МЕРЕЙТОЙ ИЕСІНЕ ҚҰРМЕТ

Адам баласының өмірдегі ең айтулы да керемет шақтарының бірі – бір белестен екінші белеске жеткен сәті.

Осындай айтулы сәт – белгілі бар жасқа жеткенде тойланатын мерейтой.

Облысымыздағы этномәдени бірлестік өкілдерінің қуанышына ортақ болу – жыл сайынғы дәстүрге айналды. Бүгін де Тәжік этномәдени бірлестігінің Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Пірімқұл Назарқұлов 90 жасқа келіп отыр.

Осыған орай, 2023 жылдың 15 мамырында мерейтой иесін Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Еркін Үйсімбаев, Тараз қаласы әкімінің орынбасары Қайрат Исмаил арнайы құттықтап, салтанатты шараның куәсі болды. Ғасырға жуық ғұмыр кешіп келе жатқан өр тұлғаның қуанышына – Жамбыл облысы Тәжік этномәдени бірлестігінің төрағасы Махкам Орифов, Тараз қаласы Өзбек мәдени орталығының төрағасы Абдурахман Зайнутдинов, Жамбыл облысы әкімдігі ішкі саясат басқармасының басшысы Мүбәрак Жинақбаева ортақтасып, ақжарма тілектерін білдірді.

Салтанатты шарада мерейтой иесіне арналған сый-сияпаттар табысталды. Мәселен, Жамбыл облысының әкімі, өңірлік ҚХА төрағасы Нұржан Нұржігітовтың атынан Е. Үйсімбаев шапан табыстап, құттықтауын жеткізсе, Қ.Исмаил көркем портретті сыйға тартты. М. Жинақбаева да өз құттықтауын білдіріп, қарияның иығына ұлттық шапан жапты.

Сонымен қатар, Н.Пірімқұловтың мерейтойына келген жақындары мен дос-жекжаттары да жылы лебіздерін білдірді.

«Ақпараттық жұмыс және қоғаммен байланыс» бөлімі

ҚОРДАЙДА «БЕЙБІТШІЛІК ПЕН КЕЛІСІМ» ЖОБАСЫ аясында өткен іс-шаралар қорытындыланды

Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2020 жылы бастау алған «Бейбітшілік пен келісім» жобасы биыл да жалғасын тапты.

Жоба аясында арнайы құрылған жұмыс тобының өкілдері 10-12 мамыр күндері Қордай ауданында болып, түрлі форматтағы шаралар ұйымдастырылды. Жұмыс тобының құрамындағы әртүрлі сала мамандары тұрғындармен кездесіп, кәсіби кеңестер беріп, заң аясында қолдау көрсетті.

Айта кетейік, жұмысшы топтың құрамында облыс аумағындағы құқық қорғау органдарының, ішкі саясат, мәдениет, білім, спорт, дін, тілдерді дамыту, жастар, жұмыспен қамту, ветеринария, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, табиғи ресурстар басқармаларының өкілдері қабылдаулар жүргізді.

Жоба аясындағы алғашқы шара «AMANAT» партиясының Қордай аудандық филиалында бастау алып, аудандағы этномәдени бірлестік жетекшілерімен кездесу өтті.

Сондай-ақ, аудандық филиалдың ғимаратында дінге сенушілердің жекелеген санаттары тарапынан құқыққа қарсы іс-әрекеттер жасау тәуекелдерінің деңгейін төмендету мақсатында Қордай аудандық пробация қызметінің есебінде тіркеуде тұрған сотталғандармен кездесу ұйымдастырылды.

Жиын барысында Жамбыл облысы әкімдігінің «Дін проблемаларын зерттеу орталығының» инспекторы Әбілхайыр Сабырұлы кездесуге қатысушыларға терроризм туралы терең түсінік беріп, террорлық лаңкестік және діни экстремистік бағытта арандатуға жол бермеу, бейбітшіліктің маңызын және мейірімділік пен ізгіліктің, адамға жақсылық жасай білудің өмірдегі басты ұстанымы екендігін ұғыну, ұлттық құндылықтарды ұстану жайында ойымен бөлісті.

Бұл күні №20 Сортөбе ауылдық кітапханасында аудандағы этностардың бірлігін нығайту мақсатында «Татулық пен келісім-елдікке бастар жол» атты әдеби карнавал өтіп, оған Сортөбе ауылы әкімінің орынбасары мен ауыл ақсақалдары қатысты.

Шарада ақсақалдар дүнгендердің Қазақстанға қоныс аудару тарихына тоқталып, түрлі этностардың қазақтармен қарым-қатынасы туралы айтты. Соңында жиналғандар қазақ халқына қолдау көрсеткені үшін ризашылықтарын білдіріп, бейбітшілік пен береке тіледі.

Сонымен қатар, Сортөбе және Ауқатты ауылдық округтерінде «Бейбітшілік пен келісім» жобасы аясында жергілікті тұрғындармен, қоғамдық пікір көшбасшыларының, этномәдени бірлестіктердің өкілдерімен ұлтаралық келісімді нығайту бойынша ашық диалог алаңы өтті.

Шараға Жамбыл облысы әкімдігінің ішкі саясат басқармасының бөлім басшысы Қ.Ырысдәулет, Қордай ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімі басшысының м.а Ғ.Алимжанов арнайы қатысты.

Жиын барысында аудандағы қоғамдық келісімді, бірлік пен татулықты нығайту мақсатында атқарылып жатқан және жоспарланған жұмыстар кеңінен талқыланды.

«Бейбітшілік пен келісім» жобасы аясында құрылған «Этнос және конфессияаралық келісім» тобы «Қордай» гуманитарлық-экономикалық колледжінің студенттерімен кездесті. Жастармен жарқын жүздесуде Жамбыл облысы әкімдігінің ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ ғылыми-сараптамалық қолдау бөлімінің бас сарапшысы Е.Қаншымбеков өңірдегі этносаралық ахуалдың негізгі аспектілерін анықтау мақсатында фокус-топтық зерттеулер өткізді.

Сондай-ақ, «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің этносаралық қатынастар саласында әдістемелік көмек көрсету және мониторинг жүргізу бөлімінің әдіскері Р.Ерханұлы жастар арасындағы толеранттық деңгейін анықтау және қарым-қатынас этикасын қалыптастыру мақсатында студенттерге арналған тимбилдингпен, мотивациялық іс-шаралар өткізді.

Жоба аясында өзге де елді мекендерде бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылып, өңірдегі бейбітшілік пен келісімді нығайту жөніндегі жұмыстардың тиімділігін арттыру мәселелері, отбасы құндылықтарын нығайту, діни тұрақтылықты сақтау мәселелері талқыланды.

Үш күнге созылған іс-шаралар легі жұма күні қорытыланды.

Ақпараттық жұмыс және қоғаммен байланыс бөлімі

АНА – ӘЛЕМДЕГІ АСЫЛ ЖАН

Ана- отбасының ұйытқысы, өмірдің шуағы.

Германияда жыл сайын мамыр айының екінші жексенбісінде “Аналар күні” мерекесі тойланады.

Осыған орай, 2023 жылдың 13 мамырында “Жамбыл облыстық Немістер қауымдастығы” қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен Отбасы күні мен Аналар күніне арналған ” Тебе родная!” атты мерекелік концерттік бағдарламасы көпшілікке ұсынылды.

Аталмыш бірлестіктің шығармашылық ұжымының репертуарындағы әндері барша аналарға арналды. Кішкене бүлдіршіндерден бастап үлкен буынға жалғасқан өнерпаздардың өнері көпшіліктің көңілінен шықты.

Анаға арналған әндердің ішінде Мария Сорокинаның орындауындағы “Мама моей мамы” әні мен Татьяна Алехинаның жеке шығармашылығындағы “Мать” өлеңі көптің жүрегіне жол тапты. Бұдан бөлек, бишілер тобының көркем билері мен жас әншілердің әсем әні жұртшылыққа ұсынылды.

Мерекелік шара соңында құттықтау сөз бірлестіктің төрағасы Александр Гибнерге берілді. Өз сөзінде “Ана” деген сөздің өте қасиетті де қадірлі екенін, анасы бар адамдардың мерейі үстем болатындығын айтып өтті.

Сенбінің кешінде өткен мерекелік концерттік бағдарламаға келгендер үлкен әсер алып, көңілді күйде тарқасты.

“Ақпараттық жұмыс және қоғаммен байланыс” бөлімі

ОТБАСЫ- ҰЛАҒАТ ҰЯСЫ

Отбасы- қоғамның негізгі бөлшегі ретінде адами құндылықтардың,мәдениет пен ұрпақтардың тарихи сабақтастығының сақтаушысы, тұрақтылық пен дамудың факторы. Жыл сайын 15 мамырда Халықаралық отбасы күні аталып өтіледі. Дәстүр бойынша мереке қарсаңында түрлі іс-шаралар ұйымдастырылады. Атап айтқанда, отбасы институтының мәселелері талқыланып, олардың шешу жолдары да қарастырылады.

2023 жылдың 11 мамырында Тараз қаласында «Қоғамдық келісім» КММ-де «Менің тату отбасым» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

Мақсаты – көпшіліктің назарын отбасы проблемаларына аудару, отбасы институтын нығайту, некенің ұлттық құндылықтарын насихаттау, ата-аналардың бала тәрбиесіндегі жауапкершілігін арттыру, өскелең ұрпақты рухани-адамгершілік тәрбиелеу, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу.

Іс-шара модераторы- аға инспектор, әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бөлімшесі полиция подполковнигі Диляфруз Кинжеханова болды.

Дөңгелек үстелге құқық қорғау жүйесінің, мемлекеттік органдардың, қоғамдық ұйымдардың, діни қызметкерлердің өкілдері қатысты. Белсенді қатысушылар арасында Жамбыл облысының этномәдени бірлестіктерінің басшылары мен өкілдері де бар.

Жиын барысында қатысушылар Отбасы және отбасылық құндылықтар, отбасындағы мәселелер және оларды шешу жолдары, дені сау және бақытты отбасын тәрбиелеу сияқты мәселелерді талқылады. Тақырыптар бойынша Жамбыл облысы ҚХА Аналар кеңесінің өкілі Роза Изятова, Жамбыл облысы Ардагерлері облыстық кеңесі жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы Хадиша Оспанова, «Қамқор жүрек» қоғамдық қорының басшысы Виктория Шарбону, Жамбыл облыстық тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік көмек көрсету орталығының директоры Жамал Қалыбекова, Орыс Православие шіркеуінің протоиерейі Юрий Власенко, имам Ар- Рахман Рахим мешітінің бас имамы Амангелді Ембершенов, «Жанұя» педиатриялық қызметінің жетекшісі Карима Сабденова, «LIDER.KZ волонтерлік қозғалыс» қоғамдық бірлестігінің өкілі Николай Чагай, Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасының бөлім басшысы Гүлзира Дәрібаева, Жамбыл облысы «Оттегі SOS» еріктілер тобының төрағасы Қанат Нұрекеев баяндама оқыды.

Жамбыл облысы әкімдігі ІІБ “Қоғамдық келісім” КММ медиация кабинетінің меңгерушісі Валентина Досыбиева «Отбасылық құндылықтарды сақтаудағы медиацияның рөлі» тақырыбында қызықты баяндама жасады. Ол ҚХА медиаторларының осы бағыттағы жұмысы туралы айтып, отбасылық Медиацияны дамыту жөніндегі медиаторлардың белсенділігі олардың тұрақтылық пен қоғамдық келісімнің негізі ретінде отбасылық құндылықтарды сақтау мен арттырудағы маңызды рөлін көрсететінін атап өтті. В. Досыбиева өз сөзінде отбасылық даулардағы медиацияға және профилактикалық жұмыс жайлы кеңінен айтып берді.

Дөңгелек үстел барысында талқыланған тақырыптардан қатысушылар өздеріне рухани азық алды.

«Ақпараттық жұмыс және қоғаммен байланыс» бөлімі

«Бейбітшілік пен келісім»

Бүгін, ағымдағы жылдың 11-мамырында Сортөбе және Ауқатты ауылдық округтерінің Мәдениет үйінде «Бейбітшілік пен келісім» жобасы аясында жергілікті тұрғындармен, қоғамдық пікір көшбасшыларының, этномәдени бірлестіктердің өкілдерімен ұлтаралық келісімді нығайту бойынша ашық диалог алаңы өтті.

Шараға Жамбыл облысы әкімдігінің ішкі саясат басқармасының бөлім басшысы Қ.Ырысдәулет, Қордай ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімі басшысының м.а Ғ.Алимжанов арнайы қатысты.

Жиын барысында аудандағы қоғамдық келісімді, бірлік пен татулықты нығайту мақсатында атқарылып жатқан және жоспарланған жұмыстар кеңінен талқыланды.

ӘАқпараттық жұмыс және қоғаммен байланысӘ бөлімі

2023 жылдың 9-10 мамырында өткен «Ордабасы» Ұлттық командалық ойыны бойынша халықаралық турнирге қонақ ретінде НКВД Ішкі әскерлерінің 227 атқыштар полкі құрамында соғыстан өткен

2023 жылдың 9-10 мамырында өткен «Ордабасы» Ұлттық командалық ойыны бойынша халықаралық турнирге қонақ ретінде НКВД Ішкі әскерлерінің 227 атқыштар полкі құрамында соғыстан өткен және ІІ дәрежелі Отан соғысы Орденімен,«Маршал Жуков» медалімен марапатталған Ұлы Отан соғысының ардагері – Шалданбай Шаңбаев шақырылды.

Ардагер «Ордабасы» ұлттық командалық ойыны кезінде жас жауынгерлердің өнерін қызығушылықпен тамашалады.

Ш. Шаңбаев жарысқа қатысушы жастармен әңгімелесіп, соғыстағы естеліктерімен және бүгінгі сайыстан алған әсерлерімен бөлісті. Ол барлық спортшыларға алдағы күндеріне толағай табыстар мен жеңіс тілеп, болашақтарының жарқын болуына ыстық лебізін білдіріп, ақ батасын берді.

99 жастағы бабалық жасқа жеткен қариядан бата алған жарысқа қатысушылар Шалданбай бабаны келесі турнирге де шақырып, үйлеріне көтеріңкі көңіл-күйде тарқасты

”Ақпараттық жұмыс және қоғаммен байланыс” бөлімі

“БЕЙБІТШІЛІК ПЕН КЕЛІСІМ”

“БЕЙБІТШІЛІК ПЕН КЕЛІСІМ” жобасы Қордай ауданында

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың тапсырмасымен

2020 жылы бастау алған «Бейбітшілік пен келісім» жобасы Қордай ауданында жалғасуда.

Аталған жұмыс тобының өкілдері 10 мамырдан бастап, 11-12 мамыр күндері Қордай ауданында болып, түрлі форматтағы іс-шаралар өткізбек.

Жоба аясында әр түрлі сала мамандары тұрғындармен кездесіп, кәсіби кеңестер береді, заң аясында қолдау көрсетеді.

Жұмыс топтарының құрамында облыс аумағындағы құқық қорғау органдарының, ішкі саясат, «Қоғамдық келісім» КММ, мәдениет, білім, спорт, дін, тілдерді дамыту,

жастар, жұмыспен қамту, ветеринария, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, табиғи ресурстар басқармаларының

өкілдері қабылдаулар жүргізеді.

Ағымдағы жылдың 10-мамырында алғашқы шара «AMANAT» партиясының Қордай аудандық филиалында бастау алып, аудандағы этномәдени бірлестік жетекшілерімен кездесу өтті.

Ақпараттық жұмыс және қоғаммен байланыс” бөлімі

«Ордабасы»

Үстіміздегі жылдың 10 мамырында Жақсылық Үшкемпіров атындағы «Тараз Арена» спорт сарайында Жеңіс күніне арналған «Ордабасы» ұлттық командалық ойыны халықаралық турнирінің 2-ші күні өтуде.

Іс-шара Жамбыл облысы ҚХА, дене шынықтыру және спорт басқармасының қолдауымен өтуде.

Турнирге Өзбекстан мен Қазақстанның түкпір-түкпірінен спортшылар жиналды. Атап айтар болсақ, Ташкент, Андижан, Бұқара, Астана, Алматы, Қостанай, Шымкент, Талғар, Тараз, сондай-ақ Түркістан және Жамбыл облыстарынан 25-тен астам команда қатысып жатыр. Біздің аймақтың өзінен 6 команда бақ сынауда.

Естеріңізге сала кетейік, жарыстың бірінші күні «ката» көрсету бойынша сайыс өтті. Жалпы командалық есепте жеңімпаздар үштігінде Тараз қаласы I орын, Өзбекстан II орын, Алматы қаласы III орынға ие болды.

Тағы бір ерекшелігі, мұнда жоғарыда аталған санаттардан басқа 18 жастан асқан әйелдер де қатысты. Жалпы командалық есепте «Тимур» ПСК командасы (Тараз қ.) чемпион атанды, II орынды «Тайчи» командасы (Тараз қ.), III орынды Түркістан облысының Ленгер қаласынан келген споршылар иеленді.

Айта кету керек, дүбірлі доданың екінші күні «kick-sparring» санаты бойынша өтуде. Бұл санатта жекпе-жекке қатысушылардың техникалық мүмкіндіктері сыналады.

Ақпараттық жұмыс және қоғаммен байланыс бөлімі

Таразда Ұлы Жеңіс күніне арналған Халықаралық турнир басталды

2023 жылдың 9 мамырында Тараз қаласының Ж.Үшкемпіров атындағы «Тараз Арена» спорт сарайында басталған «Ордабасы» ұлттық командалық ойынының Ұлы Отан соғысының Жеңіс күніне арналған халықаралық турнирінің бірінші күні өтті.
Ұйымдастырушы – «Ордабасы» Қазақстан командалық ойын федерациясы « РҚБ.
Жекпе-жек сайыскерлерінің әдіс-тәсілдерін тамашалауға, арнайы kick-sparring-тен өнерлерін көруге, сондай-ақ, «Ордабасы» ұлттық командалық ойындары бойынша кәсіби шеберліктерін бөлісуге ойластырылған спорттық іс-шара 2 күнге созылмақ.
Файтерлерге арналған жарыстың бірінші күні олардың ережелер мен шарттарды дұрыс қолдануы, яғни, спорттық формаларды көрсетуінен басталды. Ерекше атап өткен жөн, сайыскерлердің дайындық деңгейі мен шеберлігі де осы формаларды көрсетуінен-ақ бірден байқалды.
Мәселен, жекпе-жек кезінде ырғақты ұстай білу, өзін-өзі баппен меңгерудегі ой жүйріктігі, дене қозғалыстарының табиғилығы, мұның бәрі жоғары деңгейде көрсетілді.
Бұдан соң «Ордабасы» ұлттық командалық ойыны басталды. Бұл күні сайысқа жасөспірімдер қатысты. Атаулы ойынның иесі, ойлап тапқан авторы ҚР Спортына еңбегі сіңген спорт қайраткері, ҚХА мүшесі, аталған федерация президенті Руслан Бакирович Исмазов екенін еске сала кетейік.
Бүгін, халықаралық шара болғандықтан ба, залдағы көрермендер мен жанкүйерлердің, бапкерлердің бұрын-соңды болмаған қызықты да көңілді , нағыз жанкүйерлік түрлі эмоцияларының куәсі болдық. Жекпе-жек тіпті қызған кезде ойыншылар сонда да ережелерді барынша бұзбауға тырысты. Олар өз ойын аумағын қатты қорғаштап, ептілікпен ұстап қана тұрмай бір жағы қарсыластың “туын” басып алуға талпынып, сөзсіз жеңіске жетуге тырысып-ақ бақты.
Ойынның бабына әбден жаттығып епті болып алған
қарсыластар бір-бірлерімен қызу жекпе-жек үстінде де ойын ережесінен асып кетпей, үлгілі тактика мен қарсыласқа деген құрметін сақтауға тырысады. Ойынның қызығы да осы тұста.
Турнирдің ашылу салтанатында облыс әкімінің орынбасары Еркін Құлымбайұлы Үйсімбаев жиынға шақырылған қариялар – соғыс ардагерлерін атаулы мейраммен құттықтап, оларға зор ілтипат, жылы лебізін білдірді. Сонымен бірге, “Қоғамдық келісім”КММ басшысы Жинақбаева Мүбәрак Қасымқызы да жиналған жұртшылық пен қарт жауынгерлерге сөз сөйлеп, ізгі тілегін жеткізді.
Ұлттық ойын турнирдің алғашқы күні бойынша өз мәресіне жеткен соң, ойынға белсенді қатысқан өскелең ұрпақ қатары бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Ақпараттық жұмыс және қоғаммен байланыс бөлімі

ДОСТЫҚ ТУРНИРІ

Ағымдағы жылдың 7 мамырында Отан қорғаушылар және Жеңіс күніне орай, облыстық этномәдени бірлестік мүшелері арасында кіші футболдан қалалық турнир өтті.

Жарыстың мақсаты – Отан қорғаушылар мерекесін патриотизмдік рухта атап өту, қала тұрғындарының дене шынықтыру және спортқа деген қызығушылықтарын арттыру, салауатты өмір салтын ұстануға шақыру.

Дүбірлі додаға 10 команда қатысты. Бағы мен бабы қоса шапқан «Әулие Ата» Қазақ мәдени орталығының футболшылары I-орынға жайғасты. Ал, облыстық «Вынхуа» Дүнгендер этномәдени бірлестігінің спортшылары II -орынды алса, III-орынды «Ахыска» Түріктер этномәдени бірлестігі қанағат тұтты.

Жарыстағы көрсеткіштеріне қарай, ұйымдастырушылар тарапынан I-орынға SMART теледидары, II-орынға «Алиса» жасанды интеллект бағаны және III-орынға 15 литрлік Ауған қазаны тәрізді бағалы сыйлықтар берілді.

Шара соңында, жарысқа қатысушыларға арнайы диплом мен төсбелгі табысталды.

Қатысушылар мен жанкүйерлер сергектік жақсы көңіл-күй, жағымды әсермен тарқасты.

«Ақпараттық жұмыс және қоғаммен байланыс»  бөлімі