1938-1939-шы жылдар белесіндегі жаппай саяси репрессиялар ауқымының азаюы. Бұл процестің Әулиеата өңіріне әсері.

Сейдахан Бақторазов- М.Х.Дулати  атындағы

  Тараз өңірлік университетінің  профессоры,

Ж.Баласағұн атындағы Түркістан өлкесін

 зерттеу орталығының жетекшісі

Жамбыл облысы Қ ХА ғылыми –

 сараптамалық тобының мүшесі

Саяси репрессиялар, ХХ ғасырдың 30-шы жылдарының екінші жартысындағы кеңес қоғамының саяси өмірінде саясат пен биліктің құралы ретінде барынша күрделі және жан-жақты құбылысқа айналып, БК(б)П ОК мен Саяси бюроның  сталиндік тобына, партияның өз  ішінде және жалпы елде шын мәнінде немесе солай болуы мүмкін деп есептелінген қарсыластарына қарсы, саяси күрес арсеналының  маңызды бөлігі болып есептелінді.

Кеңестік  репрессиялық аппарат, бәрінен бұрын қарсыластары ретіндегі  топтың адамдарын анықтады, аталған топтың ойы бойынша олар басқа идеологиялық түсініктерді  тасушы және осы саяси тұғырнамалардың жақтаушысы бола отырып, партия мен мемлекеттің мүддесіне қарама-қайшы келетін еді. Бұл адамдар туралы мәліметтер, оларға қарсы айыптаулар өзіндік саяси тілде жеткізіліп,  оларға қарсы нақты іс-қимылдар жаңа саяси идеялар негізінде өрбіді( мыс: «таптық күрестің шиеленісуі», «үдей түскен сыртқы қауіп»). Бұл орайда күнделікті  болып жатқан оқиғалар туралы ақпарат елдің санасына жаңадан қалыптасқан қажетті сөз  тіркестері  арқылы, қайсібір  сәттерде үрей  туғыза  отырып  та жеткізілді .

Келесі  кезеңде  сот  және  соттан  тыс  органдар, негізінен ІІХК (НКВД)  органдарының күшіне,  яғни олардың қызметкерлері мен осы халкоматтың қарамағындағы арнайы әскери құрамаларға сүйене отырып өз  шешімдерін шығарып жатты. Аталған органдар репрессиялық іс-шараларды жүзеге асырудың құралына айналып – адамдарды атты, асты немесе бас бостандығынан айырды.

Партия мен қоғамның орта және төменгі деңгейлеріне тез арада  дұшпандық пиғылдағы адамдарды іздеп тауып, анықтау және жазалауға беру тікелей айтылды немесе жанамалап жеткізілді. Бұл орайда олардың бар – жоғы есепке алынбай, нұсқау тек бір бағытта ғана берілді – ондайлар болуы керек.

Қатардағы  партия мүшелері мен кеңес азаматтарына арналған саяси ақпарат көзі арнайы сөздіктерден тұрды, ол оқиғаларды біржақты бағалау мазмұнында болып, терең дағдарыс түсінігін (иллюзиясын) тудырды, тіпті әскери жағдайдың болу мүмкіндігін де жоққа шығармады. Осы арқылы партиялық және қоғамдық өмірдің аталған деңгейлерінде репрессиялық бағытты қолдаушы күштер біртіндеп қалыптасып жатты. Дегенмен, саяси репрессиялар да  барлық  басқа құбылыстар сияқты белгілі бір жағдайда пайда болып, белгілі бір тәсілмен дамыды және белгілі бір уақытта өзінің жойылу кезеңіне өтуі тиіс болатын. Бұл құбылысқа барынша көп адамдардың тартылуы оның ары қарай дамуында бір  тоқтамға  келуін меңзеген еді – не  қойылған  мақсатқа жетіп, бұрынғы  бағытты өзгерту,  не  бұл  процесті бақылаудан шығарып алу. Сонымен қатар, ІІХК органдары ролінің соншалықты асқақтатылуы билік басындағылардың күштерінің арасалмағын барынша бұзды, мұны бұлай бетімен жіберуге, әрине, болмайтын.

1938-ші жылдың  11-нен 20-сы аралығында өткен БК(б)П ОК қаңтар пленумында «Партия ұйымдарының коммунистерді партиядан шығару кезіндегі қателіктері мен БК(б)П қатарынан шыққандардың аппеляцияларына формальды – бюрократтық көзқарасы және осы кемшіліктерді жою жөніндегі іс-шаралар туралы» мәселе қаралды. Пленумда  қабылданған  қаулыда, партияның  өткен  кезеңінде жағдайдың  бақылаудан  шыға  бастағанын  көрсететін  фактілер көп  келтіріледі.

Партиядан  шығару  жаппай  етек  ала  бастаған  кезеңдегі Әзірбайжан К(б)П ОК бір отырысында (мәжілісінде) 279 адамның партиядан шығарылуы   немкеттілікпен расталына  салған . Жаппай  партиядан шығару көп жағдайда негізсіз болған – осылай Куйбышев облысының бір аудандық ұйымындағы коммунистердің саны 210 болса, соның 50-і партиядан шығарылған, олардың 43-іне ІІХК органдары тұтқындау үшін ешқандай негіз таба алмаған»  [1].

Жағдайды түзеу үшін партия органдары мен ұйымдарына бірнеше талап-тілектер қойылды. «Жаппай, бас-көз жоқ партиядан шығаруды тоқтатып, іс жүзінде партиядан шығару мәселесін жеке қарастыру» тапсырылды. УК(б)П Киев обкомының бұрынғы хатшысы, халық жауы Кудрявцев партия жиналыстарында сөз сөйлеген коммунистерге үнемі «сіз, болмағанда бір адамның сыртынан арыз жаздыңыз ба?», – деп сұрақ қоятын. Мұндай арандатудың нәтижесінде Киевте қалалық партия ұйымының жартысына дерлік мүшелерін қаралайтын арыздар түскен еді, олардың көпшілігі дұрыс болмай, негізсіз жазылғандығы кейіннен анықталды.

Келесі бір мән берерлік сәт,  партиядан шығарылғандардың           аппеляциясының қарастырылмауы еді. Осылай, бірнеше обкомдарда, бірнеше мың қарастырылмаған аппеляциялардың жинақталып қалғандығына мысалдар келтіріледі. Осы тұрғысында обкомдар, өлкекомдар мен ұлттық компартия ОК-і «шығарылғандардың аппеляциясын қараудан бас тарта отырып, аукомдар мен қалкомдардың осы мәселедегі шешімдерін… аппеляцияға жатпайтын және түпкілікті шешімге айналдырды», – деп айыпталды. Сонымен қатар олардың «коммунистерге қарсы ойына келгенін істеген партия басшыларын да жазалаусыз қалдыратыны» атап өтілді. Осыған байланысты нақты шаралар ретінде, үш ай ішінде партиядан шыққандардың аппеляциясын қарап бітіру және партиядан шығарылғандарды бірден жұмыстан қууға тиым салынғаны туралы  айтылады. Партия мүшелеріне жала жапқаны анықталған адамдарды партиялық жауапкершілікке тарту ұсынылды  [2].

Осылай, пленум шешімдері бойынша репрессиядан ең көп зардап шеккен негізгі категория – партия  мүшелері негізсіз қудалаудан біртіндеп құтыла бастады.

Сәл кейін шегініп 1937-ші жылдың екінші жартысын «тұтқынға алу жартыжылдығы» ретінде,  ал, 1938-ші жылдың бірінші жартысын «үкім шығару жартыжылдығы» немесе атып – асу жартыжылдығы ретінде қарастырсақ, онда  соңғы ірі процесс ретінде 1938-ші жылдың 2-13 наурызы аралығындағы «антикеңестік оңшылтроцкистік блок» дейтіндердің ісін айта аламыз. Онда Н.Бухарин мен А.Рыковпен бірге сотталушылар қатарында әртүрлі саяси позициядағы 21 адам болды – бұрынғы троцкистер және ешқашан және  ешқандай оппозициялық топтар мен ағымдарға қатыспаған, бұрынғы одақтас республика компартиялары басшылары [3].  Процесте лениндік және ленинен кейінгі кезеңдердегі ірі партия лидерлерінің сотталуы билік үшін күрестің тәмәмдалғанын білдірді – сталиндік топ өзінің партиядағы шексіз билігін орнатты. Ал топтың өз ішінде И.Сталиннің жеке билігіне ешқандай шек қойылған жоқ. Елде ары қарай репрессиялық іс-шаралар жүргізе берудің, енді бұрынғыдай қажеттілігі  болмады.

Жаппай  репрессияларды доғару ісі ІІХК басшылығын ауыстырып, оның барлық бөлімшілерін партия аппараты бақылауына беруден басталды. Н.Ежов су транспорты халкомы орнына жылжытылды. 1938-ші жылдың тамызынан бастап ішкі істер халкомы болып Л.Берия жұмыс істей бастады. Тиісінше, ішкі істер органдарында «тазалау» жүргізіліп, осы саланың ірі басшылары  орнынан алынып, істері сотқа берілді. Шығарылған үкімдердің көпшілігі ең жоғарғы жаза болып, мұның өзі «уақыт талабына сай»  іс-шара ретінде түсінілді. Осы орайда көп жағдайда Н.Ежовтың орнынан кетірілуі,  сотталып ату жазасына кесілуі, сонымен бірге ІІХК–ның облыстық және аудандық деңгейден бастап, басқа да ірі басшыларының осындай тағдырға ұшырауы жаппай қылмыстың ізін жасыру ретінде  қарастырылып келді. Әйтсе де гәп басқада еді – тез арада ІІХК органдарындағы төтенше өкілеттіліктердің күшін жоймаған жағдайда, олар өз қарамағандағы құрылымдарға сүйене  отырып жеке саяси күшке айналуы және бақылаудан толықтай шығып кетуі әбден мүмкін болатын. ІІХК органдарына қатысты іс оларды орнынан ауыстырумен шектелген жоқ. И.Сталин қол қойған телеграмманың (мәтіні бойынша хат деуге келетін, нақты жіберілген күні белгіленбеген,) бірінші пунктінде БК(б)П ОК қабылдаған қаулы туралы айтыла келіп, ол бойынша тез арада барлық деңгейдегі ішкі істер  органдары қызметкерлерінің жеке істері жүргізіліп, бекітіліп оны тексеру тиісті деңгейдегі партия органдарына  – ұлттық компартиялар ОК-не, өлкекомдар мен обкомдарға тапсырылып, аталған жеке істер осы партия органдарында сақталынатын болды. Хатта, мұндай тексерудің нәтижесінде «ІІХК органдарын, саяси сенімге лайықсыз, алдау арқылы кірген, барлық дұшпан адамдардан тазарту керектігі»  [4]  атап көрсетіледі. Беріліп отырған кешенді іс –шаралар, ендігі жерде ІІХК қызметкерлерінің тиісті деңгейдегі партия органдары номенклатурасында болып, олардың алдында саяси тұрғыда тікелей жауапты екендігін білдірді. Хаттағы барлық пункттер 1.01.1939 жылға дейін орындалу керек болды.

1938-ші жылы басталған ішкі партиялық және қоғамдық өмірдегі сауығу процесі екіжақты мазмұнда болды – бір жағынан репрессиялық іс-шаралар ауқымы қысқартылып, ІІХК органдарына бақылау қойылса, екінші бір жағынан әлі де өз тағдырының не боларын білмей түрме түнегінде жатқандар жеткілікті болатын. Олардың қылмыстық істерін қысқартып, қамаудан босатуға әлі де ешкім асыға қойған жоқ.

БК(б)П  ОК Саяси  бюросының 1938-ші жылғы 15-ші қыркүйегіндегі шешімімен ерекше үштіктер бұрынғы құрамында қайта құрылды. Бұл жолы олардың қарауына «…тек 1938-ші жылдың 1-ші тамызына дейінгі істер беріліп, оны  екі айда аяқтау тапсырылды». Аталған уақыттан кейін тұтқындалған барлық адамдардың ісі сотталғандығына байланысты  тиісті сот органдарына беріліп…, сонымен қатар егер істерінде сотталатындай жеткілікті материалдар болмаса, ол істерді қайта тергеу арқылы айыпталушыны қамаудан босату керектігі ескертілді  [5].

Олай болса 1937-1938-ші жылдардағы сот істеріндегі жиылып қалған «үйіндіні» («завал») ақтару, шешім шығаруы  шапшаң үштіктерге берілді, олар болса өз жұмыстарына, әлі де желдің қайдан тұрып тұрғанын білмей кірісіп кеткен болатын.

Байқап қарасақ, жоғарыда келтірілген орталықтың қаулысы жаппай саяси репрессиялардың барлық эволюциялық процесін, яғни оның қалай пайда болып, қалай шырқау шегіне жеткеніне дейін және одан кейінгі бәсеңдеу жағдайын, қамтып тұрғандай.Ендігі мәселе осы саясаттың, осы жаңа бағыттың жергілікті жерлерде қалай қабылданатындығында және кең байтақ елде оның қалай жүзеге асырылатындығында болды. Бұрынғы барлық тапсырмалар қысқа уақыт ішінде орындалатын, әрине ол үшін қатты бас  қатырудың керегі болған  жоқ, ал мұндағы мәселе тіптен басқа, қиынырақ былайша бәрін өз қалпында қалдыру керек сияқты, бірақ солай болғанда да бәрін басқаша жасап, бұрын ескерілмеген факторларды есептеу керек болды.

Республика партия ұйымында қаңтар пленумы қойған міндеттер бірден түсінілмеді және бірден өмірге де еніп кете алған жоқ. Осылай, құжаттардың бірінде – 1938-ші жылдың 5-ші наурызында өткен совхоз жұмысшылары митингісінде оңшылтроцкистік блоктың үстінен жүргізілген процеске байланысты резолюциясы беріліп, онда: «ІІХК органдары мен сталиндік халком Ежовтың бандиттер мен баскесерлердің, шпиондар мен сатқындардың қылмысын ашқан жанқиярлық жұмысын қолдаймыз…Жоғарғы Соттың Әскери коллегиясынан олардың бәрін итше атып тастауды талап етеміз», – делінген [6]. Кейініректегі құжаттарда жағдайдың түзеле бастағаны білінеді. Оны Қастек қой совхозына байланысты мына бір құжат көрсетіп тұр, онда партиядан шығарудың, және жұмыстан негізсіз босатудың заңсыздығы мойындалған фактілер көрсетілген [7, с.188 – 189]. Біртіндеп сәуір-мамыр  айларында осы тақілеттес құжаттар партияның облыстық комитеті деңгейінде және ең соңында Қазақстан К(б)П деңгейінде де пайда бола бастайды.

БК(б)П ОК қаңтар пленумының негізгі мәселелерінің бірі коммунистердің партиядан шығарылғандығына байланысты аппеляциясын қарау болып табылды. Пленумның алғашқы талаптарының бірі партиядан шығарылғандардың кінәсін ашық және нақты дәлелдеп беру болды. БК(б)П ОК жанындағы Қазақстан бойынша ПБКӨ (УКПК) – ның партколлегиясының мәліметтерінде былай көрсетілген : Коммунистерді  партиядан шығару үшін 29 қылмыс түрі көрсетілген, ал оларды қайта қабылдау үшін 4 дәлел келтіріледі – айыптаулардың дәлелденбеуі, жала арқылы шығарылуы, негізсіз айыптаулар арқылы шығару және коммунисті тәрбиелеп оған жіберілген қатесін жоюға  мүмкіндік берілмеуі. 1938-ші жылдың 20-шы қаңтарынан 20-шы сәуірі аралығында ПБКӨ жанындағы партколлегия 239 істі қарады. Олар тиісінше: 1- қайтадан қабылдау; 71 айыптаулар дәлелденген жоқ.2-жала жабу материалдарына байланысты; 16-сы дәлелденбеді. 3- негіз болмауы себепті; 60-ы негізсіз, 4-тәрбиелеу және қателіктерін түзеуге мүмкіндік беру; 92 коммунист осы орайда ақталып шықты  [7, с. 194 – 195]. Яғни, барлық қарастырылған істер бойынша шығарылғандар партия қатарына қосылды. Әрине, бәрі бірдей түзеліп кетті деуге әлі ерте еді. Жалпы Қазақстан бойынша 1938-ші жылдың  20-шы қаңтары мен 15-ші сәуірі аралығында республикалық және облыстың партколлегияларға 1264  партиядан шығарылғандар аппеляция жасады. Олардың ішінен 703 коммунист партияға қайта қабылданып , 58 адам  партияға кандидаттыққа ауыстырылды [8].

Республика Компартиясы ОК деңгейіндегі саясат соншалықты өзгере қоймады. ҚК(б)П ОК республикалық ұйымның 2-ші съезіндегі есепті баяндамасындағы бөлімдердің бірі «Капиталистік  агентураның талқандалуы және Кеңес мемлекетінің нығая түсуі» деп аталды. Бұл бөлімде бұрынғы саяси ұстанымдар сақталынып, бұрын әшкерленіп қойған, енді еске алудың да қажеті шамалы «халық жауларына» қарсы шабуыл жалғаса түскен . Осылай Н.Бухарин мен А.Рыков процестерінің жаңғырығындай әртүрлі сөздер айтылды – троцкистік – бухариндік агентурамен бірге әртүрлі республикаларда буржуазиялық ұлтшылдар да жұмыс істеді, одан Қазақ республикасы да тыс қалған жоқ. Мирзоян, Исаев, Құлымбетов, Есқараев, Садуақасов және басқалар бастаған контрреволюциялық оңшыл троцкистік және буржуазиялық ұлтшыл ұйымдар герман-жапон фашизмнің агентурасы бола отырып Қазақстанды КСРО –дан бөліп әкетуге және оны жапон империализмінің  отарына айналдыруға тырысты». Ары қарай  – троцкистік –бухариндік – рыковтық және ұлтшыл-фашистік бандалар қанқұйлы фашизмнің қатарында болып, жапон – герман империалистері өзінің КСРО-ға шабуылының жоспарында қарастырған «бесінші колонна» құрғысы келген еді, – дей келе сонымен қатар олардың «Кеңес одағының әскери және экономикалық қуатын әлсірету мақсатында өнеркәсіпте, транспортта және ауыл шаруашылығында қаскүнемдік әдістерді кеңінен қолданып, диверсиялық әрекеттер жасағандығы» [9] айтылады. ОК есепті баяндамасында келтірілген басқа да осы сарындағы фрагменттер біраз мәселені  аңғартатындай. Мұнда сол уақыттың саяси лексиконы (сөз қоры) сол қалпында қалған десе де болады. Саяси тактикадағы өзгерістер нәтижесінде репрессиялық іс –шаралар  қолдану  ауқымы азайғанымен, жеңіп алынған позициядан ауытқушылық болған жоқ, мұны жалғасын тауып жатқан қылмыстық істерді қозғау да көрсетіп берді, тіпті ҚК 58 статьясының «жеңілдеу» статьяға ауыстырылуы  да жағдайды жақсартып әкете алған жоқ. Партия қатарындағы және мемлекеттегі репрессияларды барынша қатал қолдану кезіндегі қорқынышқа негізделіп қалыптасқан тәртіп, әлі де мызғымастай болатын.

10-21-ші наурыз аралығында өткен БК(б)П–ның ХУІІІ съезінде партияның жаңа Жарғысы қабылданды. Оның ХІІ-ші бөліміндегі «партиялық тәртіпті бұзғаны үшін қолданылатын шаралар», бірнеше міндеттер жүктеді. Осылай – «партияның бірлігін сақтай отырып, екіжүзділікке, фракциялық күреске және бөлінуге ұмтылған титтей болсын әрекеттерге қарсы ымырасыз күрес… барлық партия мүшелері мен партия ұйымдарының бірінші кезектегі міндеті болуға тиіс»  [10, с.107],- деп атап көрсетіледі.

Жарғының 73 пунктінде – «партиялық және кеңестік орталықтардың қаулысы тез және дәлме – дәл орындалуы» керектігі атап көрсетілді. Кері жағдайда ашық талқылаудан бастап, жауапты партия және кеңес жұмыстарынан уақытша шығарып тастау, одан кейін партиядан шығару, ең соңында партиядан шығарып қылмысына байланысты әкімшілік және сот талқысына тапсыру қарастырылды» [10, с. 108]. Келесі  пунктте шамамен осындай шаралардың ОК мүшелеріне қолдану жолы реттелді. Партия жарғысынан  келтірілген фрагмент  И.Сталиннің партияны  пікірталас клубы ретінде емес     «семсершілдер ордені» ретінде көргісі келетін  арманының жүзеге асқандығын білдіретіндей.

Оңтүстік Қазақстан аймағында қаңтар пленумының тактикалық және идеологиялық нұсқауларын жүзеге   асыру,  бәрінен  бұрын  партиядан  шығарылғандардың  аппеляциясын  қараудан  басталған  еді. Облпартколлегияның 1938-ші жылдың 1-ші қазанындағы есебінде  жағдайдың іс жүзінде қандай екендігі көрсетіледі.

«1938-ші жылдың 20-шы қаңтары мен 1-ші қазаны аралығында  559 аппеляция реттелген. Оларды шығарылған кезеңдеріне сәйкес бөліп, мынадай деректер алынды: 1. 1932 –34 ж.ж. шығарылғандар-110 адам… 24 партияға қайта қабылданды, немесе 22%… шығарылғандардың  61-кі дәлелденді немесе 55% . 2. 1935-1936 ж.ж. шығарылғандар-287 адам, қайта қабылданғаны –140, немесе 48 %,  91-нің шығарылғандығы дәлелденді немесе 32% …1937-ші жылы шығарылғандар, қаралғаны 104 аппеляция, қайта қабылданғаны – 57 немесе 55% … 36-ның шығарылғандығы дәлелденді немесе 34,6 %. 4. 1938-ші жылдың 9 айында, яғни БК(б)П ОК қаңтар пленумы қаулысынан кейінгі уақытта, 3-4 категория бойынша аукомдар шығарылғандардың 58 аппеляциясын қараған, олардың ішінде ҚК(б)П мүшелері 43, кандидаттар 15. Партия мүшелерінің қайта қабылданғаны 8 немесе 14%, кандидаттыққа ауыстырылғаны және шығарылғаны дәлелденгендері-37. Кандидаттардың қайта қабылданғаны –3 және шығарылғаны дәлелденгені 12» [11].

ҚКСР бойынша ПБКӨ жанындағы Оңтүстік Қазақстан облпартияколлегиясының мүшесі, есеп беруді құрастырушы Шихалиев жоғарыдағы цифрларға мынадай баға береді – көрнекілікпен көрініп тұрғандай,    1938-ші жылдың басына дейінгі, облыс пен бірнеше аудандардың басындағы партия жетекшілері  троцкистік – бухариндік, ұлтшыл-фашист бандиттер , репрессия арқылы біздің большевик кадрларды құртып, партияның қатарына өздеріне ұқсаған адамгершіліктен  ада  бөтен элементтерді жинағысы келді. Осы 1938-ші жылы партия қатарынан шығарылған ҚК(б)П-ның 49 мүшесі мен кандидаттарының ішінде халық жауларымен байланыста болып, оларды қорғағаны үшін шығарылғандары –40 адам, қалған 9-ы әлеуметтік бөтен элементтер. Бұл Оңтүстік коммунистерінің арасында большевиктік қырағылықтың едәуір көтерілгенін және БК(б)П ОК қаңтар пленумының қаулысы партия ұйымдарын дұшпандық, таптық – бөтен элеметтерден тазартудағы ымырасыз күресте өткір қару болып табылатындығын көрсетеді, пленум партия мүшелері мен кандидаттарын партия мүшелерінің тағдырына қылмыстық – жеңілтектікпен қарағандарды  үзілді-кесілді жойып жіберу үшін осылай қаруландырып отыр»  [12].

Облпартколлегиялар мен партияның облыстық  комитетінен   бөлек,  шығарылғандардың  аппеляциясы  туралы істі  қалкомдар  мен  аукомдар  да  қарады. Қалком  хабарламасында: «БК(б)П ОК қаңтар пленумы шешімі шыққан күннен 1938-ші жылдың 10-шы  қыркүйегі  аралығында партияның қалалық комитеті бастауыш партия ұйымдарында шығарылған 94 істі қарап, оның 23-і қайта қабылданды, сонымен бірге партколлегия мен обком қала партия ұйымынан 8 адамды қайта қабылдады, бұл бастауыш партия ұйымдары шешімдерінің 33%-ға өзгертілгені [13]. Сонымен қатар, тағылған айыптардың дәлелденбегені туралы мысалдар да бар. Осылай ҚК(б)П    аукомы пленумында Мәуленов партиядан шығарылған болатын, «колхозшылар арасында антикеңестік әңгіме жүргізгені, дұшпандармен байланысы  және әлеуметтік бөтендігі үшін». Аппеляцияны талқылау кезінде айыптаулар дәлелденген жоқ. Партколлегия осыған аукомның назарын аударып, бірінші хатшы Ж.Беласаровқа ескерту жасалынып, оған коммунистерді партиядан шығаруда жеңілтектікке жол бермеу тапсырылып, ондай іс қайталанған жағдайда  жауап беретіндігі ескертілді» [14].

Қаңтар пленумы қаулыларының пункттерінің бірі жала жапқандығы үшін партиялық жауапкершілік тарту тұрғысында болды. Осы жөнінде берілген құжатта былай делінген-Партколлегияның жалақорлар мен көлеңкесінен қорқатындарды жауапқа тарту ісінің әлсіз екендігін мойындау керек, қазірге дейін бір де бір ауком хатшысына коммунистердің партиядан негізсіз қуылғандығы үшін партиялық жаза қолданылмаған, мұның өзі аппеляцияны  талқылау кезінде бірнеше ерекше қаулылар қабылданып, бірқатар  аукомдарға жалақор коммунистерді жауапкершілікке тарту туралы  ұсыныс енгізілгеннің өзінде жүзеге аспай отыр».  Мәтіннің осы үзіндісінде мынадай факті де келтіріледі: 23/У-1938-ші жылы партияның Меркі АК-і ҚК(б) П мүшесін 15 коммуниске жала жапқаны үшін партиядан шығарады, 1/УІІ –1938 жылы партколлегияның қаулысымен шығарылу мақұлданған [15].

Келесі бір маңызды сәт ретінде партияға қайта қабылданғандардың партиялық құжаттарын беру мәселесін айтуға болады: «… бұл пункттің орындалуы нашар, бұған аукомның бірқатар хатшыларының салақтығынан немесе олақтығынан партияға қайта қабылданғандардың жылдап партқұжаттарын ала алмаған бірнеше фактілерін келтіруге болады…. Партколлегия мен партияның облыстық комитеті қабылдаған бірқатар іс-шараларға қарамай осы жылдың 15-ші қыркүйегіне дейін партқұжаттарын ала алмаған ҚК(б)П-ның 96 мүшесі мен кандидаты әлі де сандалуда жүр» [16].  Осылай ауданда партияға қайта   қабылданған 7 коммуниске, келесі аудан  бойынша 5 коммуниске партқұжаттары берілмеген [17]. Партбилеттерін бермей, есеп кәртішкелерін жүргізбеу іс жүзінде партия қатарына қайта қабылдамау болып табылар еді. Мұндай келеңсіздік, оның себебіне қарамай шығарылғандарға әжептеуір қауіп келтірер еді.

Келесі маңызды сәт ретінде «партияға қайта қабылданғандарды большевиктік тәрбиелеу» деген болды. Осыған байланысты: «Бастауыш партия ұйымдары мен ауком хатшылары партияға қайта қабылданған коммунистерді большевиктік тәрбиелеуге жауапкершіліктерін сезінбейді. Аукомдар көп жағдайда, қайта партияға қабылданғандарды есепке алып, оларды қайсібір партия ұйымына тіркеп, жұмыс берумен шектеледі, бірақ олардың жұмысы қалай жүріп, өмірі қалай өтіп жатқанында шаруасы болмайды [18].

Партколлегия өз есебінде шығарылғандардың тағы бір мәселесін- жұмыстан бірден кетіруді сөз етеді, бұл да қаңтар пленумы қаулысында сынға ұшыраған болатын. Мұндай фактілер , яғни тек бастауыш партия ұйымынан шығарылғандарды, бұған ешқандай қажеттілік болмаса да, жұмысынан кетіру кездесіп отырған. Түрксіб бөлімшесінің Жамбыл совхозының бастауыш ұйымы 1938-ші жылдың маусымында жалпы партия жиналысында 2 коммунисті қатарынан шығарады, олардың бірі 1918-ші жылдан ҚК(б)П мүшесі – Семенова, шаруашылық меңгерушісі (завхоз) және екінші қоймашы болып жұмыс істеген … осы жолдастар жұмыстарынан алынды… шығарылғанына 3 ай толмай жатып… жиналыстың шешімі партияның аукомына бекітілуге де берілмеген… жолдастар 3 ай бойы жұмыссыз жүр, олардың партияда қалу мәселесі де шешілмеген» [19]. Бұл жерде «жоғарыдағылардың» мүмкіндік бергеніне қарамастан «төмендегілердің» немкеттілік көзқарасы анық көрініп тұр.

Аймақ  бойынша  қорытынды  статистикалық  мәліметтер   мынадай. 1.09.38 жылға дейінгі қарастырылмаған аппеляциялардың саны – 724, олардың ішінде партияның аудандық комитеттері шешімдерінің қайта қаралғаны – 631, партияға қайта  қабылданған коммунистер саны – 292, кандидаттыққа ауыстырылғаны – 10, тілектестер (сочуствующих) қатарына – 14, шығарылғандығы мақұлданғаны- 310, қарастырылмай қалғаны – 93…

….БК(б) П қаңтар пленумының қаулысы баспасөзде жарияланған кезден бастап партия ұйымы облыстық комитетінің тіркеу бөліміне 26.01.38 жылға дейін 179 аппеляция 5.0938 жылға дейін 623 аппеляция, барлығы 802 аппеляция түссе, өткен 7 ай ішінде оның тек 88 аппеляциясы немесе 11 %-ы қарастырылған, қайтадан партия қатарына және кандидаттыққа 68 адам қабылданып, облыстық партколлегияға 438 және партияның аудандық комитеттеріне 200 аппеляция тапсырылған [20]. Осы және осыған дейінгі цифрларды және бұдан кейінгілерін де, саяси тарих тіліне аудару тіпті де оңай емес. Алдымен «марксизмнің бөтен туының» астында, кейіннен одан да бөтен большевиктердің туы астында, одан кейін тіпті де бөлек сталинизм  туының астында болған аймақтық саяси элита өзінің барынша дәрменсіз екендігін көрсетіп «ағыс аққан жаққа қарай» жүзуге дайын болып, болып жатқан оқиғалардың мән-мағынасын түсінуге тырыспай, Орталықтан келер нақты бұйрықтарды бұлжытпай орындауға дағдыланды. Тіпті ол бұйрықтарды қабылдай отырып, онда аздаған қауіптің барлығын сезсе, онда оны аяғына дейін орындауға да дәрмені жетпеді.

Осындай  және  осыған ұқсас  іс-әрекеттердің  нәтижесінде  Қазақстан  Коммунистік (б) партиясы  мүшелері  санының  1933-1940-шы  жылдарғы динамикасы (өсу  деңгейі)  мынадай  болды.  1933-ші  жылы, жаппай  партиялық  тазалау  басталмай  тұрып  оның  қатарында  101  мың  486  большевик болды. Олардың  48594  партия  мүшелері  52892  мүшелікке  кандидаттар еді. Жаппай  партиялық  тазалау  мен  алғашқы  саяси  процестерден  кейінгі  1936-шы  жылы  47988  адам  қалды, тиісінше  29474  партия  мүшелері  және  18514  кандидаттар.  Көбірек  кеткені  партия мүшелігіне  кандидаттар  болды. 1937-ші  жылы   саны  көбейіп  51881  адамға  жетті – 32629  мүшелері  мен  19252  кандидаттар.  1938-шы жылы  ол  қайтадан  48322-ге  төмендейді – 30120  және 18202.  1937-ші жыл мен  1938-ші  жылдар  арасындағы  цифрлар айырмасын  репрессияға  ұшырағандардың  саны  ретінде қарастыруға  болады – барлығы 3559 адам,  олардың  коммунистері  2509,  кандидаттары –1050.  Партия  қатарының  ұлғаюы  1939-шы жылы  басталады – жалпы  саны  65465  және 1933-ші жылғы  деңгейге  1940-шы  жылы  жетед і- 108705  партия  мүшелері мен  кандидаттары, яғни  1933-ші  жылғы  деңгейден  сәл  асып тұр  [21, 42-б.].

Партиядан  шығару   фактісінің   өзі, ол  тіпті  салыстырмалы  түрде  тыныш  жылдары – 1934-ші жылы  31885 –ке,  1935-ші жылы тағы  да  8765-ке,  1936-шы жылы 12224-ке жетіп,  яғни  1938-ші  жылға  дейін  жалпы  алғанда  53164  коммунист, репрессияға  ұшырау  қаупінде болды.  Сондықтан  да,  жиналып  қалған  аппеляцияларды  тезірек  қарау  туралы  ұсыныс  жағдайдың  түзеле  бастағанын  көрсеткенімен,  аукомнан  обкомға  дейінгі  аймақтық  деңгейдегі   партия  органдарының  аппеляция  істерін  қарап,  партқұжаттарды  берудегі  сылбырлығы  қорқыныштың, күдік пен сенімсіздіктің сейіле қоймауына әсер еткен еді. Ал, бұл жағдайдың тек республика партия ұйымында ғана емес, оның барлық аймақтық бөлімшелерінде, соның ішінде Оңтүстік Қазақстанда да түзелуіне кедергі жасады.

 

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ

 

  1. Известия ЦК КПСС. 1989, №8, с.115
  2. Известия ЦК КПСС.1989, №8, с.94
  3. Известия ЦК КПСС. 1989, №9,с.50
  4. ҚОӘМ 268 – қор, 1 – тізбе, 10 – іс.
  5. Известия. 3 октября, 1996 г. №62
  6. ҚРПМ 187 – қор, 1 – тізбе, 44 – іс, 25 – п.
  7. Политические репрессии в Казахстане в 1937-1938гг. Сборник документов. – Алматы: Казахстан, 1998. – 336 с.
  8. ҚРПМ 725 – қор, 3 – тізбе, 173 – іс, 13 – п.
  9. ҚРПМ 708 – қор, 2/1 – тізбе, 4 – іс, 404-408 – п.п.
  10. КПСС в резолюциях и решениях съездов, конференции и пленумов ЦК, Т. 4-7. – М., 1985. – 576 с.
  11. ОҚОММ ШФ 16 – қор, 1 – тізбе, 161 – іс, 243 – п.
  12. ОҚОММ ШФ 16 – қор, 1 – тізбе, 161 – іс, 244 – п.
  13. ОҚОММ ШФ 16 – қор, 1 – тізбе, 161 – іс,  245 – п.
  14. ОҚОММ ШФ 16 – қор, 1- тізбе, 161 – іс, 246 – п.
  15. ОҚОММ ШФ 16 – қор, 1 –  тізбе,  161 – іс,  247 –  п.

16  ОҚОММ ШФ 16 – қор, 1 – тізбе, 161 – іс,239 – п.

17  ОҚОММ ШФ 16 – қор, 1 – тізбе, 161 – іс 237 – п.

  1. ОҚОММ ШФ 16 – қор, 1 – тізбе, 161 – іс,  238 – п.
  2. ОҚОММ ШФ 16 – қор, 1 – тізбе, 161 – іс, 240 – п.
  3. ОҚОММ ШФ 16 – қор, 1 – тізбе, 161  – іс, 250 –  п.
  4. Арипов Р., Мильштейн Н.. Из истории органов госбезопасности Узбекистана. (Документальные очерки истории 1917-1930 гг.). – Ташкент: Узбекистан, 1967. – 184 с.

 

Бақторазов Сейдахан Уәлиұлы,

М.Х.Дулати  атындағы  Тараз өңірлік университетінің

профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты,

Жамбыл облысы ҚХА Ғылыми-сараптамалық тобының мүшесі

 

 

Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің

Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің, – дейді дана халқымыз. Қайырымдылық – адамзат бойындағы ерекше бір қасиет болып саналады. Қайырымдылық – ізгіліктің, адамгершілік қарым-қатынасын көрсететін адамдардың бір-біріне деген сүйіспеншілігі мен көмегі. Осындай ізгі ниетпен облыстық «Ахыска» түрік этномәдени орталығы» қоғамдық бірлестігі облысымыздағы әлеуеті төмен отбасыларға және көпбалалы аналарға  көмек көрсетті.

Атап айтсақ, Шу ауданындағы 45 отбасыға көмек көрсетілсе, Меркі ауданының 50-ден аса отбасына және Қордайдағы 25 отбасыға азық-түлік себеттері жеткізілді.

Сондай-ақ, Байзақтағы 40-60, ал Жамбыл ауданындағы 25 отбасыға, облыс орталығы Тараз қаласында тұратын 50 жанұяға барлығы – 700 000 теңге көлеміндегі күнделікті қажет ететін ұн, күріш, қант, макарон өнімдері, күнбағыс майы т.б. салынған себеттер таратылды.

 Жамбыл облысы әкімдігінің

ІСБ «Қоғамдық келісім» КММ

Баспасөз қызметі орталығы

Таразда ассамблея мүшелері бар әскерилендірілген апаттан құтқару жасағы Оңтүстік Қазақстан филиалының іс-шарасы өтті

Қазақстан халқы Ассамблея іс-шараларының ең басты бағыты – қайырымдылық болса, облыстың кәсіподақтық жұмыстарына да белсене араласуы этносаралық комитетке тән қасиет. «Кәсіби әскери әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтерінің республикалық орталық штабы» (КӘАҚҚ РОШ) Қазақстанның ең көп жарақтандырылған және жауынгерлік дайын құтқару бөлімшелерінің бірі болып табылады. Штаб өз қатарында Қазақстанның барлық облыстарында орналасқан 5000 астам құтқарушыны біріктіреді. Құтқарушылар бөлімшелері Қазақстан экономикасының ең қауіпті стратегиялық маңызы бар объектілеріне орналастырылуда. Тараз қаласында орналасқан  Оңтүстік Қазақстан филиалы «КӘАҚҚ РОШ» аумақтық-құрылымдық бөлімшесі болып табылады. Жамбыл, Түркістан, Қызылорда, Алматы, Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстарының қауіпті өндірістік объектілеріне қызмет көрсетеді.

Осыған орай, ағымдағы жылдың мамыр айында Оңтүстік Қазақстан филиалына «КӘАҚҚ РОШ» басшыларының бірі және Алматы қаласының Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы, ҚХА мүшесі Вячеслав Дмитриевич Вавилин жұмыс сапарымен келген еді. Сапар бағдарламасына құтқарушылармен кездесу, олардын тұрмыстық жағдайлармен және құтқару техникасымен жабдықтау танысу кірген болатын.

Сапар барысында «КӘАҚҚ РОШ» басшылығынан, сондай-ақ Қазақстан Республикасы генералдар Кеңесінен марапаттар мен  көтермелеулер тапсыру рәсімі өткізілді. Марапатқа үздік шыққан Оңтүстік Қазақстан филиалының командирлері мен құтқарушылары, сондай-ақ, қоғамдық бірлестіктердің, ұйымдар мен мекемелердің өкілдері, оның ішінде Жамбыл облысының Төтенше жағдайлар департаменті мен Өнеркәсіптік қауіпсіздік департаментінің басшылары ұсынылды.

Осыған қоса, іс-шараға облысымыздың Қазақстан халқы ассамблеясының мүшелері мен «Қоғамдық келісім» КММ қызметкерлері де қатысты.   Атап айтсақ, «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Парида Мамедова, Баспасөз қызметі орталығының басшысы Бибігүл Шахзада, өңірлік ассамблея мүшесі Динара Нуралиева қатысты. Іс-шара барысында ассамблея мүшелері екі білдей азамат, жамбылдық ассамблея мүшелері – кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтері республикалық орталық штабының Оңтүстік Қазақстан филиалы 3-ӨСБ қарауыл бастығы – Карпенко Михаил Сергеевич және кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтерінің республикалық орталық штабының Тараздағы әскерилендірілген авариялық-құтқару жасағының құтқарушысы – Айваз-Оглы Алихан Халиловичтерді құттықтау рәсіміне қатысып, «Қоғамдық келісім» КММ Парида Иманжанқызы   Генералдар кеңесінің атынан Жамбыл облысы Генералдар кеңесінің төрағасы генерал Казиев Абдигапар Райжанұлының қатысуымен оларға Алғыс  хаттар табыстады.  Ассамблеяның үнемі барлық іс-шарада атсалысып жүретін қасиетін нақтылап айтып берген Парида Иманжанқызымен қосыла  өңірлік ассамблея мүшесі Динара Нуралиева да  өзге этнос өкілдерінің осындай абыройлы істерімен қоса мемлекеттік тілге де аса мән беріп, барлық игі істері, мінез-құлықтарымен қоғамға өз үлестерін қосып жүргендігі жөнінде өз ой-пікірін білдірді. Аталған іс-шара фото-сессиямен аяқталды.

 

Жамбыл облысы әкімдігінің

ІСБ «Қоғамдық келісім» КММ

Баспасөз қызметі орталығы

7 мамыр – Отан, мемлекеттік мүдде, саяси қауіпсіздік пен дербестікті қорғайтын Отан қорғаушылар күні.

9 мамыр – Ұлы Жеңістің жалауы желбіреп, ел басынан қара бұлттың сейілген есімізде мәңгі қалатын ерекше күн. Бұл күндер – бейбіт елдің тыныштығын әуеде, құрлықта, теңізде қорғап, өз тағдырын ел тағдырымен байланыстырып жүрген әрбір азамат үшін айтулы мерекелер.
Қазақстан бар ұлысқа шаңырақ, бар ұлтқа ыстық ұя, Ұлы мекен. Мен үшін елімнің , жерімнің амандығы бірінші орында тұрады. 140-тан астам ұлт пен ұлысты бауырына басып, шаңырағынан орын берген еліміздің қай саласына да енжар қарай алмаймын. «Отан отбасынан басталады» қазақ халқының аталы сөзі бар. Менің шағын мемлекетімде Отанға деген  құрмет ерекше. Себебі, бас сауға іздеген нәубетті уақыттарда пана болған қазақ елінің жақсылығын қалай ұмытайық. Мұндай  көзсіз ерлікті келер ұрпақ естіп, біліп, жадында сақтауы керек. Болашақ ұрпақтың елді, жерді көздің қарашығындай сақтап, аманатты аялау негізгі міндеті.

Елдің тыныш ұйқысын күзетіп жүрген ер азаматтар еңбектеріңіздің  жемісін көріңіздер. Сіздерге, халық үшін атқарып жатқан қалтқысыз қызметтеріңізге, ел үшін жасаған ерен еңбектеріңізге табыс тілейміз. Бұл мереке Тәуелсіз еліміздің өзіндік қорғаныс қабілеті бар екенін білдіретін мереке.  Армиямыздың айбынын асқақтататын сардарлар мен сарбаздарымызға қандай құрмет көрсетсек те жарасады. Ендеше егеменді еліміздің отын сөндірмей, қорғаныс жүйемізді бекем ұстап келе жатқан барлық Қазақстан азаматтарын төл мерекелерімен құттықтаймыз! Біздің тәуелсіздігіміз бен тұтастығымызды, тыныштығымыз бен бейбіт тірлігімізді қас қақпай күзетіп тұрған, халқымызға қорған болған ұлттық әскеріміздің айбыны арта берсін!

 

Эсмира Мамедова

«Мехрибан» әзірбайжан этномәдени

 орталығының төрайымы

 

#7мамыротанқорғаушыларкүні

#9мамыржеңіскүні

 

Сіздерді 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймыз!

Аға ұрпақ пен жас буынның Отанымызды қорғап, қызметте айтулы үлес қосқанын біз әрқашанда мақтан тұтамыз.
Еліміздің өркендеуі жолында атқарып жатқан игі қызметтеріңізге табыс, отбасыларыңызға амандық, дендеріңізге саулық, мол бақыт және бейбіт ғұмыр тілейміз.

Біздің тәуелсіздігіміз бен тұтастығымызды, тыныштығымыз бен бейбіт тірлігімізді қас қақпай күзетіп тұрған, халқымызға қорған болған ұлттық әскеріміздің айбыны арта берсін! Ел халқына шат-шадыман күлкі мен тыныш өмір сыйлауда әскеріміздің атқарып жатқан қызметтері ұшан-теңіз екені баршамызға аян.  Армиямыздың айбынын асқақтататын сардарлар мен сарбаздарымызға қандай құрмет көрсетсек те жарасады.

– Халқымызда «Ер – елінің қорғаны» деген аталы сөз бар. Біз осындай жандардың ержүрек істеріне сай сый-құрмет көрсете отырып, олардан өнеге алып өсетін жас ұрпақ Отанына адал қызмет етеді деп сенеміз. Мерейлі мерекемен құттықтай отырып, баршаңызға мықты денсаулық, зор табыстар тілейміз.

Хамида Турдыева

Жамбыл облысы ҚХА

«Жаңғыру жолы» жастар

қозғалысының төрайымы

 

#7мамыротанқорғаушыларкүні

#9мамыржеңіскүні

 

Ұлттық әскеріміздің айбыны арта берсін

7 және 9 мамыр мерекелерін Қазақстан халқы Отанға деген патриоттық сезіммен, зор мақтанышпен қарсы алады. Айтулы мерекелер күні таяғанда кеудені шаттық пен қуаныш билейді. Мамыр дегеннен Отан үшін от кешкен намысты, жігерлі, рухты, бабалар мен бүгінгі солардың ұрпағының ел үшін аянбай еңбек етіп жатқаны елестейді.

Еліміздің басына орнаған бүгінгі бейбіт күн, ашық аспан, тұрақтылық пен береке, ырыс пен несібе Отан қорғаған батырлардың, қаһармандардың арқасында келген. 140-тан астам ұлт пен ұлыстың бүгінгідей қой үстіне бозторғай ұялаған мамыражай өмір сүруі ер азаматтарымыздың Ұлы Даланы, Мәңгілік елді кірпік қақпай күзеткендерінің нәтижесі.

Тәуелсіздік пен бейбітшілік – мемлекеттің дамуы мен өрлеудің кілті. Әскер осы екі маңызды фактордың сақталуын қамтамасыз етеді. Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері жауынгерлік даярлықтың жоғары деңгейімен, сапалы жұмылдыру резервімен, ұлттық әскери мектептер желісімен және қажетті материалдық-техникалық қамтамасыз етумен ерекшеленеді.

«Барбанг» күрділер ассоциациясының атынан барша қазақстандық және жамбылдық – еліміздің ержүрек азаматтарын 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні және 9 мамыр – Ұлы Отанымыздың жеңістің туын желбіреткен мерейлі мерекелерімен шын жүректен құттықтаймын!

Аға ұрпақ пен жас буынның Отанымызды қорғап, қызметте айтулы үлес қосқанын біз әрқашанда мақтан тұтамыз.

Еліміздің өркендеуі жолында атқарып жатқан игі қызметтеріңізге табыс, отбасыларыңызға амандық, дендеріңізге саулық, мол бақыт және бейбіт ғұмыр тілейміз.

Біздің тәуелсіздігіміз бен тұтастығымызды, тыныштығымыз бен бейбіт тірлігімізді қас қақпай күзетіп тұрған, халқымызға қорған болған ұлттық әскеріміздің айбыны арта берсін!

Сартиф Алиев

Республикалық «Барбанг» күрділер қауымдастығы

филиалының төрағасы

 

#7мамыротанқорғаушыларкүні

#9мамыржеңіскүні

Ұлтаралық келісім мен тұрақтылық және достық пен ынтымақтастықтың үлкен шаңырағы

Ұлтаралық келісім мен тұрақтылық және достық пен ынтымақтастықтың үлкен шаңырағы – Қазақстан Республикасы мемлекеттігінің қауіпсіздігіне және оны мекендеген ұлттар мен ұлыстардың бейбіт өміріне егемен еліміздің қорғаныс күштері кепіл болады.

Әлемнің кез-келген елінде прогресс қорғаныстың қуаты мен әскердің әлеуетімен өлшенетіні хақ.  Бұл жай нәрсе емес. Дегенмен стратегиялық маңызға ие саланың қашан да сақ әрі заманға сай болуы бүгінгідей заманда кім-кімнің болсын санасын мазалайтын сауал. Құрлықтың қай бұрышында да қорғану тәсілдері мен соғыстың алдын-алу шарттары мүлдем өзгерген. Бастысы әскердің көптігі емес, жаужүрек жауынгердің озық техниканы меңгеруі негізгі міндет. Елімізде осындай қуатты әскер барда, ел ұйқысының тыныштығына алаңдайтын не мәселе бар ? Ең бастысы жігіттеріміздің, келер ұрпақтың бойынан осы елді соңғы демім қалғанша сүйіп өтем деген патриоттық сезім, Отанға деген шексіз сүйіспеншілік қасиеті сарқылмасын дегім келеді.
Осы орайда барша ер азаматтарды мерекемен шын жүректен құттықтап, Отанамыздың қай саласында да атқарып жүрген ерен еңбектері үшін алғысымды білдіремін. Отбасыларыңызға бақ-береке, қызметтеріңізге табыс тілейміз.

Гулам Умаров

Тараз қалалық Өзбек этномәдени бірлестігінің өкілі,

облыстық ҚХА мүшесі,

«Қан орталығының» басшысы

 

#7мамыротанқорғаушыларкүні

#9мамыржеңіскүні 

Қазір Қазақстанның әскері құрлықта қуатты, әуеде әлеуетті, теңізде тегеуірінді.

Қазір Қазақстанның әскері құрлықта қуатты, әуеде әлеуетті, теңізде тегеуірінді. Ширек ғасырдан астам уақыттың аралығында айбынды армия құрылды. Қару-жарақ пен әскери техникалар жаңартылып, сала серпін алды. Егемен болып, етек жең жиғалы бұл саладағы қиындықтарды да еңсеріп, құзырлы органдарда еңсе тіктеді.

Қазіргі таңда еліміз  шетелдік сарапшылардың айтуына қарағанда Қазақстан қарулы күштері посткеңестік елдер арасында ең қуатты үштікке енген. Бұл Ұлы Даланың әр перзентінің көкейіне қуаныш ұялатары анық.

Қарулы күштің қаруы сайлы болғаны ләзім.  Себебі, Қазақстан көпұлтты, бейбітшілігі мен тұрақтылығы саяси салтанат құрған бірегей мемлекет.

Сіздерді тәуелсіз мемлекетіміздің айбынды мерекесі Отан қорғаушылар күнімен және Ұлы жеңіс күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!

Қос мерекенің Қазақстан халқы үшін алар орны ерекше. Қуаныш пен қайғысы қатар жүретін Ұлы Жеңіс мерекесі баршамыз үшін өте қастерлі, әрі аса қымбат. Уақыт өткен Жеңістің маңызы артып келеді және олардың көрсеткен ерліктері бүгінгі ұрпаққа өнеге.Бүгінгі ұрпақ аға буын-ардагерлер танытқан қаһармандық пен қайсарлықтан үлгі алып, бой түзейді. Осынау ерлікке толы Күн тарихымыздың мәңгілік ұмытылмас парағы болып қала бермек.

Асабали Пойлиев

Жамбыл облыстық «Хазар» әзірбайжан

этномәдени бірлестігінің төрағасы

 

#7мамыротанқорғаушыларкүні

#9мамыржеңіскүні

Берекелі дастарқан

Ағымдағы жылдың 30 сәуірінде қаламызда Жамбыл облысы әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасы және ҚХА этномәдени бірлестік өкілдерінің ұйымдастыруымен 1 мамыр Қазақстан халқының бірлігі күніне орай «Берекелі дастарқан» атты ауызашар қоржындары таратылды.

Сондай-ақ, игі іске Жамбыл облыстық ҚХА мүшесі, облыстық «Вынхуа» дүнгендер ассоциациясының өкілі Исмазов Руслан Бакирович, ҚХА жане «Нұр Отан» партиясының мүшесі, «Ақ желкен» жастар лигасының төрағасы Махусеев Зайнуддин Абдулбахтиярович, Жамбыл облыстық гректер қауымдастығының төрағасы, облыстық ҚХА мүшесі Буюкиди Георгий Иванович, облыстық «Өзбек» этномәдени бірлестігінің төрағасы Муминов Бахром Тохтасынович, облыстық «Тәжік этномәдени бірлестігі» ҚБ төрағасы Мулладжанов Алижон Шукурович, облыстық «Радонеж орыс қауымдастығы» ҚБ төрағасы Владимир Сорокин демеушілік етті.

Акцияға Жамбыл облысы ҚХА «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысы мен облыстық жастар ұйымдары атсалысты.

Шара барысында «Төрткүл» керуен сарайында ыстық тағам әзірленіп, Тараз қаласындағы аз қамтылған көп балалы отбасыларына және қала тұрғындарына ауыз ашарға арналған тағамдар үлестірілді.

Акцияның өтуіне қолдау көрсеткен «Дәмді себет» дүкендер желісіне алғыс білдіреміз.

Жамбыл облысы әкімдігінің Ішкі саясат басқармасының

«Қоғамдық келісім» КММ Баспасөз қызметі орталығы

#1мамырқазақстанхалқыныңбірлігікүні

#меніңқазақстаным

#қха29cессия

#1Май #Достық #1мамыр #ҚазақстанхалқыАссамблеясы #Бірліккүнііскеқосу #1Май #Достық #1мамыр #ҚазақстанхалқыАссамблеясы #Бірліккүні

Бейбітшілік пен келісім салтанат құрған күн

Бейбітшілік пен келісім салтанат құрған күн

Бүгін 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні. Мереке елімізде 1996 жылдан бері тойланып келеді. 1995 жылдың 18 қазанында Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев 1 мамырды жаңаша атау туралы Жарғыға қол қойды. Ұлт-ұлыстың бірлігі мен ынтымағын ұлықтайтын бұл күн елдің түкпір-түкпірінде жыл сайын тойланады. Мерекелік шеру өтіп, бұқара сауық құрып, сан ұлттың достығы мен татулығы паш етіледі.

Жылдағы дәстүрге сай биылғы жылы да өңірлік Достық үйінің алаңында мерейлі мереке аталып өтті. Әттегенайы сол жыл айналып жеткен мерекенің өткен жылдардан өзгешелігі 1- мамыр күні Достық үйіне ағылатын жұрттың қарасы қалың болмады. Елдегі пандемиялық жағдайға байланысты шағын түрде ғана атылып өткен шараға аймақ басшысы арнайы келіп этномәдени бірлестік басшылары мен өкілдерін құттықтады. Бердібек Мәшбекұлы өз сөзінде күні кеше ғана сессияда Елбасымыздың ҚХА билігін толығымен ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев тапсырғанын, сонымен қатар ҚХА алдына жаңа міндеттер мен тапсырмалар қойғанына тоқталды.

Мерекелік шараның негізгі мақсаты – Қазақстан этностарын топтастыру арқылы қазақстандық бірегейлікті қалыптастыру; рухани бірлік идеяларын қалыптастыру және тарату, халықтар достығы мен ұлтаралық келісімді нығайту және сақтау болып табылады.

Іс-шараға Жамбыл облысы әкімі Бердібек Сапарбаев, облыстық этномәдени бірлестік басшылары мен өкілдері, қолөнер шеберлері, ассамблея жастар және т.б қатысты.

Мереке бастауы қонақтарды радио-концертпен қарсы алудан басталып, ары қарай «Қоғамдық келісім» КММ «Ұзақ өмір сүру» орталығы және көрме залы қолөнер шеберлерінің келушілерге арналған арнайы көрмесін тамашалаумен жалғасты. Көрмеге облыстың әлемге танылып жүрген Айдархан Қалиевтың «Асыл-Дизайн» коллекциясынан бастап облыстың белгілі қолөнер шеберлерінің туындалары қойылып, төмен бағамен сатылды.

Мерекелік іс-шара соңы көрме алаңында Жамбыл облыстық «Барбанг» күрділер ассоциациясы қоғамдық бірлестігі өнерпаздарының даңғара және сырнай аспаптарымен әр халықтың әндерінен попурри орындалды.

Жамбыл облысы әкімдігінің Ішкі саясат басқармасының

«Қоғамдық келісім» КММ Баспасөз қызметі орталығы