Құрметті жерлестер!

Сіздерді Тәуелсіздік күнімен құттықтаймын!
Бүгінгі мереке – еліміздің еркіндікке қол жеткізген тарихи сәті.
Жерінің асты зор байлыққа, үсті парасатты халыққа толы Қазақстан елі Тәуелсіздігінің 33 жыл толғанына куә болып отырмыз. Ата-бабалары ғасырлар бойы армандап өткен тәуелсіз ел болу мәртебесін көру – бүгінгі ұрпаққа бұйырған зор бақыт.
Осы орайда, елімізде бейбітшілік, бірлік, тұрақтылық орнап, болашағымыз жарқын болсын дегім келеді. Қуанышымыз құтты, бақытымыз баянды болсын. Жаңа ғасырда қайта түлеп, жасарып, түрленіп жатқан еліміздің тәуелсіздігі мәңгілікке ұлассын!

Жамбыл облыстық «Манас Ата» Қырғыз этномәдени бірлестігінің төрағасы,
Абзалбек  Меңдібаев

Құрметті Қазақстан халқы

Құрметті Қазақстан халқы, баршаңызды мерейлі мерекеміз – Тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл күн халқымыздың мызғымас бірлігін айшықтайтын атаулы мереке. Дәл осы күні күллі әлем Қазақстан Республикасын дербес мемлекет ретінде таныды.

Желтоқсанда жалынды жастардың басын бәйгеге тігіп, бодандық құрсауынан шығуға ұмтылған ерлігі қазақ еліне егемендік сыйлады. Бостандық пен еркіндіктің бастауы болып табылатын осындай салтанатты күнде баршаңызға  бақ-дәулет, ырыс тілеймін. Қазақстанның тұрақты дамуы мен кемелденуі жолындағы еңбектеріңіз табысты, бастамаларыңыз сәтті болсын!

Бүгінгі ұрпаққа бұйырған зор бақытымыз баянды, азат еліміздің тәуелсіздігі тұғырлы болсын!

Жамбыл облыстық «М.Қашқари атындағы Ұйғыр

этномәдени бірлестігі» ҚБ жетекшісі

Мухабат Турдыева

ТӘУЕЛСІЗДІК ПЕН ЭТНОСАЯСИ ТҰРАҚТЫЛЫҚ – БАСТЫ ИГІЛІГІМІЗ

Мубарак Қасымқызы Жинақбаева, Жамбыл облысы әкімдігінің ақпарат және қоғамдық даму басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ басшысы, Достық үйінің директоры

 

Тәуелсіздік — біздің болашақ ұрпаққа берілген үлкен бақыт, халқымыздың мәңгілік құндылығы. Баршамызға белгілі, 1991 жылғы 16-желтоқсанда «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заңы қабылданды. Біз бүгінге дейінгі барлық жетістіктерімізге  тәуелсіздіктің арқасында қол жеткіздік. Отыз жылдан астам уақыт ішінде елдің әл-ауқаты  көтеріліп, төл мәдениетіміз бен тағлымы мол тарихымызды, мемлекеттік тілді жаңғырту ісінде қыруар жұмыстар жасалды. Елімізде білім, ғылым, мәдениет, денсаулық, спорт салалары айрықша даму үстінде.  Жаңарған мемлекет тарихындағы жаңа дәуір дәл осы тәуелсіздіктен бастау алады.

Қазақ халқының егемендікке ұмтылған қадамы сәтімен жүзеге асты. Дербес мемлекет құру қазақ халқының ғасырлар бойы аңсаған арманы еді. Тәуелсіздік табалдырығында тұрған осы жан тебірентер сәтте қазақ елінің еркіндігі, бостандығы жолында бас тіккен азаматтардың, солардың қатарында бұл күнге жете алмай, туған Қазақстанның егеменді ел, тәуелсіз мемлекет болғанын көре алмай өмірден өткен желтоқсан құрбандарының рухына тағзым етіп, еске алуды парыз санаймыз.

Тәуелсіздік бәрімізге зор міндеттер артты. Еңселі ел болудың игіліктері мен әулетіміздің асуы да, дәулетіміздің тасуы да өз қолымызда. Кең-байтақ жеріміздің байлығы осы даланың түпкілікті халқына да, тағдыр қосып бірге өмір сүріп жатқан өзге этнос өкілдеріне де молынан жетеді. Тек қандай да бір игілікті іс бастамастан бұрын  ақылға жүгініп,  арзан ұранға ермей, ұшпа сезімге жол бермей  нық  қадаммен алға жүрсек еш адаспаймыз және елдің бірлігі мен ынтымағы, татулығы мен келісімі де мықты болмақ.  Әсіресе, жастар салқынқандылықтан, үлкенді сыйлаудан, сөзге тоқтаудан айнымаса, қашанда достыққа адал болса, бауырмашыл, кеңпейіл болса,  халықтың атына сөз келтіретін ұстамсыздық атаулыдан аулақ жүрсе – болашағымыз жарқын деген сөз.

Қазақстан Тәуелсіздік алғаннан кейін дербес мемлекет ретінде халықаралық  аренаға шыққаны баршамызға белгілі. 1992 жылы 2 наурызда БҰҰ-на кірді. Сонымен қоса Халықаралық валюта қорына, Халықаралық реконструкция және даму банкісіне, Дүниежүзілік банктің, Халықаралық даму қоғамдастығының,  инвестицияға кепілдік беретін көпжақты агенттіктің, инвестициялық таластарды шешу жөніндегі халықаралық орталықтың, дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мүшесі де болды.

Осыдан отыз жыл бұрын Қазақстанның мемлекетік тәуелсіздігі туралы заң қабылданғаннан кейін халқымыз өз мемлекеттігін, шынайы тарихы мен мәдениетін қайта түлетуге жігерлене құлшыныспен кірісті. Елдің ішкі және сыртқы саясатын, жаңа, демократиялық қоғам құру ұстанымдарын дербес айқындап алды. Әлеуметтік-экономикалақ күйреу мен дағдарысты бастан кешірген Қазақ мемлекеті өркендеуде өз жолын таба біліп, өркениетке өз үлесін қоса бастады.

Қуатты саяси, экономикалық, әлеуметтік және демократиялық қайта құрулар – көп ғасырлық тарихымыздың қойнауында өткен заманның ешбір кезеңінде болмаған мүлде жаңа үрдіс, тың құбылыс жағдайында дамып жарқын болашаққа айқара жол ашты.  Біз саяси тұрақтылықты сақтап қана қоймай, сонымен бірге оны нығайта түсуге және өзіміздің қазақстандық этносаралық келісім үлгісін жасауға қол жеткіздік. Мемлекетіміздің ұлттық стратегиясы 1986 жылдан бастап этносаралық және конфессияаралық қоғам құрудың тиімді жолын қалыптастырды. Біздің Республика этносаралық жанжалдарды қазір де, болашақта да болдырмауға болатынын бүкіл әлемге сенімді түрде дәлелдеді. Содан бері міне, этносаралық түсіністіктің қазақстандық моделі қалыптасып, нәтижелі жұмыс жасап келеді. Бұл бір экономикалық формациядан басқа, үлкен экономикалық қиындықтар мен әлеуметтік проблемаларға өтудің кезіндегі кедергілерге қарамастан адамдар арасындағы бір-біріне деген сенімнің болғандығының жарқын көрінісі болып табылады.

Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап Республиканың саяси басшылығы өз азаматтарының құқықтарының сақталуын қамтамасыз етуге айрықша назар аударды. Еліміздің Конституциясында адамды тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, нәсіліне, діни көзқарасына байланысты ешқандай кемсітуге болмайтындағы анық айтылған.

Мемлекетіміздегі аса өзекті, әрі  басты мәселеміздің бірі болып саналатын тіл саясатын тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап біз парасатты байыптылық таныта жүргізіп келе жатырмыз. Дегенмен, бүкіл Қазақстан халқы қазақ тілінің осы мемлекеттің негізгі қолданыс тілі болып табылатындығын саналы түрде түйсіне білу керек. Себебі, бұл тіл осы мемлекеттен басқа ешбір елде дами алмайды, бұл тілдің басқа Отаны жоқ. Саясатымызда мемлекеттік  тілге алдағы уақытта да басымдылық тоқтамайды. Қазақстанды өз Отаным деп есептейтін әрбір азамат ұлттық  тілді білуге міндетті деп санаймын. Тіпті қазақстандық патриотизм бізді осыған жетелеуі қажет.

Қазақстан Республикасындағы ұлт саясатының бағдарламасы саяси тұрақтылықтың кепілі болып қала бермек.  Барлық қазақстандықтардың теңдігін қамтамасыз ету үшін әділеттік принцип пен этносаралық татулық санасын қалыптастыру өте маңызды. Ол үшін Қазақстанда бірінші қазақ халқының түпкілікті ұлттық мүдделері дұрыс шешілгенде ғана этностар  мен этностық топтардың дамуына жол салынатыны белгілі. Күні бүгінге дейін  әрбір азамат «Қазақстан – менің Отаным, менің елім деген» ұранның маңайына топтасуы керек деп келеміз.

Тәуелсіз даму кезеңінде этносаралық келісімді сақтау мен нығайтудың өз елімізге ғана тән үлгісі қалыптасты. Осыған тұрғыда Қазақстан халқы Ассамблеясының ерекше ролі туралы айтпай кетуге болмайды. Ол шын мәнінде 30  жылдық уақыттан бері өзінің басты міндеті, этносаралық қатынастарды үйлестіру үшін барлық этностық топтардың мүддесін сәйкестендіретін қызметті жүзеге асырып келе жатқан құрылым саналады. Бүгінде Қазақстан халқы Ассамблеясының беделі айтарлықтай жоғарылап, конституциялық ұйымға айналды. Парламентке өз өкілін жіберуге мүмкіндік алды. Сондықтан этносаралық келісімнің қазақстандық үлгісі халықаралық қоғамдастықтың тарапынан жоғары бағаланатыны таңқаларлық нәрсе емес.  Бұған қоса, негізгі деректер мен дәйектердің арқасында еліміздің этносаралық және дінаралық келісім тәжірбиесі болғаны да баршаңызға аян. Халқымыздың толеранттылығы мен даналығына негізделген салмақты мемлекеттік саясаттың нәтижесінде бізге өткен жылдар бедеріндегі қандай да бір қиындықтарға қарамастан, елімізде этносаралық келісімді сақтауға мүмкіндік берді және бұл біздің маңызды стратегиялық ресурсымыз боп шешіліп тұрақтанды. Тек осы бірлік пен тұрақтылық жағдайында ғана келешек дамуымызға қатысты кең ауқымды міндеттер қоя аламыз.

Болашақта еліміз әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті 50 мемлекеттің қатарынан орын алу үшін  барлық қоғамдық ресурстарды топтастыру мен жұмылдыруға тура келеді. Байқуатты  Қазақстан идеясы ел кеңістігіндегі ішкі ұлттық ынтымақтастықпен тиімді біртұтас рухани, мәдени, экономикалық  және саяси жүйенің желісін айқындап, олардың қалыптасуына оң  ықпалын тигізері сөзсіз.   Тағы бір айта кететін жағдай – табысты жүргізілген сыртқы саясаттағы жетістіктердің арқасында Қазақстан Республикасы БҰҰ, ЮНЕСКО секілді беделді халықаралық ұйымдардың салмақты мүшесіне айналып қана қоймай, мемлекетаралық қарым-қатынастарда да еліміздің мәртебесін көтеретін саяси оқиғаларға, тарихи кезеңдерге де бастамашы болды.

Мұндай тарихи маңызы зор оқиға еліміздің халықаралық деңгейдегі талассыз беделінің арқасында келгенін және қазақ дипломатиясының сыртқы саясаттағы табысты еңбегінің нәтижесі деп білеміз. Өсіп-өркендеген және қуатты Қазақ елі Елбасы бастаған жаңғырулардың мақсаты мен мазмұны болады. Еліміздің нығайып халықаралық беделінің өскенін көрген әрбір қазақстандықтың кеудесінде мақтаныш сезімі пайда болады. Қазір іргелі тәуелсіз ел, демократиялық дәстүрді берік ұстанған қуатты мемлекет болдық.

Тарихты дәріптеп отырған тұлғалар тағлымы өскелең ұрпақтың ұлт мүддесіне қызмет етуіне жол ашып қана қоймай, әлемдік өркениеттің дамуына да ықпал етеді. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақстан халқы ынтымақтасып, жалпыұлттық, қазақстандық бірегейлік, әралуанды, этносаралық бірлікті нығайтуға, рухани-мәдени жаңғыруға қол жеткізілді. Қысқа мерзім ішінде Тәуелсіз Республикамыз Кеңестік саясаттан мұра болып қалған көптеген өткір де өзекті мәселелердің шешімін тауып, саяси, экономикалық және әлеуметтік-мәдени салаларға да ірі  реформалар жүргізді. Қазіргі идеологиямыз бен сындарлы саясатымыздың арқасында Қазақстанның полиэтносты  халқының жұлдызы жоғары болатынына толық сенімдеміз.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, Тәуелсіздік – біздің ең басты игілігіміз, баға жетпес құндылығымыз, осыны есте сақтап жүрсек болғаны.

 

Тәуелсіздік және этносаралық қатынастар

 

Асқарбек Ақылшаұлы Сейілханов, өңірлік ассамблея төрағасының қоғамдық орынбасары, Жамбыл облыстық ҚХА Ақсақалдар кеңесінің төрағасы

Этносаралық қатынастар жаңа Қазақстанның іргетасындағы маңызды да мықты кірпіш іспеттес. Қазақстандағы этносаралық қарым-қатынастар – егемендік пен тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін пайда болған жаңа әлеуметтік-саяси ақиқат.  Қазақстандағы этносаралық қатынастар онда тұрып жатқан барлық халықтардың қоғамдық қызметінің әр түрлі салаларындағы сан түрлі өзара байланыстары мен қарым-қатынастарының тізбегі, ол біртұтас органикалық жүйе ретінде қызмет атқаратын құнды тәжрибе көрсетіп отыр. Өзінің тағдыр-талайында, біртұтас бола білудің жауапкершілігін көрсеткен кезеңі – ондағы ұлттар мен ұлыстардың үлкен жауапкершілігін көрсетсе керек. Біздің бақытымыз да сол, Қазақстан аз уақыттың ішінде әлемдік қоғамдастықтың алдыңғы қатарлы көшіне қосылды.

Этносаралық  қатынастардың басты тақырыбының маңыздылығы – Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай «біз ұлтына және сеніміне қарамастан, әрбір қазақстандыққа салт-дәстүр, мәдениет пен дінді таңдауға ерік беретін еркін әрі ерікті қоғамның негіздерін нығайтуға тиіспіз!».

Қазақстанның  ұлттық саясаты  барлық этностардың  экономикалық және кешенді  дамуын, бейбітшілік пен келісімді, этностар арасындағы  достық пен  бірлікті, өзара  көмекті  ескере отырып дамуда. Халықтар достығы – қазақ  халқының  көңілінің  дархан кеңдігі, пейілінің  молдығы арқасында  Қазақстандық   үлгі – этносаралық келісім этностардың  татулығына  арқау болып отыр. Осы тұста Қазақстан халқы Ассамблеясының рөліне тоқталмақпын. Аталған этносаралық келісімнің тұрақтылығына ҚХА-ның үлесі зор. Бұған – мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың  жыл сайынғы  Жолдауларындағы Қазақстан халқы Ассамблеясына қатысты айтқан өте ауқымды бастамалары мен ұсыныс-ұсынымдары, маңызды тапсырмалары дәлел.

Бұл бастамалар мен тапсырмалар еліміздің саяси жүйесі мен әкімшілік-аумақтық құрылымын едәуір өзгертуге зор ықпал етті.  Тәуелсіздік жылдарында небір қиындықтан аман-есен өтіп, сын-қатердің бәрін еңсере осы күнге жеттік. Енді елімізді түбегейлі жаңғырту жолындамыз. Бұл кезең алмағайып уақытқа тұспа-тұс келіп отыр. Қазіргі халықаралық ахуал  Қазақстанға да әсер ететіні анық. Бірақ, заман қаншалықты күрделі болса да, біз тура бағытымыз бен бағдарымыздан айнымадық. Өткеннен тағылым алып, келешекке сеніммен қадам басып келеміз. Осы жолда  жұртымызға, ең алдымен, ауызбіршілік керек. Ақыл мен сабыр, парасат пен ұстамдылық қажет. Біз  әр шешімді мұқият саралап, әр істі  байыппен жасауға тиіспіз.

Тәуелсіздік күні мерекеміздің қарсаңында айтарым –  отаншылдық рухы жоғары ел  көздеген мақсатына  қалайда жетеді. Біздің мұратымыз – әділетті Қазақстанды қалыптастыру болса, жаңа Қазақстан дегеніміз – егемен еліміздің болашақтағы бейнесі. Өз елінің ертеңіне сенбеген халық мықты мемлекет құра алмайды. Бұған тарихтан талай мысал келтіруге болады..

Мемлекет басшысы халыққа арнаған  кезекті бір Жолдауында: «Біз келешегіміз кемел боларына және жарқын болашақты өз қолымызбен жасай алатынымызға  сенеміз.  Әрбір азаматтың конституциялық құқығы мүлтіксіз сақталуын қамтамасыз етеміз. Мемлекет пен қоғамның өзара сеніміне және құрметіне негізделген жаңа саяси мәдениетті қалыптастырамыз. Мемлекет  әр азаматтың үніне құлақ асады. Адал еңбек, озық білім және үздік тәжірибе  әрдайым жоғары бағаланады. Мен жаңа Қазақстанның  осындай ел болғанын қалаймын деп баса айтқан болатын.  Осы мақсатқа жету үшін  әрбір адам және бүкіл қоғам, ұлттық құндылықтарымыз  түбегейлі жаңаруға тиіс. Ол үшін  бізден жоғары жауапкершілікті, елімізге және бір-бірімізге деген  жанашырлықты талап етеді. Сондықтан бір кісідей бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып,  Тәуелсіз Қазақстанды осынау бейбіт қалпында сақтап қалуға атсалысып жүрейік, отандастар! Халықтың қолдауымен  баға жетпес тәуелсіздігімізді сақтап, ұлттық бірегейлігіміздің негізін нығайтып, елімізді жаңғырту жолында ұйысуға тиіспіз. Бұл – болашақ ұрпақ алдындағы қасиетті борышымыз.

ТӘУЕЛСІЗДІК – ДАМУҒА ҮЛКЕН МҮМКІНДІКТЕР БЕРДІ

Биыл қастерлі Тәуелсіздігімізге 33 жыл толады.  Ата-бабаларымыз  арман еткен еркіндік үшін күрескендер арасында  орыс, украин, қарақалпақ, өзбек, қырғыз, балқар  этносы мен басқа да  этностардың өкілдері аз болмағанына тарихи құжаттар дәлел. Олар Қазақстанның мүддесі, біздің ортақ Отанымыз үшін қолына қару алып та, саяси майдан шебінде жүрді. Бодандық үшін қыршыннан қиылған боздақтар қаншама. Олардың ерлігін ескеріп, есімін мәңгі сақтау – бүгінгі ұрпаққа парыз. Расында, бостандық бізге оңайлықпен келген жоқ. Азаттығымыздың айшықты белесіне шыққанда әрбір саналы азаматты «Біз бұл күнге қалай жеттік?» деген сауал мазалайтыны ақиқат.

Бүгінгі күн  – қайта жаңғырған қазақ мемлекеттігінің, ата-бабаларымыз аңсаған азаттықтың тұғыры нығая түскенін әйгілейтін маңызды белес. Тарих тұрғысынан алғанда, отыз үш  жыл – көзді ашып жұмғандай қас-қағым сәт. Дегенмен, бұл  еліміз үшін қиындығы мен қуанышы, дағдарысы мен дамуы алмасқан тұтас дәуір деуге болады.  Талай сүрлеу соқпақты игерген мемлекетіміздің бүгінде берекесі артып, бірлігі бекем болып отыр. Көпэтносты мемлекет үшін бірлік пен татулықтың, тұтастық пен тұрақтылықтың алар орны ерекше.  Қазақстанда жүзден аса этнос өкілдері тұратынын ескерсек, олар Тәуелсіз  еліміздің серпінді дамуы жолында айтарлықтай үлестерін қосып жүр. Әрбір салада жемісті еңбек етіп жатқан  этностар қаншама. Жалпы,  Тәуелсіздіктің 33 жылы елімізде тұратын барлық этностардың дамуына үлкен мүмкіндік берді деп айта аламын.

Осынау жылдар ішінде Қазақстан аяғынан қаз тұрып қана қоймай, әлемдік өркениетте орны бар әлеуетті мемлекет ретінде қалыптасты. Экономикасы дамыды, әлеуметтік жағдайы нығайып, елдің еңсесі көтерілді.

Тәуелсіздікке жету жолы қан­шалықты ауыр болса, тәуел­сіздік­пен тыныстаудың баяндылығы да соншалықты жауапты екені анық. Жас ұр­пақ тәуелсіздіктің тағы­лым­дарын танып, қастерлеп, құр­мет­теп отыруы керек. Тәуел­сіздік бізге бәрінен де қым­бат. Сон­дықтан да бәріміз еліміз үшін ең­бектенуіміз, халқы­мыз үшін қыз­мет  етуіміз керек. Бүгінгі таңда барлық қазақстандықтарды биік мақсаттарға жету жолында –  ынтымақ пен  этносаралық келісім құндылықтары біріктіреді. Тәуелсіздік күні – күллі қазақстандықтар мен әлемнің барлық қиырындағы қандастарымыз үшін ұлық мереке.  Алдымызда Жаңа Қазақстанның дамуы жолында жаңа серпін берер міндеттер жетерлік. Жамбыл облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы атқарылатын игі істерде белсенділік танытып, Тәуелсіздіктің мызғымас тұғырын бекітіп, еліміздің өркендеуіне сүбелі үлес қосатындығына сенімдімін.

Құрметті жерлестер! Осынау  мереке қарсаңында, Сіздерге мықты денсаулық, отбасыларыңызға амандық, тілеймін! Тәуелсіздігіміз мәңгілік болғай!

Леля УЗДЕНОВА, «Архыз» республикалық қоғамдық бірлестігі Бірлік – қарашай-балқарлардың Жамбыл филиалы»  қоғамдық бірлестігінің төрағасы

ЖАС ӨЛКЕТАНУШЫЛАР ДОСТЫҚ ҮЙІНДЕ

Ағымдағы жылдың 7 желтоқсаны күні Тараздағы «Бақытты болашақ» Оқушылар сарайының жас өлкетанушылары Достық үйіне экскурсия жасады.

«Бір шаңырақ астында»  тақырыбы аясында оқушылар өңірлік Ассамблеяның тарихымен, этномәдени бірлестіктердің қызметімен, қолөнерімен, этнос өкілдерінің ұлттық киімдері, бас киімдері, тұрмыстық заттарының тарихымен танысып, этностар арасындағы достастық, мәдениет, салт-дәстүрлер туралы әнгімелер өрбітті.

Өлке тарихын тануға талпынған жастарға экскурсия барысында облыстық «Қоғамдық келісім» мекемесінің Көрме залының меңгерушісі Жазира Шілдебаева аймақтағы этносаралық келісім мен бірлікті нығайтуға бағытталған үлкен жұмыстар туралы түсіндіріп өтті.

«Туризм және өлкетану» үйірмесінің жетекшісі Анна Крокошева бастаған жас саятхатшылар кездесу барысында жамбылдық этностар төңірегінде көптеген мардымды мағлұматқа қанықты.

«БІР ЕЛ» тарихи-ағартушылык ЖАСТАР жобасы мұнайлы өңір — АТЫРАУ ОБЛЫСЫНДА

Қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті, этностардың интеграциясын және «Әралуандықтағы бірлік» қағидатын ілгерілету мақсатында ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Этносаралық қатынастарды дамыту комитеті, «Қоғамдық келісім» республикалык мемлекеттік мекемесі ағымдағы жылдын 27-29 қараша кундері Атырау облысы, Атырау каласында ҚХА-ның «Бір ел» тарихи-ағартушылык жастар жобасы аясында келелі іс-шара өткізді.

Атаулы шараға Қазақстанның барлық аймақтарының Ассамблея жастары — этномәдени бірлестіктердің белсенді өкілдері, «Ассамблея жастары» РҚБ мүшелері, жастар ұйымдарының өкілдері, волонтерлер, ауыл жастары қатысты.

Қатысушылар қатарында Жамбыл облыстық ҚХА жастары тарапынан «Ассамблея жастары» ҚБ активтері — Аскарбек Перизат,

Пак Милена, Шукуралиева Ширина және Леброва Рабиям да бар.

ҚР МАМ ЭҚДК «Қоғамдық келісім» РММ директорының орынбасары Руфина Усанова модераторлық еткен жиында

Атырау облысы ішкі саясат басқармасының басшысы Г.Сүйеуовадан басталған бірқатар зиялы қауым өкілдері-спикерлер — Р.Қонысбаев, Л.Бердіғожин, Н.Багитжанов және А.Тәттібекқызы жиналған жастарға патриотизмді қалыптастыру,

қазақ мемлекеттілігінің тарихын және тарихи-мәдени мұраны зерттеу бойынша ғылыми-танымдық бағыт көрсетіп, Қазақстан халқының бірлігін нығайтатын рухани-адамгершілік құндылықтарды насихаттаудағы медиасауаттылық, сондай-ақ, ортақ мәдени және тарихи құндылықтарды сақтау жөнінде сөз сөйлеп, жастарға құнды мағлұмат берді.

Шара шеңберінде қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті одан әрі нығайту, жастарға Қазақстанның киелі жерлерін таныту, азаматтардың тарихи-мәдени мұраны зерттеуге деген қызығушылығын арттыру негізінде қатысушылармен Атырау облысының тарихи орындарына, Атырау облысының тарихи-өлкетану мұражайы мен ЕмбіМұнайгаз музейіне және

Атырау бекіре зауытына экскурсия жасалды.

Бұдан өзге, “QUIZ-2024”зияткерлік ойыны ұйымдастырылып, жастар

қазақ халқының тарихын, дәстүрлерін, мәдениетін қамтитын сұрақ-жауаптармен пікірталас викторинасын өткізді.

Маңызды шара соңын барлық аймақтардан жиналған жастар мұнайлы өңір — Атырау жерінің бір ашық алаңқайына шығып, Қазақстан халқының бірлігін бейнелейтін “Шаңырақ” киіз үйін тігуімен аяқтады.

Жамбылдық жастар Таразға мұнай аймағынан ерекше көңіл-күй, танымдық зор әсермен оралд

ТӘЖІРИБЕ АЛМАСУ — ЖАҢА МҮМКІНДІКТЕРГЕ ЖОЛ АШАДЫ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының биылғы жылы өткен XXXIII-сессиясында Алматы, Жамбыл және Түркістан облыстарының этномедиация саласындағы мамандарының тәжірибесін ҚХА-ның барлық ұйымдарына тарату қажет екенін атап өткен болатын. Осы орайда, ағымдағы жылдың 3 желтоқсанында тәжірибе алмасу мақсатымен Жамбыл облысына Маңғыстау облыстық мәслихатының төрағасы, аталмыш облыстың ҚХА этномедиация кеңесінің төрағасы Жаңбырбай Матаев пен Маңғыстау облыстық ҚХА мүшесі, «Достлуг» Әзірбайжан этномәдени бірлестігінің мүшесі, этномедиатор Таги Тагиев келді.

Достық үйінде делегация құрамын Жамбыл облыстық мәслихатының төрағасы, өңірлік ҚХА мүшесі Абдалы Нұралиев, облыс әкімдігі ақпарат және қоғамдық даму басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Мубарак Жинақбаева, облыстық ҚХА төрағасының қоғамдық орынбасары, Ақсақалдар кеңесінің төрағасы, медиатор Асқарбек Сейілхан, өңірлік ҚХА Аналар кеңесінің төрайымы, «Анаға тағзым» отбасыларды қолдау орталығының директоры Эльмира Мырза-Ғали, «Әулиеата» қазақ мәдени орталығы ҚБ төрағасының орынбасары Айгүл Қабиева қарсы алып, қазақтың ұлттық 7 тағамын ұсынды. Келген қонақтар әуелі Достық үйін аралап, «Қоғамдық келісім» мекемесінің жұмыс барысына қанықты. Бұдан соң өңірлік ҚХА құрылымдары мен этномәдени бірлестік жетекшілерінің қатысуымен этномедиация кеңесінің отырысы өтіп, онда аймақтардағы медиация институтының өзіндік ерекшеліктері баяндалды.

Алқалы отырыста облыстық мәслихат төрағасы Абдалы Тоқбергенұлы аймақтағы медиаторлардың бітімгершілік бағытындағы жұмыстары өңірдегі бейбіт өмір мен тұрақтылықты қамтамасыз етуге үлкен ықпал етіп отырғандығын баса айтты.

Сондай-ақ, «Елдесу және татуласу» жобасы аясында өңірдегі этномедиацияны іске асыру жөніндегі атқарылып жатқан жұмыстар жайын «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Мубарак Қасымқызы баяндаса, облыстық ҚХА этномедиация кеңесінің төрағасы Абдырахман Зайнутдинов және Жамбыл ауданы ҚХА Ақсақалдар кеңесінің мүшесі, қоғамдық медиатор Абдулхалил Маюфи саладағы тәжірибелерімен бөлісті.

Ал облыстық ҚХА төрағасының қоғамдық орынбасары Асқарбек Ақылшаұлы Достық үйі жанынан құрылған «Достық» театрының сахналаған «Бір атаның балалары» қойылымы арқылы ауызбіршілік пен достықтың насихатталып жатқандығын айрықша жеткізді.

Өз кезегінде Маңғыстау облыстық мәслихатының төрағасы, Маңғыстау облыстық ҚХА этномедиация кеңесінің төрағасы Жаңбырбай Матаев пен Маңғыстау облыстық ҚХА мүшесі, «Достлуг» Әзірбайжан этномәдени бірлестігінің мүшесі, этномедиатор Таги Тагиев өңіраралық тәжірибе алмасу жаңа жобалар мен мүмкіндіктерге жол ашатындығын айтып, маңғаз өлке Маңғыстаудағы этномедиация саласындағы негізгі бағыттарды атап өтті.

ДОСТЫҚ ҮЙІНДЕ ПОЛЯК ЭТНОСЫНЫҢ ӘДЕБИ КЕШІ ӨТТІ

2024 жылдың 30 қарашасы күні Достық үйінде Алматы қаласындағы Польша Республикасының консульдығының қолдауымен Жамбыл облыстық «Полонез» Поляк тілі және мәдениет орталығы «Далекая отчизна» атты мәнерлеп оқу байқауын өткізді.

Әдеби сайысқа қатысушылар төрт жас санатында көркем проза мен өлеңдерді мәнерлеп оқудан шеберліктерін көрсетті. Қатысушылардың еңбегін қазылар құрамының төрағасы, филолог Татьяна Белоголовых ,өңірлік поляк орталығының жетекшісі Лариса Калькова, «Қоғамдық келісім» КММ қызметкері Ольга Макарова бағалады. Байқауда үміткерлер қазақ, орыс, поляк тілдерінде поляк ақындарының әдеби шығармаларын орындады.

Байқау әдеби шығармашылық нөмірлер мен қатар концерттік бағдарламамен өрілді. Сонымен қатар, «Радонеж» Орыс қауымдастығының өкілі Антонина Беляеваның орындауында «Я люблю свою землю» әні шырқалды.

Сондай-ақ, Евгений Белоголовых тараздық ақын Владимир Краковскийдің өлеңін оқыса, қобыз аспабында Елена Прудиус поляк ақыны Густав Зелинскийдің поэтикалық өлең жолдарын нақышына келтіре орындады.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлер бағалы сыйлықтармен және грамоталармен марапатталды.

ҚОРДАЙДА «ТАТУЛЫҚ – ДОСТЫҚ КІЛТІ» ФЕСТИВАЛІ ӨТТІ

«Достық керуені» жобасы этностар арасындағы достықты дәріптеумен қатар, олардың мәдениет, спорт, әлеуметтік т.б. саладағы қырларын тануға кеңінен мүмкіндік береді. Дәстүрлі жоба аясында «Татулық – достық кілті» атты облыстық фестивалі өтті.

Аудандық мәдениет үйінде өткен іріктеуге мектеп оқушылары және колледж білімгерлері және аудандағы этнос жастары қатысты.

Фестивальдің мақсаты – қазақ халқының өнері мен мәдениетін жан-жақты насихаттау, еліміздің көптүрлі мәдени ерекшеліктерін дамыту, орындаушылардың кәсіби шеберлігін арттыру.

Аудандағы дарынды тұлғалар өнерін саралаған сайыста өзбек, түрік, славян, кәріс тағы да көптеген этностардың әні айтылып, биі көпшілік назарына ұсынылды.

Шара соңында облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ басшысының орынбасары Сәуле Құрманқұлова және облыстық ҚХА төрағасының қоғамдық орынбасары, Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Асқарбек Ақылшаұлы ауданның этносаралық, қоғамдық-мәдени жұмыстарына өз үлестерін қосқан белсенді этномәдени бірлестік өкілдерін марапаттап, сый-сияпаттарын табыстады