ОРТАҚ ӘҢГІМЕ — ЭТНОСТАР АРАСЫНДАҒЫ ТОЛЕРАНТТЫЛЫҚ

Күні кеше киелі Түркістан қаласының жаңа ғимараттарының бірі Достық үйінде “Достық керуені” жобасы бойынша Түркістан “Қоғамдық келісім” КММ Ғылыми-сараптамалық сүйемелдеу бөлімінің жетекші сарапшысы Замана Исмаилова

тәжірибе алмасу мақсатында Түркістан облысы ақпарат және қоғамдық даму басқармасы “Қоғамдық келісім” КММ “Этносаралық қатынастар саласының мониторингі және ақпараттық-насихаттық жұмыстарды ұйымдастыру” бөлімінің басшысы Хамид Исақовпен кездесті.

Кездесу барысында этносаралық қатынастар саласындағы әлеуметтік мониторинг бойынша өз білгендерімен және жұмыс істеу тәжірибелерімен бөлісті. Хамид Рахматуллаұлы зерттеу жүргізудің өңірлік ерекшеліктері туралы айтып, бөлімнің жұмыс жүйесімен таныстырды. Сондай-ақ, жұмыс барысында жинақталған этносаралық сала бойынша теориялық-әдіснамалық базаны көрсетті.

Өз кезегінде Жамбыл облысы делегациясының өкілі Замана Назим гызы да түркістандық әріптесіне Жамбыл облысы ҚХА Ғылыми-сараптамалық тобы бөлімінің жұмыс бағытымен таныстырып, ғылыми-сүйемелдеу тобы мүшелерінің ғылыми еңбектері жинақталған кітаптар сыйға тартты.

Келелі кездесуде қоғамдағы этносаралық және конфессияаралық қарым-қатынастар мәдениетін қалыптастыру тәжірибесі, проблемалары және перспективалары туралы сөз қозғалды.

Екі өңірдің ғылыми-сараптама тобының қызметкерлері этностар арасындағы мәдени қарым-қатынас пен мемлекеттік тілді меңгеру және олардың қоғамдағы рөлі жайлы тақырыптарды қаузалады. Ортақ әңгіме — алыс-жақын шетелдердегі болып жатқан саяси оқиғалардан көптеген елдер сабақ алуы керек дегенге сайды.

Бұған қоса, этностар арасындағы толеранттылық, яғни, төзімділік тақырыбы да сөз болды.

ТҮРКІСТАНДАҒЫ ЭТНОМҰРАЖАЙ

«Достық керуені» жобасы аясында қасиетті Түркістан қаласына Жамбыл облысынан барған арнайы делегация күні кеше жаңадан сәулет құрған Достық үйін тамашалады.

Экскурсия барысында Тараз қалалық Достық үйі Көрме залының меңгерушісі Жазира Шілдебаева мен мекеме қызметкерлері Түркістан өңірінің 11 этномәдени бірлестік өкілдерінің арнайы жабдықталған кабинеттері, «Этномұражай»  алаңшасы және этномәдени бірлестік өкілдері ұйымдастырған көрмемен танысты.

Көрмеге өзге этнос өкілдерінің ұлттық киімдері,тұрмыстық тұрғыда қолданған бұйымдары, көне және жаңа ыдыс-аяқтары, әр этностың жәдігерлері, кәдесыйлар коллекциялары қойылған.

Екі мекеме қызметкерлері арасында көрме ұйымдастыру, экспонаттарды сақтау, экспозиция жұмыстары бойынша тың идеялар мен ұсыныстар талқыланып, ой-пікірлер ортаға салынды.

Көрме меңгерушісі Жазира Мейрамбекқызы этномұражайдың қыр-сырына мән беріп, музей бұйымдарының өзіндік тарихымен танысып, жуырда ғана бой көтерген мұражайдың өзгешелігі мен ерекшелігін зерделеп, көрме залының алдағы жылға құрылар жұмыс жоспарына қосары мен алары жөнінде өз пайымын жасады.

Сондай-ақ, Жазира Шілдебаева көршілес әріптестеріне Тараздағы Достық үйінің «Бас киімдер» бұрышы мен «Алтын шаңырақ» киіз үйі макетінің ашылудағы мән-мағынасын түсіндірді

ТАРАЗДЫҚ ӨНЕРПАЗДАР ТҮРКІСТАНДЫҚТАРДЫ ТАҢ ҚАЛДЫРДЫ

Биылғы жылдың 19-желтоқсанында Түркістан қаласындағы Достық үйінде — ҚХА «Достық керуені» жобасы аясында тәжірибе алмасуға негізделген «Таразым – Тұмарым, Түркістаным – Тұраным» атты салиқалы іс-шара өтті.

Жиынның шығармашылық сәнін келтіру мақсатында шараға Кенен Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясының өнерпаздары — ҚР мәдениет саласының үздігі, жезтаңдай әнші Торғын Орынбаева мен аталған филармония әнші-күйші, баянисті Бақыт Шағырбаев, Мерей Абуова, Нұрлатбек Әзімбаевтар да қатысып, өнерлерін ортаға салды.

Сонымен бірге, мемлекеттік тілде еркін сөйлеп, қазақша құйқылжыта ән салатын облыстық Орыстар қоғамдастығының өкілі Сергей Семыкин де өнер көрсетті.

Бұған қоса, түркістандық өнершілер — Түркістан «Конгресс хол» кешенінің әншілері Айдос Иманжаппаров пен Бағдат Нысанбай танымал «Атамекен», «Сүйем мен»  әндерін жұртшылықтың назарына ұсынды.

Көршілес екі аймақтың да ән айту мен күй шертудегі әрқайсысының өзіндік

стилі мен ерекшеліктері бар өнер майталмандары шара қатысушылары мен қонақтарына шуақты да көңілді сәттер сыйлап, ұмытылмас әсер қалдырды.

Концерттік бағдарлама соңында Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Нұрсұлтан Сейітжанов пен Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Эльмира Жанғазиева жамбылдық өнер иелерін Алғысхаттармен марапаттады.

ТҮРКІСТАН МЕН ТАРАЗДЫ БҮГІН БІРІКТІРГЕН АЛТЫН КӨПІР — КӘСІБИ ҚАЖЕТТІЛІК

Ағымдағы жылдың 19 қарашасында Түркістан қаласының Достық үйінде ҚХА «Достық керуені» жобасы аясында тәжірибе алмасу негізінде «Таразым – Тұмарым, Түркістаным – Тұраным» атты іс-шара өтті.

Басты мақсат — екі өңірдің Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылымдарына қатысты кәсіби құзыреттіліктерін дамыту, яғни, тәжірибе алмасу арқылы ассамблеямен тығыз жұмыс жасап отырған жергілікті “Қоғамдық келісім” мекемелерінің өзара білгенімен бөлісіп, жетілдіріп, дамытып, кәсібилікті шыңдауға әкелетін тың жобаларды қабылдау мен меңгере білудің қарқынды үдерісі.

Осы орайда, “Ассамблея жастары” республикалық қоғамдық бірлестігінің төраға орынбасары Хамида Турдыева мен өңірлік ассамблея жастары жамбылдық делегация қатарында Түркістан облысының “Ассамблея жастары” қоғамдық бірлестігі белсенділерімен кездесті.

Арнайы кездесуде Хамида Кахарджанқызы жастар бірлестігінің 2024 жылы өңірлермен бірігіп өткізген республикалық жастар ірі шаралары, іс-қимылдары —“Бір ел” тарихи-танымдық жобасы және жоғары оқу орындарында “Студенттік ассамблея” ашу жөнінде баяндап, оның маңыздылығы мен жаңашылдықтың тиімді бағыттарымен бөлісті.

Өз кезегінде түркістандық жастар ассамблеясы белсенділері де бір жылда атқарған жұмыстарының қорытынды есебін ортаға салып, еңсерілген істердің ерекшеліктерін тілге тиек етті.

Қос өңір жастарының өз жылдық есептерінен өздеріне айтарлықтай ауқымдылық, игі істердің жемісті нәтижесі байқалды.

Жиын соңында жалынды жастар бір-біріне ортақ — келер жылдың жұмыс жоспарын талқыласты.

 

СЕМИНАРҒА ҚАТЫСУШЫЛАР СЕРТИФИКАТТАР АЛДЫ

Ағымдағы жылдың 19 желтоқсанында Достық үйінде «Қоғамдық келісім» КММ ұйымдастыруымен өтіп жатқан этномедиаторлар мен кәсіби келіссөз жүргізушілерді дайындау бойынша «Этномедиацияның және этносаралық қақтығыстарды шешу кезіндегі келіссөздер процесінің базалық негіздері» атты 3 күндік оқыту курсы аяқталды.

Семинар бағдарламасы аудиторияға медиатор жұмысына қажетті жаңа білім беріп қана қоймай, болып жатқан жағдайды сауатты талдауды, жанжалды жағдайлардан бейбіт жолды табуды үйретті.

Қорытындылау жиынында «Қоғамдық келісім» мекеме басшысының орынбасары Даурен Тайлеев қатысушыларды оқу бағдарламасын сәтті аяқтауларымен құттықтап, сертификаттар табыстады.

ТҮРКІСТАНДА «ТАРАЗЫМ – ТҰМАРЫМ, ТҮРКІСТАНЫМ – ТҰРАНЫМ» АТТЫ САЛТАНАТТЫ ІС-ШАРА ӨТТІ

Ағымдағы жылдың  18-19 қарашасында Түркістан қаласындағы Достық үйінде Қазақстан халқы Ассамблеясының «Достық керуені» жобасы аясында «Таразым – Тұмарым, Түркістаным – Тұраным» атты салтанатты іс-шара өтті.

Түркі  әлеміне танымал киелі  шаһар — Түркістанға арнайы сапармен келген жамбылдық делегация Қазақстан жерлері мен тарихи нысандарын өңірлер арасында кеңінен насихаттап, ұлықтау мақсатында өз сапарын Ахмет Яссауи бабамыздың кесенесіне және маңындағы қасиетті орындарға зиярат, тағзым етуден бастады.

Аталған іс-шара Түркістан облысы әкімдігінің қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ және Жамбыл облысы әкімдігінің ақпарат және қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-қолдауымен ұйымдастырылды

Жиынның мақсаты — Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқы Ассамблеясының биылғы жылы XXXIII-сессиясында атап көрсеткен Достық үйлері жұмыстарын жаңғырту тапсырмасы негізінде және облыстық  “Достық керуені” жобасы аясында ҚХА құрылымдары жұмыстарын ілгерілету, тәжірибе алмасуды өзге елді-мекендерде қалыптастыру  бағытында өңірлердегі қоғамдық келісімді нығайту бағытында тәжірибе алмасу, ҚХА этномәдени  бірлестік  мүшелерінің халықпен  кездесулерін өткізу және коммуникациялар қалыптастыру,  ҚХА жобаларын ілгерілету.

Алдымен жамбылдық делегация Түркістан төрінде жаңадан бой көтерген Достық үйін аралап экскурсия жасап, этномәдени бірлестіктердің арнайы дайындаған көрмесімен танысты.

Делегация құрамында этномәдени бірлестік жетекшілері, Ақсақалдар, Аналар кеңесінің төрағасы, орынбасары, ардагерлер, «Ассамблея жастары» жетекшісі, мүшелері, «Қоғамдық келісім» мекемесінің қызметкерлері, облыстық Кенен Әзірбаев атындағы филармония әншілері, БАҚ өкілдері болды.

«Достық үйінде» өткен салтанатты іс-шараның ашылуында сөз сөйлеген Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Нұрсұлтан Сейітжанов Достық керуені жобасының ел ынтымағы мен жалпыұлттық бірлікті арттыруда маңызы жоғары екенін атап өтті.

Сондай-ақ іс-шарада Түркістан облыстық ҚХА жанындағы Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Созақбай Әбдіқұлов және Жамбыл облыстық ҚХА жанындағы Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Сейілхан Асқарбек қоғамдағы бірлік пен келісімді ілгерілету, жастарды позитивті этносаралық қарым-қатынас мәдениетіне тәрбиелеу жайында салиқалы сөз қозғады.

Бірлікті бекемдеген іс-шарада Жамбыл облысы әкімдігінің ақпарат және қоғамдық даму басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Мубарак Қасымқызы Жинақбаева сөз сөйлеп, іс-шараның маңыздылығына тоқталып, көршілес Ассамблеяға Әулие Ата өңірінің “Қоғамдық келісім” мекемесі атынан сыйлықтар табыстады.

Бұдан соң салтанатты шара Жамбыл облыстық филормониясының концерттік бағдарламасына ұласты.

Іс-шара барысында көршілес қос өңір арасындағы әріптестік, достық байланысты және этносаралық татулық пен қоғамдық келісімді нығайтуға үлес қосып жүрген ҚХА мүшелері Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Ерлан Күзембаевтың атынан Алғыс хаттармен марапатталды.

ЭТНОМЕДИАТОРЛАРДЫ ДАЙЫНДАУ БОЙЫНША ТРЕНИНГ КУРСЫ ЖАЛҒАСУДА

18 желтоқсан Достық үйінде «Қоғамдық келісім» КММ ұйымдастыруымен өтіп жатқан этномедиаторлар мен кәсіби келіссөз жүргізушілерді дайындау бойынша «Этномедиацияның және этносаралық қақтығыстарды шешу кезіндегі келіссөздер процесінің базалық негіздері» атты 3 күндік оқыту курсының бүгін екінші күні жалғасуда.

Қатысушылар бұл күні алған білімдерін бір қортындылап, жұмыс кезеңдерімен, психологиялық аспектілерімен танысып, этномедиаторлардың жұмысына қатысты жаңа әрі тың мәліметтер алды.

Сондай-ақ, сабақ барысында тыңдаушылардың алған теориялық білімдері практикамен ұштастырылды. Аудитория өзекті және маңызды кейстермен жұмыс істеп, мәселелердің шешілу жолдарын қарастырды. Әртүрлі ұсынылған жағдайлар талданды.

ЭТНОМЕДИАТОРЛАРДЫ ДАЙЫНДАУ БОЙЫНША ТРЕНИНГ КУРСЫ БАСТАЛДЫ

Ағымдағы жылдың 17 желтоқсан күні Достық үйінде «Қоғамдық келісім» КММ ұйымдастыруымен этномедиаторлар мен кәсіби келіссөз жүргізушілерді дайындау бойынша «Этномедиацияның және этносаралық қақтығыстарды шешу кезіндегі келіссөздер процесінің базалық негіздері» атты этномедиаторлар мен кәсіби келіссөз жүргізушілерді даярлауға арналған 3 күндік оқыту курсы басталды.

Курстың салтанатты ашылу рәсімі «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Мубарак Жинақбаеваның алғы сөзімен басталды. Курста заңгер, кәсіби медиатор, «Парасат» медиация және құқық орталығы ЖМ медиация және келіссөздер процесі бағдарламалары бойынша жаттықтырушы, «Отау» Отбасы академиясы» ҚҚ құрылтайшысы Мұхтар Адаев, бизнес-жаттықтырушы, медиаторлардың жаттықтырушысы, кәсіби медиатор, «Парасат» медиация және құқық орталығы жеке мекемесінің директоры, тарих ғылымдарының кандидаты, Қазақстан-Неміс университетінің доценті Гульмайдан Урозбаева, Қазақстан Республикасы психологтар қауымдастығының сарапшы-психологы Ақмарал Абдукееваларлар қатысушыларға дәріс оқып, түрлі тренингтер жүргізуде.

Семинардың алғашқы күні медиаторлардың жұмыстарына қатысты мәселелер, ерекшеліктері мен терминологиясы талқыланды.

Сондай-ақ, сабақ барысында қатысушылар топтық жұмыс істеп, өзара пікірлер алмасуда.

ТАТУЛЫҒЫ ЖАРАСҚАН, ТӘУЕЛСІЗ ЕЛ — ҚАЗАҚСТАН

Ағымдағы жылдың 13 желтоқсанында өңірлік Қазақстан халқы ассамблеясы мен Ы.Дүкенұлы атындағы қалалық Мәдениет үйінің ұйымдастыруымен Тәуелсіздік күні және Жамбыл облысының 85 жылдығына орай, «Татулығы жарасқан, тәуелсіз ел – Қазақстан» атты этностар арасында қалалық фестиваль өтті.

Облыс орталығындағы түрлі этнос өкілдерін ынтымаққа шақырып, жастарды мәдениет пен өнерге баулуды мақсат еткен шараға өңірлік 12 этномәдени бірлестіктің өкілдері қатысты.

Достық пен татулықты арқау еткен өнер байқауына қатысушылар екі кезең бойынша өнер көрсетті. Айта кетсек, алғашқы кезеңде қатысушылар ұлттық тағамдарын таныстырса, келесі сайыста өз өнерлерін ортаға салды.

Қатысушылар өнерін Кенен Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясының әншісі, мәдениет саласының үздігі Торғын Орынбаева, Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық колледжінің сахна шебері, актер шеберлігі және сахна пәнінің ұстазы Ұлан Абзалиев және Тараз қаласы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Әйгерім Құдайбергенова саралап, бағасын берді.

Өз кезегінде қазылар құрамы мен көрермендер этностар дастарханындағы эчпочмак, долма, хычин және көптеген бәліштердің жасалу жолымен танысты.

Сондай-ақ, этномәдени бірлестіктер жекелей және топтық ұжыммен ән салып, би билеп кеш шырайын аша түсті. Өнер кешінде «Әулие Ата» Қазақ мәдени орталығы», «Жамбыл облысы Немістер қоғамы» ҚБ-нің «Поющие сердца» вокалдық тобы, «Днепро» Украин мәдени орталығы ҚБ жанынан құрылған «Маричка» вокалдық ансамблі, «Жамбыл облысы Тәжік этномәдени бірлестігі» ҚБ, «Айнуры» Татар-башқұрт этномәдени бірлестігі,

«Жамбыл облыстық Гректер қоғамы» ҚБ және республикалық «Барбанг» Күрділер Ассоциациясының облыстық филиалының өнерпаздары әуелете ән шырқап, мың бұрала биледі.

Сонымен қатар, құшағы кең қазақ еліне деген ыстық лебізін әнмен жеткізген облыстық «Хазар» Әзірбайжан этномәдени орталығының орындауындағы «Мой Казахстан» әні мен «Архыз» республикалық қоғамдық бірлестігінің Бірлік – қарашай-балқарлардың Жамбыл филиалы қоғамдық бірлестігі шырқаған “Менің қазағым” әндері көпшіліктің қошеметіне бөленді.

Екі кезең бойынша өзара өнерлерін көрсетіп, фестивальге жоғары деңгейде атсалысқан қатысушыларға қазылар құрамы зор ықылас білдіріп, барлығын жеңімпаз санап марапаттады.

Айта кетейік, фестиваль аясында Ы.Дүкенұлы атындағы қалалық Мәдениет үйінің өнерпаздары да әннен шашу шашты.

ДОСТЫҚ ҮЙІНДЕ ОБЛЫСТЫҚ ҚХА АҚСАҚАЛДАР МЕН АНАЛАР КЕҢЕСІНІҢ БІРЛЕСКЕН ҚОРЫТЫНДЫ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ

Ағымдағы жылдың 13 желтоқсан күні  «Қоғамдық келісім» КММ ұйымдастыруымен Достық үйінде «Атадан – өсиет, анадан – қасиет» тақырыбында Жамбыл облыстық ҚХА Ақсақалдар және Аналар кеңесінің бірлескен қорытынды отырысы өтті.

Келелі жиын Дулати халық жастар театрының «Анаға арнау» композициясымен  шымылдығын түрді. Маңызды шараға мемлекеттік уәкілеттік органдар, қоғамдық ұйымдар, ҚХА Ақсақалдар, Аналар кеңесі, этномәдени бірлестік аналары, серіктес мекемелер, БАҚ өкілдері қатысты.

Қоғам ізгілігін қалыптастыру ісінде Ақсақалдар мен Аналар кеңесінің алар орны ерекше. Жыл басынан бері кеңес өкілдері  «Салауатты сана» және «Адал азамат» жобалары мен бірқатар ҚХА жобаларын аймақта ілгерілету мақсатында маңызды іс-шаралар мен кездесулер ұйымдастырған болатын.

Іс-шарада Жамбыл облысы  әкімінің кеңесшісі Ұлана Сламбекқызы,  «Қоғамдық келісім»  мекемесінің басшысы Мубарак Жинақбаева  аймақтық Ассамблеяның Ақсақалдар және Аналар кеңесінің ұлттық құндылықтары мен отбасы тәрбиесінің үздік үлгілері бағытында бірлесіп атқарған жұмыстарын ерекше  атап өтті.

Алқалы отырыста облыстық ҚХА Ақсақалдар кеңесі төрағасының орынбасары Абдырахман Зайнутдинов  «Адал азамат» жобасы – келісім мен рухани кемелдіктің көрінісі» тақырыбында мазмұнды баяндама жасап, Әулиеата өңіріндегі  іргелі ұйымның жыл басынан бергі атқарған істеріне тоқталды.

Өңірлік Аналар кеңесі жас ұрпаққа тағылымды тәрбие беретін, олардың бойына ұлттық құндылықтар мен ежелден келе жатқан салт-дәстүрімізді тереңінен сіңіретін өзіндік мектепке айналды. Қоғамдық келісімді нығайту және отбасындағы құндылықтарды насихаттау мақсатында облыстық кеңес мүшелері ағымдағы жылы 600-ге жуық  түрлі форматтағы іс-шаралар ұйымдастырған. Қорытынды кеңес жиынында облыстық  ҚХА Аналар  кеңесінің төрағасы Эльмира Мырза-Ғали «ҚХА Аналар кеңесі жобаларының қоғамды ізгілендірудегі рөлі» тақырыбында әңгіме өрбітіп, аймақ аналарының толайым табыстары туралы кеңінен мәлімдеді. Баяндама барысында Эльмира Инаятқызы өңірлік ҚХА Аналар кеңесінің жаңа құрамын таныстырып, алдағы уақытта кеңес жұмысының бұдан әрі жанданатынын жеткізді.

Сондай-ақ, шарада Тараз қаласы №26 орта мектебінің директоры, «Днепро» Украин мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің мүшесі Тарас Леоненко, Жамбыл облысы Полиция департаменті әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бөлімінің аға инспекторы, «Жамбыл облысы Өзбек этномәдени бірлестігі» қоғамдық бірлестігінің мүшесі Диляфруз  Кинжеханова және Жамбыл облыстық психикалық денсаулық орталығы бас дәрігерінің орынбасары Гүлмира Каримова өскелең ұрпақты дұрыс жолға бағыттау мақсатында орамды ойларын ортаға салды.

Кеңес отырысында Республикалық Аналар кеңесінің 10 жылдығына орай үлгілі жұмыстары мен қайырымдылық қызметтері үшін бірқатар Аналар кеңесінің өкілдері министрліктер мен Қазақстан халқы Ассамблеясының жоғары марапаттарына ие болса, қоғамда адал еңбектің қадірін, білімді, туған жерді қадірлеуді, кішіпейілділік, адамгершілік сияқты қасиеттерді нығайтуға үлес қосқан «Адал азамат» жобасының жеңімпаздары марапат төрінен табылды. Сонымен қатар, аймақтық кеңестің ісін ілгерілетуге өзіндік үлестерін қосып жүрген бірқатар азаматтар Жамбыл облысы әкімдігінің ақпарат және қоғамдық даму басқармасының Алғыс хатымен наградталды.

Шара соңы  К.Әзірбаев атындағы Жамбыл  облыстық филармониясы өнерпаздарының концерттік бағдарламасымен түйінделді.