ҰЛТТЫҚ ДОМБЫРА КҮНІНЕ АРНАЛҒАН ІС-ШАРА ӨТТІ

Домбыра – көнеден қалған асыл мұра, көзіміздің қарашығы әрі ұлттық кодымыздың айнымас бөлігі. Құрманғазы, Тәттімбет, Дәулеткерей, Қазанғап, Дина, Сүгір сынды бабаларымыздан мирас болып қалған күй өнерін жандандыруда Ұлттық домбыра күнінің алар орны ерекше. Алпыс екі тамырды идіріп, ет жүректі елжіреткен қоңыр домбыраның киелі үні кез келген жан баласын таңқалдырмай қоймас?!

Аталған мерекеге орай, Жамбыл облысы әкімдігі ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ Көрме залының меңгерушісі Вера Майковичтің және домбырашы Рүстем Малдыбаевтың қатысуымен Жасөркен ауылындағы «Болашақ» лагерінде іс-шара өтті.

ҚР мәдениет қайраткері, күйші, сазгер және «Көне Тараз» күйінің авторы Аман Малдыбаевтың ізін жалғаушы, іс-шара қонағы, домбырашы Р.Малдыбаев лагерь қатысушыларына әйгілі «Балбырауын», «Әлқисса», «Шаттанамын» күйлерінің шығу тарихына тоқталып, нақышына келтіріп орындап берді.

Өз кезегінде В.Майкович жасөспірімдердің арасынан жас суретшілерді іріктеп, «Ұлттық домбыра күні» мерекесіне орай «Домбыра» тақырыбында сурет салуды тапсырды. Сондай-ақ, қатысушыларға бағыт-бағдар беріп, бірге сурет салуға атсалысты.

Нәтижесінде, екі топқа бөлінген жас суретшілердің қолынан таңғажайып туынды пайда болды. Іс-шара соңында В.Майкович суретшілерге арнайы сыйлықтар табыс етті.

«Ақпараттық жұмыс және қоғаммен байланыс»  бөлімі

ЕСІРТКІМЕН КҮРЕС – ЕЛГЕ ТИГЕН ҮЛЕС

2023 жылдың 22 маусымында ҚР Президентінің Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІІ сессиясында берген тапсырмасы мен ҚР Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары А.Ғ.Балаеваның қатысуымен өткен отырыстың Хаттамасына сәйкес ҚХА құрылымдарының қатысуымен іс-шаралар өткізу жоспарланды.

Осыған орай, өңірлік ҚХА Аналар кеңесінің ұйымдастыруымен және Жамбыл облысы Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі, полиция майоры Андрей Сухаревтің қатысуымен «Жасыл сертификат» әлеуметтік-пилоттық жобасын іске асыру мақсатында Жамбыл ауданындағы Жасөркен ауылында орналасқан «Болашақ» сауықтыру лагерінің балаларымен кездесу өтті.

Кездесуде А.Сухарев балаларды адамзат өміріне қауіп төндіріп отырған есірткінің зиянды әрі улы зат екенін түсіндіре отырып, саналы болуға, салауатты өміді таңдауға, тазалыққа, лас істерден аулақ болуға және жан сұлулығымен қатар тән сұлулығын сақтауға шақырды.

Сөз сөйлеу барысында ҚХА Аналар кеңесінің төрайымының м.у.а Аракси Плетнёва, кеңестің мүшелері Антонина Беляева мен Сабаход Кудайбергенова балаларға зиянды әдеттен аулақ болып, адамдармен дұрыс қарым-қатынас жасап, өзге этностармен де достықта өмір сүру керектігін айтты.

Іс-шара соңында А.Беляеваның орындауындағы «Я люблю свою землю» және «Казачка» әндерін орындап, лагерь қатысушыларына көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Алдағы уақытта «Жасыл сертификат» жобасы аясындағы іс-шаралар жалғасатын болады.

«Ақпараттық жұмыс және қоғаммен байланыс бөлімі»

ТАРАЗДА «ӘКЕ ЖӘНЕ ҰЛТ ТӘРБИЕСІ» ТАҚЫРЫБЫНДА ДӨҢГЕЛЕК ҮСТЕЛ ӨТТІ

Әлемдік мәдениетте «Әкелер күні» 100 жылдан астам уақыт мерекеленеді. Бұл мереке маусым айының үшінші жексенбісінде әлемнің 30 елінде тойланады. Биыл «Әкелер күні» 18 маусымға сәйкес келеді. Осыған орай, «Аманат» партиясы Жамбыл облыстық филиалының ұйымдастыруымен «Бауыржантану» орталығында «Бақытты отбасы» партиялық жобасы аясында «Әке және ұлт тәрбиесі» атты дөңгелек үстелі өтті.

Аталмыш іс-шараға өңірлік ҚХА мүшелері қатысты.

Іс-шара барысында Жамбыл облысының «Вынхуа» этномәдени бірлестігінің Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Идрис Юнусов бала тәрбиелеудегі әкенің рөлі жайында кеңінен айтып берді. Оның айтуынша, әке ең алдымен балаға дос,сырлас болуы қажет. Баламен тең дәрежеде сөйлесіп, оның ішкі сырына үңілгенде берілетін тәрбие де нәтижелі болмақ.

Сонымен бірге Жамбыл облыстық «Манас Ата» Қырғыз этномәдени бірлестігінің төрағасы Абзалбек Меңдібаевтың сөзінше тәрбиені әрбір әке өзінен бастауы керек. Себебі, бір әкенің тәрбиесін мың мектеп те бере алмасы анық. Сондықтан да саналы,өнегелі ұрпақ тәрбиелеуде әке тәрбиесінің маңызы зор.

Шара соңында «Аманат» партиясының облыстық мәслихаттағы депутаттық фракциясының мүшесі, облыстық қан орталығының директоры – Ғұлам Умаров бала тәрбиесіндегі өзінің тәжірибесімен бөлісіп,дөңгелек үстелді қорытындылады.

«Ақпараттық жұмыс және қоғаммен байланыс» бөлімі

АСҚАР ТАУЫМ,БИІГІМ!

Әке-әрбір адам баласы үшін ыстық, жанға жақын, мағыналы да қастерлі ұғым.

Перзенттің өз әкесін қастерлеп,құрметтеп жақсы көруі-табиғаттан берілетін ұлы сезім.Ал менің әкеме деген сезімім сол ұлы сезімнен де басымырақ деп сеніммен айта аламын. Әкемді бәрінен биік тұтып, ерекше тұлға ретінде көремін.

Менің әкем Жамбыл педагогикалық институтының «Көркем сурет» факультетінде,  «бейнелеу, сызу» мамандығын тәмәмдаған.Әлемге танымал ең керемет суретшілер Микеланджело,Рафаэль Санти,Леонардо-да-Винчи болса, мен үшін өмірімнің теңдесіз суретшісі  – ол менің әкем дер едім.  Менің өмірімнің ең бір жарқын жақтары әкемнің қылқаламымен салынған десем артық болмас. Қаламыздағы Бауыржан Момышұлы атындағы Жеңіс саябағында орналасқан  Батырлар аллеясындағы Жамбылдық 48 батырдың есімін және осы өңірден майдан даласына аттанған 100 мыңнан астам ардагердің аты-жөнін мәрмәр тасқа қашап жазған  ол  – менің әкем Садырқұлов Марат Мұхамеджанұлы. Мәрмәр тасқа қашап жазып қана қоймай, тасқа сурет салып оны әрлеу деген ең қиын дүние болсада, әкемнің бұл еңбегін бірі білсе, бірі білмес. Алладан кейінгі шеберім, мен әкеммен мақтанамын.  Әлі есімде бала күнімізде әкем ешқандай өшіргіш пайдаланбай, кез-келген суретті бірден айнытпай салып беретін. Әкемнің бұл суретшілік қасиеті бойыма дарыдыма, әкемдей теңдесіз суретші болмасамда сурет салуға деген қабілетім мен махаббатым ерекше.

Менің әкем – отбасының  ар-намысын ең бірінші орынға қоятын адам. Сонымен қатар, бізді де отбасымыздың абыройына дақ түсірмеуге тәрбиеледі. Өз сөзінде:

«Кішкентай кезінде жақсы оқысаң, керемет маман иесі болсаң, халыққа пайдаң тисе, бізге содан асқан бақыт жоқ» -дейтін. Бойжетіп өсіп, тұрмыс құрған кезімде:

«Ұшқан ұяңның, болашақ отбасыңның да ұйытқысы әрі абыройы сен боласың» -деген сөздері өмірлік кеңестерге айналды. Әкемнің мінезі жайлы қанша жазсам да аздық  етеді. Ұйқасы келсе сөздердің, бір дастан жазуға жетеді.Менің әкем өте сабырлы, байсалды кісі. Ес білгелі анама,бауырларыма дауыс көтеріп сөйлегенін мүлдем естіген емеспін.  Мен қанша жазғанмен де, әкемді толықтай суреттей алмаспын. Өйткені, әке де ана сияқты ұлы, оның қадір-қасиетін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Менің мақсатым-әкемнің көз алдында мақтаныш сезімін көру. Сондықтан да өскелең ұрпаққа айтарым- әкеміздің барына шүкір ете білейік!

Бізде бар әке, басқада жоқ болуы мүмкін.Әкелерімізді қадірлейік!

«Қоғамдық келісім» КММ Мәдени-көпшілік іс-шараларды ұйымдастыру бөлімінің мәдени іс-шара ұйымдастырушысы Гүлбала Мұхамеджан.

ДОНОР БОЛУ- ӨЗГЕГЕ ӨМІР СЫЙЛАУ

14 маусым- Дүниежүзілік донорлар күні. 2005 жылдан бастап дәл осы күні әлемнің барлық елдерінде Дүниежүзілік донорлар күні атап өтіледі.

Осыған орай,«AMANAT» партиясы Жамбыл облыстық филиалы мен Қазақстан халқы Ассамблеясымен бірлесіп «Донор бол – өмір сыйла!» атты акция ұйымдастырды.

Бүгін, Жамбыл облыстық қан орталығында «Amanat» партиясы Жамбыл облыстық филиалымен бірлесіп, «Қоғамдық келісім» КММ-нің қызметкерлері және «Ассамблея жастары» РҚБ еріктілері аталмыш акцияға белсене қатысты.

Іс-шара барысында сөз партия төрағасы – Дауыл Ынтықбайұлы Бейсенқұловқа берілді. Өз сөзінде мұндай шараны Қазақстан халқы Ассамблеясымен бірлесіп өткізуі бекер еместігін жеткізді. Себебі, ағымдағы жылдың 29 мамырында «AMANAT» партиясы Қазақстан халқы Ассамблеясымен Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойған болатын. Мұндағы мақсат – қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту, ынтымақтастық пен өзара іс-қимылын белгілеу болып табылатындығын да айтты.

Өз кезегінде «Қоғамдық келісім» КММ-нің басшысы Мүбәрак Жинақбаева аталмыш мекеменің қызметкерлері мен «Ассамблея жастары» РҚБ белсенділерінің қатысуымен өтіп жатқан бірінші қайырымдылық акциясы емес екендігін жеткізді.

Мұндай игі шаралар алдағы уақытта да өз жалғасын табатын болады.

«Ақпараттық жұмыс және қоғаммен байланыс»  бөлімі

АНАЛАР БАС ҚОСҚАН КҮН

2023 жылдың 13 маусымында «Қоғамдық келісім» КММ-де Жамбыл облысы ҚХА Аналар кеңесінің отырысы өтті.

Оған облыстық этномәдени бірлестіктердің Аналар кеңесінің жетекшілері, Жамбыл облысы әкімдігі ішкі саясат басқармасының басшысы Ұлана Сламбекова мен «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Мүбәрак Жинақбаева қатысты.

Айта кетейік, аталмыш кеңес 2013 жылдың 20 тамызында құрылған болатын.

Оның негізгі мақсаты мен міндеті- отбасылық құндылықтарды дамыту және насихаттау,отбасы мәртебесін арттыру,этномәдени бірлестік жастарымен,жалпы білім беру мекемелері оқушыларымен жұмыстар ұйымдастыру ,этнос әйелдері арасында құқықтық сауаттылық деңгейін жетілдіру бойынша ақпараттық кеңестер өткізу және отбасылық,қоғамдық маңызды шаралар мен қайырымдылық акцияларын жүзеге асыру мен этномәдени бірлестік жанындағы Аналар кеңесінің қызметтерін үйлестіру.

Жиын барысында ҚХА Аналар кеңесінің төрайымы Мухаббат Миражапова кеңестің атқарған жұмыстары мен күн тәртібінде тұрған мәселелерді кеңінен ашып айтты.

Облысымызда 36 Аналар кеңесі жұмыс жасайды. Олардың әрқайсысының өзіндік атқаратын міндеттері бар.

Қазіргі таңда Аналар кеңесі «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» жобасы, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы, «Менің Отаным-менің отбасым» тақырыбы аясында насихат жұмыстарын жүргізіп, аталған жобалар бойынша іс-шаралар ұйымдастыруда. Сондай-ақ кеңес «Жасыл сертификат» әлеуметтік пилоттық жобасын жүзеге асыру бойынша жасөспірімдер арасында есірткіге қарсы күрес шараларын жүргізуді жоспарлауда.

Сонымен бірге алда келе жатқан 1 шілде –Ұлттық домбыра күніне арналған іс-шаралар ұйымдастыратындықтарын да айта кетті.

Отырыс соңында Ұ.Сламбекова кеңестің төрайымы М.Миражаповаға Аналар кеңесіне сіңірген адал еңбегі үшін Алғыс хат табыстады.

 

«Ақпараттық жұмыс және қоғаммен байланыс» бөлімі

ЭТНОС ЖАСТАРЫ АРАСЫНДА ӨТКЕН ЕРЕКШЕ КВЕСТ

Ағымдағы жылдың 8 маусымында Тараз қаласында Жамбыл облыстық Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен түрлі этнос жастары арасында тілдік және этникалық белгілері бойынша ар-намыс пен қадір-қасиетті қорлаудың кез келген нысандарына жол бермеуді насихаттауға арналған интеллектуалды «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте!» атты облыстық КВЕСТ өткізілді.

Іс-шара ксенофобия мен кемсітушіліктің алдын алуға бағытталды.

Қатысушылар қатарында өңірлік ҚХА «Ассамблея жастары» РҚБ белсенділері де болды.

Олар квест бойынша көзделген түрлі ойындарға қатысып, шара барысында өздерінің белсенділігі, ұйымшылдығы, ерек шығармашылығымен танылды.

Топ ішінде түрлі келеңсіз жағдайларда тығырықтан жол тауып, дұрыс шешім таба білу дағдыларымен татулық пен бірліктің жаршылары ретінде де ерекшелене білді.

Сондай-ақ, киім кию стильдері де лайықты бағаланды. Нәтижесінде, бұл талпыныстары игілікті жеңіске әкелді.

Ойын жеңімпаздары-Ассамблея жастары интеллектуалдық тобын шағын марапаттарымен құттықтап, бұдан әрі де ірі табыстарға қол жеткізе берулеріне зор тілектестік білдіреміз!

Жақсы істерге жолдарыңыз ашық болсын!

«Ақпараттық жұмыс және қоғаммен байланыс» бөлімі

ӨЗАРА ТЕҢДІК СИПАТЫ

2023 жылдың 8 маусымында Тараз қаласының «Қоғамдық келісім» мекемесінде Жамбыл облысы ҚХА этномәдени бірлестіктері және құрылымдарының, оның ішінде Журналистер клубы мүшелері – өңірлік БАҚ өкілдерінің қатысуымен этносаралық шиеленіске әкеп соқтыратын этникалық және тілдік белгілері бойынша жиналыс өтті.

Ксенофобия мен кемсітушіліктің, кез келген құқық бұзушылықтың алдын алу мен өңір азаматтарының құқықтарының теңдігін қамтамасыз ету бойынша өткен шара семинар және кеңес сипатында өткізілді.

Шараның іс-қимылдарын модератор боп Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Еркін Үйсімбаевтың өзі үйлестіріп жүргізіп отырды.

Іс-шара барысында қатысушылар алдында Рахия Тұрмаханбетова, Науатбек Қабылбеков, Алмас Жұмабеков, Алмат Сәдуақас сияқты бірқатар Жамбыл облысы әкімдігінің тілдерді дамыту басқармасы, облыстық прокуратура, полиция өңірлік коммуникациялар қызметі, т.б. салаларының белгілі өкілдері сөз сөйледі.

Баяндама жасаушылардың әрқайсысының санаға қонымды әрбір ой-пікірлері, ұсыныстары, мақсат-жоспарлары жиылған жұртқа өз деңгейінде нақты, дәлелді, лайықты жеткізіліп, этносаралық қатынасты нығайту жолындағы жалпы бағыттары көңілге нық сенім ұялатты.

Сонымен қатар, Жамбыл облысы әкімдігінің ІІБ «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Мүбәрак Қасымқызы да өз баяндамасында Этномедиация саласы бойынша кәсіби жаттықтырушы-медиаторларды тарта отырып, жоғары оқу орындары мен жалпы білім беретін мектептердегі оқу орындарының қызметкерлері үшін шеберлік сыныптарын өткізудің, сондай-ақ білім беру ортасындағы жанжалды қатынастарды шешу стратегиясы, алдын алу әдістері, себептері туралы семинарлар мен кездесулер өткізудің оң нәтижелеріне аса назар аударды.

Мәселен, ҚХА Медиация кабинетінің 2022 жылы бітімгершілік рәсімдерді жүргізу жұмыстарының нәтижесінде өткен жылмен салыстырғанда медиация кабинеттеріне түскен өтініш 4, 8% – ға өсті, бұл өңірдегі медиация институтын танымал ету бойынша азаматтардың хабардар екендігін байқатады.

Ал енді шешілген қақтығыстар мен даулы жағдайлар биыл да өткен жылмен салыстырғанда 17,6%-ға азайған.

Сондай-ақ, анықталған көрсеткіштердің төмендеуіне Ашық есік күні және халық жаппай баратын орындарда қоғамдық қабылдауларды ұйымдастырудың әсері тигендігі де атап өтілді.

Бұған қоса, соттарда соңғы уақыттарда татуластыру рәсімдерінің белсенді қолданылуының дауларды бейбіт жолмен шешуге көмегін тигізгендігі де баяндалды.

Ел бірлігі мен берекесін, ауызбіршілігі мен тыныштығын сақтау мақсатында ұйымдастырылған жиын сәтті аяқталды.

«Ақпараттық жұмыс және қоғаммен» байланыс бөлімі

ТАРАЗДА «ТУҒАН ЖЕРІМ МЕНІҢ- ҚАЗАҚСТАНЫМ» АТТЫ ФОРУМ ӨТТІ

4 маусым- Мемлекеттік рәміздер күніне орай шаһарымызда бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылды.

Бұл күні Тараз қаласындағы бірнеше мекемелер мен тұрғын үйлердің терезелеріне Мемлекеттік ту іліп, құрмет көрсетті.

Сондай-ақ, қаладағы саябақтардың бірінде этномәдени бірлестік өкілдерінің және «Қоғамдық келісім» КММ қызметкерлері мен

тұрғындардың қатысуымен “Туған жерім менің – Қазақстаным!” атты патриоттық форумы өтті.

Шара барлық қатысушылардың Мемлекеттік әнұранды бірге орындауымен ашылып, концерттік бағдарламамен жалғасты.

Ақпараттық жұмыс және қоғаммен байланыс бөлімі

«Ассамблея бөбектері»

Жамбыл облысы «Қоғамдық келісім» мекемесі 2020 жылдан бері республикалық «Ассамблея бөбектері» жобасын ілгерілетіп келеді. Жоба аясында өңірлік Ассамблея қаламыздың бірнеше бала-бақшаларымен іскерлік байланыста. Солардың бірі – Балтабаева Марфуға Рахметоллақызы басқаратын облыс әкімдігінің Тараз қаласының білім бөлімінің №17 бөбекжай-бақшасы.

Мәселен, аталмыш балабақша аймақтық ҚХА Ғылыми-сараптамалық тобының белсенді мүшесі Керімбаева Рысты Қалдыханқызының ұлттық құндылықтарды тәрбиеге енгізген бірнеше жобаларымен жұмыс істеуде.

Оның бір дәлелі – Абай атындағы ҚазҰПУ-імен Тараз қаласындағы №17 бөбекжай-бақшасының қатысуымен жуырда, наурыз айында әдістемелік семинар өткен болатын.

Семинарда Рысты Қалдыханқызы алдағы уақытта осы мектепке дейінгі ұйыммен бірлесіп атқаратын жұмыстары және меморандум жасалатындығы туралы да атап өткен еді.

Сонымен, Тараз қаласының білім бөлімінің №17 бөбекжай-бақшасында тәрбиеленушілері – ассамблея бөбектерінің қатысуымен 1 маусым – Халықаралық балалар күні мерекесі аталып өтті.

«Ақпараттық жұмыс және қоғаммен байланыс» бөлімі