ЕҢ БАСТЫСЫ – БІРЛІК, БЕЙБІТШІЛІК ЖӘНЕ КЕЛІСІМ

2022 жылдың желтоқсан айында бірлік пен келісімді нығайту, этносаралық қақтығыстардың алдын алу мақсатында Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Еркін Үйсімбаев Жамбыл облысы Жамбыл ауданының Валерий Чкалов атындағы орта мектепте кеңес өткізді.

Іс-шараға «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Мүбарак Жинақбаева, ҚХА мүшесі Руслан Исмазов, Қазақстанның дүнген республикалық этномәдени орталығының төрағасы Зайнуддин Махусеев, Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Майуфи Абдухалил, облыс әкімдігі білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Айдын Досыбаева, Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары Олжас Баққараев және т.б. қатысты. Қатысушылардың арасында ата-аналар, мұғалімдер де болды.

Іс-шара ашық диалог форматында өтті. Онда қоғамдық келісім мен ұлттық бірлікті нығайту, этносаралық қақтығыстардың алдын алудың өзекті мәселелері талқыланды. Еркін форматта пікірлер, ұсыныстар алмасылды.

«Қоғамдық келісім»

Баспасөз қызметі орталығы

ХАЛЫҚ ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫНЫҢ АТМОСФЕРАСЫ

Ағымдағы жылдың 20 желтоқсанында Жамбыл облысы әкімдігінің ІСБ «Қоғамдық келісім» КММ ұйымдастыруымен Достық үйі ғимаратында халық шығармашылығы фестивалі өтті. Онда қолөнершілер, «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығының өкілдері өз.

Іс-шараның мақсаты – қоғамдық интеграция, мәдениетаралық өзара іс-қимыл арқылы азаматтық бірлікті қалыптастыру, қоғамдық байланыстарды дамыту, патриоттық тәрбие беру, мәдени аспектілер арқылы қазақстандық этностардың алуан түрлілігін рухани-мәдени тұрғыдан дәріптеу болып табылады.

Фестивальде қолөнершілер мен «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығының өкілдері халықтар мәдениеттерін бір арнаға тоғыстыруға, қазақстандықтардың ортақ мәдени кодын қалыптастыруға жол ашатын өзара іс-қимылдан пайда әкелетін жеке мәдени еркіндікті қолдай отырып, адамдар мүдделерінің ортақтығын іздеуден тұратын интермәдениеттілік қағидаттарын дәріптеуге бағытталған коллекцияларды халық назарына ұсынды.

Фестиваль қазіргі заманғы халық шығармашылығы шеберлерінің көрме-жәрмеңкесін көрсетуден басталды. Онда шеберлер қолынан шыққан ең үздік туындылар қойылып, арзан бағада сатылды. Тамара Күзембаева, Сәрсенкүл Мырзабекова, Әсел Дауылбаева, Раиса Науменко, Мөлдір Тәжібекова халық шығармашылығының түрлі техникаларында өз шеберліктерін көрсетті. Олар тоқылған бұйымдар, бисер тоқу, кәдесый өнімдері, жаңа жылдық әшекейлер сынды кез-келген талғамға арналған жұмыстардың топтамасын қойды.

Фестивальдің ең басты ерекшелігі сәнқойларға арналған сән көрсетілімі болды. Онда сәнді дизайнерлік киімдердің үлгілері көрсетілді. Көрсетілімге қатысушылар кәсіби модельдер емес «Алтын жастың» белсенді өкілдері болды. Олар жергілікті дизайнерлер — Бақыткүл Қонысбаева, Гүлмира Тохабаева, Наталья Ремша, Раушан Құндызбаева, Гүлжазира Құдайбергенованың топтамаларын көрсетті. Бірегей туындылар, жасалған ерекше бейнелер авторлардың шығармашыл жақтарын халыққа етене жақын көрсете түсті.

Фестиваль ары қарай «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығының көркемөнерпаздарының қатысуымен шағын концерттік бағдарламасымен жалғасты.

Іс-шараның шарықтау шегі Жамбыл облысы әкімдігінің ІСБ «Қоғамдық келісім» КММ және Жамбыл облысының «Өшпес мұра» қолөнершілер қауымдастығы жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар бірлестігі арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қоюы болды. Аталған құжатқа жоғарыда аталған ұйымдардың басшылары Мүбарак Жинақбаева мен Гүлнар Абдуллаева қол қойды.

Жиын соңында халық шығармашылығының шеберлерін марапатталып, естелік суреттерге түсті.

 «Қоғамдық келісім» КММ Баспасөз қызметі орталығы

ЖАМБЫЛ ТИК-ТОКЕРЛЕРІ ЖЕҢІМПАЗДАР ҚАТАРЫНДА!

Жамбыл облысының «Ассамблея жастары» РҚБ өкілдері ҚР АҚДМ, «Қоғамдық келісім» РММ ұйымдастырған «Ел Бірлігі» Тик-Ток хаус жобасына қатысты.

Бұл жоба бір айға созылды және оның мақсаты – жалпы мәдени және тарихи құндылықтарды сақтауға, мәдениетаралық диалогты дамытуға, Қазақстанда тұратын этностарды «Әртүрліліктегі бірлік» қағидаты бойынша біртұтас ұлтқа біріктіруге бағытталған бірегей алаң құру.

«Ел Бірлігі» Тик-Ток хаус жобасы этномәдени бірлестіктердің, 20 өңірдің «Ассамблея жастары» РҚБ өкілдерін біріктірді.

Жамбыл тик-токерлер командасында-8 қатысушы, олардың арасында біздің өңірдің «Ассамблея жастары» РҚБ мүшелері бар.

Жоба барысында блогерлер жалпы мазмұны бар қысқа бейнелер түсіріп, оларды #qogam_life ортақ хэштегінің астындағы tiktok беттеріне орналастырды. Біздің аймақтың тик-токерлері түсірген бейнероликтер үздіктердің қатарында!

«Қоғамдық келісім» КММ Баспасөз қызметі орталығы

Көңілде мұңды із қалдырған желтоқсан ызғары Қазақстанға еркіндігін, егемендігін сыйлаған тарихы тереңде жатқан оқиға

Көңілде мұңды із қалдырған желтоқсан ызғары Қазақстанға еркіндігін, егемендігін сыйлаған тарихы тереңде жатқан оқиға. Тарту қандай тәтті болса, келуі талай қыршынның тағдырын тәрк етті. Міне, бүгінде бабалар аңсап кеткен азаттықтың ақ таңы атқанына 31 жыл толып отыр.

Еліміздің ең ұлық мерекесіне орай облыс әкімі Нұржан Нұржігітов бастаған зиялы қауым және облысымыздың этномәдени бірлестік басшылары «Астана» шағын ауданында орналасқан «Тәуелсіз Қазақстан» монументіне гүл шоқтарын қойды.

Баспасөз қызметі орталығы

Ертеңіміз үшін еңбек етіп жатқан бірлігі бекем халықпыз!

Тәуелсіздік елімізге тәңірден келген ерекше сый. Біз үшін оның орны қашан да бөлек. Ұлы дала, ұланғайыр атырапты мекен еткен Қазақстан халқының тәуелсіздігі оңай олжадай уысқа түсе салмады. Сан жылдар боданда болған біздер үшін 1986 жылы елім деген, Отаным деген, ертеңім деген мықты жастардың жалыны мұздай қатқан советтік саясатты талқан етті. Бүгінгі күн, азаттықтың ақ таңы міне осындай асыл азаматтар мен азаматшалардың қанымен, қиылған жанымен келген құнды мұрамыз.

Бүгінде Еуразияның жүрегіне айналған Қазақстан сан түрлі ұлт пен ұлыстың құтты қоныс, жайлы мекені. Осы бір жазира даланың бір баласы болып алаңсыз ғұмыр кешіп жүргенімді мақтан етемін. Бүгінде отбасымызбен ежелгі Жібек жолының жиегі саналатын Жамбыл жерінде тұрып жатырмыз. Еліміз егемен, заманымыз тыныш, ертеңіміз үшін еңбек етіп жатқан бірлігі бекем халықпыз. Қолымыз қандай бақытқа жетседе Тәуелсіздіктің себебімен.

Қазақстандық жұртшылықты Тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтаймын. Еңселі еліміздің егемендігі мәңгі жасасын. Бейбітшілік пен келісім салтанат құрған Отанмыздың оты сөнбесін.

Ибрагим Зуфаров – «Ахыска» түрік этномәдени бірлестігінің ақсақалдар алқасының төраға орынбасары

Құрметті жерлестер!

Сіздерді ұлық мереке — Қазақстан Тәуелсіздігі күнімен шын жүректен құттықтаймын! Ұранын ынтымақ, туын татулық еткен бейбіт те берекелі халқымыз осы уақыт аралығында толағай табыстарға жетті. Тәуелсіз еліміздің қарқынды дамуы тұрақты саясат пен ішкі бірліктің арқасы. Рухы биік, намысы берік бабаларымыздың ғасырлар бойғы асыл мұраты — азаттықты аялау, тағдыры ортақ тұтас халқымыздың татулығын сақтау біздің басты парызымыз.

Ұлы мұраттар жолында жас ғұмырын қыршын еткен асыл азаматтар, сәбиін білегімен, даласын жүрегімен тербеткен аяулы арулардың өмірінің өтеуімен келген, жаратқаннан жалықпай сұраған ата мен ананың көз жасына арқау болған Тәуелсіздікті төбемізге тәж етіп сақтап, ұрпағымызға дін аман ұсынуымыз керек.

Тәуелсіздігіміз тұғырлы, бірлігіміз ғұмырлы болсын!

Сара Даузова – «Дүнгендер этномәдени орталығы» РҚБ Аналар кеңесі төрайымы

Егемен еліміз жасай берсін!

Бүгінгі күн — бабаларымыз сан мыңдаған жылдар бойы армандаған тәуелсіздік күні. Осынау мерекемен баршаңызды шын жүректен құттықтаймын. Еліміздің аспаны ашық, керегесі кең болсын. Отанымызда орнап тұрған тыныштық пен берекенің ғұмыры ұзақ болсын!

Тәуелсіздік ел тағдырының таразысына салса бәрінен құнды, бәрінен салмақты, бәрінен биік олжамыз. Оңай уысқа түспеді. Қанша қан төгілді, қанша жан берілді. Оның жемісі бүгінгі азаттықтың ашық аспанының астындағы алаңсыз өміріміз.

Егемен еліміз жасай берсін!

«Жамбыл облыстық «Вынхуа» дүнгендер этномәдени орталықтары» қоғамдық бірлестігінің төрайымыАйша Идыбо

«ЭТНО ЖӘНЕ КОНФЕССИЯАРАЛЫҚ КЕЛІСІМ» ТОБЫ БАЙЗАҚ АУДАНЫНДА

Ағымдағы жылдың 14-15 желтоқсанында «Этно және конфессияаралық келісім» тобы Байзақ ауданының Бурыл, Қызыл жұлдыз, Сарыкемер, Ботамойнақ, Байзақ, Көктал ауылдарына барып этнос өкілдері, ауыл тұрғындарымен кездесу өткізді.

Жамбыл облысы әкімігінің ішкі саясат басқармасы басшысы Алмас Садубаев, «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Мүбарак Жинақбаева және осы мекеменің этносаралық қатынастар саласында әдістемелік көмек көрсету және мониторинг жүргізу бөлімі мен т.б. қызметкерлері ауыл ақсақалдары, ардагерлер, билер кеңесінің төрағалары, көп балалы батыр аналар, этнос өкілдерінің басшылары мен белсенділері, қандастар, жастар ресурстық орталығының өкілдерімен кездесіп, ауылдағы ағайынның ахуалымен танысты.

Іс-шара басы, Ботамойнақ, Байзақ ауылдарының тұрғындарымен ауылдық клубта «ҚХА Қоғамдық келісім кеңестері – маңызды мәселелерді талқылаудың, сыңдарлы шешімдер қабылдаудың әмбебап диалог алаңы» атты кездесумен басталды. Мұндағы мақсат мемлекет пен азаматтық қоғам арасындағы қоғамдық келісім мен ұлттық бірлікті нығайту, этносаралық қақтығыстардың алдын алу бойынша жұмыстар жүргізу болатын. Аталған мәселлер төңірегінде ауыл адамдарымен ашық пікір алмасып, шешу жолдары қарастырылды.

Сонымен қатар дәл осы күні «Қоғамдық келісім» КММ, этносаралық қатынастар саласында әдістемелік көмек көрсету және мониторинг жүргізу бөлімі Сарыкемер ауылының аналарына арнап «Рухани жаңғыру» ғимаратында «Мәдениетті ана-мәдениетті ұлт» жобасы аясында тәжірибе алмасу бойынша «Ел анасы» ауыл әйелдері аналар кеңесі мүшелерімен кездесу өткізді. Жиын барысында елдімекендердегі әйелдерге әр түрлі мәселелер бойынша кеңес беріліп, ана мен бала тақырыптарына қатысты түрлі мәселелердің түйінін тарқатты.

«Этно және конфессияаралық келісім» тобы одан ары қарай Қызыл жұлдыз ауылында «Менің елім, Менің Қазақстаным» мектеп оқушыларына арналған тимбилдинг ұйымдастырылды. Онда округ жастарына қазақстандық қоғамдық келісім негіздерін, патриотизм, бірлік пен бірегейлікті түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Іс-шара аясында өңірдегі этносаралық ахуалдың негізгі аспектілерін анықтау үшін «Қоғамдық келісім» КММ қызметкерлері фокус – топтық зерттеулер жасады. Зерттеу барысында Сарыкемер және Көктал ауылдарының этнос өкілдерінің жай-күйі, этносаралық қатынас, бірегейлік пен біртұтастық турасындағы мәселелер қарастырылды.

«Қоғамдық келісім» КММ Баспасөз қызметі орталығы

Ағымдағы жылдың 13-желтоқсанында

Ағымдағы жылдың 13-желтоқсанында, Жамбыл облысы Немістер қауымдастығы және Жамбыл облысы Қазақстан халқы ассамблеясының ұйымдастыруымен арнайы Германиядан келген Das Letzte Kleinod театры қойылым қойды.

Тараз шахарына ат терлетіп келген аталмыш театр екінші дүниежүзілік соғыстағы әскери тұтқынға түскен жас жігіттердің өмірін сахналады. Қыршыннан кеткен боздақтардың талан-таражға түскен тағдырлары бейнеленген бұл қойылым көрермендердің жүрегіне тимей қоймады. Тіпті, көздеріне жас алғандары да болды.

Шара соңында жиылған көрермен жан тебінтерлік көрініске арқау болған Das Letzte Kleinod театр әртістеріне алғыстарын білдіріп, естелік фотоға түсті.

Баспасөз қызметі бөлімі

«Алаш қозғалысы» тарихының түрлі қырлары

Сейдахан Бақторазов- М.Х.Дулати  атындағы

 Тараз өңірлік университетінің  профессоры, 

Ж.Баласағұн атындағы Түркістан өлкесін

зерттеу орталығының директоры

Жамбыл облысы ҚХА ғылыми-сараптамалық

тобының мүшесі

Биыл «Алаш» қозғалысына 105 жыл толып отыр.«Тарих жеке тұлғалардан құралады»,- десек, қазіргі кезде белгілі және белгісіз түлғалардың Отандық тарихтағы  өз орнын алу мәселесінің өзекті болып табылатындығы анық.

Соның бірі «Алаштану» проблемасы. СОКП ХХ съезінен кейін ол туралы шындық сәл ашылғандай болғанымен, тез-ақ қайта жабылған құпиялық пердесі оны жамағатқа жеткізбеді. Қазіргі кезде бұл құбылысты жалпы және жалқы тұрғыда, нақтылы фактілер арқылы қарастыру  мүмкіндігі қамтамасыз етіліп отыр. Ұсынылып отырған мақаланың  зерттеу объектісі большевиктер билікке төңкеріс арқылы күшпен келген 1917 жылдың күзінен кеңес өкіметі «халық жаулары», «ұлтшылдар» деп атақ берген Алаш ардақтыларын 1937 – 1939 жылдары кең көлемде және аса қатыгездікпен соттап, атқан кезең аралығындағы  Әулиеата өңірі мен басқа да аймақтардағы қоғамдық-саяси ахуалды зерттеу болып табылады. Осы орайда, сәл шегініс жасап, бағамдар болсақ, Түркістан  өлкесінде, Кеңес  үкіметі  орнауы  алдында ішкі  күштер  санатында  Уақытша  үкіметті    қолдаушылар – негізінен  интеллигенция  өкілдері  мен  отарлық  әкімшілік  шенеуніктерінің  бір  бөлігі,  солшыл  эсерлер  партиясының  мүшелері,  сонымен  қатар  ауқатты бай – кулактар  мен  орташалар  болды.

Ұлттық  саяси  күштер  негізінен  Петербургтің,  Москваның  және  басқа  да Ресейдің  ірі  қалаларындағы  жоғарғы оқу  орындарында  білім  алған  алдыңғы  қатарлы  білімді  жастардан  тұрды. Ұлттық  саяси  интеллигенция  өзінің  іс-қимылдарын  жергілікті  халықпен  байланыстыра  отырып  жүргізуді мақсат етті. Сәйкесінше,  1916 жылдың 25-ші маусымындағы патшаның Қазақстан мен Орта Азия тұрғындарының 19 – 43 жас аралығындағы ер азаматтарын тыл жұмысына алу туралы жарлығы  бойынша «Қазақ» газетінің төңірегіне біріккен либерал-демократияшыл зиялылардың жетекшілері (А.Байтұрсынов, Ә.Бөкейханов, М.Дулатов және басқалар) патша әкімшілігін адам алуға асықпауға, қайта әуелі дайындық шараларын жүргізуге көзін жеткізуге талай рет әрекет жасады. Сонымен бірге, олар қарусыз халық патша өкіметінің аяусыз жазалау шараларының құрбанына айналмауы үшін, «Қазақ» газетінің 1916 жылдың 11-ші тамызындағы санында Алаш (қазақ халқы – авт.) арасында бұйрықты ешқандай қарсылықсыз іске асыруды жақтады. Осы орайда, аталған қайраткерлер, егер қазақтар тыл жұмыстарына қатысса, Ресей соғыста жеңген жағдайда автономия алу мүмкіндігі арта түседі деп санады. Дәл солай болмағанымен, шындығында да 1917 жылдың ақпанындағы төңкеріс нәтижесінде патша өкіметінің құлауы Ресей мен оның ұлттық шет аймақтарындағы саяси күштердің орналасуын түбірімен өзгертті. Патша тақтан түскеннен кейін қалыптасқан қос өкіметтің бір жағында буржуазия мен буржуазияланған помещиктердің Уақытша үкіметі пайда болса, екінші жағында жұмысшы және солдат депутаттарының мүддесін көздейтін Кеңестер құрылды. Қос өкіметтің кілтипаны мынадай болды: нақты билікке ие Уақытша үкіметтің күшті әлеуметтік базасы болмады, ал Кеңестер әлеуметтік күшке ие бола тұрып, нақты билікке қол жеткізе алмады. Дегенмен, Мемлекеттік Думаның Уақытша үкіметінің, сонымен қатар, жұмысшы және солдат депутаттары Кеңесінің құрылуы туралы хабар (негізінен жеделхат түрінде) Қазақстанға 1917 жылғы наурыздың 2-3-інде келіп жетті.

Осылай, Петроградтан тараған нұсқауларға сәйкес Қазақстанда да Уақытша үкіметтің жергілікті құрылымдарының атқарушы (азаматтық) комитеттері мен революциялық билік органдары – Кеңестер құрыла бастады.

Жекелеген қалаларда (Әулиеата, Орал, Верный, Ақмола, Семей) алғашқы қырғыз (қазақ) және мұсылман комитеттері құрылды. Оларды ұйымдастырудың бастамашылары Ә.Н.Бөкейханов бастаған қазақ интеллигенциясының либералдық-демократиялық көсемдерімен тығыз байланыста болды. Олар бұл кезде тыл жұмысшыларының мәселесін қарастыру үшін Минскіде жүрген болатын. Ақпан төңкерісі жеңісінің хабары жеткен бойда Белоруссиядағы 15 қайраткер Қазақстандағы өз жақтастарына үндеухат жібереді. Ә.Бөкейханов, М.Дулатов, М.Есболов, Н.Төреқұлов, Т.Жаманмұрынов, және басқалары қол қойып, барлығы Қазақстанның 25 мекенжайы бойынша жіберілген бұл үндеуде: «Қазақтарға, жаңарған Ресейдің еркін азаматтарына! Ресейдің барлық халықтары үшін еркіндіктің, теңдік пен туысқандықтың таңы атты. Жаңа құрылыс пен жаңа үкіметке қолдау көрсету үшін қазақтар ұйымдасуы қажет. Жаңа құрылысты қолдайтын барлық ұлттар тығыз байланыста жұмыс істеуі керек. Қазақтар Құрылтай жиналысына дайындалуға және оған лайықты кандидаттар таңдауға тиіс. Сіздерді бұрынғы қазақішілік дау-дамайды, отбасы, ошақ қасылық ұрыс-керісті тастауға, халықты – бірігу мен әділдіктің ұранын көтеруге шақырамыз! Жер мәселесін тездетіп талқыға салыңыздар. Біздің ұранымыз – «демократиялық республика», жер одан өнім өндіретін малшылар мен егіншілерге тиесілі. Құдайдан басқа ештеңеден де қорықпаңыздар!», – делінген. Құжатқа мән бере отырып,  халыққа үндеу жасап отырған қазақ зиялыларының жоғарыда айтылған Ресейдегі қос үкіметтілік жағдайында Уақытша үкіметтің тұғырнамасын қолдайтындығын аңғару қиын емес. Осы орайда, Ә.Н.Бөкейхановтың Петроградтағы Ресей конституциялық-демократиялық партиясының VII съезіне (25-28 наурыз, 1917 жыл) делегат ретінде қатысуы бұл партияның Уақытша үкіметті толығымен қолдайтындығына, «жауды толық және түпкілікті жеңіп шыққанша соғысты жалғастыра беруді» және Құрылтай жиналысының тұғырнамасында аграрлық және Ұлттық мәселелерді шешуді қалайтындығына да байланысты болса керек. Сонымен қатар, Әлихан Бөкейхановтың кадеттер партиясы ОК-нің құрамына кіруі сол кездегі жағдайға байланысты билік тетігіне ұлттық қозғалыс басшылығының қол жеткізуіне бірден жол ашты. Көп кешікпей Ә.Н.Бөкейханов Торғай облысы бойынша Уақытша үкіметтің комиссары болып тағайындалды. Сәл кейінірек М.Тынышбаев, одан соң Мұстафа Шоқай Уақытша үкіметтің Түркістан комитетінің құрамына енгізілді. Жанша Досмұхамедов, Халел Ғаббасов, Жақып Ақбаев, Асфендияр Кенжин, Әзімхан Кенесарин және қазақ халқының басқа да өкілдері Қазақстан мен Түркістанның бірқатар уездері мен қалаларындағы Уақытша үкіметтің атқарушы органдарының басшылық құрамына кірді. Еске алар болсақ, Қазақ Елі патшалық Ресей бодандығы кезінде өзінің бір өкілін де империяның губерниялық, облыстық, тіпті, уезд бастығы дәрежесіндегі басшылық қызметке өткізе алмағандығы мәлім. Метрополияның әкімшілік басқару жүйесінде қазақтар болыстық қызметтен жоғары мансапқа көтерілмеген еді. Сондықтан да, Уақытша үкімет тұсындағы қазақ зиялыларының облыс басшысы болып, губерниялық билікке қатыстырылуы саяси тұрғыда оң жаңалық болды деуге негіз бар. Тиісінше, Ақпан төңкерісінен кейінгі Қазақстанның қоғамдық-саяси өміріндегі белсенділіктің артуына облыстық, уездік қазақ комитеттері үлкен әсер етті. Осылай, ұлт зиялыларының ұйымдастыруымен 1917 жылдың  көктемінде: Торғай (Орынбор қаласы, 2-8 сәуір, 300-ден астам делегат, төрағасы – А.Байтұрсынов), Жетісу (Верный қаласы, 12-13 сәуір, 81 делегат, төрағасы – И.Жайнақов), Орал (Орал қаласы, 19-22 сәуір, 800-ден астам делегат, төрағасы – Ж.Досмұхамедов), Ақмола (Омбы қаласы, 25 сәуір – 5 мамыр, 150-ге жуық делегат, төрағасы – А.Тұрлыбаев) қазақ облыстық съездері өткізілді.

Әулиеата уезінде съезд 1917 жылдың 27 желтоқсан күні өтті. Осы съезде 11 адамнан тұратын Әулиеата уездік комитетінің құрамы сайланып, барлық билік солардың қолында болатындай шешім шығады. Уездік комитеттің төрағасы болып, Әзімхан Кенесарин сайланады. Әулиеата уезінде Әулиеата уездік революциялық комитеті жеңіске жетіп, билік басына келген соң , Алашорда үкіметінің уездік комитеті 1918 жылы желтоқсан айында өз жұмысын тоқтатады.

Ә. Кенесарин Кеңес үкіметі орнаған соң, 1921 жылы Сырдария революциялық комитетінің хатшысы болып, одан кейін Әулиеата уездік атқару комитетінің жер бөлімінің меңгерушісі, гидротехник қызметтерін атқарады. Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша ІІХК басқармасы «үштігінің» шешімімен 1937 жылдың  28 қарашасында сотталып ең жоғары жазаға кесілген. Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша ІІХК басқармасы «үштігінің» шешімімен 1937 жылдың  28 қарашасында сотталған. 1956 жылдың 31 желтоқсанында Түркістан әскери трибуналы ақтады.

Әрине , мұндай деректерді екінің бірі біле бермеуі мүмкін. Ал, қолына осы тұрғысында кездейсоқ болса да кітап тисе , оның  оқылуы әбден ләзім. Олай болса қарайық:  «1916 жылдың мамыры. Уезд бастығы Суплатов келгендерге: Жұмыс, тіршілік керегі жоқ дейтіндерге жол ашық, өндірістен кетсін! Ал, қайыршыға қамқоршы болғандардың ниеттері бізге түсінікті. Олар сотталады, барыңдар!- деді. Соны естіген қала жұмысшылары түгел көтеріліп, Атшабардан төмен орналасқан уезд бастығының сарайына жиналды. Олар қамалғандардың аттарын атап: « Босатыңдар! Босатпасаңдар түрмелеріңді талқандаймыз!»- деп, тұс-тұстан дамылсыз айғай көтерді. Көп уақыт өткен жоқ, уезд гарнизоны солдаттарының сырнай-керней дауысы естілді. Екі жүзге жуық мылтықты солдаттар жиналған жұмысшыларды тіліп өтіп, алдарына шықты. Оларды бастап келгендері екі аттылы, уезд бастығының көмекшісі Кенесарин мен қала приставы Мешешков. Екеуі де қару-жарақтарын асынған, сұсты-ақ. Қыр мұрын, қияқ мұртты, өткір шегір көзді, қабақты келген, денелі қара-сұр жігіт Кенесарин қамшысын бүктей ұстаған оң қолын ат үстінде шірене тұрып көтеріп: Шуламаңдар!-деп айғай салды. Дауыстар сап тиылды.-Сендер бұл келістеріңмен бір үзім нандарыңнан, ал айтқанға көнбей қарсылық жасасаңдар өмірлеріңнен айырылғалы тұрсыңдар. Мына солдаттар тегін шақырылған жоқ. Қазірден бастап тараңдар! Тармағандарыңды қарумен күштеп апарып қамаймыз! Оған да көнбегендер атылады! Естідіңдер ғой! Қане! Тараңдар! Ешкім бұл сөзге қозғала қойған жоқ еді, Кенесарин солдаттарға: Дайындалыңдар!- деді өктем дауыспен. Солдаттар мылтықтарын кезеп-кезеп тұрақалды.  Кенесарин тағы да: Ескертіңдер!- деді айғайлап. Солдаттар аспанға гүрс-гүрс оқ атты. Жұрт жаңағыдай емес, қозғалақтап, бір-біріне жалтақтап қарай бастады. Бәріне көзін тесе шолып тұрған Кенесарин: Ақырғы рет ескертем, тараңдар!- деді. – Тарамасаңдар қазір топ-топқа бөліп, сұраймын, тыңдамағандар сол тобыңмен түрмеге айдалынасыңдар! Әр жерде тұрған большевиктік топ мүшелері жұртты ерегіспей тарауға үгіттеді. Олар бұл жолы қарсыласып табан тіреуден тек қана талай жұмысшыны қаматып, босқа айырылатындықтарын білді. » Не істеу керек? Біздіңше, тарихи әдебиеттерді мұрағат құжаттарына сай  сәйкестендірген жөн болар еді.

Съезде  ІІ жалпықазақ құрылтайына делегат болып  сайланған, кейінгі кеңестік дәуірде аудандық деңгейден Қазақстанның Халық Комиссарларының қатарына дейін көтерілген тұлғалардың бірі Әділев Дінмұхамед. 1900 жылы      Сырдария облысы Сарысу уезінде туған, қазақ. «Алаш» партиясының және Коммунистік партияның мүшесі болған. 1913 жылы Ақмола қаласындағы бастауыш училищені, 1918 жылы Омбы қаласындағы гимназияны бітірген,1919-1920 жылдары Ташкент университетінде оқыған.  1914-1917 жылдары Омбы қаласындағы «Бірлік» қоғамының мүшесі.  1917-1918 жылдары  Алашорда жағында азамат соғысына қатысқан. 1918-1920 жылдары  Ташкент қаласындағы Қазақ ағарту институтының оқытушысы, РК(б)П Семей губерниялық комитетінің жауапты қызметкері. 1920 жылдың желтоқсанынан 1921жылдың 12 қантарына дейін ҚАКСР ІІХК Халкомы қызметін уақытша атқарған. 1921 жылдың қаңтарынан  ҚАКСР ІІХК- ның  бөлім бастығы,  жазу машинкаларын есепке алу және қайта тіркеу жөніндегі комиссиясының төрағасы, Түркреспубликасының Сырдария және Әулиеата уездеріндегі ҚырОАК-нің өкілі. 1923-1925 жылдары Қазақ ағарту институтының оқытушысы, директоры, Түркреспубликасының Халық ағарту халық комиссариатында, Сырдария облыстық атқару комитетінде, губерниялық сотта ҚАКСР халық ағарту халық комиссариатында еңбек еткен. 1925-1926 жылдары Қазақ ұлттық театрын ұйымдастырушылардың бірі болған және оның директоры қызыметін атқарған. Қуғындалған. 1928 жылдың  желтоқсанында тұтқындалған,1930 жылғы  сәуірде ату жазасына кесілген. 1988 жылдың қарашасында ақталған.

Ал, осы және жоғарыда көрсетілген басқа да өңірлік съездерде ұлт азаттығы, жер, дін, мәдениет, қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық және басқа да мәселелер қарастырылып, осы мақсаттарға жету жолындағы іс-шаралар тізбесі айқындалды. Ұлт жетекшілері 21-26 шілдеде Орынбор қаласында өткен жалпықырғыз (жалпықазақ) съезінде қырғыздардың (қазақтардың) жеке саяси партиясын құру туралы қаулы қабылдады. Партияны ата-бабаларымыздың ұраны болған «Алаш» атымен атау көпшіліктің көңілінен шықты. Ендігі жерде, «Алаш» көсемдері қазақ халқының болашақ мұраттары – еркіндік пен бірігу идеяларын кеңінен насихаттай бастады, халықты алмағайып заманның қиыншылықтарына қарамай, өз мемлекетін құруға шақырды. Ұлтымыздың осындай озық қайраткерлерінің қарымды ұмтылыстарының нəтижесінде Қазақ жерінде «Алашорда» аталатын қазақтың ұлттық үкіметі (1917 жылы 13 желтоқсанда) құрылып 1917–1920 жылдары өмір сүргені тарихтан белгілі. Алаш автономиясының құрамына сол кездегі Бөкей ордасы, Орал, Торғай, Ақмола, Семей облыстарындағы, Каспий сырты облысындағы, Алтай губерниясындағы қазақтар мекендейтін аудандар енгізілді. Әрине, Қазақ хандығы мен мемлекеттік билік жүйесінің бірнеше ғасырлар бойы қалыптасып, ұлттық мүддені қорғау мен жүзеге асырудың мол тəжірибесінің жинақталуы, Алаш зиялыларына XX ғасырдың басында Ресей құрамындағы автономия ретінде өз мемлекетін құрып, Елдің ішкі және сыртқы саясатын қалыптастыруға мүмкіндік берді. Дегенмен, ірі империяның іргесі сөгіле бастаған кезде саяси аренаға шыққан «Алаш» билігіне күрделі де қатал өмір ағымы белсенді саяси күшке айналуына ырық бере қоймады. Сәл кейінірек басталып кеткен қым-қиғаш Азамат соғысы тұсында ол мүмкін де емес еді. Нәтижесінде, ұлт азаттығы үшін күрес арнасына түскен Қазақ елі бүкіл Ресей империясын қамтыған тап аралық соғыс кеңістігіне тартылды. Қазақ қоғамы болашақ мемлекеттік құрылыстың түрлі нұсқаларын жақтап (алаштық және кеңестік) екіге бөлініп кетті. Осылай, аз уақыт бұрын ғана отарлық езгіге қарсы күресте саяси тұтастық туын көтерген қоғам мүлдем басқа сипат алып, таптық жіктелу жолына түсуге мәжбүр болды.

Мұндай арандатудың қасіретті тұстары аз болған жоқ. Мәселен, 1917-ші жылдың тамызында Верный қаласында құрылған «Қара жұмысшылар Одағын» ұйымдастырушылардың бірі, сол жылы большевиктер қатарына өткен Тоқаш Бокин өзінің кеңестерге деген адалдығын Найденовкадағы орыс крестъяндарының деревнясын өрттен аман алып қалуға көмектесіп, оны қазақтарға: «Орыс крестъяндары сендердің дұшпандарың емес.Олардың өміріне нұқсан келтіруге болмайды. Сендердің дұшпандарың патша мен оның жендеттері»,- деп түсіндіреді. Дұрыс қой. Халықтар достығына не жетсін. Әйтсе де, қазақтардың осы жылдардағы бұл әрекеттері еріккеннің ермегі емес екендігі анық болатын. Себебі, патшаның қазақтарды тыл жұмыстарына реквизициялау туралы жарлығына қарсы шыққан көтерілісшілерге қаруын шошаңдатып ғана қоймай, қырып та салып жүретін кәззаптардың қатарында крестъяндардың барлығы жасырын емес еді. Атап айтсақ, тонау мен зорлық-зомбылықты есептемегеннің өзінде, көршілес Ново-Тройцкінің крестъяндарының қолынан Ашын болысына қарасты ауылдардан 400-дей қазақ қаза тапқан. Ал, Қожан қажының баласы Сағындық ұйымдастырған бұл істі қарусыз қазақтардың жанайқайы деп түсінсе де болатын шығар. Кейінірек, Жетісуда Кеңес билігі күш алар тұста Т.Бокин облревкомның арнайы комиссиясын басқара отырып, «Алаш» партиясының жергілікті бөлімшесін таратып, олардың барлық іс-қағаздарын жою арқылы, дүние-мүлкі мен ғимараттарын Орыс-түземдік қарым-қатынастарын реттеу Комиссариатына өткізеді. Көп ұзамай, 1918-ші жылдың 29-шы мамырынан Верный партия ұйымы мен облыстық комитеттің шешімімен байлардың малын кәмпескелеп, оны кедейлерге үлестіріп беру науқаны да басталып кетеді. Бұл іс-шараны жүзеге асырушылардың бірі Т.Бокин болады. Әрине, алашордалық И.Жайнақов, Қайсерке Тоқсанбаев пен Әбділдә Кәкеновтарға заңды белден басқан мұндай «ұр да жық» әрекеттердің ұнамағаны белгілі. Нәтижесінде, 1918-ші жылдың 19-шы қыркүйегінде Тоқаш Бокин өз қандастарының қолынан қаза табады.

Дәл осындай текетірес, 1919-шы жылдың 24-ші шілдесінде В.Лениннің қолынан Қазақ өлкесін басқару жөніндегі Революциялық комитет мүшелігінің мандатын алған, атақты Әбілхайыр ханның шөбересі Бақытжан Қаратаев пен «Алаш» үкіметінің батыс бөлімшесінің төрағасы Жаһанша Досмұхамедовтердің де арасында болғаны тарихқа белгілі.

Әйтсе де, Қазақ атты Ұлы Елде саясаттың қылбұрауынан қорықпаған Ұлы тұлғалар болды. Дәл осы ағайынды Досмұхамедовтарға, М.Тынышбаевқа, М.Әуезовке – Тұрар Рысқұлов көмектессе, Байтасов пен Бірімжановқа О.Жандосов пана бола білді. Әрине, мұның алашордашыларға қарлығаштың қанатымен су сепкендей ғана көмек болғандығы аян. Себебі, күннен-күнге күшейіп, дес бермей келе жатқан кеңестік репрессивтік аппарат Алаш қайраткерлерін бірінші кезекте және аяусыз жазалап отырды. Осылай, отызыншы жылдардың алғашқы жартысына жетпей-ақ  Алаш қозғалысына қатысушылардың негізгі шоғыры түгелдей дерлік жойылған еді. Бірақ бұл сталиндік жазалау жүйесіне аздық етті.

1934 жылы Ленинградта С.М.Кировқа жасалған қастандық, оның кім ұйымдастырып, кім арқылы жүзеге асқанына қарамай, қоғам назарын естен шығып кеткендей болған ішкі саяси күрестегі террор қолдану фактісіне аударды. Партия мен мемлекеттің көрнекті қайраткерлерінің бірінің қаза болуы митинг, жиналыс және т.д.б. түрдегі ұйымдасқан қоғамдық резонансқа ұласты. Қоғамдық санада, күрес жалғасып күшейе түсетіні , онда ең жоғарғы жаза қолданудан жалтару жоқ екендігі қашып құтыла алмайтын факт ретінде қалыптастырылды. 1936 жылдың  29  шілдесіндегі  БК (б) П-ның барлық партия ұйымдарына жіберілген жабық хатында « қырағылық мәселесі мен дұшпанды тани білуде» жіберілген кемшіліктерді жою өте қатқыл түрде талап етілді. 1936 жылдың 5 тамызындағы осы мәселені талқылауға арналған Қазақ өлкелік комитетінің бюросы, өз партия ұйымдарын және әсіресе жетекші кадрларды ерекше қырағылық танытуға және дұшпанды тануда  «мейлі ол жақсы қызметкермін деп мәймөңкелесе де, мейлі өзін партияның белсенді және шын берілген  мүшесі ретінде көсетуге әрекеттенсе де, – қателеспеуге міндеттеді.

Орталық лақтырған «тастың» алғашқы «дүрсілі»  ретінде  «қырағылықты күшейтудің арқасында әшкереленіп және соңынан  партиядан қуылған 43 контрреволюционер  троцкист-зиновьевшілдер мен олардың сыбайластары» туралы оқиғаны айтуға болады. Республикалық партия ұйымының 100 мыңнан аса мүшелерінің ішінде аталған ағымның бұдан да көп жанашырлары (жақтаушылары) болуы әбден  мүмкін еді. Дегенмен жазаланғандардың шын мәнінде аталған топтарға қатыстылығы  анық айқындалған жоқ. Осылай Оңтүстік Қазақстан өңірі бойынша: Шымкентте ұлтшылдар Әлмұхамедов пен Дәуірбаев өз пәтерлерінде жиналыс өткізіп, оған басқа да коммунистерді тартып, контрреволюциялық, ұлтшылдық және троцкистік үгіттер жүргізді. Мирзоян қызылша совхозында троцкист В.Нестеров троцкистік – алашордалық топ құрып, оған ұлтшылдар, Қазыбаев пен Төленов кірді;

Бұл арқылы белгіленілген немесе жасырын дұшпандар нақты таңбаланған – «ұлтшыл», «алашордашыл», «троцкист-зиновьевшіл», – деген саяси атқа ие болды. Осылай, Алашқа әйтеуір бір қатысы бар-ау делінгендер толығымен жойылып кетті. Бірді-екілі аман қалғандардың саясатта шаруасы болмады.

Кейін, уақыт өте келе «Алаш» қайраткерлері ақталды, басшылары аса білікті күрескер ретінде тарихқа енді.Тәуелсіздікке қолы жеткен қазақ жұртына есімдері тарихқа беймәлім болып келген «Алаш» азаматтарының қайта оралуы халқымыздың сана сезіміне ерекше зор әсер еткені даусыз.