Еліміздің Астанасында жалпыұлттық бірлікті және қоғамдық келісімді нығайтуға қатысты жиналыс өтті

2023 жылғы 26 мамыр күні Астана қаласының Достық үйінде Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Марат Әзілхановтың төрағалығымен жалпыұлттық бірлікті және қоғамдық келісімді нығайту саласындағы ақпараттық-түсіндіру жұмысын ұйымдастыру сұрақтары бойынша жиналыс өтті.

Осыған орай, басқа өңірлердегідей Тараз қаласының Достық үйінде Жамбыл облыстық ҚХА мен этномәдени бірлестіктер, Жамбыл облысының ішкі саясат басқармасы және «Қоғамдық келісім» КММ өкілдерінен 30-ға жуық адам жиналып, аталмыш жиынға ZOOM байланысы арқылы қатысты.

Жиында бірқатар тармақтардан тұратын ҚХА-ның қызметіне қатысты әдістемелік ұсынымдар туралы сөз болды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ҚХА-ның ХХХІІ сессиясында атап көрсеткен жаңғырту жұмыстарына жататын – ассамблеяның атқаратын қызметі мен этносаралық қатынастарға байланысты мемлекеттік саясат негіздерінен бастап, интеркультурализм мүмкіндіктері, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру сынды маңызды мәселелерге дейін сөз болды.

Бұл жиналыс республикалық, аймақтық ҚХА өкілдерін қоса алғанда 500-дей адамның басын біріктіріп, оларды Ассамблеяның алда атқарылатын мақсат-міндеттері мен қызметінің тың бағыттары жөнінде хабардар етті.

«Ақпараттық жұмыс және қоғаммен байланыс»  бөлімі

КӨҢІЛГЕ НҰР, ЖҮРЕККЕ ЖЫЛУ СЫЙЛАҒАН МЕРЕКЕ!

1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні мерекесіне орай 2023 жылдың 25 мамырында Жалпақтөбе ауылындағы Ш.Қалдаяқов атындағы ауылдық клубында Жамбыл облыстық «Дүнген республикалық этномәдени орталығы» РҚБ және осы бірлестіктің Аналар кеңесінің, ауылдық Аналар кеңесінің ұйымдастыруымен мерекелік іс-шара өткізілді.

Іс-шараға 60-қа жуық көпбалалы отбасының балалары, ата-аналары ,ауыл тұрғындары қатысты. Мерекеге орайластырылған іс-шара түрлі өнерпаздардың шығармашылық нөмірлерінен құралған концерттік бағдарламасымен басталды. Сондай-ақ іс-шараға қатысушы жасөспірімдердің атынан «Алға ,Қазақстан!» атты патриоттық флешмоб көпшілік назарына ұсынылды.

Мерекелік шараның екінші бөлігінде балалар арасында «Біз әлемді суреттейміз» тақырыбында арт-байқау ұйымдастырылды. Жас суретшілер асфальтқа салған суреттері арқылы өздерінің қиялдарындағы бейнелерді көрсете алды. Олармен бірге Аналар кеңесінің өкілдері де сурет салуға атсалысты. Нәтижесінде түрлі-түске боялып, ерекше бейнелерді суреттеген көріністер көздің жауын алды. Байқау соңында балаларға арнайы тәттілер таратылды.

Балалардың айтулы мерекесіне ақ аюдың костюмін киген аниматор арнайы шақырылды. Оның бүлдіршіндермен бірге «Ламбада» биін билеген көрінісі баршаға қуаныш пен шаттық сыйлай білді.

Жүздеріне шаттық,жүректеріне мейірім, көңілдеріне қуаныш орнатқан іс-шарадан ата-аналар да ерекше әсер алып, барша ұйымдастырушыларға алғыстарын жеткізді.

«Ақпараттық жұмыс және қоғаммен байланыс» бөлімі

#АссамблеянародаКазахстана

#балалықшақәлеміқандайғажап

#өзінөзібасқару

 

СЛАВЯН ЖАЗУЫ МЕН МӘДЕНИЕТІ КҮНІ МЕРЕКЕСІ АТАП ӨТІЛДІ

Славян жазуы мен мәдениеті күніне арналған іс-шара өткізу дәстүрге айналуда.

Осыған орай, 2023 жылдың 23 мамырында Тараз қаласындағы «Баласағұн» ОКЗ-да Славян жазуы мен мәдениеті күні мерекесіне арналған мерекелік іс-шара өтті.

Бұл күн – славян халқының алғашқы ұстаздары – қасиетті тең апостолды ағайындылар Кирилл мен Мефодийдің құрметіне арналған.

Айтулы мерекеге орай Жамбыл облыстық «Радонеж» Орыстар қауымдастығы ұйымдастыруымен «В начале было слово» атты дәстүрлі тақырыптық кеш өтті. Іс-шараға өңірлік ҚХА, Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет басқармасы, Тараз қаласының білім бөлімі қолдау білдірді.

Тақырыптық кешке келген мерекемен құттықтағандардың арасында аталмыш бірлестік төрағасы Владимир Сорокин де бар.

Мерекелік шараға өңіріміздегі әтүрлі этностардың, этномәдени бірлестіктердің өкілдері қатысты. «Радонеж» Орыстар қауымдастығының, «Днепро» Украин мәдени орталығының , облыстық Қытай мәдени орталығының үздік шығармашылық ұжымдары мен солистері әдеби шығармаларды, музыкалық композицияларды орындады. Сонымен қатар, «Калинка» вокалдық тобы«Ночка луговая», «Ромашка белая», «Как за Доном за рекой», «Роза белая» сынды әндерді шырқады. Сондай-ақ, «Маричка» халықтық ансамблі «Неси Галя воду» атты украин әнін орындады. Жамбыл облыстық «Радонеж» Орыстар қауымдастығының төрағасының орынбасары, музыка мұғалімі Оксана Дьяченконың жетекшілігімен №13 орта мектебінің «Веснушки» орыс халық аспаптар ансамблінің жас әртістері музыкалық шығармаларды орындап шықты.

Осы бірлестіктің өкілі Антонина Беляеваның орындауындағы «Казачка вольная» әні, облыстық «Днепро»Украин мәдени орталығының өкілі Анатолий Трашенконың орындауындағы «Смереко» әні көптің көңілін көтеріп, зор қошеметіне ие болды.

Қытай мәдени орталығының төрағасы Галина Воробьеваның «Там за туманами» лирикалық әні жүректерге жетіп, ерекше әсер қалдырды.

Облыстық «Радонеж» Орыстар қауымдастығының өкілі Полина Воротникова Анна Ахматованың “Мужество” шығармасын жүрекпен сезініп оқып берді.

Концерттік бағдарламада қалалық мектептердің және «Оқушылар сарайының» шығармашылық топтары өнер көрсетті.

Іс-шара тек концерттік бағдарламаны өткізумен шектелмеді. Қатысушылар мен көрермендер қолөнершілердің бұйымдарымен де танысты.

«Ақпараттық жұмыс және қоғаммен байланыс» бөлімі

КӘСІПКЕРЛІК ҚЫЗМЕТТІҢ НЕГІЗДЕРІ ТАНЫСТЫРЫЛДЫ

Тәжікстаннан келген мигранттар кәсіпкерлік қызметтің негіздерімен танысты. Осы санат негізінде 2023 жылдың 22 мамырында Тараз қаласында «Қоғамдық келісім» КММ-де кеңес-тренинг өткізілді.

Тараз-АИТВ-ға қарсы қоғамдық бірлестігінің төрағасы Рамиль Перзадаев, Жамбыл облысы Тәжіктер этномәдени бірлестігінің төрағасы Махкам Орифов іс-шараға қатысушыларға, оның ішінде көшіп-қонушылар, курсанттар мен жоба еріктілеріне құттықтау сөз сөйледі.

Жамбыл облысының кәсіпкерлер палатасының мамандары Гүлмира Метерова мен Ирина Нелыбина қатысушыларды «Қазақстан Республикасының әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығындағы әйелдерге арналған мүмкіндіктер» және «Қазақстан Республикасындағы кәсіпкерлік негіздері» тақырыбындағы презентацияларымен таныстырды.

«Азаматтық құқықтарды қорғау комитетінің» басшысы Ирина Федорова жиналғандардың назарын Қазақстан Республикасында шетелден келген азаматтарға қатысты құқықтар мен міндеттер жөніндегі заңнамаға аударды.

“Ақпараттық жұмыс және қоғаммен байланыс” бөлімі

МЕДИАЦИЯНЫҢ БІЛІМ САЛАСЫНДАҒЫ МАҢЫЗЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Балаларды қорғау күні мерекесі қарсаңында 2023 жылдың 22 мамырында «Білім саласындағы медиациялық қызметті жетілдірудің жолдары» тақырыбындағы облыстық «Formatted» семинарына спикер ретінде Жамбыл облысы әкімдігі ІІБ «Қоғамдық келісім» КММ медиация кабинетінің меңгерушісі Валентина Досыбиева қатысты. Іс-шараның негізгі ұйымдастырушысы Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасының білім беру ұйымдары медиаторлар кеңесі.

Аталған семинардың мақсаты-халық бірлігін нығайту мен қоғамдық келісімді сақтау. Медиация қағидаттарының негізінде жанжалды жағдайға қатысушыларды әлеуметтік оңалтуға және жанжалдардың алдын алуға ықпал ету; өскелең жас ұрпақты отансүйгіштікке, білім мен өзін – өзі жетілдіруге, Отан тарихына, Тәуелсіз Қазақстанның бүгіні мен болашағына деген жауапкершілікке тәрбиелеу.

Оған мемлекеттік органдар, үкімет емес ұйымдар, жергілікті билік органдары, аудан мен қала білім бөлімдерінің басшыларының орынбасарлары, медиаторлар қауымдастығының мүшелері, БАҚ өкілдері қатысты.

Семинарда сөз сөйлегендердің қатарында сот жүйесінің, білім беру саласының, билер кеңесінің өкілдері, психологтар, заңгерлер, медиаторлар, оқушы-медиаторлар болды. Медиацияның даму тенденциялары, мектеп медиациясының жұмыс жоспары, құқық қорғау қызметі және білім беру саласындағы медиация, отбасы мен мектеп медиация орталығының профилактикалық жұмысы, білім беру саласындағы медиация – уақыт талабы және т. б. мәселелер талқыланды. Сонымен қатар В. Досыбиева «Пути продвижения медиаторской службы в сфере образования» атты баяндамасында этномедиация тақырыбын қозғады.

Бұл семинар білім беру саласындағы дауларды шешу үшін медиацияны қолдану практикасының өзекті мәселелерін талқылау және пікір алмасу үшін диалог алаңына айналды.

«Ақпараттық жұмыс және қоғаммен байланыс»  бөлімі

#АссамблеянародаКазахстана

#балалықшақәлеміқандайғажап

#өзінөзібасқару

1 МАУСЫМ – ХАЛЫҚАРАЛЫҚ БАЛАЛАРДЫ ҚОРҒАУ КҮНІ МЕРЕКЕСІНІҢ АПТАЛЫҒЫ ЖАМБЫЛ ОБЛЫСТЫҚ ҰЙҒЫР БІРЛЕСТІГІНЕН БАСТАУ АЛДЫ

Бала – әрбір отбасының өмірін шынайы қуаныш пен жылулыққа, махаббат пен мейірімге толтыратын ғажайып. Ел болашағының жарқын болуы да өскелең ұрпақтың қолында. Сондықтан да балалардың құқығын қорғап, өмірлерін сақтап, бақытты ғұмыр сыйлап, ертеңгі күнге жетелеу әр ата-ана мен мемлекетіміздің жауапкершілігінде. Жыл сайын балғын бүлдіршіндер үшін ең қуанышты мерекенің бірі 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні мерекесі тойланады . Алғашқы халықаралық балаларды қорғау күні 1950 жылы атап өтілді. БҰҰ бастаманы дер кезінде қолдап, балалардың өмірін, құқығын, денсаулығын қорғауды өз қызметінің басты бағыттарының біріне айналдырды.

Атаулы мерекені ерекше атап өту мақсатында әр өңірлердегі Қазақстан халқы Ассамблеясында декада өткізу жоспарланды.

Осыған орай, декаданы Жамбыл облыстық «М.Қашқари атындағы Ұйғырлар этномәдени бірлестігі» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Балалар біздің болашағымыз» тақырыбында таңғажайып «BALA FEST» фестивалімен бастады.

Іс-шараға Тараз қаласының №34 орта мектебінің оқушылары, аталмыш бірлестіктің өкілдерінің және әртүрлі этностың балалары қатысты.

Фестиваль «Қоғамдық келісім» КММ-де, өңірлік «Ассамблея жастары» өкілдерінің, жас өнерпаздардың атсалысуымен жоғары деңгейде өтті.

Бүлдіршіндердің жүздеріне күлкі,көңілдеріне шаттық сыйлаған іс-шара ерекше қарқынмен бастау алды. Алдымен ертегі кейіпкерлерінен құралған аниматорлар мекемеге кіреберісте түрлі-түсті шарлармен балаларды жылы қарсы алып, көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Күмбезді ғимараттың екінші қабатында «Балалар біздің болашағымыз» тақырыбында өнерпаздардың мерекелік концерттік бағдарламасы ұсынылды.

Мерекелік концерт барысында құттықтау сөз Жамбыл облысы әкімдігі ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Жинақбаева Мүбәрак Қасымқызына және «М.Қашғари атындағы Жамбыл облыстық ұйғыр этномәдени бірлестігі» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Тұрдыева Мухабат Абдырахманқызына берілді.

Өз сөзінде М.Тұрдыева:

«Жалпыұлттық біртұтастық бәрінен де маңызды. Қанша этнос өкілдері болса да бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп келеді.

Осында отырған әртүрлі этнос өкілдерінің де балаларына 1 маусым — Балаларды қорғау мерекесі ортақ . Мерекенің «Достық» үйінде тойлануы да бекер емес. Бұл ғимарат барша этностардың басын біріктіретін шаңырақ.Ендеше, мереке құтты болсын!» – деп қоғамдық келісім мен бейбітшіліктің, этносаралық қатынастың тұрақты болуы ел үшін маңызды екенін білдірді.

Сонымен бірге, М.Қасымқызы да кішкентай бүлдіршіндерге ақжарма тілегін жолдады.

Концерттік бағдарламада №34 орта мектеп жанындағы «Айналайын» шағын орталығының мың бұралған бишілері мен жезтаңдай әншілері және «Қоғамдық келісім» КММ шығармашылық тобының өнерлері паш етілді.

Таңғажайыпқа толы фестиваль мен зор қошеметке ие болған өнерпаздар қатысқан мерекелік концерт өз кезегінде жақсы атмосферада, жоғары деңгейде өтті.Шамамен 300-ден аса бүлдіршіндер көңілді іс-шараның куәсі болды.

Фестиваль соңында бүлдіршіндерге арнайы тәттілер мен балмұздақ таратылып, тағы да бір көңілдерін көтеріп тастады.

Әрбір баланың жүзіне күлкі үйіріп, жүрегіне жылу мен мейірім ұялату- баршамыздың басты міндетіміз!

«Ақпараттық жұмыс және қоғаммен байланыс“ бөлімі

#АссамблеянародаКазахстана

#балалықшақәлеміқандайғажап

#өзінөзібасқару

БЕЙБІТШІЛІК ПЕН КЕЛІСІМ ЖОБАСЫ МЕРКІ АУДАНЫНДА

Ағымдағы жылдың 19-21 мамыр аралығына жұмыс сапарын жоспарлаған «Этносаралық және конфессияаралық келісім» топ мүшелері аудан тұрғындарының экономикалық әлеуметтік жағдайын көтеру, ауыл тұрғындарының көкейінде жүрген түйіткілді мәселелеріне ден қою және этносарылық татулықты сақтау мақсатында «Бейбітшілік пен келісім» жобасын іске асыру мақсатында Меркі ауданына аттанды.

Аталмыш топтың құрамында Жамбыл облысы әкімдігінің ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Мүбәрак Жинақбаева мен аталмыш мекеменің қызметкерлері де бар.Жұмысшы топ жоспарға сәйкес ауданда орналасқан Аңдас батыр, Ойтал ауылдық округтерінің тұрғындарымен кездесті. Кездесуге аудандағы Түрік, Өзбек, Қарашай-балқар,Әзірбайжан, Неміс, Ұйғыр, Кәріс этномәдени бірлестіктерінің төрағалары мен өкілдері және бірлестіктердің жастар қанаты мен Қазақ мәдени орталығының Ақсақалдар кеңесінің өкілдері қатысты.

Ауыл тұрғындары мен өзге этнос өкілдерімен болған кездесуде этностар жинақы тұратын елдімекендердегі түрлі мәселелер бойынша тиісті кеңестер берілді. Өңірлік ҚХА Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Асқарбек Сейілханов жуырда өткен ҚХА-ның ХХХІІ сессиясында берілген Президент тапсырмаларын көпшілікке жеткізді. Бұдан бөлек, ұлттық менталитет,тәрбие,тіл, ұлттық қасиет тақырыбында да сөз қозғады.

Сонымен қатар, облыстық «М.Қашқари атындағы Ұйғырлар этномәдени бірлестігі» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Мухабат Тұрдыева «Бейбітшілік пен келісім» жобасының мәнін түсіндіріп, қоғамдық келісім мен бірлікті сақтау, этномәдени бірлестіктің азаматтық қоғам өкілдерімен қарым-қатынасы,өзара тәжірибе алмасу туралы келелі пікірлер айтты.

Жоба аясында құрылған топтың құрамындағы өңірлік «Ассамблея жастары» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Хамида Тұрдыева мен жастармен тікелей жұмыс жасайтын маман Рахат Ерханұлы Меркі ауданының №44 орта мектебінің және №9 колледжіндегі өзге этнос өкілдерінің жастарымен кездесу өткізді. Өңірлік Ассамблея және «Ассамблея жастары» жұмысының және жобалар бойынша жастарға түсіндірме жұмыстар жүргізді.

Сонымен бірге, Жамбыл облысы әкімдігі ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ Ғылыми-сараптамалық қолдау бөлімінің басшысы Ербол Қаншымбеков ауданда орналасқан «Аманат» партиясының ғимаратында этнос өкілдерімен кездесіп, фокус-топтық зерттеулер жүргізді.

«Ақпараттық жұмыс және қоғаммен байланыс» бөлімі

ӨМІРІН ӨНЕГЕМЕН ӨРНЕКТЕГЕН

Ш.Уәлиханов атындағы Жамбыл облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында 21 мамыр – Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне орай ҚР мәдениет қайраткері, ҚР Білім саласының үздігі, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің «Мәдениет және өнер» кафедрасының меңгерушісі, облыстық «Әулие Ата» Қазақ мәдени орталығының төраға орынбасары Айгүл Кәбиқызына арналған «Өмірін өнермен өрнектеген» тақырыбы аясында «Мәдениет – ұлт өмірінің айнасы» атты шығармашылық бенефис кеші өтті.

Кешке келген қонақтар қатарында – зиялы қауым өкілдері мен өнер жолында жүрген бас кейіпкердің қаламдас әріптестері бар.Бенефис кештің шымылдығы кітапхана директоры ҚР мәдениет саласының үздігі, қалалық мәслихат депутаты Абдинова Эльмира Елеусізқызы құттықтау сөзімен ашылды. Арнайы шақырылған зиялы қауым өкілдері Айгүл Кәбиқызының еңбек жолы,шығармашылығы мен ұстаздығы,тағылымды ғұмыры жайлы сыр шертті. Сондай-ақ, кітапхана қызметкерлері мен өнерімен болашаққа қанат қаққан шәкірттері ән мен күйден тарту тартып кеш қонақтарына жақсы леп сыйлады.

Сонымен қатар, кеш барысында Айгүл Кәбиқызының құрметіне арнайы құрастырылған «Өмірін өнегемен өрнектеген» атты кітаптың тұсауы кесілді.

Кітаптың тұсау кесер рәсіміне «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Мүбәрак Жинақбаева мен Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, Қазақстан Журналистер Одағы сыйлығының лауреаты, ақын,журналист Ғайни Әлімбекқызы атсалысты.

Сәні мен салтанаты жарасқан бенефис кештің соңында Айгүл Кәбиқызы ұйымдастырушыларға, еңбек жолында қатар жүрген замандастарына,ізін басқан жастарға, кітапсүйер оқырманға зор алғысын жеткізді.

«Ақпараттық жұмыс және қоғаммен байланыс»  бөлімі

МЕРЕЙТОЙ ИЕСІНЕ ҚҰРМЕТ

Адам баласының өмірдегі ең айтулы да керемет шақтарының бірі – бір белестен екінші белеске жеткен сәті.

Осындай айтулы сәт – белгілі бар жасқа жеткенде тойланатын мерейтой.

Облысымыздағы этномәдени бірлестік өкілдерінің қуанышына ортақ болу – жыл сайынғы дәстүрге айналды. Бүгін де Тәжік этномәдени бірлестігінің Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Пірімқұл Назарқұлов 90 жасқа келіп отыр.

Осыған орай, 2023 жылдың 15 мамырында мерейтой иесін Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Еркін Үйсімбаев, Тараз қаласы әкімінің орынбасары Қайрат Исмаил арнайы құттықтап, салтанатты шараның куәсі болды. Ғасырға жуық ғұмыр кешіп келе жатқан өр тұлғаның қуанышына – Жамбыл облысы Тәжік этномәдени бірлестігінің төрағасы Махкам Орифов, Тараз қаласы Өзбек мәдени орталығының төрағасы Абдурахман Зайнутдинов, Жамбыл облысы әкімдігі ішкі саясат басқармасының басшысы Мүбәрак Жинақбаева ортақтасып, ақжарма тілектерін білдірді.

Салтанатты шарада мерейтой иесіне арналған сый-сияпаттар табысталды. Мәселен, Жамбыл облысының әкімі, өңірлік ҚХА төрағасы Нұржан Нұржігітовтың атынан Е. Үйсімбаев шапан табыстап, құттықтауын жеткізсе, Қ.Исмаил көркем портретті сыйға тартты. М. Жинақбаева да өз құттықтауын білдіріп, қарияның иығына ұлттық шапан жапты.

Сонымен қатар, Н.Пірімқұловтың мерейтойына келген жақындары мен дос-жекжаттары да жылы лебіздерін білдірді.

«Ақпараттық жұмыс және қоғаммен байланыс» бөлімі

ОТБАСЫ БЕРЕКЕСІ- СЫЙЛАСТЫҚ

2023 жылдың 12 мамырында Тараз қаласында «Қоғамдық келісім»  КММ-де «Отбасы мен отбасылық құндылықтарды нығайтудағы медиация қызметі» тақырыбында диалог алаңы құрылды.

Іс-шараның мақсаты-отбасы институтын бекіту және отбасылық құндылықтарды сақтау, медиация институтын отбасылық дауларда қолдану, ажырасу процестерін, отбасылық қатынастардан шығатын дауларды азайту.

Жиынға Жамбыл облысының Ақсақалдар мен Аналар кеңесінің, өңірлік “Ассамблея жастары” өкілдері қатысты.

Ашық диалогқа қатысқандар отбасында кездесетін мәселелер, құндылықтар жайлы сөз қозғап, бірқатар жайттарды талқылады.

Атап айтқанда, отбасылық мәселелерді шешудегі медиация мен Аналар кеңесінің қызметінің жұмысына тоқталды.

Мәселен, Тараз қаласы Өзбек мәдени орталығының төрағасы Абдурахман Зайнутдинов және облыстық ҚХА Ақсақалдар кеңесінің мүшесі Ыдырыс Юнусов отбасының қоғамдағы рөлі мен отбасындағы әкенің рөлі жайлы әңгіме қозғады.

Жамбыл облысы ҚХА Аналар кеңесінің өкілі Роза Изятова өз сөзінде ананың отбасындағы рөліне баса назар аударды. Сондай-ақ Жамбыл облысы ҚХА Аналар кеңесінің жұмысы туралы айтты. Бұл кеңестің өкілі Паиза Куненова отбасылық бақыттың негізгі құрамдас бөлігі махаббат екенін атап өтті.

Жамбыл облысы әкімдігінің ІІБ “Қоғамдық келісім” КММ Медиацияны кабинетінің жетекшісі Валентина Досыбиева отбасылық жанжалдарды шешу нысаны ретіндегі медиацияның рөлін айтып берді.

Әрбір отбасында туындайтын мәселелерді шешуде арнайы белгіленген қағида жоқ. Дегенмен,оны бейбіт жолмен шешу үшін мәселенің туындау себебін анықтап, оның алдын алу шараларын жасауға болатынын алға тартты.

Сонымен қатар, іс-шара барысында өңірлік «Ассамблея жастары « қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Хамида Тұрдыева тақырыпқа байланысты өз ойымен, бастан өткен оқиғаларымен бөлісті. Өкінішке орай, бақытты отбасы болу үшін арнайы ережелер бекітілмеген. Отбасын сақтап қалу үшін оның әрбір мүшелері де атсалысуы қажет. Өзара түсіністік- бақытты отбасының негізі.

«Ақпараттық жұмыс және қоғамдық байланыс бөлімі»