Үстіміздегі жылдың 29-қаңтарында берген сұхбатында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзекті тақырыптар бойынша барлық сұрақтарға тыңғылықты жауап берді.

Үстіміздегі жылдың 29-қаңтарында берген сұхбатында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзекті тақырыптар бойынша барлық сұрақтарға тыңғылықты жауап берді. Президент қаңтардағы қайғылы оқиғалардың себептері мен салдары, алдағы саяси және әлеуметтік реформалар, Қазақстанның негізгі сыртқы саяси серіктестермен қарым-қатынасы туралы шынайы және батыл түрде тоқталып, елдегі бірлік, ынтымақтың қажеттілігін атап өтті. Сонымен бірге, қаңтардағы қайғылы жағдай туралы айта келе, Мемлекет басшысы қиын сәтте берілген келеңсіз тапсырмаларды пысықтап айтып шықты.

Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаев басқа да сәтсіздіктерді айтуға сескенбеді. Мәселен,, ақпараттық «соғысқа» қатысты: – Сол кезеңде ақпараттық жарияланымдар жанында біз шарасыз болдық, онымен күресетіндей уақыт та, күш те тапшы болды.  Ол кезде  біз туралы кім  не айтатыны маңызды болған жоқ, – деді Қ.Тоқаев сұхбат барысында.

Сұхбат беру барысында елдің дамуы, халықтың әл-ауқаты үшін қажетті өзгерістер туралы сөз болды. Қасым-Жомарт Тоқаев сұхбатында трансформация қажет екенін атап өтті. Ол реформалар адамдарды өзгерту үшін жасалмайтыны, өзгерістердің тек қалыпты жүйеге ғана әсер ететінін айта кетті. Бұған қоса, жастарға көңіл бөлінді. Ел Президенті «біз қалаларда шоғырланбаған жастармен нақты жұмыс жүргізуіміз керек. «Jas Otan» қатарына жастар арасында сенімге ие, пайдалы қоғамдық қызметпен айналысуға дайын көшбасшыларды тарту керек», – деді. Осы ұсыныс бойынша  жастардың білімі, жұмысын саралауда  қай бағыттар басым екендігі туралы сөз болды.

Қазақ елін дүр сілкіндірген кешегі қаңтар оқиғасы бәрімізге оңай тиген жоқ, қабырғамыз қайысып-ақ отырды. Кешегі күн – бүгінгі тарих, тәуелсіздігімізге 30 жыл толғанда қиыншылыққа жолығып, біраз есеңгіреп қалдық. Ел басына күн туып, сақ сынып, сүйек сырқырататын тарихтың тулаған тұстары аз емес. Соның ішінде қазақ елінің басына нелер келіп, нелер кетпеді десеңізші?! Ұйып отырған осы бейбітшілігіміз бен бірлігімізге жетер не бар?! Қандай қиын заман туса да, қандай қуаныш болса да ел іргесі бүтін, бірлігіміз бекем болсын!

Искандиров Мұқаш Зулкарнаевич, Жамбыл облыстық  мәслихат депутаты, ҚХА мүшесі

Кейде әрбір адам өздігінен батыл шешім қабылдауды қажет ететін қиын жағдайларға тап болады, қабылдаған шешімдеріне өзі жауап береді.

Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев қаңтардағы қайғылы оқиғадан кейін алғашқы сұхбатын берді. Бұл сұхбат саясаттағы ашықтық үлгісі бола алады. Президент реформалар мен саясатты ашық жүргізу туралы батыл шешімдерімен бөлісіп, үлкен өзгерістерге жол бастады.

Президенттің айтуынша: “Бұл нағыз соғыс болды, жауапкершілікті өз мойныма алу қажеттігі туындады. Біздің заңға сәйкес, Жаңаөзен оқиғасынан кейін қару-жарақ бақылаудан шығып кеткен жағдайда қаруды қолдану жағынан шектеулер енгізілген. Сондықтан, мен көпшілік алдында мәлімдеме жасамас бұрын да қарулы қарақшыларға оқ ашу керек деп айттым. Мен жауапкершілікті өз мойныма алдым».

Президенттің бұл батыл іс-қимылдарына бүкіл Қазақстан халқы қолдау білдірді. ҰҚШҰ елдерінің әскерлерін шақыру ең дұрыс, дер кезінде қабылданған шешім болғанын уақыт көрсетті.

Сұхбат барысында саяси реформалар, сондай-ақ кадрлық өзгерістер тақырыбы да назардан тыс қалған жоқ.

Президент саясаткерлер қатарындағы жаңа тағайындаулар алдағы уақытта да жалғасатынын айтты.

Мемлекет басшысы кадрларды әлі де біліктілігі мен жұмыс сапасына қарай бағалау керектігін, тексерілген мамандар қажет екенін айтты. Сондай-ақ Президент реформалар тек кадрларды өзгертумен шектелмейтінін, өзгерістер тек жүйеге әсер ететінін түсіндірді.

Президент Қ. К. Тоқаевтың сұхбатынан кейін Қазақстанның болашағы туралы ой қалыптасты. Яғни, Мемлекет басшысы болашақтың білім, ғылым, жаңа технологиялар әлеуетіне және қазақстандықтардың әлеуетіне байланысты екенін атап өтті.

Сайып келгенде, халық қоғам мен бүкіл саяси жүйенің трансформациясы Қазақстанды экономикалық өсуіне әкелетініне сенімді.

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Депутаты

Ілияс Буларов

Телеэфирде көрсетілген Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сұхбаты уақытылы, эксклюзивті, серпінді, шынайы болды.

Телеэфирде көрсетілген Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сұхбаты уақытылы, эксклюзивті, серпінді, шынайы болды. Әр сөз жүрекке тез жетті. Мемлекет басшысы өткір және келеңсіз қойылған сұрақтарға да батыл түрде ашық жауап берді. Әр сөзінен нық сенімділік сезіліп тұрды. Бұл халык үшін маңызды және құнды, өйткені сенім Қазақстанның дұрыс дамуы үшін қажетті реформаларды жүзеге асыруда жақсы көмекші болып табылады. Сондай-ақ, сұхбатта өмірлік маңызы бар салалардағы, ішкі және сыртқы саясаттағы өзгерістер туралы да айтылды. Енді аркарай өмір көрсетеді, еліміздегі бұл өзгеріс-реформалар халық тұрмысын жақсы жаққа өзгертуге тиіс.

 

Сартиф Алиев, Жамбыл облысы бойынша “Барбанг” күрділер қауымдастығының төрағасы

Үстіміздегі жылдың 29 қаңтарында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың республикалық телеарналардан эксклюзивті сұхбаты көрсетілді.

Үстіміздегі жылдың 29 қаңтарында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың республикалық телеарналардан эксклюзивті сұхбаты көрсетілді. Сұхбат барысында мемлекет басшысы қоғамды алаңдатқан қасіретті қаңтар оқиғасының себептері мен салдары, алдағы саяси және әлеуметтік реформалар, Қазақстанның сыртқы саясаттағы негізгі серіктестерімен қарым-қатынастары туралы сауалдарға жауап берді. Мемлекет басшысы сұхбатында реформалар тек адамдарды өзгертумен ғана шектелмейтінін, реформалар ең алдымен жүйедегі өзгерістер екенін айтты.”Қазақстан халқына” қоры еліміздегі әлеуметтік мәселелерді шешуге үлкен көмек. Еліміздің көркейіп дамуына, әрбір азаматтың жауапкершілігі маңызды, және бірігіп атсалысуы қажет.

 

Эсьмира Гашанговна Мамедова, Жамбыл облысы, Жуалы аудандық “Мехрибан” әзірбайжан этномәдени бірлестігінің төрайымы

Елбасымыздың қай кезде ел алдына шықпасын, әрбір сөзін ықыласпен күтемін.

Елбасымыздың қай кезде ел алдына шықпасын, әрбір сөзін ықыласпен күтемін. Оның әрбір сөзін тыңдай отырып, ерекше ой толғаймын. Жаңа жылдың басталуымен бәріміз жақсы жаққа өзгеріс, жаңа өмір күтеміз.  Осы жыл мен  қаңтар оқиғасы барша азаматтардың қорғаны, үміті де -Президентіміз Қасым Жомарт Кемелұлы екенін көрсетті.Оның айқын ұстанымы мен іс-әрекеті, оны дипломат және кәсіби саясаткер ретінде біздің көзімізде ғана емес, Батыстық көршілеріміздің алдында тағы да растады. Батыс елдерінің пікірлеріне тоқталмай, , ол тек бейбіт тұрғындардың қауіпсіздігін ойлады.

Елбасы әр сөзінде еліміздің болашағы – білім, ғылым, жаңа технология салаларында екенін баса айтады.Ұстаз ретінде мен өз жұмысымның жауапкершілігін түсініп,жұмысты күшейтіп,тәрбиеге көбірек назар аудару керек екенін тағы да біле түскендеймін.

Елбасының кадр біліктілігі туралы айтқан сөзін ерекше атап өткім келеді. Осы жерде Қасым Жомарт Кемелұлының «Кадрларды әлі де біліктілігіне, жұмыс қабілетіне қарай бағалау керек» деген сөзін мысалға  келтіргім келеді. Өзгеріс заманына келетін болсақ, әркім өз тағдырын өзі жасайды дегім келеді.Бірақ әрбір ісіміз өзімізге ғана емес, елімізге пайдалы болуға міндетті. Көзіміздің түсіне, дінімізге қарамастан біз бір халықпыз. Билік, халық деп те бөліну дұрыс емес, бәріміз бүтін бір елміз, Қазақ елі! Ел басына енді мұндай қиыншылық келмесін! Қиын-қыстау күндерде бір-бірімізге қорған бола білейік! Бейбітшілігіміз бен бірлігіміз мәңгі болсын!

 

Жамбыл облыстық “Вынхуа” дүнгендер этномәдени бірлестігінің мүшесі Динара Хатамқызы Нұралиева

Ағайынды Зайнутдиновтар – игі істің жаршылары

Үстіміздегі жылдың қаңтарында Жамбыл облысы Ішкі істер органдарының ардагерлері ағайынды Зайнутдиновтар Тараз қаласы полиция департаменті мен полиция басқармасының қираған ғимараттарын қалпына келтіріп жатқан полиция қызметкерлері мен жұмысшыларға қайырымдылық түскі ас ұйымдастырды. Үлкен ағасы Абдурахман Тараз қаласының өзбек орталығы қоғамдық бірлестігінің төрағасы, ал кіші Абдурахим – Мырхалық қажы атындағы мешіттің имамы. Бүгін мұсылман діндарларының және қалалық Өзбек орталығы мүшелерінің қолдауымен аталған полиция нысандарында жұмыс істейтін 200-ден астам адамға пештен жаңа шыққан ыстық таба нан мен хош иісті өзбек палауы түскі ас ретінде берілді. ІІО ардагерлері қаза тапқан полицейлер мен ҚР Ұлттық гвардиясы жауынгерлерінің отбасыларына шын жүректен көңіл айтты, ал жараланғандар мен жарақат алғандардың тезірек сауығып, қатарға оралуын тіледі. Абдурахман ІІО қызметкерлері қоғамдық тәртіпті сақтау бойынша қылмысқа қарсы күресте әрдайым алдыңғы қатарда екенін атап өтті. Кеңестік кезең болсын, Тәуелсіз Қазақстан жылдары болсын, олар өз өмірлерін қатерге тіге отырып, өздерінің қызметтік борыштарын абыроймен атқарып келеді. “Қаңтар трагедиясы” күндері полицейлер лаңкестік көріністермен күресте батылдық пен табандылық танытты. Ағайынды Зайнутдиновтар қоғам мен азаматтарды осы қиын уақытта полиция қызметкерлерін қолдауға шақырды.

 

Жамбыл облысы әкімдігінің ішкі саясат басқармасының

“Қоғамдық келісім” КММ Баспасөз қызметі орталығы

Тараз – Ұлы Жібек жолының бойында, ғылым мен білімнің, мәдениет пен өркениеттің орталығы болған көне қала.

Оның терең тарихы – Әулиеата жұртының, Қазақ елінің мақтанышы. Тараз егеменді елімізбен бірге дамып келеді. Жыл өткен сайын жаңа шағын аудандар, көрікті ғимараттар салынып, заманауи инфрақұрылым жүргізілуде. Жақын күндері «Гимнастика және үстел теннисі», «Анаға тағзым», «Облыстық онкологиялық» орталықтары халық игілігіне берілмек. «Үшбұлақ», «Қарасу» каналдарында тағы бір жағалау пайда болады. Естуімізше келесі жылы Мұз сарайының, Жеңіл атлетика манежінің, Бокс орталығының, 14-шағын ауданда 250 төсек орынды көпсалалы аурухананың құрылысы басталады екен. Көп жылдан бері қараусыз қалған «Зербұлақ» көлі аумағында үлкен демалыс орны ашылады деген жақсы жаңалық айтылып жүр. Мұның бәрі тараздықтардың жайлы тұрмысы үшін, келер ұрпағымыздың игілігі үшін жасалып жатқан жұмыстар, Тараз әкімдігінің де ерен еңбектері! Қала басшысы Ержан Жылқыбаевқа да айтар алғысымыз шексіз. Ержан азамат – нағыз игілікті істің адамы. Ендеше сүйікті қаламызға жанашырлықпен қарап, қамқорлық таныту – әрқайсымыздың перзенттік парызымыз. Жылдың басында елімізді дүр сілкіндірген қаhарлы «қаңтар оқиғасы» баршамызды есеңгіретіп тастағаны рас. Қандай қиыншылық болса да, ел басына қандай қараң күн туса да қазақстандықтар бірлігін жоғалтпауы керек! Жастар бұдан соң бұзақылықтан аулақ боп, қандай да бір аяқастынан пайда болатын арандатушылардың жетегіне ермей, еліміздің, қаламыздың, тұрып жатқан елді-мекендерімізге сыйластықпен қарайық. Қазақстан үшін ауыр жағдайда қаламызда қираған ғимараттарымыз қалпына келтіріліп, Тараздың бүгінгі келбетіне әрбір тұрғын өз үлесімізді қосалық!

Жамбыл облыстық Махмұт Қашқари атындағы

Ұйғыр этномәдени бірлестігінің төрайымы, ҚХА мүшесі,

 өңірлік ассамблея Аналар кеңесінің өкілі

 Мухаббат Абдырахманқызы Тұрдыева

 

 

Ризашылықпен айтылған рахмет

2022 жылдың 22 қаңтарында Тараз қаласында әкімшілік ғимараттарды қалпына келтіру жұмыстарында жұмыс істейтін жұмысшылар үшін 700-ден астам адамға қайырымдылық түскі ас берілді. Атап айтқанда, Жамбыл облыстық “Ахыска” түрік этномәдени бірлестігінің өкілдері Жамбыл облысы әкімдігінің ғимаратын қалпына келтіріп жатқан 300 жұмысшыға түскі ас берді. Бұл жолы түскі асқа оларға салат, ыстық қуырдақ, сусындар берілді. “Ахыска” түрік этномәдени бірлестігінің төрағасы Махмуджон Мираддинұлы Давришевтің айтуынша, қайғылы оқиғадан кейінгі түрік ағайындардың бұл алғашқы қайырымдылық акциясы емес, осы этномәдени бірлестіктің өкілдері тәртіпті қорғап, блок-бекеттерде кезекшілік жүргізгендерге де тегін, ыстық түскі ас берген.

Тәртіпсіздік орын алған күндері Жамбыл облыстық Полиция Департаментінің, қалалық басқарманың және № 1 полиция бөлімінің ғимараттары зардап шеккен болатын. Осыған орай, бүгін Тараз қалалық Өзбек этномәдени орталығының өкілдері де қайырымдылық істен қалыс қалмады. Қала имамы Орынбасар Дәуренбеков пен “Досматов Престиж”, “Тим Досматов” ЖК демеушілерінің қолдауымен жоғарыда аталған ғимараттар бойынша жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқан 400-ден астам жұмысшыларға қайырымдылық түскі ас ұйымдастырды. Түскі ас мәзіріне ыстық палау, сусындар кірді. Шын ықыласпен берілген асқа құрылысшы жамағат та ризашылықпен зор алғыстарын білдірді.

 

Жамбыл облысы әкімдігінің

 ІСБ Қоғамдық келісім “КММ

 Баспасөз қызметі орталығы

Мероприятие Мерке

Аудан әкімінің тапсырмасына сәйкес, ұлтаралық келісімді және ұлттар достығын нығайту мақсатында өзгеұлт өкілдері тығыз шоғырланған Жамбыл, Меркі және Ойтал ауылдық округтерінде аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруымен этномәдени бірлестіктерінің жетекшілері, ауыл ақсақалдары, ауыл имамы және құқық қорғау органдарымен бірлесе ауыл тұрғындарымен кездесулер өткізілді.

Кездесу барысында ой-пікірлер алмасып, достығымыздың берік екендігін көрсете білді. Елімізде соңғы болған жағдайға байланысты Президентіміздің Қазақстан халқына үндеуіне және берілген тапсырмаларына қолдау көрсету бойынша салихалы кездесу өткізілді.

Сонымен қатар, ауданымыздағы қалыптасқан ұлттар достығы, жастар арасындағы Отанға деген патриоттық іс-шаралар, дін және конфессиялар арасындағы түсіністікбағыттарындағы атқарылып жатқан жұмыстар мен атқарылатын жұмыстар туралы ұсыныстар айтылды.

 

Жамбыл облысы әкімдігінің

 ішкі саясат басқармасының

«Қоғамдық келісім» КММ

Баспасөз қызметі орталығы

Жастармен кездесу

2022 жылдың 18 қаңтарында Жамбыл облысы әкімдігінің ішкі саясат басқармасының “Қоғамдық келісім” КММ-де Жамбыл облысының ҚХА жастарымен кездесу өтті. Іс-шара онлайн және офлайн форматта өтті. Қатысушылар арасында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, ҚХА мүшесі Ғұлам Умаров, Жамбыл облысы ҚХА төрағасының орынбасары Латиф Айдаров, «Ассамблея жастары» республикалық жастар бірлестігінің, Жамбыл облысы ҚХА Аналар кеңесінің, Жамбыл облысы әкімдігінің ІСБ «Қоғамдық келісім» КММ өкілдері бар. Ғұлам Умаров болып жатқан оқиғалар және жаңа Қазақстанның даму жолдары туралы айтты. Ол кез келген ақпаратты қабылдап қана қоймай, талдау, дұрыс қорытынды жасау, болжау, қауіп-қатерлерге қарсы тұру маңызды екенін атап өтті. Сондай-ақ, Латиф Айдаров та жастардың дамуына, оның жұмыспен қамтылуына баса назар аударды. Жастарды өздерінің бизнес-идеяларын ұсынуға, жобаларын іске асыруға шақырды. Ол жақында Жастар бастамаларын қолдау жөніндегі жобалық кеңсенің ашылғанын хабарлады. Осыған қоса, Жамбыл облыстық ҚХА Аналар кеңесінің төрайымы Мұхаббат Миражапова идеологиялық құрамдас бөлікке, тәрбие сәттеріне назар аударды. “Ассамблея жастары” республикалық жастар бірлестігінің төрайымы Хамида Тұрдыева кәсіби бағдар, мемлекеттік тіл, экология, тарихи-мәдени, әскери-патриоттық тәрбие беру негізіндегі жұмыс бағыттарымен таныстырды. Талқылау барысында қатысушылар ұсынылған жобалық бағыттар бойынша өз қызықты және тартымды пікірлерін білдірді. Ерекше ұсыныстар ішінде туризмді дамыту,  сондай-ақ, қатысушылар Қазақстанда, Жамбыл облысында барлығы біле бермейтін әдемі жерлер аз емес екенін және оларды сыртқы және ішкі туристер үшін ашу қажет екенін атап өте келе, өз тәжірибелерімен бөлісті. Мысалы, “Радонеж” орыс қауымдастығының жастар қанатының жетекшісі Анастасия Попова еріктілік, туризм саласында жүзеге асыратын жобалары туралы айтты. Жобаларға тіпті оқушылар да тартылғаны сөз болды.

Іс-шара барысында қатысушылар ассамблея мүшелеріне сұрақтар қойып, алдыңғы толқын – ағалардан сауалдарына жауаптар, қажетті кеңестер алды.

 

Жамбыл облысы әкімдігінің ІСБ

«Қоғамдық келісім» КММ

Баспасөз қызметі орталығы