Сіздерді 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күнімен құттықтаймын!

Бейбітшілік, тұрақтылық, достық, өзара түсіністік, бірлік – бұл құндылықтар әрқайсымызға қымбат. Бүгінгі таңда кейбір мемлекеттерде әскери арнайы операциялар жүргізіліп, қарулы қақтығыстар болған кезде, бұл ұғымдар әр адам үшін ерекше маңызды. Адамдар бейбітшілікті қалайды. Мемлекеттік саясаттың арқасында Қазақстан басқа әлемдік державалармен достық, әріптестік қарым-қатынаста. Біздің елімізде ашық аспан, бейбіт өмір бар, біз тыныш өмір сүріп, жұмыс істеп, балаларды тәрбиелеп, болашаққа сенімді бола аламыз. Біз елімізде бірлесіп жаңғырту жүргіземіз, болашаққа жоспарлар құрамыз, өз арманымызға қарай қадам басамыз, “жаңа Қазақстан” құрамыз. Бұл әрбір қазақстандықтың еңбегі, біз бәріміз бірлікті, қазақстандық бірегейлікті нығайтуға, мәдениетті, салт-дәстүрді сақтауға өз үлесімізді қосамыз. Тек бірлескен күш-жігердің, тұрақтылықтың, өзара көмектің, ұмтылыстардың арқасында маңызды нәрселерді жасауға болады.

Бейбітшілік, келісім, жақсылық, денсаулық және бақыт тілеймін! Отанымыз-Қазақстан гүлдене берсін, жамбылдықтар мен қазақстандықтар!

Жамбыл облыстық «Ахыска» түріктер этномәдени бірлестігінің

Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Ибрагим Хуршудович Зуфаров

 

 

Жаңа даму жолындағы бірлік құны

Бүгін, үстіміздегі жылдың  29-сәуірінде Нұр-Сұлтан қаласының ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы музейінде ҚР Президенті, ҚХА Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІ сессиясы өтті.

Сессияға республикалық және өңірлік ассамблеяның мүшелері, қоғам қайраткерлері, республикалық және өңірлік этномәдени бірлестіктердің, орталық және жергілікті атқарушы органдардың, діни бірлестіктердің басшылары, Парламент депутаттары, ҮЕҰ, ғылыми, шығармашылық зиялы қауым өкілдері және  республикалық  бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Оның онлайн және офлайн форматтағы жұмысына Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов, Жамбыл облысы әкімдігінің ІСБ ішкі саясат басқармасының, “Қоғамдық келісім” КММ өкілдері, ҚХА мүшелері, Жамбыл облысының этномәдени бірлестіктерінің басшылары мен өкілдері белсенді қатысты.

ҚХА-ның бүгінгі ХХХІ сессиясының негізгі мақсаты – саяси реформа жағдайында Ассамблеяның қызметін қайта форматтау.

Сессияның күн тәртібінде тақырыбы  «Халық бірлігі – жаңарған Қазақстанның негізі» деп белгіленді және өз сөзінде  Мемлекет басшысы төзбеушілік пен «өзіміз және өзгелер» деп бөлінудің кез келген көрінісінің қатаң түрде жолын кесуге шақырды.  Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы өзінің бірлігін сақтауға, нығайтуға тиіс. Тек бірлескен күш-жігер арқылы ғана Жаңа Қазақстанды құра аламыз деп есептейді. Мемлекет басшысы Қазақстан қоғамы өмірінің барлық саласында, ҚХА рөлінде, этносаралық қатынастар мен Қазақстан халқының бірлігінде болып жатқан өзгерістерге егжей-тегжейлі тоқталды. Мемлекет басшысы «жаңа Қазақстан»  серпінді дамып келе жатқан әлемдегі қазақстандық жалпыұлттық бірегейлікті нығайтудың жолы екеніне назар аударды. Ол Ассамблея мүшелерін жаңа Қазақстанның мақсат-мұраттары мен құндылықтарының жолсерігі болуға шақырды. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының жұмысын қайта жаңарту туралы сөз қозғап, этномедиация оқу орталығын құру және ғылыми-сарапшылық құрылымның әлеуетін арттыру, ақпараттық жұмысты күшейту, саяси реформаларға белсенді қатысу қажеттігін атап өтті.

Біз барлық жоспарымызды міндетті түрде жүзеге асырамыз. Мен бұған кәміл сенемін. Біз Екінші Республиканы бірге құрамыз, Жаңа Қазақстанды бірге өркендетеміз! Әр азаматқа бірдей мүмкіндік беретін  әділ әрі дамыған мемлекет боламыз! Сөз соңында сіздерді алда келе жатқан Қазақстан халқының бірлігі күнімен және Ораза айт мерекесімен құттықтаймын!, – деп сөзін аяқтады Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сессия барысында, отырыста сөз сөйлеген спикерлер – Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің кафедра меңгерушісі Наталья Калашникова, «Қазақстан корейлері қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің президенті Сергей Огай, «Халықаралық қазақ тілі қоғамы» қоғамдық бірлестігінің вице-президенті Максим Рожин, саяси шолушы Никита Шаталов, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің проректоры Дихан Қамзабекұлы, «Азаттық Рухы» агенттігінің тілшісі Надежда Палинка, «Ахыска» түрік этномәдени орталығы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Нұр-Сұлтан қалалық бөлімінің төрағасы Әскер Пириев және музыкант, блогер Алексей Лодочниковтер сөз сөйледі. Олар  Қазақстанда әрбір этнос үшін барлық жағдай жасалғанын атап өтті. Сондай-ақ, ҚХА-ның этносаралық келісімді нығайтуға бағытталған жұмысы, жастар жобалары, тіл мәселесі, журналистің ақпарат беру кезіндегі этикасы туралы және ақпараттық алаң мен блогосферадағы құқықтар мен жауапкершілікті заңнамалық тұрғыдан бекіту туралы құнды ұсыныстар айтылды.

 

Жамбыл облысы әкімдігінің ІСБ

«Қоғамдық келісім» КММ

Баспасөз қызметі орталығы

Бүгін, ағымдағы жылдың 28-сәуірінде Нұр-Сұлтан қаласының ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы музейінде Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХ сессиясы өтті.

Сессияға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев, республикалық және өңірлік ассамблеяның мүшелері, этномәдени бірлестіктердің төрағалары мен төрайымдары, қоғам қайраткерлері және республикалық  бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Оның ішінде біздің Жамбыл облысынан облыстық 31 ҚХА мүшелері мен этномәдени бірлестік өкілдері де бар.

ҚХА-ның бүгінгі ХХХ сессиясының негізгі мақсаты – саяси реформа жағдайында Ассамблеяның қызметін қайта форматтау.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХ сессиясы аясында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттығына ҚХА атынан ұсынылатын кандидатты сайлауға қатысып, дауыс берді. Ел Президенті  алдағы уақытта Конституцияға өзгеріс енгізілетіндіктен мұндай форматтағы сайлау соңғы рет өтіп жатқанын атап өтті. Бұған дейін Президент Қазақстан халқына арнаған Жолдауында Конституцияға өзгертулер енгізуді ұсынған болатын. Осы ретте ҚХА квотасы Мәжілістен Сенатқа ауыстырылып, депутаттар саны 9-дан 5-ке дейін қысқарады. Және Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің сөзінде  Парламентте Қазақстан халқы Ассамблеясының тиісті орындары сақталатындығы жөнінен де хабардар етті.

Жамбыл облысы әкімдігінің

ішкі саясат басқармасының

 «Қоғамдық келісім» КММ

Баспасөз қызметі орталығы

Бүгінгі елеулі еркіндік

Бүгін, көктемнің бір шуақты күнінде Мемлекетіміздің астанасы – Нұр-Сұлтан шаhарында Қазақстан халқы Ассамблеясының  ХХХ сессиясы өтті.  Биыл Президентіміздің ұсынысы бойынша ҚХА-ның екі сессиясы қатар өтуде.

Бүгінгі ХХХ сессия өте жоғары, оң деңгейде өтті десем қателеспеймін.  Сессияның өткізілу тәртібі түбегейлі өзгерген, өте қызықты, әрі еркін форматта өтті десек те болады.

Аталмыш іс-шараның өткізіліуі бірнеше секцияға бөлінген.  Әр бөлімде тұлғалы спикерлер сөз сөйледі. Мәселен, олардың қатарында ҚР Парламентінің депутаттары, қоғам қайраткерлері, үкіметтік емес ұйым өкілдері, ҚХА мүшелері болды.

Бұл сессия сайлау үрдісі бойынша өткізілгендіктен, ҚХА депутаттығына үміткер кандидаттарға  дауыс берілді. Сайлау нәтижесінде Алматы облыстық Ұйғыр этномәдени орталығының өкілі, ұйғыр бауырымыз Зәкіржан Кузиев жеңіске жетті.

Әрмен қарай жастар сессиясына жалғасқан іс-шарада сөзі нық, ойы ұшқыр белсенді жастар сөз сөйлеп, еркін микрофонда өз ойларын ашық түрде ортаға салды. Әрбір қатысушы  өз пікірін білдіріп, жастар секторының жұмысы бойынша өз ұсыныстарын ашық, айқын  білдіре алды. Сессияның ерекшелігі де осында  – ашық және еркін түрде өтті. Ертең ҚХА-ның ХХХІ сессиясына да қатысу – біздің атқаратын міндеттердің бірі ретінде жоспарда тұр.

Жалпы, бұл сессиялар – Ассамблеямыздың толық жаңғыруын, жаңаруын  көрсететін іс-шаралар.  Сессияға қатысатын ҚХА-ның әрбір мүшесі «еркін микрофонға»  барып, өз пікірін білдіруге толық құқылы. Сондай-ақ, халық тарапынан ассамблеяның маңайында сөз боп жатқан түрлі ұсыныстар мен сауалдарды талқылау барысында Қазақстан халқы Ассамблеясының барлық құрылымдары мен бөлімшелерінің жұмысын жақсарту, дамыту бойынша тың  шешімдер қабылданбақшы.

Тағы бір айта кетер жайт –  сессия спикерлер мен ҚХА мүшелері арасында өте пайдалы пікірталастармен де ерекшеленді. Пікірталас барысында этномәдени бірлестік өкілдерінің қаншалықты құзыретті екені байқалды. Міне, алдымызда   Қазақстан халқының бірлігі күні келе жатыр, сессиямен тұстас келген бұл сүйікті мереке достықты, отансүйгіштікті, құрметті, ұйымшылдықты, өзара сенімді, жасампаздықты бейнелейді. Ең бастысы, бәрімізді біріктіретін  нәрсе – бірлігіміз, ынтымағымыз. Конституциямыздағы ортақ заң, тең құқықтылық, әріптестік, достық қатынастар, ешқандай ұлтқа бөлінбестен біздің бір-бірімізге деген ой-ниетіміздің тазалығы, еркіндігі  және өзара түсіністік – осы игі қасиеттер бойымызда бар болған  жағдайда ғана біз жаңа Қазақстанды бірлесе құру жолында, оның өркендеуінің, оң өзгерістерінің және жарқын болашағының кепілі бола аламыз.

Қазақстан шаңырағының астында әрқашан достық, бейбітшілік пен келісім нығая берсін!!

Жамбыл облыстық «Әулие Ата» Қазақ мәдени орталығының төраға орынбасары, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік Университетінің «Мәдениет және өнер» кафедрасының меңгерушісі, профессор, ҚР мәдениет қайраткері, ҚХА мүшесі – Айгүл Кабиева

Ағымдағы жылдың 19 сәуір күні «Тараз-Ғасыр» колледжінде орналасқан Абай атындағы кітапхананың филиалында 1-мамыр Қазақстан халқы бірлігі күніне орай, «Мақсат – ортақ, бейбітшілік – ұранымыз» тақырыбында өткен кездесуге облыстық Қоғамдық келісім кеңесі төрағасының орынбасары Абдурахман Зайнутдинов, ұжым қызметкерлері, студенттер қатысты

Ағымдағы жылдың 19 сәуір күні «Тараз-Ғасыр» колледжінде орналасқан Абай атындағы кітапхананың филиалында 1-мамыр Қазақстан халқы бірлігі күніне орай, «Мақсат – ортақ, бейбітшілік – ұранымыз» тақырыбында өткен кездесуге облыстық Қоғамдық келісім кеңесі төрағасының орынбасары Абдурахман Зайнутдинов, ұжым қызметкерлері, студенттер қатысты.

Шараның мақсаты –  еліміздегі түрлі этнос өкілдерінің бір-біріне деген сый-құрметін арттырып,  татулықты, бірлікті, ортақ құндылықтарды  насихаттау.

«Бірлік болмай тірлік болмас» демекші, берекені көздеген ел  мерекелі тірлік жасаудан жалықпаған. «Береке бастауы бірлік, ел іші тату тірлік» қағидасын ұстанған еліміз үшін бұл мейрамның орны ерекше.

Атап өтейік, облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының қызметінің арқасында Қазақстанда этностық немесе діни ерекшелігіне қарамастан әрбір қазақстандық Конституциямен кепілдік берілген азаматтық құқықтары мен еркіндігін толық сақтай алады. Және осыған орай, этносаралық және конфессияаралық келісімнің айрықша үлгісі қалыптасып, Қазақстанның көпэтностық бай кеңістігінде сенім, келісім мен өзара түсіністік үлгісі орнады.

Жамбыл облысы әкімдігінің

ішкі саясат басқармасының

«Қоғамдық келісім» КММ

Баспасөз қызметі орталығы

 

«Рамазан» – рақымшылық пен қайырымдылық айы

Қасиетті Рамазан айында қайырымдылық түскі ас беру Жамбыл облыстық этномәдени бірлестіктері жомарт та қайырымды жандарының игі дәстүріне айналды. Рамазан айы – рақымшылық айы, айлардың сұлтаны болғандықтан көптеген адамдар игі істер жасауға, қиын өмірлік жағдайға тап болған адамдарға көмек пен қолдау көрсетуге тырысады. Көмек пен қолдауды қажет ететіндердің арасында мүмкіндігі шектеулі адамдар да бар. Осы орайда,      аталмыш  санаттағы жандарға Тараз қаласының Өзбек мәдени орталығының меценаттары шын жүректен қайырымдылық ауызашар-ифтар өткізді. Бұл маңызды шара ағымдағы жылдың сәуір айында Тараз қаласының “Омад” кафесінде өтті. Онда келушілер мен қонақтарға арналып  бай және жомарт дастархан жайылды. Ұйымдастырушылардың бірі – Тараз қалалық мәслихатының депутаты Әлішер Әлімұратұлы Кәрімов 35 адамға арналған қайырымдылық іс-шараны өткізуге көмек көрсетті. Осымен Тараз қаласының Өзбек мәдени орталығы меценаттарының қайырымдылық көмегі аяқталған жоқ. Мәселен, “Наргиз” кафесінде 30 адамға қайырымдылық түскі ас берілді. Бұл шақырылғандардың арасында да  мүмкіндігі шектеулі жандар болды.  Қиын өмірлік жағдайда қалған жандарға көмектесу және қолдау білдіру – біздің өңірлік ҚХА меценаттарының қалыпты ісіне айналды. Сондықтан қасиетті Рамазан айындағы әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға  қайырымдылық жасаушы ер-азаматтардың пейілі кең, қолы ашық болсын! Жасаған жақсылықтары  өздеріне еселеніп қайтарылары сөзсіз.

Жамбыл облысы әкімдігінің ІСБ

«Қоғамдық келісім» КММ

 Баспасөз қызметі орталығының басшысы Бибігүл Шахзада

Спорт жас тандамайды

Денсаулықты нығайту оңай емес, бірақ кез-келген жаста өте маңызды. Осы себепті “алтын жастағы” адамдар деп аталатындар, олардың арасында этномәдени бірлестіктердің өкілдері көп, салауатты өмір салтын ұстануға тырысады, жыл сайын белсенді бола түсуде. Жақында Тараз қаласының Қайрат Рысқұлбеков демалыс саябағында қалалық спартакиада өтті, оған Жамбыл облысының этномәдени бірлестіктерінің өкілдері белсенді қатысты. Ұлы Жеңістің 77 жылдығы мен ардагерлер ұйымының 35 жылдығына арналған іс-шараны Тараз қаласының әкімдігі, Тараз қалалық ардагерлер кеңесі ұйымдастырды.

Спорт және денсаулық мерекесі салтанатты ашылу рәсімінен басталды. Іс-шараға қатысушыларды Тараз қаласының әкімі Ержан Жылқыбаев, Жамбыл облысы ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев құттықтап, қатысушыларға жаңа спорттық жетістіктер тіледі. Салтанатты рәсім  спорттық ойындарға ауысты. Қатысушылар тоғызқұмалақ пен асық ату,  үстел теннисі мен волейбол, бильярд, шахмат пен дойбы ойнап, дартс ойынында мергендік танытты. Барлығы 8 спорт түрінен жарысты.

Іс-шара соңында жеңімпаздар диплом, медальдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Бас жүлде Жамбыл облысының спартакиадасына жолдама болды.

Жамбыл облысы әкімдігінің ІСБ

«Қоғамдық келісім»КММ

Баспасөз қызметі  орталығы

Таразда еврей этносының “Песах” діни мерекесі атап өтілді

Үстіміздегі жылдың сәуір айында Тараз қаласында біздің дәуірімізге дейінгі 13-ғасырда орын алған еврей халқының тарихындағы айтулы оқиғаны – мысырлық құлдықтан шығу мен бостандыққа қол жеткізуді бейнелейтін иудейлік “Песах” діни мерекесі атап өтілді.

Іс-шара Тараз қаласының “Эльба” кафесінде өтті. Мерекеге қатысушылардың арасында Жамбыл облысы әкімдігінің ІСБ “Қоғамдық келісім” КММ басшысының орынбасары Сәуле Құрманқұлова, “Жамбыл облыстық поляк “Полонез” Тіл және мәдениет орталығы ” ҚБ төрайымы Лариса Калькова, облыстық еврейлер қауымдастығының төрайымы Людмила Корнилина және қалалық еврей қауымдастығының өкілдері болды. “Шиват Цион” Жамбыл облыстық еврей мәдени орталығы “қоғамдық бірлестігінің еврей халқының тарихы мен дәстүрін зерттеу жөніндегі “Авраам” клубының жетекшісі Михаил Бунин қатысушыларға мерекенің тарихын, оның өсиеттері мен дәстүрлерін еске салды. Мереке мерекелік аспен аяқталды. Мерекелік үстелді «киара» тағамы безендірді.  Онда мерекенің атрибуттары – боялған жұмыртқа, тауық еті, ащы шөптер болды. Дастарханнан салат немесе ақжелкен жапырақтары қосылған тағамдар да, матца шелпектері де  орын алды.  Әр тағамның өзіндік сыры бар. Матца наны жиналғандарға Израиль елінің Иерусалим қаласынан арнайы алынып таратылды.

Жамбыл облысы әкімдігінің ІСБ

«Қоғамдық келісім» КММ

 Баспасөз қызметі орталығы

Таразда Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары Кузиев Закиржан Пірмұхамедұлымен кездесу өтті

Ағымдағы жылдың 21сәуірінде Тараз қаласының Достық үйінде ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттығына кандидат, Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының Қоғамдық орынбасары Кузиев Закиржан Пірмұхамедұлы Жамбыл облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының мүшелері және төрағалары, төрайымдарымен кездесті. Атап айтқанда, жиынға облыстық қазақ, грек, ұйғыр, күрді, қытай, қарашай-балқар, тәжік, орыс, поляк, қалалық және облыстық өзбек этномәдени бірлестіктерінің басшылары, “Ассамблея жастары”  ҚХА жастар қозғалысының жастары және «Қоғамдық келісім» КММ қызметкерлері қатысты.

Іс-шараның басы Жамбыл облысы әкімдігінің ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Парида Мамедованың өңірлік ҚХА мүшелерін таныстыруынан басталды. Сонымен бірге, ассамблея мүшелерін насихаттау және сайлауалды жұмыстарының басталғаны жөнінде хабардар етті.

Кездесу барысында Закиржан Пірмұхамедұлы өзін қысқаша таныстырып өткеннен кейін Әулиеата өңіріне келген сапарының себебін түсіндіре келе, қатысушыларға өзінің сайлауалды идеяларымен бөлісті. Оның құрамына ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты лауазымында іске асыруды жоспарлап отырған бірқатар шаралар кіреді. Сондай-ақ, ол бүгінгі күнге дейін жүзеге асырылған іс-шаралар туралы айтып, өзіне жүктелген жауапкершілікті өз мойнына зор жауапкершілікпен алуға дайын екендігін атап өтті: «Қазір әлемнің біраз жерлерінде қақтығыстар орын алып, кейбір елдерде бейбітшілікке қауіп-қатер төнуде. Бірақ Қазақстанда мұндай жағдайлар көрініс бермейді деп толық сенемін. Өткен күндерімізге көз жүгіртсек, кешегі Мақтаралдағы табиғат апаттары, Арыс пен Байзақтағы қару-жарақ қоймасының жарылысы, жалпы Қазақстандағы қаңтар оқиғасы адамзатқа қауіп тудырған келеңсіздіктер Қазақ елінің қабырғасын қайыстырмай қоймады. Қазір Мемлекет басшысының көреген саясатының арқасында Қазақстан жаңаша даму жолында. Осыған орай, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған саяси реформалардың төрт бағыты бойынша қоғамды демократияландыру жөніндегі бастамаларды қолдаймын. Қазір парламенттік және президенттік дұрыс басқару жүйесіне көшудің соңғы кезеңдері жүзеге асырылуда. Біздің ұранымыз– қуатты Президент, беделді Парламент және тиянақты жұмыс істейтін Үкімет. Мен заң шығарушы органның мүшелігіне үміткерлердің бірі ретінде осы бағытта жұмыс істеуге дайынмын», – деп өз сөзін түйіндеді Закиржан Кузиев.

Осыған қоса, облыстық ҚХА төрағасының орынбасары Латиф Айдаров, Жамбыл облыстық этномәдени бірлестіктерінің жетекшілері – Махмұт Қашқари атындағы Ұйғыр этномәдени бірлестігінің төрайымы Мухабат Турдыева, Гректер орталығының басшысы Георгий Буюкиди, облыстық Өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы Бахром Муминов, «Радонеж» Орыстар қауымдастығының басшысы Владимир Сорокин, “Ассамблея жастары” ҚХА жастар қозғалысының жетекшісі Хамида Турдыева және этносаралық саладағы зерттеу жұмыстарымен танымал Парида Иманжанқызы да отырыста өз ойлары мене ұсыныстарын ортаға салды. Олар ассамблея статусының сақталуы, төмендемеуі немесе жоғарылауы, саяси реформалар, сайлау сауалдары, ұлттық мектептерді ашу, мемлекеттік және ұлттық тілдері игеру бойынша тіл мәселесі,көші-қон мәселелері, сондай-ақ, ақпараттық әлемдегі этносаралық араздыққа әкелетін, адам құқығына қайшы келетін заңсыздық әрекеттер, орын алып жататын жағымсыз пікірлер жөнінде де айта кетті.

Жиын соңында Тараз қалалық Достық үйіне саяхат жасалып, З.Кузиев осы ғимаратта орналасқан Махмұт Қашқари атындағы Ұйғыр этномәдени бірлестігінің мұражайымен танысты.

Дауыс беру жуық арада Нұр-сұлтан қаласында Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХ сессиясында өтпек. Осыған орай, Жамбыл облыстық ҚХА мүшелерінің атынан Закиржан Пірмұхамедұлына сәт сапар мен сәттілік тілейміз!

Жамбыл облысы әкімдігінің ішкі саясат басқармасының

«Қоғамдық келісім» КММ Баспасөз қызметі орталығының басшысы

Бибигуль Шахзада

 

Өмірімнің мәні – биім

Үстіміздегі жылдың 16 сәуірінде Тараз қаласында  А.Тоқпанов атындағы қазақ драма театрында облыстық «Живу танцуя» тақырыбында эстрадалық хореографиялық би  байқауы өтті.

Байқаудың міндеттері мен мақсаттары – өңірдегі талантты орындаушылар мен шығармашылық ұжымдарды қолдау, дәріптеу, әр өнерлі жастың жұртқа өзін-өзі танытуы, жастар мен балалар арасындағы өзара сыйластық пен достық қарым-қатынас орнатуды нығайту,  олардың өнер жолындағы білім көкжиектері мен интеллектуалдық деңгейлерін көтеру,  орындаушылық мәдениеттерін жақсарту, өскелең ұрпақтың көркемдік талғамын арттыру.

Іс-шараның ұйымдастырушылары – Нұр-Сұлтан қаласынан республикалық «Creative fest» жастар қозғалысы.

Аталмыш би сайысының І-дәрежелі лауреаттары  болып,  І-орынға  Жамбыл облыстық Гректер этномәдени бірлестігінің «Инфинити» (infiniti_dance_taraz) шығармашылық би ансамблі ие болды.

Жамбыл облысы әкімдігінің ІСБ

 «Қоғамдық келісім» КММ

Баспасөз қызметі орталығы