АССАМБЛЕЯ ЖАСТАРЫ ҰЛЫ ОТАН СОҒЫСЫ АРДАГЕРЛЕРІН ҰЛЫҚТАДЫ

«Біз – қайырымды жастармыз» деген қағиданы ұстанатын жамбылдық ассамблея мейірімді жастары қаламыздағы әлеуметтік маңызы бар жұмыстарды жыл сайын белсенді атқарып келеді.

Бұған дәлел, 2023 жылдың 5 мамырында Тараз қаласында Жамбыл облысының ҚХА “Ассамблея жастары” РҚБ мүшелері Жеңіс күні мейрамы қарсаңында “Отан үшін от кешкендер” қайырымдылық акциясын ұйымдастырып, ҰОС ардагерлеріне құрмет көрсетті.

Атап айтқанда үш ардагердің үйіне барып, оларға арнайы сыйлықтар табыстап, ізгі тілектерін айтып, қарияларға шаттық сыйлай білген елгезек жастарымыз әр ардагердің сұрапыл соғыстағы жорығы, бастан өткерген естеліктері туралы да азды-көпті хабардар боп қайтты.

ҚХА жастарынан шын жүректен құттықтаулар мен табыстаулар қабылдаған қарт ардагерлердің бірі 100 жастағы Шалданбай Шаңбаев атамыз еді. Бұл кісі 1942 жылдың тамызында майданға аттанып, ішкі істер күштерінің 227-ші полкінде тіркеліп соғысқа шыққан екен.

Ал, Долганов Виктор Васильевич болса, 1945 жылдың 1 қаңтарында майданға шақырылып, II дәрежелі Отан соғысы”, “Маршал Жуков”, “Германияны жеңгені үшін” ордендерімен марапатталған. Сонымен бірге, Ұлы Отан соғысы майданында радиодивизионның барлаушысы болған Иван Федорович Макеев те барлау жұмыстары кезіндегі өзінің, жауынгерлердің ерлігін баяндау арқылы жастардың өзіне деген ерекше назарын аудартты. Бұған қоса ол Харбин, Мукден, Чан-Чюнь қалаларын азат ету шайқастарына да қатысып, соңғы соғыс жортуылын сол Чан-Чюнь қаласында аяқтағандығын атап өтті.

“Қоғамдық келісім”КММ “Ақпараттық жұмыс және қоғамдық байланыс” бөлімі

МЕЙІРІМДІЛІК ЖҮРЕКТЕН

Отан қорғаушылар күні мен Жеңіс күні мерекелері қарсаңында өңірлік ҚХА құрылымдарының өкілдері де қайырымдылық акциясына қатысуда.

Мәселен, Жамбыл облыстық “Ассамблея жастары” РҚБ басшысы Хамида Тұрдыева бастаған бірқатар жастар осы акцияға белсенді атсалысып жүр. Игілікті акцияның демеушісі – Жамбыл облысының мәслихат депутаты Дамир Ташкараев.

Акцияға қатысты жомарт меценат Дамир Ташкараев жәрдемге мұқтаж адамдарға тегін тарату үшін барлығы 1 тонна форель балығын берген еді. Осы мөлшердегі қызыл балықтан 30-ға жуық балық салынған қорапшалар өмірлік қиын жағдайға тап болған балаларды қолдау орталығы ( Қ.Сарымолдаев атындағы балалар үйі) мен спорттан дарынды балаларға арналып мамандандырылған облыстық мектеп-интернатқа табысталды. Айта кетейік, қызыл балық салынған бір қораптың салмағы – орта шамамен 7 кг -8 кг-ды құрайды.

Сондай-ақ, 2023 жылдың 5 мамыры күні де жақсылық жасауға келгенде алдына жан салмайтын Ассамблея жастары әлеуметтік жағдайлары төмен отбасылар мен көмекке мұқтаж жандарға да форель балықтарын жеткізді.

Ұлы Отан соғысының Жеңіс күні мен Отан қорғаушылар күні арқау болған мейірімділік акциясында қаламыздың біршама аз қамтылған топтарының өкілдері күтпеген жерден тегін қызыл балыққа ие болып, бір күндік қуаныш болса да көңілдері шарықтап, бір сәт ертегідей күй кешті.

Қайырымды жастардың осынау ізгі істері кім-кімге болмасын үлгі өнеге екендігі айқын. Әлемде көп қиындықтарға қарсы тұратын мейірімділік пен қамқорлық көп болған жағдайда адамзат баласының көңілі тоқ болатындығы сөзсіз.

«Қоғамдық келісім» КММ «Ақпараттық жұмыс және қоғаммен байланыс» бөлімі

Жамбыл облысының Өрт сөндірушілері Отан қорғаушылар мен Жеңіс күнін атап өтті

Ағымдағы жылдың мамыр айында Жамбыл облысы ТЖД Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің Тараз қаласының №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің аумағында салтанатты іс-шара өтті.

Іс-шара басталмастан бұрын Өрт сөндіру қызметінің жеке құрамы қызметін атқару барысында қайтыс болған өрт сөндірушілер мен құтқарушыларды бір минут үнсіздікпен еске алып, батырлар ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.

Бұдан соң өрт сөндіру қызметінің бастығы, азаматтық қорғау полковнигі Әлібек Әділбекұлы Әбсатов ұжымды 7 мамыр Отан қорғаушылар күні және 9 мамыр Ұлы Жеңіс күні мейрамдарымен құттықтап, отбастарына амандық, жұмыста табыс және зор денсаулық тіледі.

Сонымен бірге, №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөліміне Халық қаһарманы-Мейіржан Аймановтың есімі берілгені туралы бұйрықтың шыққанын атап өтті.

Салтанатты шара барысында жұмысқа жаңадан жұмылдырылған жас мамандар Отан алдындағы анттарын қабылдап, бірқатар қызметкерлер арнайы ведомстволық наградалармен және Жамбыл облысы әкімдігінің алғыс хаттарымен марапатталды.

Іс-шараға қатысушылар қатарында Шешен этносының өкілі Дадаев Ахмад Хасанұлы мен Нығметов Жеңіс Әжғалиұлы бастаған азаматтық қорғау органдарының ардагерлері шақырылды.

Олар бірінші кезекте шараға арнайы шақырылғандары үшін ұйымдастырушыларға алғыстарын білдіріп, өрт сөндірушілердің жұмысы әлемдегі ең маңызды және қажетті екенін айрықша атап өтті. Сонымен қатар, әскерге алынған жас өрт сөндірушілерді құттықтап, қызметте барлығына сәттілік тіледі.

Мерекелік жиын соңында өрт сөндіру қызметі бастығының орынбасары, азаматтық қорғау полковнигі, облыстық Өзбек этномәдени бірлестігінің өкілі – Шайкрамов Мансур Закирович барлық өрт сөндірушілер мен құтқарушыларды атаулы мерекелерімен құттықтап, қызметтік міндеттерін атқару кезінде қаза тапқан өрт сөндірушілерді еске алудың маңыздылығын атап өтті.

Іс-шара естелік фотосессиямен аяқталды.

”Ақпараттық жұмыс және қоғаммен байланыс” бөлімі

Жамбыл облысының әкімі, өңірлік ҚХА төрағасы Нұржан Молдиярұлы Нұржігітов пен облыстық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев ҰОС ардагерлерінің шаңырақтарына арнайы барып

Жамбыл облысының әкімі, өңірлік ҚХА төрағасы Нұржан Молдиярұлы Нұржігітов пен облыстық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев ҰОС ардагерлерінің шаңырақтарына арнайы барып, Ұлы Жеңіс күнімен құттықтады.

Қарт майдангерлер сұрапыл соғыс жылдарын еске ала отырып, ғаламат Жеңіске Отанға деген сүйіспеншілік пен бірліктің арқасында жеткендерін әңгімелеп берді. Қонақтарға құттықтаулары үшін алғыстарын айтып, Еліміздің бейбітшілік пен келісім жарасымына нұқсан келмеуіне тілектерін білдірді.

Ақпараттық жұмыс және қоғаммен байланыс бөлімі

ЕР ЕСІМІ – ЕЛ ЕСІНДЕ

Әсем қаламыздың “Жеңіс” саябағына жылда 9-мамырда өңір тұрғындары таңертеңнен келіп, бір-бірін қасиетті Жеңіс күні мерекесімен құттықтауға, сонымен бірге, арамызда аман-есен бірге жүрген Ардагер Аталар мен Әжелерге ізет, құрмет көрсетуге және соғыстан үйлеріне оралмаған майдангерлерді еске алуға жиналады.

Бүгін, Кеңес Одағының батыры, қолбасшы, Қазақ елінің мақтанышы, аты аңызға айналған Бауыржан Момышұлының мемориалына жылдағыдай гүл шоқтарын қою салтанатты рәсімі мен еске алу шарасы өткізілді.

Гүл қою рәсімі Жамбыл облысының әкімі, өңірлік ҚХА төрағасы Нұржан Нұржігітовтың, және ҰОС ардагерлері, “Оңтүстік” өңірлік қолбасшылығының әскери қызметшілері, Ішкі саясат басқармасы және “Қоғамдық келісім” КММ басшылығы мен қызметкерлерінің қатысуымен өтті.

Ұлы Отан соғысының батырларын еске алуға келгендердің қатарында ҚХА мүшелері, біздің өңірдің этномәдени бірлестіктерінің басшылары мен өкілдері де болды. Осы тұста ерекше атап өтсек, облысымыздың ҚХА мүшелері мен этномәдени бірлестік өкілдері 7-9 мамыр —Отан қорғаушылар және Жеңіс күні әскери мейрамдарын мерекелеуге жылдағыдай бар ықыластарымен белсене қатысты.

Күні бүгінге дейін сызаты кетпеген сұм соғыс құрбандарын еске алуға “Жеңіс” саябағына жиналған жұртшылықтың молдығы сонша, бірнеше қатардан бағандар құрап, қаз-қатар тізіліп тұрды. Бейбіт өмірдің қадірін білер әр адам батыр атамыз бен жамбылдық жауынгерлерді еске алып, бір минуттық үнсіздікпен рухтарына тағзым етті.

Бұдан соң, әскери үрмелі аспаптар оркестрінің орындауындағы бірінен соң бірі бүкіл саябаққа қалықтаған ескі әскери әндер мен соғыс жылдарындағы музыкалық әуендер арада бір ғасырға жуық уақыт өтсе де, сол сұрапыл соғыс аяқталғаннан кейін бүкіл Кеңес елінің Жеңіс күнін қалай қуанып қарсы алып жатқанынан көрініс беріп тұрғандай болды.

Кемеңгер тұлға соғыста ғана ерлік көрсетіп қоймай, туған халқының ұлттық құндылықтары – салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын, тілін, дінін, ділін, тарихын “қиын-қыстау “ кезеңдерде жанұшыра, қызғыштай қорыған арыстарымыздың бірі еді.

Ерлігі мен елдігін болашақ ұрпағына аманат етіп кеткен Бауыржан атамыздың

“мәңгі от- алауы” орналасқан ескерткішіне Жамбыл жұртшылығының атынан құрметпен гүл шоқтары қойылды. Саябақ іші Жеңіс күні мерекесіне арналған берекелі іс-шаралармен жалғасып жатты. Ер есімі – мәңгі ел есінде қала бермек.

Ақпараттық жұмыс және қоғаммен байланыс бөлімі

«Этнопедагогикалық жобалар арқылы балалардың ұлттық дүниетанымын қалыптастыру»

Ағымдағы жылдың 4 мамырында Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасының ұйымдастыруымен №18 «Еркежан» бөбекжай-бақшасында «Этнопедагогикалық жобалар арқылы балалардың ұлттық дүниетанымын қалыптастыру» тақырыбында қалалық ғылыми – тәжірибелік семинар өтті.

Шараны өткізудегі басты мақсат – қазіргі жаһандану заманында рухани құндылықтарды меңгерген, өзінің төл тарихын, ана тілін, ұлттық мәдениеті мен дәстүрін білетін, толық дамыған ұрпақ тәрбиелеу және қазақ халқының ұлттық құндылықтарын, әрі,әр этнос балаларының санасында қазақстандық патриотизмнің бірлік пен бірегейлік тәрбиесін нығайту.

Іс-шара зертханалық жұмыстардан тұратын «Тоғыз жоба торабы»  көрмесінен басталды. Бұдан соң, бөбекжай-балабақша тәрбиеленушілерінің қатысуымен жиналғандарға «Тіршіліктің оянуы» сахналық қойылымы көрсетілді. Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасының Тараз қалалық білім бөлімінің әдіскері Гүлфайруз Есенқұлқызы Естаеваның алғы сөзінен кейін семинар қатысушылары өздерінің ғылыми баяндамаларын қорғауға кірісті.

Семинардың модераторы №18 «Еркежан» бөбекжай-бақшасының меңгерушісі Жұматаева Шарапат Тастанқызы болды.

Ғылыми семинарда өңірлік Ассамблея тарапынан спикерлер қатарында Жамбыл облыстық «Қоғамдық келісім» мекемесінің басшысы Мүбәрак Қасымқызы Жинақбаева «Қазақтану» жобасының озық тәжірибесін насихаттау және тарату және М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің профессоры Рысты Қалдыханқызы Керімбаева «Мектеп жасына дейінгі балаларды тәрбиелеуде қазақ халқының ұлттық құндылықтарын пайдалану» тақырыптарында баяндама жасады.

Осы тұста еске сала кеткен жөн, семинарда талқыланған тақырыптар Жамбыл облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының «Қазақтану» жобасымен ілгерілетіліп келеді. Мәселен, ҚХА Ғылыми-сараптамалық топ мүшесі профессор Р.К.Керімбаеваның «Мектеп жасына дейінгі балаларды бірлік пен бірегейлікке тәрбиелеуде қазақ халқының ұлттық құндылықтарын пайдалану» жобасының озық іс-тәжірибесін насихаттап таратуға қолдау көрсетіп отырған да облыстық Ассамблея. Өз баяндамасында Мүбәрак Қасымқызы дәл осы ғылыми-зерттеу жұмысы жөнінде – Рысты Қалдыханқызының ғылыми жобасының қазақ халқының ұлттық құндылықтарын заманауи үлгіде қайта жаңғыртып, жас ұрпақтың ұлттық санасын қалыптастырып, бірлік пен бірегейлікті нығайтуды білім беру жүйесінде жүзеге асыруға бағытталғандығын атап өтті.

Аталмыш балабақша бөбектері хоры орындауындағы «Атамекен» әнінен кейін ғылыми-тәжірибелік семинардың соңы қатысушылардың ой-пікір алмасуымен аяқталды.

«Ақпараттық жұмыс және қоғаммен байланыс» бөлімі

2023 жылғы 5 мамырда «Мехри-Бану» мейрамханасында Тараз қаласының Өзбек орталығының мүшесі Рахматхан Нәжімедденов өзінің 70 жылдық мерейтойына орай жұртшылыққа құдайтамақ – қайырымдылық түскі ас берді

2023 жылғы 5 мамырда «Мехри-Бану»  мейрамханасында Тараз қаласының Өзбек орталығының мүшесі Рахматхан Нәжімедденов өзінің 70 жылдық мерейтойына орай жұртшылыққа құдайтамақ – қайырымдылық түскі ас берді.

Айта кетейік, Р. Нәжімедденов 1953 жылы 5 мамырда дүниеге келген. Ол Жамбыл облысы мен Алматы қаласында Өзбек орталықтарын құрудың бастамашыларының бірі болды, облыс меценаты. Барлық мұқтаж жандарға, мүмкіндіктері шектеулі адамдарға, халықтың әлеуметтік маңызы бар топтары өкілдеріне үнемі көмек көрсетеді. Ардагерлер кеңесіне де көмегін аяған емес.

Осындай қайырлы іс-шараға Тараз қалалық Өзбек орталығының төрағасы Абдырахман Зайнутдинов, Жамбыл облысы әкімдігінің ІІБ «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Мүбарак Жинақбаева, Тараз қаласы Ардагерлер кеңесінің төрағасы Күләш Әбдікешова және т. б. мерейлі жасқа жеткен өзбек қариясы Рахматхан аканы арнаулы сыйлықтарымен құттықтап барды.

«Қоғамдық келісім» мекемесінің атынан Мүбәрак Қасымқызы сыйлық ретінде қазақтың жоралғысымен үстіне шапан жауып, Алғыс хат табыс етсе, Тараз қаласының Өзбек орталығынан да Алғыс хат беріліп, портрет табысталды. Сонымен қатар, Тараз ардагерлер кеңесінің төрайымы Күләш Әбдікешова «Құрметті ардагер»  төсбелгісін кеудесіне тақты.

Барлығы да мерейтой иесіне зор денсаулық пен ұзақ ғұмыр тіледі.

«Қоғамдық келісім» КММ «Ақпараттық жұмыс және қоғаммен байланыс» бөлімі

Отан қорғаушылар мен Жеңіс күндеріне

2023 жылдың 4 мамырында Тараз қаласындағы №13 орта мектепте алдағы Отан қорғаушылар мен Жеңіс күндеріне арналған мерекелік іс-шара өтті.

Іс-шараны облыстық «Радонеж»  Орыс қауымдастығы кеңесінің мүшелері – музыка пәнінің мұғалімі Оксана Дьяченко, «Орыс тілі мен әдебиеті» пәнінің мұғалімі Елена Передереева өткізді.

Мерекелік жиынға № 85395-әскери бөлімінің «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының әскери қызметшілері — майор Қайнар Байғабылов, аға лейтенант Қанат Аубатыров, келісімшарттық қызмет бойынша қатардағы жауынгер Жансая Сәулетова және мерзімдік қызмет бойынша қатардағы жауынгерлер – Сұлтан Абжатов, Ерасыл Асқарұлы, Ілияс Кабулов, сондай-ақ, Баспасөз қызметінің әскери қызметшілері және Тараз гарнизонынан – подполковник Мухаринова Дина, аға сержант Мартыненко Владимир қатысты.

Сонымен бірге, аталмыш шараға Жамбыл облыстық ҚХА Аналар кеңесінің өкілдері – Аракси Плетнева, Антонина Беляева, Сабохат Худайбергеновалар да шақырылған еді.

Концерттік бағдарламаға ұласқан іс-шарада «Радонеж» Орыс қауымдастығының өкілі Антонина Беляеваның орындауында «Я люблю свою землю, родные края» әні шырқалды. Сондай-ақ, №13 орта мектептің 4-сынып оқушылары «Десятый наш десантный батальон», «А закаты алые», «Прадедушка», «Морская гвардия» әндерін орындап көпшіліктің қошеметіне иеленді.

Кездесудің шығармашылық бөлімінің сәнін Севинч Хошимованың С.Лапиннің «От рассвета до заката» өлеңін мәнеріне келтіріп оқуы және Ризван Мамедовтың С.Маршактың «Мальчик из села Поповки” соғыс туралы поэтикалық өлең жолдарын талантты түрде көрермендерге жеткізуі келтірді.

Сонымен қатар, шара барысында қатысушылар № 85395-әскери бөлімінің қызметшілерінен әскердегі қызметтері туралы сұрады. Өз кезегінде сарбаздар мен офицерлер мерекелік іс-шарадан алған әсерлерімен бөлісіп, қатысушылар сауалдарына жауап беріп, алғыстарын білдірді.

Іс-шара соңы естелік-фотосессиямен аяқталды.

«Ақпараттық жұмыс және қоғаммен байланыс» бөлім

Жамбыл облысында ҚХА-ның XXXII сессиясы бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілуде

Жамбыл облысында ҚХА-ның XXXII сессиясы бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.

Осы орайда, бүгін, 2023 жылдың 4 мамырында Тараз қаласының Теміржол колледжінде сессия делегатының бірі – облыстық “Днепро” Украин этномәдени орталығының төрағасы Федор Клименко студенттермен кездесу өткізді.

Іс-шара барысында Федор Леонтьевич Ассамблеяның кезекті сессиясында талқыланған өзекті мәселелер мен ҚХА қызметінің негізгі жаңа бағыттары жөнінде толық мағлұмат беріп, сондай-ақ, Мемлекет басшысы Қ. Тоқаев айтқан 5 басымдыққа тоқталды.

Сонымен бірге, Астанамыздың төрінде орналасқан ҚР Парламенті мәжілісі ғимаратында депутат жерлестерімізбен өткен кездесуді де тілге тиек етті.

Бұған қоса, Федор Клименко іс-шара қатысушылары – аталмыш колледж оқытушылар құрамы мен студенттерін алдағы 7-мамыр Отан қорғау және 9-мамыр Жеңіс күндері мерекелерімен құттықтап, бірлік пен келісім, ел дамыту жолындағы ауызбіршілігімізге қатысты ізгі тілегін білдірді.

“Қоғамдық келісім”КММ «Ақпараттық жұмыс және қоғамдық байланыс» бөлімі

«Еркін ел ұрпағы»

Ағымдағы жылдың 4 мамырында Жамбыл облысы әкімдігі ІСБ «Қоғамдық келісім» КММ-нің қызметкерлері Отан қорғаушылар күні мен Жеңіс күні қарсаңында «Еркін ел ұрпағы» атты жалпыұлттық патриоттық диктант жазды.

Іс-шараның өзгешелігі – аталмыш диктант барлық Қазақстан бойынша өтті. Диктанттың көлемі шағын. 145 сөзден тұрады. Айта кету керек, нәтижесі 10-мамырға қарай шығады

«Ақпараттық жұмыс және қоғаммен байланыс» бөлімі