Тәуелсіздік – маңдайға біткен сый

Бүгінде Тәуелсіздік құрдастары орда бұзар отыз жасқа толды. Егемен елде дүниеге келіп, өсіп-жетілген олардың санасы сергек, көзқарастары да, өмір салттары да өзгеше.

Бостандық бізге оңайлықпен келген жоқ. Ата-бабаларымыз азаттық жолында арпалысты. Талай зұлмат замандар мен нәубеттерді бастан өткерді. Осының бәрі халықтың есінде сақталып, ұрпақтан ұрпаққа берілуге тиіс.

«Өткен күннен алыс жоқ, келер күннен жақын жоқ» дейді халқымыз. Кешегі өткен хандар мен қағандардың дәуірі ғана емес, соңғы отыз жылдағы жасампаздық жолымыз да бүгінде тарихқа айналып, күн сайын алыстап барады. Азаттық таңын өз көзімен көрген алдыңғы буын болмаса, кейінгі жастар өткен ғасырдың 90-жылдарындағы тарихи оқиғалардың тереңіне бойлап, мәнін жете түсіне бермейді. Тәуелсіздікке тағдырдың бере салған сыйы ретінде қарайды. Шын мәніндегі ахуал олай емес.

Елбасы сол кездегі саяси, экономикалық, әлеуметтік, демографиялық және басқа да жағдайларға байланысты жеті рет емес, жетпіс рет өлшеп, бір рет кесуге мәжбүр болды. Біз тығырықтан шығар жолдың саңылауы да көрінбейтін қиын күндерден қақтығыс пен қантөгіске ұрынбай аман шығып, ешкімге есемізді жібермей, жаңа сипаттағы Қазақстанды құрдық. Бүгінгі және болашақ ұрпақ мұны әрдайым біліп отыруы керек.

Елбасының ерең еңбегін айғақтайтын тағы бір мәселе – ұлттар достығы. 130 дан астам этнос өкілдерін бір шаңырақ астына жинап, бастарын біріктіріп, бір дастарханнан дәм татқызу Нұрсұлтан Әбішұлының қолынан келе білді.

Тәуелсіздігіміздің мерейтойы аясында еліміздің жеткен жетістіктері туралы ойлап қою да артық емес. Артқа қарар болсақ, халқымыз қаншама қиындықтарды Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың арқасында жеңе білді. Ендігі алдағы уақытта тәуелсіз Қазақстан тек жақсылықтардың жаршысы болады. Бейбіт өмірдің туы Қазақстанмен егіз болмақ.

 

Абдурахман Зайнутдинов

Тараз қалалық өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы

Этносаралық келісім – Қазақстан халқының бірлігінің негізі

«Этносаралық келісім – Қазақстан халқы бірлігінің негізі» лейтмотиві біздің еліміздің бүкіл ішкі саясатының өзегі болып табылады. Өз кезегінде ұлтаралық және конфессияаралық келісім төзімділікке негізделген. Ұлтаралық келісімді нығайту мәселесі Қазақстан алдында тәуелсіз, егеменді даму жолындағы алғашқы қадамдардан бастап туындады. Мемлекеттік тәуелсіздік миллиондаған қазақстандықтардың қауіпсіздігі мен рухани әл-ауқатының кепілі болды. Қазақстан бұл тарихи мүмкіндікті толық пайдаланды.

Қазақстанда елдің этностық-мәдени әртүрлілігін әлеуметтік дамудың оң факторына айналдырудың барлық алғышарттары бар, өйткені барлық ұлттардың өкілдері өздерін жаңа мәдени қауымдастық – қазақ халқын құрушылар ретінде қабылдайды. Тәуелсіздік жылдары ішінде мемлекет қоғамдық тұрақтылықты, этносаралық келісімді, қазақстандық бірегейлікті және жалпы қазақстандық патриотизмді қалыптастыруды қамтамасыз етудің өзіндік моделін жүзеге асырды.

Қазақстанның егеменді даму жылдары қоғам өмірінің барлық салаларында: мемлекеттік құрылуы, мәдени саясат және этникалық сәйкестіктің өсуі кезіндегі этностық идеялардың қайта өркендеу заңдылықтарын ұстанды. Бұл процесс барлық этностық қауымдастықтарға тән болды. Этникааралық қатынастардың сипатына әсер ететін ерекше факторларға саяси және әлеуметтік жағдайлар, сондай-ақ оның әртүрлі мәдениеттермен байланысын анықтайтын жеке бағдарлар жатады. Қазақстан ұлтаралық қатынастардың үлгісі ретінде БҰҰ, ЕҚЫҰ және басқа да бірқатар беделді халықаралық ұйымдардың жоғары бағасын алды, қазақстандықтардың барлық ұлттық қауымдастықтардың өз мәдениетін дамытуға деген заңды ұмтылысын толық қолдауы кездейсоқ емес.

Айта кету керек, Қазақстан Республикасында өз ана тілдерін Қазақстан халықтарының еркін қолдануы үшін жағдайлар жасалған. Осы мақсатта бірқатар мамандандырылған мектептер құрылды, онда оқыту Қазақстанның кейбір халықтарының ана тілдерінде жүргізіледі. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының көптеген халықтары үшін бірқатар бағдарламалар Қазақстан Республикасының теледидары мен радиосында пайда болды. Этносаралық қарым-қатынас мәдениетін қалыптастыру және этносаралық келісім – біздің мемлекетіміздің басты мақсаты. Бұл құжаттар мемлекеттік, ұлттық саясатпен айналысатын барлық органдардың жұмысында негізгі болып табылады.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев «Біз дамыған демократиялық елдердің жетістіктері мен біздің көп ұлтты қоғамымыздың үздік дәстүрлерін біріктіретін ашық, демократиялық, гүлденген еркін адамдардың қоғамы мен құқықтық мемлекет құрып жатырмыз» деп атап өтті.

Этносаралық тұрақтылық туралы, этносаралық қарым-қатынас мәдениетін қалыптастыру туралы айта отырып, оларды ұлттық қауіпсіздік жалпы тұжырымдамасының құрамдас бөлігі ретінде қарастыруымыз керек.

Жалпы алғанда, елде қазақ халқының саяси, көпұлтты қоғамының бірлігін сақтау мен нығайтудың бай және теңдесі жоқ тәжірибесі жинақталған. Мұның бәрі көп жағдайда көп ұлтты қазақ халқының бірлігінің үлгісін құрайды. Қазақстандағы этносаралық және дінаралық келісімнің құндылығы мен тәжірибесі бүкіл әлемдік қауымдастыққа танылған.

Қазақстан – бейбіт өмірдің жаршысы, дәл осы қалыпта қалуы үшін барымызды саламыз!

 

34 орта мектептің  директоры, Жамбыл облыстық “Вынхуа” дүнген этномәдени бірлестігінің мүшесі –  Динара Нуралиева

Ағымдағы жылдың қараша айында Жамбыл облысы әкімдігінің ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ ұйымдастыруымен ұлттық мұраны дәріптеу

Ағымдағы жылдың қараша айында Жамбыл облысы әкімдігінің ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ ұйымдастыруымен ұлттық мұраны дәріптеу және қазақстандық жас буынға мәдени-рухани тәрбие беру, қазақстандық бірегейлікті қалыптастыру мақсатында, Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Менің жетістіктерімнің тарихы-менің елімнің жетістік тарихы» атты өңірдегі этномәдени бірлестік жастарымен сондай-ақ, «Жаңғыру Жолы» өңірлік штабының жастарына арналған шығармашылық кездесу өтті.
Кездесу аясында жастар Кенен Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясының «Ақкербез» және «Айша бибі» би ансамблдерінің шығармашылғымен танысты.
Айта кетейік, «Ақ кербез» би ансамблі 2012 жылдың ақпан айында құрылған. Қазіргі таңда көптеген халықаралық және республикалық жарыстардың лауреаты болып жүрген би тобының репертуарында «Ерке сылқым», «Шаттық», «Аққу», «Жастар биі», «Жайлауда», «Гәкку», «Мереке», «Әз думан», «Қуаныш», «Ақсақ киік», «Ұйғыр», «16 қыз», «Қалыңдық», «Хорезм», «Үнді», «Түрік» т.б. билері бар.
Жамбыл облысы әкімдігінің ішкі саясат басқармасының “Қоғамдық келісім” КММ Баспасөз қызметі орталығы

Таразда Меркі ауданы күні мерекесі өтті

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен және аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен Тараз қаласының Жүсіп Баласағұн атындағы ОКЗ алдында Меркі ауданының күндері өткізілді. Аталмыш мереке Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 30 жыл толу мерекесі қарсаңында этносаралық қатынастарды нығайтуға бағытталып жасалды.
Іс-шараға жалпы аудан бойынша 200-ден астам адам катысып, олардың 37-сі Меркі ауданы бойынша тіркелген 5 этномәдени бірлестіктен – славян, өзбек, түрік, қарашай-балқар, әзірбайжан этнос өкілдері қатысты. Шара барысында аудандық қолөнершілердің көрмесі ұйымдастырылып, түрлі этнос өкілдерінің тыныс-тіршілігін, тұрмыс-ғұрыптарын жиналған жұрт көрме арқылы тамашалады.

Бүгін қарашаның 8 күні этномәдени бірлестіктердің төрағалары және ҚХА мүшелері қалалық аурухананың ковид бөлімшесіндегі дәрігерлер мен медицина қызметкерлеріне және пациенттерге арнап 100 адамға арналған қайырымдылық түскі асын өткізді.

Іс-шара Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында өтті.
Іс-шара барысында Жамбыл облысы ҚХА төрағасының орынбасары Латиф Айдаров қайырымдылық түскі ас өткізуге қатысқан жандарға алғысын білдірді:
-Құрметті достар, Алла Тағала сіздің істеріңізде зор денсаулық пен амандықты арттыра берсін!, – деді ол.
Жамбыл облысы әкімдігінің ішкі саясат басқармасының “Қоғамдық келісім” КММ Баспасөз қызметі орталығы

Еврей қоғамының белсенділерінің жиналысы

Ағымдағы жылдың 3 қарашасында Тараздағы Ш. Уәлиханов атындағы  ғылыми-техникалық кітапханада Жамбыл облысындағы еврейлер орталығының белсенділері  Алматы мен Шымкент қаласындағы “Центр Забота Хэсэд Полина” республикалық қайырымдылық қоғамдық бірлестігінің басшылығымен кездесті.

Шара барысында еврей қауымдастығының ақсақалы, журналист – Михаил Бунинге медаль табысталды. Бұған қоса, қайырымдылық қоғамдық бірлестігінің директоры, Алматы қаласы “Шалом” этномәдени бірлестігі кеңесінің төрағасы Инесса Чугайнова сценарист, драматург, аудармашы, Қазақстанның Халық жазушысы, Президенттік Бейбітшілік және рухани келісім сыйлығының, сонымен қатар, Абай мен Бейімбет Майлин атындағы әдеби сыйлықтарының лауреаты – Морис Симашконың шығармашылығына арналған II Халықаралық оқуларға қатысуға ұсыныс тастады. Бұл іс-шара 2022 жылдың көктемінде өтеді. Сондай-ақ, ол сол жылдың күзінде өтетін XI Халықаралық ғылыми-практикалық конференцияға қатысуды ұсынды.

Кездесу барысында Инесса Чугайнова Ш. Уәлиханов атындағы ғылыми-техникалық кітапханаға Адольф Арцишевскийдің «Наперекор и вопреки!» және Людмилы Варшавскойдың  «Вычитано и выверено мной окончательно!!!» кітаптарын сыйға тартты.

Өз кезегінде қонақтарға сыйлық ретінде “Жамбыл облысы этностарының дәстүрлері мен мәдениеті” энциклопедиясы мен “Қазақстан халқы Ассамблеясы” фото-кітабы табыс етілді.

Жамбыл облысы әкімдігінің ІСБ “Қоғамдық келісім” КММ баспасөз орталығы

Қазақстан мен Қырғызстан халықтары достығының үлгісі

Тараз қаласындағы «Шахристан» этномәдени кешенінде  Қырғызстанның ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтті. Жәрмеңке ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай, Қазақстан жеріндегі Қырғыз Республикасының Талас және Шу облыстарының күндері аясында өтіп отыр.

Осыған орай, Тараз тұрғындары төмен бағамен көкөністер, жемістер және кептірілген жемістер сатып алды.

Жәрмеңкеге келген облыс орталығының тұрғындары арзан бағамен сауда жасасып қана қоймай,  мың бұралған бишілердің биін тамашап, күміс көмей әншілердің әнін қабыл алды.

Шараға келушілер арасында Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев, Қырғызстан президентінің Шу облысындағы өкілетті өкілі Эркин Тентишев және Талас облысындағы өкілетті өкілі Бақытбек Нарбеков болды. Бұған қоса, Жамбыл облысы ІСБ “Қоғамдық келісім” КММ басшысы Парида Мамедова мен өңірдегі этномәдени бірлестіктердің өкілдері қатысты.

Берекелі саудаға келген тұрғындардың алдында Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев сөз сөйледі:

– Қазақ пен қырғыз – бауырлас халық. Бізді көпғасырлық ортақ тарих, достық пен тату көршіліктің берік дәнекері байланыстырады. Халықтар арасындағы бірлікті одан әрі нығайту біздің ортақ міндетіміз. Жақында біз Талас облысында өткен дәстүрлі республикалық манасшы “Ұрааным Манас” фестиваліне қатыстық. Бішкекте ұлы ақын Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығына арналған іс-шаралар өтті. Бүгін Тараз қаласының тұрғындары үшін нағыз мереке ұйымдастырылып отыр. Біздің қарым-қатынастарымыз бұдан әрі де тереңдеп, кеңейе беретініне сенімдімін. Биыл Қазақстан да, Қырғызстан да Тәуелсіздіктің 30 жылдығын атап өтуде. Елдер арасындағы достық біздің ортақ игілігімізге берік болсын, – деді Ол.

Жамбыл облысы әкімдігінің ІСБ “Қоғамдық келісім” КММ баспасөз орталығы

Мың бала

Ағымдағы жылдың 28 қазан күні «Қоғамдық келісім» КММ-де аталмыш мекеменің ұйымдастыруымен “Мың бала”республикалық мәдени-ағарту жобасының өңірлік кезеңі өтті.

Бұл шараның негізгі мақсаты – өзге этнос өкілдерінің жастарын қазақ халқының дәстүрін, мәдениетін және тілін үйренуге шақырады. Бұған қоса, өзге ұлт жастарын тарту арқылы қазақстандық бірегейлік пен азаматтық қағидаттардың бірлігін нығайтуға ықпал ететін бірегей жоба.

Дүбірлі додада 54 үміткер үш номинация бойынша бақ сынасты. Яғни, ұстаздар арасында қазақ тілін оқытудың авторлық бағдарламасы “Тіл мектебі” номинациясы, оқушылар арасында “Өнер алды – қызыл тіл”, “Өнерлі өрге жүзер”музыкалық байқауы сынға түсті.

“Тіл мектебі” номинациясында бірінші орынды №40 гимназияның қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Ақтоты Раймқұлова иеленді. Екінші орынды №1 гимназияның қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Нұрсұлтан Баймақашева жеңіп алды, ал жүлделі үшінші орынды Қордай ауданы А.Пушкин атындағы № 7 орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғаліміДинара Өмірзақова місе тұтты.

Сондай-ақ, “Өнер алды – қызыл тіл” номинациясын бойынша Жуалы ауданы Д. Похомов атындағы орта мектептің оқушысы Тамила Магамадова бірінші орынға жайғасты.  Екінші жүлделі орынды Байзақ ауданындағы Ғ. Мұратбаев атындағы гимназияның оқушысы Әсима Вахбиева және Жамбыл ауданы Шайқорық ауылы мектебінің оқушысы Лейла Кочалиева алса, үшінші орында  Сарысу ауданы Арыстанды ауылы мектебінің оқушысы Диар Айдаров, Байзақ ауданы Көктал ауылы мектебінің оқушысы Дайана Даянова және Меркі ауданындағы №44 орта мектебінің оқушысы Софья Сулиева қанағат тұтты.

Ал “Өнерлі өрге жүзер” музыкалық байқаудың нәтижесі бойынша Қордай ауданы Ы. Алтынсарин атындағы № 27 мектеп Тимур Ким бірінші орынды жеңіп шықты. Екінші орын Байзақ ауданы Ю. Гагарин атындағы мектептің оқушысы Фатима Абазоваға тиесілі болды. Үшінші орын мектептен тыс жұмыс және балалар шығармашылығы орталығының тәрбиеленушісі Сарбиноз Орозованың қанжығасына байланды.

Бұған қоса, ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған “Тәуелсіздік – тірегім” атты эссе байқауының жеңімпаздары да алғыс хаттармен марапатталды.

Жамбыл облысы әкімдігінің ІСБ “Қоғамдық келісім” КММ баспасөз орталығы

Ағымдағы жылдың 27 қазан айында Тараздағы М. Әуезов атындағы кітапханада “Елім – ай Достық” қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Қоғамдық сананы жаңғыртудағы мемлекеттік тіл» атты кездесу өтті.

Іс-шараға үкіметтік емес ұйымдар мен этномәдени бірлестіктердің сондай-ақ, білім беру мекемелері мен мемлекеттік органдардың өкілдері, жастар белсенділері және қоғам қайраткерлері қатысты.
Ең алғашқысы болып “Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде” тақырыбында Жамбыл облысы әкімдігінің тілдерді дамыту басқармасының бөлім басшысы Мөлдір Ахметова баяндама жасады. Ал “Елім-ай Достық” қоғамдық бірлестігінің төрағасы Полина Ким Қазақстандағы жаңғырту үдерісінің басымдықтары туралы айтып берді.
Сондай-ақ, М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің аға оқытушысы, әлеуметтік білім магистрі, “TALDAU” Әлеуметтік және маркетингтік зерттеулер орталығы ” қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бақыт Алмұратов «Жамбыл облысында мемлекеттік тілді меңгеру деңгейі туралы» тақырыбында сөз қозғады. Бұған қоса Жамбыл облыстық М. Қашқари ұйғыр этнобірлестігінің жетекшісі Мухаббат Тұрдыева “Мемлекеттік тіл – қазақстандықтардың бірігу факторы” тақырыбында өз баяндамасын баяндап берді.
Шара соңында қатысушылар жастарды Абайдың өлеңдерін, Әуезовтің шығармаларын және Жамбылдың жырларын оқуға шақырды. Бұл шығармалар әрбір жастың бойына патриоттық сезім ұялататынына кәміл сенімді екендіктерін жеткізді.
Жамбыл облысы әкімдігінің ІСБ “Қоғамдық келісім” КММ баспасөз орталығы

Үстіміздегі жылдың 28 қазанында Тараз қаласының әкімі Ержан Жылқыбаев Жамбыл облысы этномәдени бірлестік төрағаларымен кездесті.

Шаһар басшысы Ержан Жылқыбаев кездесу барысында қалада атқарылған жұмыстар туралы айтып, алдағы жоспарларымен бөлісті:

-Бұл ең алдымен жақсы жол, қауіпсіз көше мен таза ауыз суы. Ал үш жылдық жоспарға 89 су құбыры және кәріз желілерін жөндеу, 156 көше мен 151 көп қабатты үйдің аулаларын жарықтандыру мен 241 аула алаңын абаттандыру жұмыстары енгізілді. Қала маңындағы алқаптар басымдыққа ие болып отыр. Қазір біз Барысхан алқабында, Бурыл А, Бурыл Б және 15 шағын ауданында жолдарды асфальттау үшін ақшалай қаражат қарастырудамыз. Сондай-ақ, қаланың туристік әлеуетін кеңейту мақсатында “Әулиеата” кварталын жаңарту жоспарлануда.

Көпшілік қаланы абаттандыру, жолдарды жөндеу, электр желілерінің жағдайы және қоғамдық көлікке қатысты сұрақтарын қойды. Ал Жамбыл облыстық ҚХА мүшелері бұқаралық іс-шараларды өткізу және этномәдени бірлестіктер өкілдерінің қатысуымен мектептерде бірыңғай сабақтар ұйымдастыру бойынша ұсыныстарын жеткізді.

Кездесу соңында Ержан Жұматұлы іс-шараға қатысушыларға алғысын білдірді.

Жамбыл облысы әкімдігінің ІСБ “Қоғамдық келісім” КММ баспасөз орталығы