сандар қылмыстық істерді қарау кезінде медиацияның өміршеңдігін көрсетеді», – деп айрықша атап өтті ол.

Бұдан өзге,  татуластыру рәсімдері жөніндегі үйлестіруші, облыстық соттың судьясы Нұрлыбаева Динара Нечаевна азаматтық заңнамадағы өзгерістер туралы анықтап айтып берді. – «2020 жылы пандемиямен байланысты қиын кезеңдерге қарамастан, Жамбыл облысының соттары республикада  татуластыру рәсімдері бойынша үшінші орынға ие болды. Бұл бізбен  ынтымақтасатын медиаторлардың да еңбегі. Ағымдағы жылғы 1 шілдеде Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс (ӘРПК) қолданысқа енгізіледі, ол істерді қарау кезінде азаматтардың құқықтарын қорғаудың тиімді тетіктерін белгілеуге арналған, онда мемлекеттік органдар екінші тарап ретінде әрекет етеді. Ерекше атап өткім келеді: ӘРПК бойынша татуластыру рәсімдері де (медиация) құпталады. Бұл жаңашылдықтар азаматтарды ынталандыруға, сотқа жүгінгенге дейін татуластыру рәсімінен өтуге бағытталған”, – деді судья.

Жамбыл облысы 2-бөлімшесінің прокуроры – Теміржанов Мақсұт Бубарханұлы сотқа дейінгі тергеу органдарымен татуластыру рәсімдеріне қатысты қолданыстағы құқықтық актілерге енгізілген өзгерістермен бөлісті.

Қатысушылар арасындағы қызу ашық алаң сотта және сотқа дейінгі дауларда медиацияны қолдану барысында туындайтын өзекті мәселелерді талқылауға ықпал етті.

Іс-шара барысында қатысушылар судьяларға, прокурорға, заңгерлерге өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, оларға толық жауаптар мен кеңестер алды. Көбінде бұл отбасылық және азаматтық даулар бойынша, сондай-ақ, корпоративтік даулар бойынша енгізілген ұсыныстар туралы мәселелер болды.

Жамбыл облысы әкімдігі

ІСБ «Қоғамдық келісім» КММ

Баспасөз қызметі орталығы

#деньблагодарности