МЕДИАТОРЛАР КӨМЕК ҚОЛЫН СОЗДЫ

2023 жылдың 16 наурызында Тараз қаласында, Жамбыл облысы әкімдігінің ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық келісім»  КММ ұйымдастыруымен Жамбыл облысының «Кәсіподақ орталығы»  ғимаратына жанжалды немесе даулы жағдайды соттан тыс шешуде консультациялық көмек көрсету бойынша қоғамдық қабылдау ұйымдастырды.

Іс-шара Қазақстан халқы Ассамблеясының республикалық Медиация кеңесінің 2022 жылғы 5 тамыздағы хаттамалық тапсырмалары шеңберінде өткізілді.

Мақсаты – халыққа құқықтық көмек көрсету, қоғамдағы жанжалды азайту, медиация институтын танымал ету.

Еске сала кетейік, қоғамдық қабылдау – бұл халықпен жұмыс істеудің жаңа нысаны, соның арқасында азаматтар мамандардың консультативтік көмегін пайдалана алады және өзекті сұрақтарға білікті жауаптар ала алады. Мұндай іс-шараларды өткізу өзекті, себебі бұл халықтың құқықтық сауаттылығын арттыруға және уақытында алынған құқықтық көмектің арқасында өтініш білдірушілердің мәселелерін сауатты шешуге көмектеседі.

Бұл жолы консультацияларды ҚХА кәсіби медиаторлары – Федорова Ирина Геннадьевна және Досыбиева Валентина Николаевна өткізді.

Бірқатар мәселелер қаралды:

-отбасылық мәселе (мұрагерлік даулар, сотқа дейінгі тәртіппен уағдаластық бойынша алимент төлеу туралы),

– жастар ортасындағы дау (әлеуметтік желілердегі абырой мен ар-намыс, қарызды қайтару).

Азаматтардың барлық сұрақтарына ҚХА медиаторлары толық жауаптар мен кеңестер берді. Нәтижесінде медиация рәсіміне екі өтініш (отбасылық және азаматтық даулар) және 7 консультация берілді.

Кеңеске жүгінушілер ұйымдастырушыларға нақты мәселені шешуге мүмкіндік бергендері үшін ризашылықтарын білдірді.

«Қоғамдық келісім»  КММ

Ақпараттық жұмыс және қоғаммен байланыс бөлімі

Таразда «ӘУЛИЕ АТА» қазақ мәдени орталығы Наурыз мейрамын атап өтті

Үстіміздегі жылдың 17 наурызында Жамбыл облыстық “Әулие Ата” қазақ этномәдени орталығы және М. Х. Дулати өңірлік университетінің “Гуманитарлық және әлеуметтік ғылымдар” факультетінің “Мәдениет және өнер” кафедрасы “Қош келдің-Әз, Наурыз!” мерекелік іс-шарасын өткізді.

Іс-шара халықтық ерекше форматта өтті. Шараға қатысушылар мен қонақтарды мерекемен М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің ректоры Мұхтар Байжұманов және Жамбыл облысы әкімдігі ІІБ “Қоғамдық келісім” КММ басшысының орынбасары Сәуле Құрманқұлова құттықтады.

Әрі қарай мереке шараның бейресми бөліміне жалғасып, қатысушылар “Дулати жастарыны” дайындаған театрландырылған қойылымды, концерттік бағдарламаны тамашалады.

Студенттік ұжымдардың орындауындағы шығармашылық нөмірлер келушілердің естерінде қаларлық деңгейде орындалды. Көрермендер керемет әндерді, ғажайып билерді тамашалап, өнерлі жастарға тәнті болды.

Тілек білдірушілер арнайы жайылған ұлттық тағамдарға толы Наурыз дастарханынан дәм татып, ғажап мерекенің қызығына тоймай үйлеріне өзара арқа-жарқа боп көтеріңкі көңіл-күйде тарқасты.

«Қоғамдық келісім» КММ ақпараттық жұмыс және қоғаммен байланыс бөлімі

Таразда «ХАЗАР» әзірбайжандар бірлестігі Наурыз мейрамын атап өтті

Наурыз – өзара түсіністікті, мейірімділікті, бірлікті, бейбітшілікті, келісімді бейнелейтін және барша қазақстандықтарды біріктіретін ерекше мереке.

2023 жылдың 18 наурызында Тараз қаласында Жамбыл облыстық “Хазар” Әзірбайжандар этномәдени орталығы Наурыз мейрамына арналған мерекелік іс-шара өткізді.

Қатысушылар қатарында облыстық этнос өкілдері мен Жамбыл облысы әкімдігінің ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ қызметкерлері де болды.

Мерекеге келгендерді этномәдени бірлестіктің үлкен-кіші өкілдері құттықтады. Ақсақалдар кеңесінен бастап балаларға дейін ақжарма тілектерін білдірді. Құттықтау сөз “Қоғамдық келісім” КММ басшысы Жинақбаева Мүбарак Қасымқызына да берілді.

Іс-шара өте қызықты бағдарламада өтті. Әзірбайжан этномәдени бірлестік өкілдерінің арнайы қойылымдары, ұлттық билері, қызықты да таңғажайып ұлттық дәстүрлері мерекені ерекше етті.

Іс-шараға қатысушылар әзірбайжандықтардың ұлттық тағамдарының дәмін тата алды.

Мерекелік іс-шара жоғарғы өз деңгейінде жақсы өтті.

«Қоғамдық келісім» КММ

Ақпараттық жұмыс және қоғаммен байланыс бөлімі

Көктем – жаңару мен гүлдену айы

Көктем – жаңару мен гүлдену айы. Ұлыстың ұлы күні 22 наурызды өзімен ерте келетін көктем әлемге әдемілік пен сұлулықты та ала келетіндей.  Дәл осы мерекенің қарсаңында «Ассамблея жастары» РҚБ белсенділері «Таза қала» акциясы аясында сенбілік ұйымдастырды.

Аталмыш ұйым мүшелері Тараздағы Сеңкібай өзені бойын жинап, айналасын қоқыстан тазартты. Сондай-ақ, қала тұрғындарына «ортақ үйімізді» таза ұстауға шақырды.

«Қоғамдық келісім» КММ

Ақпараттық жұмыс және қоғаммен байланыс бөлімі

ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ – ИГІ АМАЛ

Наурыз – әр шаңыраққа жаңару, сенім мен үміт, амандық пен береке әкелетін, табиғаттың оянып, рухани жаңғыруының мерекесі. Бұл – сауапты, қайырымды істер жасауға мүмкіндік беретін уақыт.

Осыған орай, «Қазақстан татарлары мен башқұрттарының құрылтайы» Республикалық қоғамдық бірлестігінің Жамбыл облысы бойынша филиалының өкілдері Наурыз мерекесі қарсаңында 2023 жылдың 15 наурызында қайырымдылық акциясын ұйымдастырды.

Осы ұйымның басшысы Фарида Нақыштың айтуынша, мұқтаж жандарға жалпы сомасы 45 000 теңгені құрайтын көмек көрсетілген.

Акция барысында 15 отбасыға азық-түлік пакеттері таратылды. Әр азық-түлік жиынтығы 6 заттан тұрады:макарон, қант, қарақұмық, күріш, шай, өсімдік майы.

Қайырымдылыққа негізделген іс-шаралар алдағы уақытта да жалғасын табады.

«Қоғамдық келісім» КММ

Ақпараттық жұмыс және қоғаммен байланыс бөлімі

Оңтүстік өңірдегі кеңестік биліктің алғашқы кезеңіндегі қазақ қыздарының қоғамдағы рөлі

Кеңестік билік қоғамдағы қазақ қызының рөлін өз идеологиясына сәйкестендіріп өзгертуді мақсат тұтты. Әрине, білім дәрежесі өте төмен деңгейде болған қазақ қыз-келіншектерін (0,7 %) большевиктердің тезіне салу көп қиындық та келтіре қоймаған еді.

Осылай, РК(б)П-ТКП жалпы қоғамдағы, соның ішінде Түркістан өлкесіндегі әйел-мұсылмандар мәселесін барынша белсенді түрде қолға ала бастады. Бірінші партияда жоқ мұсылман әйелдерінің конференциясы 1921 жылдың 9 науырызында Әулие-Ата қаласында өтеді. Қаланың ірі саяси белсенділері Абланов, Ахметжанов, Рахманберді және Палийлер делегаттарды конференцияның ашылуымен құттықтады. «Москвадағы жалпыресейлік мұсылман әйелдері съезі» туралы мәселені қарап, конференция съезге өзінің қызығушылығын танытып, Кеңес үкіметін қолдайтындығын білдіреді.

Облыстық конференцияға делегаттар сайланып, оларды конференция президиумңн төрайымы Серікбаева таныстырды. Конференцияға жиналған делегаттар мұсылман әйелдер ұйымын құру мәселесін уақыт оздырмайтын қажеттілік деп қарауды өз қаулыларында атап көрсетті . Кейіннен, ТКП Сырдария облыстық комитеті (Сыробком) жанынан әйелдердің аудандар мен қалалардағы белсенді жұмысын ырғақтандырып отыратын әйелдер бөлімі (женотдел) құрылып, ол әйелдер ұйымдарының Кеңестік мекемелермен байланысын нығайтуға негізделді, себебі бұл іс «… мекемелердегі әйелдер арасында нашар жүргізілген, бірақ іс-шаралар қолданылуда… Бұл байланыстардың жақсаруы күтілуде». Жергілікті халық арасындағы жұмысқа ерекше мән берілді. Облыстық партия мектебі жанында әйелдер секциясы жұмыс істеп, сонымен қатар «Шығыс университетінің бөлімшесі жанынан әйел жұмысшылар үшін 3 айлық мектеп ашылып, онда 32 курсант есепте болды» .

Нәтижесінде, кейіннен 50 әйелдің кілем тоқитын артелі ашылды .

Аталған саяси- демографиялық топ ішіндегі жүргізілген жұмыстың бір парасы БК(б)П Сырдария аймақтық комитетінің өңірдің орта деңгейдегі ұйымдарына жіберген хатында көрінеді, онда кеңесшіл әйелдердің « аймақтық, аудандық кеңестерін, қоғамшыл әйелдердің ауылдық мәжілістерін өткізіп олардың назарын Кеңестердің сайлау науқанына аудару туралы және бұл іске ауылдың, кишлак пен деревнялардың әйелдерін кеңінен тарту туралы айтылады. Сонымен қатар, Қазақстанды мекендеп отырған барлық ұлттардың еңбекші әйелдерін де аталған істерде кеңінен қамту мәселесі қарастырылған.

Әйтсе де 20 – жылдардың басында партиялық ықпал барынша әлсіз еді. 1921 жылдың сәуірінде өткен ІY Әулиеата уездік – қалалық конференциясында «…Уездік партия ұйымының тым әлсіздігі, партия жұмысының уезде де, қалада да әлсіз екендігі, Уқалкомның жетекшілік ролінің жоққа тән екендігі, онсыз коммунистік ұйымдар мен басқа да партия ұйымдары күнін көре алмай кететіндігі… Уқалкомға мынадай ұсыныстар: «…қала мен уезде коммунистік бастауыш ұйымдарын құруға барлық күш-жігерді жұмсауды, ал коммунистік фракциялардың кәсіподақтары жанынан жастарды, мұсылмандар мен орыстар одағын және әйелдерді қоса отырып сенбіліктер ұйымдастыру қажеттілігі айтылды.

Бұдан кейінгі кезеңдерде бастауыш партия ұйымдары мен партия ұяшықтары орта деңгейдегі аппараттың қырағы көзқарасымен жұмыс істеді, дегенмен мұндай бақылау орталық партия органдарының бағытынан айнымауға кепілдік бере алмайтын еді.

Дәл осындай алмағайып кезеңде қазақ әйелдері арасынан қоғам қайраткерлері де шыға бастады.

Сондай есімі тарихта қалған қыздардың бірі – Нағима Ыдырысқызы Арықова (1902-1956) Верный қаласында шаруа отбасында дүниеге келіп, Семейде губерниялық кеңес-партия мектебін, Мәскеудегі Марксизм-Ленинизм курсын бітіріп, әйелдердің коммунистік қозғалысының белсенді мүшесі болған. 1923-шы жылы Қарқаралы уезінде уездік партия комитетінің әйелдер бөлімінің меңгерушісі, 1924 жылы Орынборда Қыробкомның әйелдер арасындағы жұмысты ұйымдастырушылардың өлкелік курсының басшысы болды. 1925-1928 жылдар аралығында РКП (б) қазақ өлкелік комитетінің бюро мүшесі және өлкелік әйелдер бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарады. 1937-ші жылдың шілдесінен 1938-шы жылдың тамызына дейінгі уақытта ҚазКСР-і әлеуметтік қамсыздандыру халкомы болды.

Ал, Сара Сәтбайқызы Есова 1903-ші жылы Сырдария облысында дүниеге келген. Қазақ әйелдері арасынан шыққан партия, мемлекет және қоғам қайраткері. 17 жасынан қоғамдық істерге араласқан Сара 1919 жылы Орынбор педагогикалық училищесін бітіргеннен кейін, бірер жылдай мұғалімдік қызмет атқарады. 1922 жылдан РКП (б) қазақ обкомында, кейіннен Түркістан Республикасы комсомолының орталық комитетінде қыздар арасындағы жұмыс жөніндегі бөлімінің меңгерушісі болып қызмет атқарады. 1921-ші жылы Бүкілресейлік ІХ съезге делегат болып сайланады. 1922 – 1925 жылдары Жетісу өлкелік «Тілші» газетінің, кейін «Әйел теңдігі» журналының редакторы болып жұмыс істейді. 1928 жылдан бастап Сара апамыз халық ағарту қызметкерлерінің республикалық комитетін басқарады.

Жалпы, Әулиеата уезі кіретін Сырдария облысында 1924-25 жылдары ауылдық кеңестерді басқарғандардың 11 пайызы әйелдер болса, 1929 жылы бұл көрсеткіш 21 пайызға жеткен. Ал, кілем, алаша тоқу өнерлерін оқытып- үйрету үшін, 1929 жылы республикамызда 109 оқу орны ашылыпты.

Дегенмен, 1928-29 жылдар аралығында бай–кулақтарды кәмпескелеу кезінде ерлерімен қатар олардың әйелдері де жапа шеккені белгілі.Сол кезде кәмпескелеуге ұшыраған отбасыларының талайлы тағдырларына мән берсек, онда Әулиеата ауданында қуғындалған Тілешұлы Ермет жайлы айта кетуге болады. Бұл жөнінде: «Бір кездегі мыңғыраған мал мен ас та төк тірліктен түк қаламағанда, жазған басым, ошаққа асар қазан да таппай қалдым»,- деп еске алады Ермет ағамыздың жұбайы Әсіл апамыз. Осылай, қиын жағдайға душар болған қуғындалған азаматтың жары екі баласына ие бола алмай, оларды 1932 жылғы ашаршылықта қазіргі Т.Рысқұлов ауданынан аш балаларды жинауға бөлінген ат арбаға артып, балалар үйіне өткізген. Алла оңлап, көп жылдардан кейін білім алып, мамандық иесі болған үлкен ұлы Әбдіғұл туған жеріне оралып, анасына қайта қауышады. Ағамыз аталған нәубетті науқанда әлі есін білмеген інісінен балалар үйінде бөліп жібергендіктен көз жазып қалған екен. Ол кісі өмірінің соңына дейін сол кіші бауырын іздеумен болыпты. Бірақ еш нәтиже болмаған.

1936-1937 жылдары Әулиеата уездік оқу-ағарту бөлімінің басшысы болған Сабыр Айтхожиннің де жанұясының көрген азабы аз болмапты.. Ерін тұтқындағаннан кейін Сабыр ағамыздың әйелі Ғайникамал, күйеуінің ақталмасына көзі жетіп, өзіне де қауіп төне бастағанын сезгеннен кейін, үш баласымен бір түнде қашып шығып, Павлодарға барып бой тасалаған.

Ол жақта да күйеуі ақтала ма деген үмітпен басшылардың рақымын күтіп кеңсеге бара қалса, «ә, халық жауының әйелі келдің бе, сені де күйеуіңнің артынан жіберейін бе!», – деген қоқан-лоқының талайын естиді. Ғайникамал апамыздың жоғары білімді мұғалімдік мамандығы бар болатын. Кезінде партия қызметтерінде жұмыс істеп, 1932 жылғы ашаршылықта халықты аштықтан қорғау комитетін де басқарған. Әйтсе де, бұл кісіні еш жерге қызметке алмайды. 15 жасар қызы Сәуленің қара жұмысқа араласуына тура келеді. Осы кезде, республикадағы жауапты қызметкерлердің бірі Нығмет Сырғабеков түрмеге қамалып, оның әйелі Бибісара да халық жауының әйелі ретінде 8 жылға бас бостандығынан айырылады. Олардың соңында қалған сәбилерін Ғайникамал апай, қашып-пысып жүргеніне қарамастан өзінің үш баласына қосып асырайды.

Әрине, кеңестік қатал тәртіп Ғайникамал сияқтыларды жұмысқа алмақ түгілі, олардың балаларын да «халық жауының» балалары деп тұқыртып отырды. Осылай, қуғын-сүргін жылдары тек қана «қылмыс» істегендер ғана сотталған жоқ. Олардың отбасы мүшелері – бірінші кезекте әйелдері де айыпты деп есептеліп, лагерлерден орын алды. «Отанын сатқандардың» отбасы мүшелері отағаларымен бірге қасірет тартты.

 

Сейдахан Бақторазов- М.Х.Дулати атындағы

Тараз өңірлік университетінің профессоры,

Ж.Баласағұн атындағы Түркістан өлкесін

зерттеу орталығының директоры

Жамбыл облысы ҚХА ғылыми-сараптамалық

тобының мүшесі

Ардақты аналар!

Құрметті қыз-келіншектер!

Сіздерді жер-дүниені шуағына бөлеп, тыныс-тіршілігімізге нәр берген көктемнің шұғылалы мерекесі – 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Көктемнің шуақты сәті әйел-аналарымыз бен аруларымыздың мерекесінен бастау алады.

Осынау жарқын мерекенің біздің барлық үміттеріміз бен армандарымызды тығыз байланыстыратын көктемнің алғашқы айының басында келуі, жақсылықтың нышаны болса керек.

Әйелдер – әлемге мейірім мен жаңа өмір сыйлаушы нәзік жан иелері. Әрбір шаңырақтың шаттығын жарастырып отырған аяулы жандарға зор құрмет көрсету – қай ұрпақтың да перзенттік парызы болып қала бермек.

«Ер елдің иесі, әйел – үйдің киесі» дегендей отбасындағы береке-бірлікке, өмірдегі әсемдік пен нәзіктікке жолбасшы бола жүріп, айналасына инабаттылықтың нұрын сепкен аналарымыз қашанда құрметке лайық.

Қазіргі таңда ауданымыздағы түрлі салада қажырлы еңбек етіп, ғылым мен білімнің, мәдениет пен өнердің шыңына көтерілген, мемлекетіміздің дамуы мен өркендеуінде парасаты мен пайымын, біліктілігін, танымы мен талғамын аямаған әйелдер аз емес. Ұрпақ тәрбиелеуде ғана емес, билік пен бизнесте, саяси-экономикалық және әлеуметтік ахуалды ер азаматтарымен иық тірестіре жүрген қыз-келіншектер – бүгінде ел мақтанышы.

Қымбатты аналар!

Аяулы асыл жандар!

Табиғат ананың жаңарып, мейірім жылылығын ала келетін көктемнің алғашқы мерекесі баршаңызға құтты болсын! Сіздер бұл өмірге тек ізгілік пен жылылық, мейірім мен шуақ сыйлаушы жандар ғана емес, тіршілік атаулының ең асыл абзалы деген құрметке лайықсыздар.

Осы мерейлі мереке қарсаңында дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға бақ пен береке, шаңырақтарыңызға шаттық тілеймін!

Жамбыл облыстық Тәжіктер этномәдени бірлестігінің төрағасы

Махкам Орифов

Ардақты аналар!

Аяулы арулар!

Сіздерді 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Ана – тіршіліктің тірегі, отбасының берекесі, бүкіл адамзаттың тәрбиешісі, жақсылықтың бастауы.

Ел тарихының қай кезеңінде болсын, батыр аналарымыз асқан ерлігі мен өнегелі істерінің арқасында бірлік, тұрақтылық, өркендеу сияқты арқаулы құндылықтар қалыптастыра білген.

Тәуелсіз еліміздегі бейбіт тірліктің, мызғымас бірліктің, жарқын болашаққа деген сенімнің, ізгілік пен мейірімділіктің ұйытқысы да Әйел-аналар қауымы!

Әйелдер бүгінде барлық салада жемісті еңбек етіп жүр. Мемлекетіміз жеткен жетістіктерге нәзік жандылардың қосқан үлесі зор. Қазалы өңірінің нәзік жандылары да билік пен бизнесте, білім мен мәдениетте ерекше қабілетімен танылуда.

Бүгінгі мерейлі мереке қарсаңында дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға бақ пен береке, шаңырақтарыңызға шаттық тілеймін.

 

Өңірлік ҚХА мүшесі, Тараз қалалық қан орталығының басшысы Ғұлам Мұхтарұлы

АНАЛАРҒА МЫҢ ТАҒЗЫМ

Ағымдағы жылдың наурыз айында Жамбыл облысы, Жамбыл ауданы, Жалпақтөбе ауылында Алғыс айту күні мен Халықаралық әйелдер күніне орай аналарға құрмет көрсетілді. Келе жатқан әйелдер қауымы мерекесінің бастамашылары «Қазақстан дүнгендерінің республикалық этномәдени орталығы» РМК төрағасы Зайнудин Махусеев пен осы бірлестіктің Аналар кеңесінің төрайымы Сара Даузова болды.

Іс-шараға «Қоғамдық келісім» КММ басшысы, ҚХА, «Анаға тағзым» орталығының өкілдері, Тараз, Қордай, Жамбыл аудандарынан келген қыз-келіншектер қатысты.

Мереке қатысушылары үшін қызықты бағдарлама ұйымдастырылды. Композитор Ш.Қалдаяқовтың «Дүнген қыз» әнін әнші Ғани Метебаевтың орындады. Мерекеге шақырылған Наталья Гончарованың өз шығармасынан өлеңдерін оқып берді.

Іс-шара барысында құттықтау сөз – Исмазов Р.Б., Маюфи А., Юнусов И.М., Паншаев М.С., Джамалов З.Б., Үрпеков С.Қ берілді.

Бұл жолы бағалы сыйлықтар мен марапаттар Х.Я.Сулейманова Аширова Л.Б., Даузова.С.М., Аширова З.Е., Азимова М.Қ. табысталды.

«Қоғамдық келісім» КММ

Ақпараттық жұмыс және қоғаммен байланыс бөлімі

Балбөбегім – бақытым, болашағым

Ағымдағы жылдың 27ақпанында Жамбыл облыстық ҚХА мен «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің «Ақпараттық жұмыс және қоғаммен байланыс» бөлімі ұйымдастыруымен Алғыс айту күніне орай және балабақшадан бастап балалармен жұмыс істеуге бағытталған «Ассамблея бөбектері» пилоттық жобасын ілгерілету мақсатында Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасының Тараз қаласы білім бөлімінің «№17 бөбекжай-балабақшасы» мемлекеттік коммуналдық мекемесі тәрбиеленушілерінің қатысуымен Алғыс айту күніне арналған «Балбөбегім – бақытым, болашағым» атты іс-шарасы өтті.

Іс-шараның мақсаты – кішкентай жас ұрпаққа «Алғыс айту күнінің маңыздылығын түсіндіру, «Ассамблея бөбектері» жобасы бойынша «достық үйі», «ассамблея», «этностар», «алғыс айту» деген ұғымдар жөнінде бүлдіршіндердің түсініктерін бекіту, бейбітшілік, достық, бірегейліктің не екенін кішкентай кездерінен саналарына сіңдіріп тәрбиелеу, оның әлеуметтік мәнділігін ұғындыру және балақайлардың түрлі іс-шараларда өз өнерлерін көрсетуі арқылы белсенділіктерін арттыру, балаларды өзін-өзі тануға, өзін құрметтеуге үйрету, өзін жеке тұлға ретінде көрсете білуге тәрбиелеу, патриоттық сезімдерін қалыптастыру, халық бірлігін нығайту, этносаралық ынтымақты сақтау.

Жобаны іске асыру және Алғыс айту күнін атап өту барысында №17 бөбекжай-бақша тәрбиешілерінің дайындауымен балабақша бүлдіршіндері Алғыс айту күніне арналған «Тіл тағдыры – ел тағдыры» атты этнос балаларының арасында мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге бағытталған өлеңдерін оқып, әр мамандыққа қатысты викториналық сауалдарға қатысып, танымдық білім деңгейлерін көрсетті. Сондай-ақ, қатысушылар бүлдіршіндердің қолөнерден шеберлік сағаттарын тамашалау барысында әр тәрбиеленушінің өз ойлары, сана-сезімдерінен туындаған түрлі қолөнер шедеврлерімен танысты.

Ассамблея мен Достық үйінің қызметі жөнінде және Алғыс айту күнінің мән-мағынасы жөнінде «Қоғамдық келісім» мекемесінің қызметкерлері Мұратхан Шынар мен Ринат Ақәділ шағын мағлұмат беріп, балаларға өз деңгейіне сай түсінік берді. Сонымен бірге, «Ақпараттық жұмыс және қоғаммен байланыс» бөлімінің жетекшісі Бибігүл Утепова Қазақстан халқы Ассамблеясының осыдан 2 жыл бұрынғы кеңейтілген отырысында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өскелең ұрпаққа патриоттық тәрбие беруді, Қазақстан этностары туралы мектепке дейінгі кезеңнен бастап бүлдіршіндерге өз деңгейлеріне шақ дәріс беруді міндеттегендіктен бала-бақшадан бастап балалармен жұмыс істеуге бағытталған «Ассамблея бөбектері» республикалық пилоттық жобасын “Қоғамдық келісім” мекемесі назарға алып, өңірлер арасында ең алғашқылардың бірі болып қолға алып, осыған қатысты аталмыш бөлім үшінші жыл жұмыс жүргізіп келетіндігін атап өтті. Нәтижесінде бірнеше балабақша бүлдіршіндерінің Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы ақпараттармен таныс екендігі сөз болды. Қандай этникалық топтың баласына болмасын, оларға барлық ұлт өкілдерінің салт-дәстүр, әдет-ғұрып, мәдениеті туралы арнайы суреттермен, ұлттық киімдер, ұлттық ойындар, танымдық анимациялық мультфильмдер арқылы дәріс беру маңыздылығы айтылды.

Бұған қоса, «Балбөбек» балалар хорының орындауында «Менің Қазақстаным», «Балғын шағым», «Анама алғыс» әндері шырқалды.

Шара барысында Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасы, Тараз қаласының білім бөлімінің «№17бөбекжай-бақшасы» мемлекеттік коммуналдық қазыналық мекемесінің меңгерушісі Балтабаева Марфуға Рахметуллаевна ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.

Бұл ретте «Қоғамдық келісім» КММ қызметкерлері де балалардың өнеріне риза боп, кішкентай бүлдіршіндер мен соларды дайындаған бала-бақша басшысы мен тәрбиешілері, психологтарына зор алғыстары мен құттықтау сөздерін жаудырды.

«Ақпараттық жұмыс және қоғаммен байланыс» бөлімі