КҮШ-ҚУАТЫМЫЗ – БЕРЕКЕЛІ БІРЛІКТЕ

Бүгін ҚР Парламенті Палаталарының бірлескен отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық бірлігі және жүйелі реформалар-ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауын теледидардан көріп, мұқият тыңдадық.

Жолдауда тәуелсіз еліміздің қол жеткізген жетістіктері мен алда тұрған басты міндеттер нақтыланып, ең бастысы – ел бірлігін сақтау, бейбіт өмір, қоғамдағы тұрақтылық пен тыныштықты нығайтуға үлес қосудың маңызына екпін салынған. Сонымен қатар елдің алдағы әлеуметтік-экономикалық дамуының басым бағыттарын іске асыру, халықтың әл-ауқатын жақсартудың тетіктері айтылған.

Елдің бірлігі бәрінен маңызды. Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Мықты мемлекет болу үшін ұлттың ұйыса білуі айрықша маңызды.

Шын мәнінде, Ұйымдасқан ұтады. «Ынтымақ жүрген жерде ырыс бірге жүреді»,- деп халқымыз бекер айтпаған. Біздің күш-қуатымыз – Берекелі бірлікте!,- деп сөзін түйіндеген Президенттің халыққа деген сенімі біздің де жүрегімізде сенім ұялатты.  Халықтың табысын арттырып, әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған құжатта көрсетілген міндеттерді қоғам болып, орындайтын болсақ, алмайтын асуымыз болмайды деп сенемін.

 

Мехия РАДЖАМОВ,

Жамбыл облысы Байзақ аудандық

«Ахыска» түрік этномәдени бірлестігінің төрағасы

 

Ел үшін еңбектенуге міндеттіміз

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауын ерекше ықыласпен мұқият тыңдадым. Жолдауда Президент халықтың көкейіндегі мәселелерді дөп басып, талап-тілегіне, арман-мұратына жетелейтін міндеттерді толық айтты деп есептеймін.

Қоғамның ауызбірлігін еселеп, елдің әлеуметтік-тұрмыстық ахуалын жақсартуға бағытталған жобаларды ұсынған Қасым-Жомарт Кемелұлы Үкіметке біршама тапсырма жүктеді.

Соның ішінде менің көңіліме жақын тигені – білім беру саласы. Мемлекет басшысы мектеп салу, оның ішінде ауыл мектептерін көбейтуді, кәсіптік-техникалық оқу үрдісін жандандыруды, сондай-ақ қажетті жұмысшы мамандықтарына білімгерлерді тегін оқытуды жүзеге асыруды тапсырды. Себебі, еліміз мүлде жаңа дәуірге қадам басты. Соған сәйкес мемлекеттігімізді одан әрі нығайту үшін ондай қадамдар өте маңызды. Сонымен қатар Президент ғылым саласын гранттық қаржыландыру мерзімін 5 жылға дейін ұзарту мәселесін қарастырған жөн екенін, жалпы еліміздің білім беру және ғылым саласының алдында кезек күттірмес ауқымды міндет күтіп тұрғанын айтты. Яғни, уақыт талабына сай әрқашан бір адым алда жүріп, тың жаңалықтар ұсына білу керектігін жеткізді.

Жалпы, осы орайда Жолдаудан ата-бабаларымыздан мұра болып келе жатқан құндылықтарымызды, тарихи дәстүрлерімізді жаңғыртып, оны бастырып қана қоймай, экономикасын, ғылымын да дамытуға, жігерлене ел үшін еңбектенуге міндеттіміз деген ой түйдім.

 

Төлен ӘБДІБЕКОВ,

№17 Жамбыл колледжінің директоры,

аудандық мәслихаттың депутаты,

Қоғамдық келісім кеңесінің мүшесі

Біртұтас ұлт болып бірігуіміз керек

Жалпы азамат тарихына үңілсек, әлемдегі озық өркениеттер ұлттық сипаттан бастау алғандығын білеміз. Біз әлемге еліміздің жаңаша бет-бейнесін танытып, өткен дәуірден қалған таптаурын қағидаларды өзгертіп, орындалмайтын «елес идеологиялардан» бойды аулақ ұстауға, жаңа прагматикалық сипаттағы деңгейге қол жеткізбекпіз. Қазақстанның тәуелсіздік кезеңіндегі жаңғыруы байыпты қалыпта, уақыт талабын ескере отырып, кезең-кезеңімен жүзеге асуда. Эволюциялық жолмен жаңғыру қазақстандық азаматтың басты бағдарына айналмақ. Олай деуімізге себеп әлемдегі түрлі революциялардың ешқашан оңтайлы нәтиже әкелмегенін білеміз. Жаһандану үрдісіндегі басты талап қазақ тілімен бірге әлемдік тілдерді игеруге ұмтылу. Бұл біздің ғаламдық үрдіске толыққанды араласуымызға жол ашып, әлемдік озық тәжірибелер мен жетістіктерге қол жеткізуімізге мүмкіндік әпермек.

Дамыған отыз елдің қатарына қосылуды мақсат тұтқан Қазақстан 30 жылда биік белестерді бағындырып, бірліктің арқасында бірегей жетістіктерге жетті. Алдымен ел тұрмысына елеулі көңіл бөлген мемлекеттік саясат ендігі кезекте жеткен жетістіктерімізді еселеуді көздеп отыр.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында ұлт болып ұйысуымыздың өте маңызды екенін алға тартты. Өйткені біздің жеткен жетістіктеріміздің негізі халқымыздың ынтымағында. Бәріміз үшін бағалы да, құнды да, маңызды да ел бірлігі. Одан артық ештеңе жоқ. Санамыздың ізімізден озып жүруі, ұлттық рухымыздың бойымызда мәңгі қалуы – ұлт болып ұйысып, жұрт болып жұмылудың бірегей жолы. Бұл бағдар әрбірімізге үлкен жауапкершілік жүктейді деп сенемін.

 

Сабри Асанов,

Жамбыл ауданы бойынша «Барбанг»

күрді этномәдени бірлестігінің төрағасы

Бейбітшілік пен өзара түсіністікті сақтау – үлкен жауапкершілік

 «Еліміздің басты байлығы – ел азаматтары» деп атап өтті бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында. Әлеуметтік бағдарламалар өмірді жақсартуға және әл-ауқаттың өсуіне бағытталуы керек. Тәжірибе көрсеткендей, соңғы бағдарламалар көп жағдайда халықтың осал топтарын әлеуметтік қолдау жүйесін патенттейді. Халықтың қалың жігін өз ісін дамытуға тарту үшін жағдай жасау қажеттілігі өз деңгейіне жетіп тұр және ол үшін кәсіпкерлердің қызметіне де жаңа жағдайлар ұсынылды. ШОБ секторындағы салық төлемдері де жаңғыртылуда. Алдағы жылдан бастап бюджеттік қызметкерлердің жалақысы қайта қаралады, олардың саны 600 мыңнан асады.

Сондай-ақ, басқа елдерден келетін әлеуетті тәуекелдерді ескере отырып, Қазақстандағы этносаралық келісімнің рөлін, сондай-ақ әлеуметтік желілер мен өзге де қоғамдастықтардағы тіл мен бірегейлік тақырыбын алға қоюды ерекше атап өтті. Біз өзіміздің елдік бірегейлігімізді нығайта отырып, жалпыазаматтық келісімнің маңыздылығын түсіне отырып, өзіміздің әлеуетімізді іске асырып, азаматтар мен мемлекеттік органдардың тиімді диалогын құра аламыз. Әрқайсымыздың мәдениет, тәрбие және заңға бағыну қасиеттеріміздің деңгейімен тікелей байланысты бейбітшілік пен өзара түсіністік үшін жауапкершіліктің барын сезінуге тиіспіз.

 

Жамбыл облысы әкімдігінің ішкі саясат басқармасының “Қоғамдық келісім” КММ басшысы Мамедова Парида Иманжанқызы

Аграрлық салаға серпін берді

Елімізде ауыл шаруашылығы экономика саласында ерекше орын алады. Ауыл шаруашылығының дамуынан мемлекетің азық-түлік қауіпсіздігі жəне халықтың əлеуметтік-экономикалық жағдайы өзгереді. Еліміз ауыл шаруашылығын жетілдіруде жəне жандандыруда кең көлемде ресурстар кешеніне ие болып отыр. Олардың қатарына мал шаруашылығын дамыту, көкөніс өнімдерін, мақта өсіру, егін жай өнімдерін саралау жатқызылады. Еңбек өнімділігін арттыру жəне егін жайдың құнарлық сапасын жақсартуда көптеген мүмкіншіліктер пайдаланылып келеді, яғни ресурстарды тиімді қолдану жəне егіс алқаптарының көлемін көбейтуде ілгерілеушілік байқалады.

Ауыл шаруашылығын дамытуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар отандық ауыл шаруашылығы өнімінің бəсекеге қабілеттілігін жəне азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған шаралар жиынтығын қамтиды. Алайда саладағы еңбек өнімділігінің төмен деңгейі, қолданылатын технологиялардың жетілмеуі, ауыл шаруашылығы өндірісінің ұсақтығы оның кең көлемде дамуына мүмкіндік бермей отыр. Ол үшін қолда бар материалдық, еңбек жəне басқа да ресурстарды экологиялық талаптарға сəйкес толығымен қолдануды қамтамасыз ету керек.

Мемлекеттің ауыл шаруашылығын реттеу əдістері экономикалық тепе-теңдікті сақтаудан, ауыл шаруашылығы өндірісін өндіруден жəне қайта өңдеуден, сонымен қатар шикізат пен азық-түліктің объективті қажеттілігінен туындаған. Өйткені ауыл шаруашылық өнімдері кез келген мемлекеттің экономикалық жəне əлеуметтік тиімділігін қамтамасыз етуге бағытталған.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа Жолдауында аграрлық салаға баса мән берілді. Сала жұмысын жандандыру, кеткен кемшіліктерді жою, осы орайда тиісті шараларды қабылдау қажеттілігі нақты айтылды. Шаруаларға субсидия беру мәселесі де назардан тыс қалмады.

Ауыл шаруашылығы ел экономикасының негізгі салаларының бірі жəне қоғамның экономикалық әрі қоғамдық-саяси тұрақтылығын анықтайтын фактор болғандықтан, аграрлық сектордың дамуы мемлекет үшiн экономикалық жəне ең бастысы əлеуметтiк негізде стратегиялық жағынан маңызға ие. Қазіргі уақыттағы ауыл шаруашылығы өніміне өсіп жатқан жаһандық сұраныс жағдайында экологиялық мəселелер есепке алынып, ұлттық бəсекеге қабілетті брендтер құрылуы тиіс. Жаңа ғылыми, технологиялық, басқарушылық жетістіктерді ескере отырып, жер өңдеу мəдениетін өзгертіп, мал шаруашылығындағы дəстүрлерімізді жаңғыртсақ, ауыл шаруашылығында толағай табыстарға жететініміз анық.

 

Рүстем Бегалиев,

Жамбыл аудандық Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы

Маңызды мәселелер айтылды

Мемлекет басшысының кезекті Жолдауын ел тұрғындары асыға күтеді. Міне, бүгін Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына өзінің кезекті Жолдауын жариялап, жұртшылықтың көкейіндегі біраз мәселенің түйінін тарқатты. Мемлекет басшысының Жолдауында еліміздегі маңызды деген саяси, əлеуметтік жəне экономикалық мəселелер көтерілді.

Көптеген қордаланған мəселелердің шешімі Жолдауда айтылды. Мысалы, келер жылдан бастап ең төменгі табыс көзі 42 мың теңгеден 60 мың теңгеге дейін артатын болады. 2022-2025 жылдары бюджеттен қаржыландырылатын сала қызметкерлерінің жалақысы жыл сайын 20 пайызға өседі. «2020 жылдан бастап 600 мыңнан астам педагог пен дәрігердің, әлеуметтік сала қызметкерінің жалақысы өсті. Бірақ, бюджеттен қаржыландырылатын өзге сала азаматтары мұнан тыс қалды. Бұлар музей қызметкерлері, мұрағатшылар, кітапханашылар, техникалық қызметкерлер, қорықшылар, көлік жүргізушілері және басқалары. Сондықтан 2022 жылдан 2025 жылға дейін мемлекет осы санаттағы азаматтық қызметкерлердің жалақысын жыл сайын орта есеппен 20 пайызға өсіретін болады. Тұтастай алғанда, тағы 600 мың отандасымыз бұл бастаманың игілігін көреді», – деді Мемлекет басшысы.

Бұл ел тұрғындары арасында бірқатар əлеуметтік мəселелердің шешімін табуға мүмкіндік берер еді. Жалпы, бұл Жолдауды тарихи оқиға деуге негіз бар. Президент Қазақстанның экономикалық-əлеуметтік дамудың жаңа белесіне шыққанын айтты. Тəуелсіздік жылдарында еліміз айтулы белестерді бағындырды. Дегенмен, əлі де атқарылар жұмыстар аз емес. Бұл туралы ашық жəне əділ айту керек. Өзімізге өзіміз өткір сауалдар қойып, ақылға қонымды жауап таба алғанымыз жөн.

Жаңа кезең Үкіметтен жаңаша жолды талап етеді. Қазір ұлт болып ұйысып, бірлесе жұмыс істейтін уақыт келді.

 

Индира ТОҒАНБАЕВА,

аудандық мәслихаттың депутаты,

«Әулие Ата»Қазақ мәдени орталығының мүшесі

Ұлтаралық достастық- кемел болашақ негізі

Бүгін Білім күні,  ҚР президенті Қ.Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында халыққа жолдауын жариялады. «Біз үшін ең маңыздысы,  әр азаматтың тәуелсіздік игілігін сезіне алуы!» – деді ҚР Президенті Қ.Тоқаев. Жолдауда барлық мемлекетіміздегі өзекті мәселелер көтеріліп,  жақын арада шешімін табу тапсырылды.  Ең басты медицина, білім, су, аграрлық өнеркәсіп, пандемияның экономикаға әсері,  жастар, тіл саясаты және т.б. маңызды тақырыптар айтылды.

ҚХА-ның жұмысы туралы тілге тиек етіп,  Қазақстан халқының тұтастығы мен бірлігін сақтауға тигізген септігі туралы айтылды. Ұлтаралық достастық- кемел болашақ негізі. Жолдауды тыңдап отырып,  көптеген мәселелер өз шешімін табатынына көзім жетті. Енді іске кірісіп барлық айтылған мәселелер қаралса жастардың болашаққа деген сенімін арттырар еді. Мен Қазақстанның жарқын болашағына сеніммен қараймын!

Жамбыл облдыстық ҚХА

«Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының мүшесі

Мейрамбай Альфия

 

 

Тәуелсіз Қазақстанда мұғалімге деген құрмет жыл сайын артып келеді

Қасым-Жомарт Кемелұлы кезекті жолдауында: «Осы жылдың қаңтарынан бастап педагогика қызметкерлерінің жалақысы 25 пайызға өсті.  Алдағы үш жылдың ішінде біз бұл мақсатқа қосымша 1,2 трлн теңге бағыттаймыз. Қабылданған іс-шаралар өз жемісін беріп те жатыр. Педагогика мамандығына түсушілердің орташа баллы күрт өсті. Мұғалімдерді қолдау саясатын жалғастыра беретін боламыз», – деп атап өтті.  Расында, мұғалімнің мәртебесі қай мемлекетте, қашан да жоғары болуы керек. Тәуелсіз еліміздегі бүгінгі мектептің басты міндеті – оқушыны оқуға, ойлануға, болашақ тағдырын жете танып, білуге үйрету екені айқын. Қазіргі таңда мұғалімнің мәртебесіне ­рухани жағынан, Заң жүзінде де ерекше көңіл бөлінуде. Әрі мұғалімге жүктелген талап та жоғары. Өскелең ұрпақты тәрбиелеп, білім беретін маманға өркениетті елдер аса құрметпен қарайды. Мұндай көзқарасқа біз де қол жеткіздік. Сондықтан да Тәуелсіз Қазақстанда мұғалімге деген құрмет жыл сайын артып келеді деп сенімді айта аламын.   Тағы бір қосарым, бүгінгі күннің өзекті мәселесі – тіл мәселесі. Қазіргі таңда мемлекеттік тілдің аясы қарқынды дамуда. Онымен қоса орыс тілін де халықаралық тіл ретінде құрметтегеніміз жөн. Еліміздегі мәдениет пен өнер, ғылым мен білім орыс тілінің де, мемлекеттік тілдің де қатысуынсыз толық  дамымайды. Ал дамудың даңғыл жолына бағыт алған болашағы баянды елдің тұғырында  қашанда мемлекеттік тілі биікте тұруы қажет. Бұл жәйтті әрбір этностың, әрбір қазақстандықтың білікті де саналы ұрпағы әрқашанда жүрегінде ұстауы қажет.

Жамбыл облыстық Тәжіктер этномәдени бірлестігінің

төрағасы, ҚХА мүшесі – Мулладжанов Атхомжон Шукурович 

 

 

 

 

Қазақстан халқын топтастырудың маңызды факторы – мемлекеттік тілді меңгеру

Қазақстан Республикасы демократияның ең жақсы идеяларын бойына сіңіріп, өзінің құқықтары мен бостандығын сауатты түрде білетін азаматын алғы орынға қояды. Сондықтан да болар,

Қазақстан – демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет болып саналады. Оның ең жоғары құндылықтары – адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандығы.

Ата Заңымызда Қазақстан аумағында тұратын халықтың ортақ құндылықтары нақты көрсетілген. Сонымен қатар Конституцияға енгізілген өзгерістердегі сөз Қазақстан халықтары Ассамблеясына емес, Халық Ассамблеясына қатысты екеніне назар аударған жөн. Өздеріңіз білесіздер, оған дейін бізде Елбасының Жарлығымен құрылған Қазақстан халықтары Ассамблеясы болды. Бұл түбегейлі маңызды түзету, өйткені біздің Конституциямыз: «Біз, қазақстандықтар» деген сөздерден басталатынын ұмытпау керек.

Қазақстан Республикасының Конституциясы демократия принциптерін ұстанады, сондықтан биліктің жалғыз көзі – халық.

Қазақстан Ата-заңында адам құқықтары мен бостандығы оған туғаннан бастап тиесілі екендігі бекітілген, және әрбір азамат кез келген сот инстанциясында өз құқықтарын қорғай алады. Әрбір Қазақстан азаматы өмір сүрудегі сөз бостандығына, сондай -ақ дін, еңбек және демалыс, денсаулық сақтау, ақысыз орта білім алу, еңбек ету, қызмет түрі мен мамандықты еркін таңдауға құқылы.

Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының заңнамасы мемлекеттік меншікті де, жеке меншікті де таниды, ол екеуін де бірдей қорғауға кепілдік береді. Әр этнос өз тілінде сөйлеуге, оқуға құқығы бар.

Елімізде қазақ тілі мемлекеттік тіл болып саналады, бірақ Конституция ресми түрде мемлекеттік органдар мен мемлекеттік ұйымдарда орыс тілін қолдануға рұқсат береді. Бірақ Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды факторы болып табылатын мемлекеттік тілді меңгеру – Қазақстан Республикасының әрбір азаматының парызы.

Осы жылдар ішінде қол жеткізілген барлық табыстар Конституцияның қағидасы мен рухына сәйкес жасалды. Нәтижесінде қазіргі заманғы мемлекеттік механизм мен құқықтық жүйе құрылды, тиімді экономиканың негізі қаланды.Бірліктің арқасында ғана қазақстандық қоғам жан-жақты дамып, алға жылжуда.

Біздің Отанымыздың барлық жетістіктері – Ата Заңы мен оның негізінде қабылданған заңдардың нәтижесі.

 

Жамбыл облыстық «Вынхуа»  дүнгендер қауымдастығының белсенді мүшесі, қалалық жалпы білім беретін 34-мектептің директоры Нұралиева Динара Хатамқызы

Ата заң тұрақтылығы – ел тұрақтылығы

Елдік пен өрліктің, адалдық пен татулықтың, бейбітшілік пен тұрақтылықтың, ынтымақ пен берекенің  кепілі болған Конституциямыз дүниежүзілік қауымдастықтан өзінің лайықты орнын әлдеқашан алды. Қазіргі Ата Заң – еліміздің өтпелі және одан әрі алға даму кезеңіндегі маңызды әрі тарихи құжат. Сондықтан республиканың әрбір азаматы оның мазмұнын жете біліп, талаптары мен қағидаларын мүлтіксіз сақтауға, мемлекеттік рәміздерді және ұлттық құндылықтарды құрметтеуге міндетті.

Кез-келген елдің болмасын тұрмыс-тіршілігін реттейтін заңы бар. Қазақстан халқы да өз отауын тіккелі елдің берекесі мен бірлігін сақтайтын заңын қабылдады. Негізі еліміздің  алғашқы Конституциясы 1993 жылы 28 қаңтарда ХІІ шақырылған Қазақстан Жоғарғы Кеңесінің ІХ сессиясында қабылданып, ол кіріспеден, 4 бөлім, 21 тарау және 131 баптан тұрады. Ал бүгінде ширек ғасырдан астам уақытты артқа тастаған Ата Заңымыз 1995 жылы  наурызда Қазақстан халқы Ассамблеясының бірінші сессиясында ұсынылған болатын. Еліміздің басты құжаты  1995 жылы 30 тамызда қабылданды. Яғни, дәл осы күні республикада бүкілхалықтық референдум өткен.  Нәтижесінде Қазақстанның жаңа Конституциясы қабылданған.

Айбынды Ата Заңымыз қабылданғаннан кейін оған 1998, 2007 және 2011 жылдары өзгертулер енгізілді. Осылайша әлемдік өркениеттің шыңына ұмтылған Қазақстан халқы тарихи да тағдырлы шешім қабылдап, жасампаз жаңа дәуірге қадам басты.

Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев 1995 жылғы 24 наурызда Қазақстан халқы Ассамблеясының бірінші сессиясында: «Демократиялық қоғамның ажырамас анықтағышы – шынайы заң үстемдігі, барлық азаматтардың қоғаммен жасалған және қабылданған ережелерді сақтауы болып табылады. Сіздерді және барлық азаматтарды ерекше жауапкершілікті сезінуге шақырамын, біздің үлесімізге ұлы өзгеріс заманында өмір сүру және әрекет ету тиіп отыр. Біздің бүгінгі істегенімізге, ертең біздің ұрпағымыз баға береді. ХХІ ғасырға Қазақстанның қандай болып кіруі бізге байланысты! Біздің балаларымыздың да тағдыры солай болмақ» – деген болатын.

Мен, бірлігіміз бен ынтымағымыздың ыстық ұясына айналған, әлемде бейбітшілік пен келісімнің ең үздік  баламасыз институты ҚХА түндігін түрген алғашқы сессиясында еліміздің басты құжаты Ата Заңымыздың ұсынылуының өзі тарихи құбылыс екенін атап өткім келеді. Сондай-ақ Елбасы сөзінен ұрпақ алдындағы жауапкершілігіміздің артқанын және олардың тағдырының алдында арқалар жүгіміздің ауырлығын ұғынуға болады. Менің пікірімде, өз ұрпағымыз бен Отанымыз үшін еткен әр еңбегімізді ерекше құлшыныс, зор ынта-жігермен істеуіміз қажет деп білемін.

Әрбір қазақ­стандықтың Конс­­титуциясының мемлекет пен қоғам үшін ғана емес, сонымен бірге жеке өзі, өз отбасы мен өз балалары үшін де мәнділігін бағалай білу, өз міндеттемелерін қастерлеп сақтап, орындауы маңызды. Конституция біздің басты құн­дылығымыз – Тәуелсіздікті, бейбітшілік пен тұрақтылықты ғасырларға бекітті. Барша мем­лекеттік институттардың, әрбір қазақстандықтың парызы – осы құндылықтардың қырағы күзету.

Ата заң – мемлекеттің тірегі. Ата заң тұрақтылығы – елдің тұрақтылығы!  Заңы үстем елдің қашан да заманы тыныш болмақ.

 

 

Айгүл Кабиева,

 «Әулие  Ата» Қазақ мәдени орталығының орынбасары,

Жамбыл облыстық ҚХА мүшесі