Облыстың этномәдени бірлестіктері «Мектепке жол» акциясы бойынша қайырымдылық жасады

Қайырымдылық жасаудың үздік модулін қалыптастырып отырған Қазақстан қоғамында игі іс-қимылдары ассамблеялықтар  арқылы да жандана түсуде.

Қайырымдылық  шаралары Ассамблеяның жұмыс бағыттарының бірі деп танылғаннан  Қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің басты факторы ретінде қоғамда мейірімділікті, гуманизм мен өзара риясыз көмек жасауды орнықтыру, жалпы  қазақстандықтардың, олардың ішінде балалардың, мүмкіндігі шектеулі адамдардың өмір жағдайлары мен денсаулығына қамқорлықты күшейту мақсатында түрлі іс-шаралар облысымызда ұйымдастырылып жатады.

Солардың бірі – «Мектепке жол» акциясы.  Аталмыш акция арқасында облысымыздың түкпір-түкпірінде мыңдаған көмекке мұқтаж балалар мектеп оқу-құралдарымен жабдықталып, мейірімге бөленді.

Акция аясында Жамбыл аудандық жеке кәсіпкер, «Вынхуа» этномәдени бірлестік өкілі Шарипов Абдумәлік Тоқтасынович пен Қазақстан Республикасының спортына еңбегі сіңген қайраткер, ҚХА мүшесі – Исмазов Руслан Бакирович екеуі 780 000 теңге көлемінде 52 оқушыға кеңсе тауарларын, 9 сөмке, оған қоса, мектеп киімін сатып алып, 30 балаға таратты.

Сондай-ақ, Жамбыл облыстық «Вынхуа» дүнгендер этномәдени бірлестігінің төрайымы Идыбо Айша Люшировнаның ұйымдастыруының арқасында Қордай ауданының балаларына әлеуметтік жағдайы төмен және көпбалалы отбасы балаларына  Білім күніне қатысты 300 000 теңгеге қайырымдылық көмек жасалды.

Осыған қоса, «Мектепке жол» акциясы аясында Мойынқұм ауданы «Барбанг» этномәдени бірлестігінің жетекшісі Аслан Камалұлы Давыдовтың бастамасымен де өзге ұлт өкілдері шоғырланған 6 елді мекенге (Мойынқұм, Мирный, Бірлік, Ақсүйек, Шығанақ, Кеңес) 7 отбасыға арнап 7-15 жас аралығындағы 9 оқушыға арнап 200 000 теңгеге ауданның жеке кәсіпкерлері мектепке арналған қажетті киім-кешектерін, оқу құралдарын алып берді.

Негізінен қайырымдылықтың даму деңгейі елдің жалпы әлеуметтік-экономикалық өркендеу дәрежесіне тікелей байланысты. Халықтың әл-ауқат деңгейі жоғары, бизнес секторы мықты және тұрақты болған сайын, қайырымдылық қызметінің қалыптасуына және дамуына тиімді жағдай болатынын байқаймыз.

Сондықтан, қоғамды ізгілендіре түсетін қайырымдылық істері облысымызда барша ұлт өкілдерімен жаңа мәнге ие болып, жандана беретініне сенеміз!

Жамбыл облысы әкімдігінің ішкі саясат басқармасының

«Қоғамдық келісім» КММ Баспасөз қызметі орталығы

Толқыннан толқын туады, толқынды толқын қуады..

Кең байтақ Қазақ елінде ұлттар мен ұлыстардың ынтымағы жарасып, тату-тәтті ғұмыр кешуде. Мұның бәрі де ұзақ мерзімді стратегиямен сабақтасқан сара саясаттың жемісі. Шүкір, өткеніміз өнегелі, бүгініміз берекелі. Ауызбіршілік болса, әлі талай белестерді бағындырамыз. Ұрпақтар сабақтастығы да осылай жалғаса береді. Қазақтың көрнекті ақыны Мағжан Жұмабаев жырға қосқандай, “Толқыннан толқын туады, толқынды толқын қуады”… Аға буынға қарап біз өстік. Енді біздің де ізімізбен жалынды жастар шоғыры қалыптасып келе жатыр. Бүгін Халықаралық Тараз инновациялық институтының қабырғасында Қазақстан халқы тілдері күніне орай өткен “Бір Отан, бір Тіл- Тәуелсіз Қазақстан” атты этнос жастарының кездесуінде осындай ой түйдім. Осы орайда мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру мен оның қолданыс аясын кеңейту бағытында үлкен жұмыс атқарып жүрген Жамбыл облысы әкімдігінің тілдерді дамыту басқармасының басшысы Турмаханбетова Рахия Сейтбековнаға риясыз алғысымды білдіремін.

Елбасымыз айтқандай, “Қазақстанның болашағы-қазақ тілінде”. Мемлекеттік тілдің қолданыс аясы да жылдан жылға артып келеді. Сондықтан да төл рәміздерімізге қалай құрметпен қарасақ, мемлекеттік тілді де солай қастерлеуіміз керек. Пайым-парасатпен өрілген кешегі басқосудың берері мол болды деп ойлаймын.

Жамбыл облыстық өзбек этномәдени бірлестігінің

мүшесі, облыстық қан орталығының директоры,

облыстық мәслихаттың депутаты

Таразда мемлекеттік тілде ашық диктант өткізілді

Бүгінгі тіл мерекесіне орай, ағымдағы жылдың қыркүйек айында Тараз қаласында Жамбыл облысы әкімдігінің ішкі саясат басқармасының “Қоғамдық келісім” КММ ұйымдастыруымен «Мың бала» республикалық мәдени-ағартушылық жобасы аясында мемлекеттік тілде ашық диктант өткізілді.

Жоба этносаралық қатынас тілі ретінде мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту арқылы қазақстандық бірегейлікті қалыптастыру және мектеп оқушылары мен студенттердің мемлекеттік тілді меңгеруі мен олардың ұлттық құндылықтарды сіңіруіне бағытталған.

Облыс бойынша өткізіліп жатқан диктантқа этномәдени бірлестіктердің өкілдері, қоғам қайраткерлері, мемлекеттік және азаматтық қызметкерлер, сондай-ақ, студенттер мен мектеп оқушылары қатысты. Облыстық ассамблеяның игі іс-қимылдарының бірі ретінде алдағы уақытта бұл жоба да дәстүрлі түрде өз жалғасын таппақ.

Жамбыл облысы әкімдігінің ішкі саясат басқармасының

“Қоғамдық келісім” КММ Баспасөз қызметі орталығы

Мен сүйетін ең керемет сөз – «айналайын» сөзі

Ана тілің, арың бұл

Ұятың боп тұр бетте.

Өзге тілдің бәрін біл,

Өз тіліңді құрметте, – деп Қадыр Мырзалиев ағамыз айтқандай, қазақ тілін жанындай сүйетін, аса қастерлейтін, мемлекеттік тілім деп жауапкершілігін сезіне білетін Ұйғыр ұлтының қызы мен – Мухаббатпын!  Қазақ жеріндегі 140-тан астам ұлттар мен ұлыстарды бір шаңырақ астында жинап, бейбіт өмір сыйлап, өсіп-өркендеп қанат жаюына бар мүмкіншілікті жасаған Елбасы мен өзінің халыққа деген 3-Жолдауында мемлекеттік тілдің қадірін білуге шақырған ел басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа мың алғыс айтқым келеді.

Жері кең, елі бай, қазба-байлықтары мол, әсем қалалары алыстан көз тартатын, табиғаты сұлу, дархан пейілді қазақ жерінде туып өскенім үшін шын бақыттымын! Қазақ тілінің ерекшелігі, ондағы кей сөздер әлемнің ешбір тіліне аударылмайтын, аударған күннің өзінде мағынасы дәл қазақ тіліндегідей болмайтын ғажап сөздері бар ерекше тіл. Мен сүйетін ең керемет сөз ол – “айналайын” сөзі. Әке-шешем маңдайымнан иіскеп, “айналайын” дегенде өзімді әлемдегі ең бақытты бала сезінетінмін.

Қазақ тілі – шексіз бай, шұрайлы, рухани таза, Абай әрлеген, Жамбыл жырлаған, мәңгілік елдің, мәңгілік тілі!

Мухаббат Алеханова,

Жамбыл облыстық Ұйғыр этномәдени бірлестігінің мүшесі,

облыстық “Jambyl.tv” телеарнасының қызметкері

Тілдердің өмір сүруі – рухани тұтастық

Құрметті Отандастар! Сіздерді Қазақстан халқы тілдері күнімен шын жүректен құттықтаймын! Әр халық өз тілінде сөйлеуге, оқуға құқығы бар.

Әр азамат өзінің ана тілін біліп, құрметтеу керек. Тіл – тәрбие діңгегі, тіл білім – ғылымды игеру көзі, тіл – ұлттың жаны. Мемлекеттік тіліміз – мемлекеттің нышаны. Бір мемлекетте бір мемлекеттік тіл өмір сүруі рухани тұтастыққа қол жеткізеді. Ал рухани тұтастықтың апарар шегі – шын мәніндегі үлкен алтын әріптермен жазылатын – ТӘУЕЛСІЗДІК.

Біздің көшбасшыларымыз әрқашан көптілдікке назар аударып келе жатыр. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев 2005 жылғы халыққа Жолдауында: «Біз барша қазақстандықтарды біріктірудің басты факторларының бірі – еліміздің мемлекеттік тілін, Қазақ еліміздің ана тілін одан әрі дамытуға күш-жігерімізді жұмсауымыз керек» – деп атап көрсеткен болса, кеше ғана Президентіміз Қ.К. Тоқаев «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» Жолдауында тілдердің маңыздылығы туралы айрықша атап өтті.

Қазақстан Республикасының барша азаматының мемлекеттік және басқа тілдерді еркін және тегін меңгеруіне қажетті барлық ұйымдастырушылық материалдық- техникалық жағдайлар жасалынған.

Тіл – халықтың жан-дүниесі, рухани негізі мен ел еркіндігін, ұлттың ұлылығын танытатын басты күш, ұлт болмысын ұғындырып, жалпы жұртты төңірегіне топтастырушы, біріктіруші. Сондықтан мемлекеттік тілді білу – өмір талабы, заман сұранысы, қоғам қажеттілігі деп ойлаймын.

«Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» сөзін жаттап өскен ұрпақ осы ұғымды тілмен ғана емес, іспен дәлелдегей. Өз ана тілін жетік білетін және мемлекеттік тілде еркін сөйлейтін азаматтар көбейе берсін!

Жамбыл облыстық “Вынхуа” дүнгендер

 қауымдастығының белсенді мүшесі Динара Хатамқызы

 

«БІР ОТАН, БІР ТІЛ – ТӘУЕЛСІЗ ҚАЗАҚСТАН» ЭТНОС ӨКІЛДЕРІМЕН КЕЗДЕСУ

5 қыркүйек – Қазақстан халқы тілдері күні мерекесіне орай басқарма басшысы Рахия Тұрмаханбетова облыстағы мемлекеттік тілді жетік меңгерген этнос өкілдерімен кездесу өткізді.

Кездесу барысында Талас ауданының құрметті азаматы, күрді ұлтының өкілі Мустафаева Сулхадин, Жамбыл облыстық қан орталығының директоры, облыстық мәслихаттың депутаты, өзбек ұлтының өкілі Умаров Гулам Мухтарович, Тараз қаласы, №34 орта мектебінің директоры, дүнген ұлтының өкілі Нуралиева Динара, әнші-актер Семыкин Сергей, «JAMBYL» телеарнасының Жамбыл ауданындағы меншікті тілшісі Алеханова Мухаббат, «AFROKAZAKH EVENT» компаниясының ұйымдастырушысы, блогер, мали ұлтының өкілі Камате Марселен т.с.с. белсенді этнос өкілдері өздерін қазақ тілінде таныстырып, мемлекеттік тілде пікірлесті. Сондай-ақ, қазақтың кемеңгер ақыны А.Құнанбаевтың өлеңдерін жатқа оқып, патриоттық әндер шырқады.

Шараға қатысушылардың барлығына Тіл дамыту басқармасы  басшысының Алғысхаты мен естелік сыйлықтары табыс етілді.

Жамбыл облысы әкімдігінің

ІСБ «Қоғамдық келісім» КММ

Баспасөз қызметі орталығы

 

Достық үйінде ЭМБ өкілдері Президент жолдауын талқыланды

Ағымдағы жылдың қыркүйек айында Тараз қаласындағы Достық үйінде облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының Қоғамдық келісім кеңесі, Аналар кеңесі, этнос жастары арасында ҚР Президентінің Қазақстан халқына үшінші Жолдауы талқыланды.

Алқалы жиынға Қоғамдық келісім кеңесінің төраға орынбасары Абдырахман Зайнутдинов модераторлық етті. Алғашқы сөз Қоғамдық келісім кеңесінің мүшесі Рысбай Орынбайға берілді.

– «Еліміздің тұғыры мемлекеттік тілде екенін кешегі Мемлекет басшысы халыққа үндеуінде айрықша атап өтті. Қазақ тілі – әлемдегі мағынасы көп, синонимдік тіркесі мол, сөйлеу стилі сұлу, ерекше тіл. Бұл тілдің құдіреті ерекше. Қуантарлық жайт – Мемлекеттік тілді еліміздегі түрлі этнос өкілдері жарыса оқуда. Қазақ тілін оқытатын арнайы мектептер ашылып, ондағы жастардың қарасы көбейгені де көңілге жылулық ұялатады. Алайда, жастарымыз ресми тіл – орыс тілін жетік меңгерсе еш ұтылмайтынын ұмытпаған жөн, орыс тілі қашанда халыкаралық тіл болып келген және қала береді де», – деп ерекше атап көрсетті Ол.

Сондай-ақ, ассамблея жастарының атынан сөйлеген Шұғыла Жұманғалиқызы қоғамдағы жастардың рөлін тілге тиек етті. Оның айтуынша, патриотизм – бүгінгі жастардың тұрақты болашағының негізі. -«Қазақстандық жастарда патриоттық сезім жоқ дегенді аға буыннан жиі естіп қалып жүрміз. Әрине бес саусақ бірдей емес, Мемлекет басшысының саясатын қолдай келе және уақыттың талабына сүйене отырып, жыл сайын мемлекеттік тілді меңгеруші түрлі ұлт өкілдерінің және жастарының саны артып келеді. Бұл қазақстандық патриотизмнің үлкен дәлелі емес пе?!”- деді Шұғыла Жұманғалиқызы.

Кездесу соңында этнос өкілдері Мемлекет басшысының үндеуін қолдап, басты байлық – бірлікті қадірлеуді мақсат тұтып, ортақ ой, бір тілектің аясында бірікті. “Алдағы мақсаттарға қол жеткізу үшін бірлігімізді нығайтып, осы байлықты ұрпақтан-ұрпаққа тапсыру керек. Одан әрі топтасу мен бірлікті нығайту барлығымызды мемлекеттік тілдің айналасына біріктірген кезде ғана мүмкін болады, – деп қорытындылады отырыс модераторы Абдырахман Юлдашұлы.

Жамбыл облысы әкімдігінің ішкі саясат басқармасының “Қоғамдық келісім” КММ Баспасөз қызметі орталығы

«Мектепке жол-2021»

Ағымдағы жылдың қыркүйек  айында Жамбыл облыстық «Жаңғыру Жолы» жастар қозғалысының өңірлік штабы белсенділерінің ұйымдастыруымен «Мектепке жол-2021» қайырымдылық акциясы  өтті. Білім күні қарсаңында Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы жарылыстан зардап шеккен Қайнар ауылының тұрғындарына және оның ішінде көпбалалы отбасынан шыққан мектеп оқушыларына  арнап  қайырымдылық жасалды.

Акцияның мақсаты – қайырымдылықты насихаттау, адамдардың әл-ауқатын және қоғамдық сананы дамыту мен жақсартуға көмектесу, жастардың патриоттық сезімін ояту. Сондай-ақ, қоғамдағы маңызды бастамаларды, қоғамдық келісім мен халықтың бірлігін нығайтуға қатысты жобалар мен ұсыныстарды қолдау және ынталандыру.

Іс-шара барысында мектепке алғашқы қадам басқан бүлдіршіндерге қажетті  оқу құралдары, сондай-ақ, бастауыш сынып оқушыларына мектеп сөмкесі және аяқ киімдермен барлығы – 20 оқушы  оқу жабдықтарымен қамтылды.   Бұған қоса, штаб жастары балаларды  білім күнімен және жаңа оқу жылының басталуымен шын жүректен құттықтап, білім алу жолдарына сәттілік тіледі.     Ауыл  тұрғындары  және ата-аналар ассамблея жастарының бұл игі істеріне үлкен алғыстарын білдірді.

 

Жамбыл облысы әкімдігінің ішкі саясат басқармасының

«Қоғамдық келісім» КММ Баспасөз қызметі орталығы

Болашақ біздің қолымызда

Бүгін мен үшін ерекше күн, қос мереке!  Мемлекет басшысы  Қасым Жомарт Кемелұлы Тоқаев  Парламенті палаталарының бірлескен отырысында жыл сайынғы Қазақстан халқына Жолдауын жариялады және Білім күні .

Бұл – Мемлекет басшысының үшінші жолдауы.

Мемлекет басшысының сөзін бір жарым сағаттан астам уақыт тыңдадым. Кезекті Жолдауын тыңдай отырып, мазмұнның өзектілігі мен айтылып жатқанның уақытылы екендігіне таң қаласың. Ол елдің жаңа кезеңдегі одан әрі дамуының көзқарасын айқындайды.

Президент мемлекет пен барлық қазақстандықтар  үшін көптеген маңызды мәселелерді көтерді. Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа экономикалық бағыттың 7 негізгі принципін атады.

Мұғалім ретінде ел баскарушысының қол жетімді және сапалы білім берудің маңыздылығы туралы сөздері маған қатты әсер етті. Мемлекет басшысына ризашылығымды білдіргім келеді, өйткені бұрын-соңды болмаған мұғалімдік мамандықтың мұндай жоғары мәртебесі болмаған. Мемлекет мұғалімдерді қолдау саясатын жалғастырады. “Мұғалімдердің біліміне 1,2 триллион теңге бөлінеді”-  деді Президент. Әрине, біз мұғалімдер Отанымыздың игілігі мен Қазақстанның жарқын болашағы үшін жұмысты жалғастырамыз, сенімді ақтаймыз. «Балалар үйірмесі”  туралы қызметтерді қайта қалпына келтіруге толықтай қосыламын. Үйірмелермен балаларды қамтығанда үш мақсатқа жетеміз. Жастарымызды ұлттық қолөнерге және шығармашылыққа баулу, құқық бұзушылықтың алдын алу және денсаулықты нығайту. Сапалы білім алу үшін әдеттегідей сабаққа қатысып, мұғалімдермен және сыныптастармен араласудың орны бөлек.

Президентіміздің тапсырмасы бойынша санитарлық талаптарды сақтай отырып, білім алудың қалыптасқан дәстүрлі тәсіліне қайта көштік. Бұл, біз үшін  өте  маңызды. Осы күнді барлықтарымыз асыға күттік. Балалармен араға бір жыл уакыт кетіріп табысып жатырмыз.

Мемлекет табысты еңбек етуге, бейбіт өмір сүруге барлық жағдайды жасайды, ал біз азаматтар бәсекеге қабілетті орта құру үшін барлық күш -жігерімізді салып, үнемі заманға ілесіп отыруымыз керек.

Елдің әрбір азаматы мемлекеттің дамуына, отбасылық құндылықтарды нығайтуға үлес қосуға міндетті деп есептеймін. Біз бәрін басқаша жасауға құқығымыз жоқ, өйткені мемлекет басшысы бізге үлкен үміт артады және біздің күшімізге сенеді. Болашақ біздің қолымызда!

Жамбыл облыстық «Вынхуа» Дүнгендер этномәдени бірлестігінің

мүшесі, қалалық №34-мектептің директоры Динара Нуралиева

 

МАҢЫЗДЫ МІНДЕТТЕР ЖҮКТЕЛДІ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқына дәстүрлі Жолдауларында денсаулық сақтау жүйесін назардан тыс қалдырған емес. Президент бұл жолы да саланы серпілтуге бағытталған қадау-қадау міндеттерге тоқталды. Оған негіз де жоқ емес. Өйткені, әлем елдерін әбігерге салған пандемия жаңа шешімдер қабылдауды талап етуде. Бұл тұрғыда Мемлекет басшысы қазынадан қомақты қаржы қаралатынын тілге тиек етті. «Бөлінген қаражат Қазақстан халқының денсаулығын нығайтуға, коронавирус екпесінен бөлек жоспарлы екпе салуға жұмсалуы тиіс. Сонымен бірге отандық дәрі-дәрімек пен медициналық құрал-жабдықтардың үлесін 50 пайызға жеткізу керек», -деді Президент.

Коронавирус инфекциясының алдын алудың басты жолы екпе салдыру екенін Мемлекет басшысы бұған дейін де айтқан болатын. Жылдың басты құжатында да осы мәселеге айрықша тоқталды. «Бізде вакцина қоры жеткілікті, азаматтардың таңдау құқығы бар. Елімізде жаппай екпе егу науқаны жүріп жатқанымен, қоғамда вакцинаға қарсы азаматтар әлі де көп. Олар өздері бас тартып қана қоймай, өзге азаматтарды адастырады. Жаппай вакцинациялау қарқынды жүргенде ғана, біз қауіпті індетке тосқауыл қоя аламыз», -деді Президент.

Президенттің сөзінің жаны бар. Өйткені, әлеуметтік желі арқылы жалған ақпарат тарататындар аз емес. Олар өзін ғана емес, өзгені де адастыратындығы сөзсіз. Сонымен қатар отандық QazVac вакцинасының қауіпсіз екендігін күмән болмауы тиіс. Тіпті, өзге мемлекеттер тарапынан да сұраныс түсіп жатқанын қаперден шығармауымыз керек. Осы орайда Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Короновиурс денсаулық сақтау саласы үшін үлкен сынақ болды. Әлемді жайлаған індеттің беті әлі қайтар емес. Күн сайын мыңдаған азаматымыз дертке шалдығып, талай адам өмірден өтуде. Біз уақытты ұттырмай індетпен күресу іс-шараларын дереу қолға алдық. Қазақстан – коронавирусқа қарсы вакцина жасап шығарған әлемдегі санаулы мемлекеттің бірі. Біздің вакцинамыздың тиімді әрі қауіпсіз екендігіне еш күмән жоқ, Қазір Казвакқа өзге мемлекеттер де сұраныс білдіруде», деп атап өтті.

Жолдау жүктеген міндеттер жүйелі жүзеге асуы тиіс. Бұл бағытта денсаулық сақтау саласының қызметкерлері де аянып қалмайды.

 

Гулам УМАРОВ,

Жамбыл облыстық Қан орталығының директоры,

облыстық мәслихаттың депутаты, облыстық Өзбек этномәдени бірлестігінің өкілі