ӨЗГЕ ЭТНОС ӨКІЛДЕРІНЕ АРНАЛҒАН ТІЛ МЕКТЕБІНІҢ ЖҰМЫСЫ ҚОРЫТЫНДЫЛАНДЫ

2023 жылдың 26 маусымында Жетісу облысында ҚХА-ның этномәдени бірлестік өкілдеріне арналған Тіл мектебі өз жұмысын бастаған болатын.

ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі «Қоғамдық келісім» РММ ұйымдастыруымен жыл сайын өткізілетін дәстүрлі жаздық лагерьге биыл ел аумағынан 65 қатысушы жиналды.

Жамбыл облысынан атынан өңірлік «Ассамблея жастары» қоғамдық бірлестігінің мүшелері Хасан-Ходжаев Абдувахоп, Леброва Рабям, Ямолдинова Диана,  Новикова Алена, Ахмедов Шерали қатысты.

Тіл мектебінің басты мақсаты- өзге этнос өкілдерінің жастары арасында мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту,қатысущыларды тіл үйренудің жаңа әрі қызықты әдістерімен таныстыру болды.

Мемлекеттік тілді оқыту барысында сарапшылар қызықты ойындар мен еркін форматтағы пікірталастар арқылы оқушылардың тілге деген қызығушылығын оятып қана қоймай, оны өз беттерінше зерделеп, өзіндік сөйлеу мен жазу қабілеттерін дамытуға ықпал етті.

Ағымдағы жылдың 30 маусымында аталмыш мектептің жабылу салтанаты өтіп, тіл үйренушілерге сертификат табысталды.

Ақпараттық жұмыс және қоғаммен байланыс бөлімі

ЭТНОМЕДИАЦИЯ НЕГІЗДЕРІ ТҮСІНДІРІЛУДЕ

Жамбыл облысы ҚХА-ның медиаторлары, құрылымдық бөлімшелерінің өкілдері 2023 жылғы 10-14 шілде аралағында Тараз қаласында өтетін этномедиаторларды даярлау бойынша семинар-тренингке қатысуда.

Іс -шара Түркістан облысы мен Шымкент қаласының өкілдерінің қатысуымен өтуде.

Жаттықтырушылар ретінде Қолданбалы этносаяси зерттеулер институтының өкілдері -Талғат Қалиев, Руслан Урумбаев, Луиза Узарова, Дэвид Эйдельман, Андрей Манойло мен саясаттанушылар,заңгерлер шақырылды.

Семинар-тренинг барысында этномедиация негіздері, қақтығыстарға тән ерекшеліктер, құзыреттер, этномедиаторлардың ықпалы мен мінез-құлқының стильдері, келіссөздер негіздері, оң нәтижелерге қол жеткізу қабілеті және тағы басқалар қарастырылады. Қатысушылар мобильді пікірталастарға, топтық, практикалық жұмыстарға белсенді араласуда.

Іс-шараның соңғы күні қатысушыларға сертификат табысталатын болады.

Ақпараттық және қоғаммен байланыс бөлімі

ПЕРЗЕНТХАНАДАҒЫ ЖАС АНАЛАРҒА ДОМБЫРА ТАРТУ ЕТІЛДІ

Шілденің алғашқы жексенбісі – ҚХА ұсынған «Қазақтану» мәдени-ағартушылық жобасының негізінде жүзеге асып келе жатқан дәстүрлі де өміршең мереке – Ұлттық Домбыра күні. Ағымдағы жылдың 2 маусымында «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Мүбәрак Қасымқызы және «Анаға тағзым» орталығының басшысы Эльмира Мырзағали бастаған өңірлік ҚХА Аналар кеңесі өкілдері облыстық перинаталдық перзентханаға арнайы ат тізгінін бұрды.

«Домбыра» күні мерекесінде дүниеге келген сәбилердің аналары – Ботагөз бен Мөлдірді атаулы мерекемен құттықтап, бастарына ақ орамал жауып, өмірге ұрпақ алып келгендері үшін қазақ елінің сувенир іспеттес көк байрағымен бірге Ұлттық аспабымыз – домбыраларды сыйға тарту етті.

«Тәрбие – тал бесіктен» қағидатын ұстанатын Ассамблея Аналарының бүгінгі жас аналарға басты тілегі – ұрпақ тәрбиелеуде қай этнос болмасын оған,

өзінің туған елі, туған жерінің рухани мәдениетін сыйлатып өсіру болса, перзентханаға келуінің мақсаты –

ұлттық құндылықтарды қастерлеу, көпмәдениеттілік пен жалпықазақстандық ұлттық бірегейлікті сақтау, ұрпақтар сабақтастығын жалғастыру және дүние есігін ашқан нәрестелердің бойында патриоттық сезімді дарыту тілеулестігі еді.

Аспабымыз әлемдік деңгейдегі брендке айналып, ел мерейін асыра берсін, ағайын!

ҚХА Аналарының игі істері еселеніп қайтсын! Жарқын іс-қимылдары жалғасын тапсын!

«Ақпараттық жұмыс және қоғаммен байланыс»  бөлімі

“Қоғамдық келісім”

2023 жылдың 1 шілдесінде Тараз қаласындағы “Қоғамдық келісім” мекемесінде облыстық “АХЫСКА” Түрік этномәдени бірлестігінің ұйымдастыруымен бірқатар азаматтарды марапаттау іс-шарасы өтті.

Алдымен Азия чемпионы Юнус Гафуровқа құрмет көрсетілді . Оны лайықты жеңісімен “Қоғамдық келісім “КММ басшысы Мүбәрак Жинақбаева мен аталмыш бірлестіктің төрағасы Махмутжон Давришев құттықтады. Салтанатты рәсім кезінде спортшыға жылқы малы, ал жаттықтырушыға ұлттық ою-өрнектері бар шапан сыйға тартылды. Бұдан соң, мәдениет қайраткері Кәрім Әли-оғлының 70 жылдық мерейтойына арналған концерттік бағдарлама өтті.

Концертте Меркі ауданы, Меркі ауылының өнерпаздары сахнада өнер көрсетті. Көрермендер назарына Ташкенттік “Мико шоу” театрының әртістері түрлі, қызықты қойылымдар ұсынды. Мерейтой иесін М. Жинақбаева мен М. Давришев мерейтойымен шын жүректен құттықтап, басына бөрік кигізіп, иығына шапан жапты.

Сондай-ақ шара барысында облыстық “АХЫСКА” Түрік этномәдени бірлестігінің Алғыс хаттарымен медицина қызметкерлері Шамшод Асланов, Радихан Сулиев, Мурад Асланов марапатталды.

Ақпараттық жұмыс және қоғаммен байланыс бөлімі

ОЛИМПИЯ МЭРІ Г.ГЕОРГИОПУЛОС БАСТАҒАН ДЕЛЕГАЦИЯ ТАРАЗ ШАҺАРЫНДА

Ізгілікке арқау болған ұлық мейрам – Құрбан айт мерекесі күні ежелгі Олимпия мэрі Георгиос Георгиопулос бастаған делегация достық сапармен киелі Көне Тараз қаласына келді.

Олимпиада ойындарының мұражайына айналған қасиетті өлке саналатын, тарихы тереңде жатқан Грециядан ат терлетіп келген меймандарды Жамбыл облысы әкімдігінің ішкі саясат басқармасының басшысы Ұлана Сламбекова мен «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Мүбәрак Жинақбаева және этномәдени бірлестіктердің басшылары ерекше құрмет, жылы жүзбен қарсы алды.

Достық үйінің кіре берісінде қарсы алынған шетелдік қонақтарға алғаш келген меймандарға ұсынылатын қазақтың ұлттық тағамы- «жеті дәм»: жент, құрт, қаймақ, ірімшік, талқан, қуырылған тары, сүзбе мен дәмді бауырсақтар ұсынылды.

Өңірлік Ассамблеяның тыныс-тіршілігінен хабар берген «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Мүбәрак Жинақбаеваның алғы сөзінен соң меймандар назарына «Қазақ» биі ұсынылды.

Ерен делегацияның келуіне орай, «Қоғамдық келісім» мекемесі ұйымдастырған келелі кездесуге Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков, «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы басқарма төрағасының қоғамдық кеңесшісі, мемлекет қайраткері Жақсыбек Құлекеев пен Жамбыл облысы әкімдігі және Тараз қаласы ішкі саясат басқармасының қызметкерлері, облыстық этномәдени бірлестіктердің төрағалары мен БАҚ өкілдері қатысты.

Кездесу барысында «Жамбыл облыстық Гректер қоғамы» қоғамдық бірлестігінің жастар орталығының төрайымы Татьяна Герантиди гректер жөнінде кеңінен мағлұмат беріп, этномәдени бірлестіктің Әулиеата өңіріндегі хал-ахуалынан хабар берді.

Бұдан соң, ЮНЕСКО тізіміне енген «Ортеке» күйінің театрлық миниатюрасын Қазым Аманқосов қазақтың қара домбырасында орындап, көпшіліктің өзіне деген назарын аудартты.

Келесі кезекте «Оқушылар сарайының» өскелең өнерпаздары, облыстық Гректер қауымдастығының жасөспірімдер шығармашылық тобынан құралған “Іnfiniti» би ансамблі «Грек» биін орындады.

Осыдан соң, ортаға Георгиос Георгиопулос шақырылып, сөз кезегі берілді. Мэр өз сөзінде маңызды кездесуге жиылған барша қауым мен Тараз жұртшылығына ыстық ықыласпен, депортация нәубетінде Қазақстанның қасиетті жерін паналап, бейбітшілік пен келісімде өмір сүріп келе жатқан “Эллада” ұрпақтарын қиын жылдары бауырындай кеңпейіліділкпен қабылдағаны үшін зор алғысын білдірді.

Шара барысында «Қоғамдық келісім» мекемесі мен өңірлік Ассамблея атынан Достық үйінің басшысы Мүбәрак Қасымқызы мен облыстық Тәжіктер этномәдени бірлестігінің төрағасы Махкам Орифов қазақтың ежелгі кәделі ұлттық киімі – кестелі барқыт шапанын алыстан келген мейманның иығына жауып, естелік ретінде күмбезді Достық үйі ғимараты бейнеленген кілемді сыйға тартты.

Кездесу соңында шетелдік қонақтар делегациясының назарына сан түрлі этностың тарихынан сыр шертетін ұлттық нақыштағы бұйымдардан құралған көрме ұсынылды.

Қарсы алу іс-шарасынан ерекше әсер алған Георгиос Георгиопулос бастаған делегация ерекше жылы көңіл-күйде достық сапарына негізделген жоспарға сәйкес қаланың басқа бөлігіне бет бұрды.

«Ақпараттық жұмыс және қоғаммен байланыс» бөлімі

ТАРАЗДА НАШАҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ МЕМОРАНДУМҒА ҚОЛ ҚОЙЫЛДЫ

Ағымдағы жылдың 26 маусымында Тараз қаласының “Анаға тағзым” орталығында “Халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес” күніне орай облыстық ҚХА Аналар кеңесінің бастамасымен қолға алынған «Жасыл сертификат» жобасы аясында «Дәріханалық нашақорлыққа қарсы іс-қимыл шаралары туралы» атты дөңгелек үстел өтті.

Іс-шараның модераторы Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Үйсімбаев Еркін Құлымбайұлының өзі болып, маңызды жиынның іс-қимылдарын жоғары деңгейде үйлестіріп отырды.

Бұл іс-шараны өткізудегі мақсат – ҚХА Аналарының қолға алған «Жасыл сертификат» әлеуметтік пилотты жобасын ілгерілету, қоғамда тарап кеткен дәріханалық нашақорлықпен күреске үлес қосу, жастар арасындағы басқа да тәуелділіктердің алдын алып, олардың қауіпсіз болашағын қамтамасыз ету, есірткі қолданудың зияны мен салдары туралы жастар арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу, салауатты өмір салтын ұстану, насихаттау тұрғысында коалицияға бірігіп жұмыс жүргізу болатын.

Жиынға Жамбыл облысының прокуратурасы, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Жамбыл облысы бойынша департаменті, Жамбыл облыстық полиция департаментінің өкілдері және облыс әкімдігінің басқарма басшылары, қоғамдық ұйымдар, қаламыздағы ең танымал дәріханалар өкілдері мен облыстық БАҚ тілшілері қатысты.

Дөңгелек үстел өту барысында бірнеше жылдан бері жас өспірімдер мен жастарды нашақорлықтан түбегейлі ада ету жолында аянбай еңбек етіп келе жатқан өңірлік Ассамблеяға қарасты Аналар кеңесінің белсенді мүшелері өз ойларын ортаға салып, жастардың болашағына балта шабар, бойы мен ойын меңдеп алған қауіпті дерттен қалай құтқарудың тиімді жолдары турасында өз бағыттарымен бөлісті.

Мәселен, Жамбыл облысы ҚХА Аналар кеңесі төрайымының орынбасары Аракси Плетнева Мемлекет басшысының Ұлттық Құрылтайда балаларды дұрыс тәрбиелеу жөніндегі маңызды тапсырмаларына сүйене отырып, аймақтық ҚХА Аналар кеңесінің осы бағыт бойынша жүйелі де ауқымды жұмыс жүргізіп жүргендігіне тоқтала келе, ақпараттық сипаттағы, әсіресе, синтетикалық есірткінің тез таралуына әлеуметтік желілерді белсенді қолданушы жастар мен оған тікелей ықпал ететін интернет-сайттар және оларға барлық жолмен тосқауыл қою жөнінде кеңінен баяндап берді.

Сонымен бірге, жастар арасында есірткі, уытты заттарды тұтыну және нашақорлықтың алдын алу шаралары жөнінде Жамбыл облысы әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Жомарт Зұлпыхар баяндама жасап, еліміздің болашағы — жастарды нашақорлық індетінен алыстату бағытында жұмыс тоқтаусыз жүргізілетіндігін егжей-тегжейлі түсіндіріп берді.

Осылайша қауіпті індетпен күресудің әр түрлі әдістері мен қыр-сырын талдап, талқылап көрсете білген басқа да баяндамашылар мен жиын қатысушылары ортақ бір шешімге келіп, маңызды қадам жасады.

Жиынның ең маңызды сәті, нағыз шарықтау шегі – Жамбыл облысының есірткіге қарсы қоғамдық коалициясы мен дәріханалар өкілдерінің қоғамдық денсаулықты қорғауға және дамытуға деген өзара ортақ тілектерін басшылыққа ала отырып, Меморандумға қол коюы болды!

Нақтырақ айтқанда, қоғамдық коалиция ретінде – Жамбыл облысы ҚХА Аналар кеңесі, облыстық Ардагерлер кеңесі, «Сенімен болашақ» республикалық қоғамдық бірлестігінің Жамбыл облыстық филиалы, «Жер ана» фермер әйелдер қауымдастығы»ҚБ, «AMANAT» партиясы облыстық филиалы, Жамбыл облысы әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасы, «Қазақ аналары – дәстүрге жол» республикалық ҚБ облыс бойынша филиалы және облыс әкімдігінің ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ, облыстық «Анаға тағзым» отбасын қолдау орталығы мен тұтынушылардың көп сұранысына ие белгілі дәріханалардың өкілдері арасында ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылып, басқа да ірілі-ұсақты дәріханалармен “құпия сатып алушы” жүйесі бойынша бірлесіп жұмыс жасау шаралары алға қойылды

ТАРАЗДА АНАЛАР КЕҢЕСІ ҚОҒАМДЫҚ МАҢЫЗЫ ЗОР ІС-ШАРА ӨТКІЗДІ

2023 жылдың 24 маусымында Тараз қаласындағы арнайы мектепте Жамбыл облысы ҚХА Аналар кеңесі осы оқу орнының тәрбиеленушілері үшін аналар кеңесі төрағасының орынбасары Аракси Плетнева және осы кеңестің мүшесі Роза Изятова, меценат Лобар Гаюповамен бірқатар мәдени-көпшілік іс-шаралар өтті.

Осыған байланысты ҚХА Аналар кеңесінің «Жасыл сертификат» жобасын жүзеге асыру мақсатында нашақорлықтың алдын алуға арналған іс-шара Жамбыл облысы ІІД Есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының өкілі Қанат Белгібаевпен бірлесіп өткізілді.

Кездесу барысында балаларға есірткінің адам денсаулығы мен өміріне зиянды әсері, сондай-ақ есірткі құралдары мен психотроптық заттардың заңсыз айналымы үшін жауапкершілік туралы айтылды. Аталмыш шара Ұлттық домбыра күніне арналған іс-шарамен жалғасты.

Жиналғандар қазақ халқының ұлттық қазынасы саналатын домбыра аспабы туралы әңгіме қозғады. Қазақтың төл мәдениеті мен өнерін домбырасыз елестету мүмкін емес. Талантты домбырашының қолында халқымыздың бүкіл тарихы оның үнінде бейнеленген. Шара барысында түрлі күйлер орындалды. Сонымен қатар, Аналар кеңесінің өкілдері оқушылармен кездесу барысында бірлік, татулық пен келісімді нығайтуға бағытталған «Біз әртүрліміз, бірақ бірдейміз» тақырыбын қозғады.

Айта кетерлігі, Жамбыл облысы ҚХА Аналар кеңесі меценат Лобар Гаюповамен бірге бұл мекемеге көп жылдар бойы қамқорлық жасап, тағдыры қиын балаларға қол ұшын созып келеді. Бұл жолы оларға жылжымалы бассейн мен дәмді тағамдар ұсынылды.

Мұндай іс-шаралар алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.

Ақпараттық жұмыс және қоғаммен байланыс бөлімі

ТАРАЗДА ҚР «БАРБАНГ» КҮРДІЛЕР ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ ЖАМБЫЛ ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫ” ҚОҒАМДЫҚ БІРЛЕСТІГІНІҢ ФЕСТИВАЛІ ӨТТІ

Ағымдағы жылдың 24 маусымында Тараз қаласындағы “Баласағұн” ОКЗ-да «Қазақстан Республикасының «Барбанг» Күрділер қауымдастығының Жамбыл облыстық филиалы» қоғамдық бірлестігінің күрді мәдениетінің фестивалі өтті.

Қала қонақтары мен күрді этносының өкілдері, бірлестік мүшелерінің тамашалауымен өткен фестивальде күрділердің Қазақстан Республикасына қоныс аудару тарихы және күрді этносының қазіргі Қазақстанда қалай өмір сүретіні туралы фильмнің қысқаметражды слайды көрсетілді. Сондай-ақ балалар би ансамблінің және музыкалық топ пен әншілердің қойылымы көпшілікке ұсынылды.

Іс-шараға арнайы Германиядан әнші Дарвеш Шерхеди келіп, күрді этносына кеңінен танымал әндерді орындап берді.

Әсем әуен, көз тартар қойылымдардың барлығы да көпшіліктің көңілінен шығып,зор қошеметтеріне ие болды.

Ақпараттық жұмыс және қоғаммен байланыс бөлімі

МИГРАНТ БАЛАЛАРҒА АРНАЛҒАН ЗАҢ МЕКТЕБІ

2023 жылғы 20 маусымда Тараз қаласында АҚШ-тың USAID Халықаралық даму агенттігінің жобасы шеңберінде Winrock International ұйымы іске асыратын Тәжікстаннан келген “Орталық Азиядағы қауіпсіз көші-қон” көшіп-қонушылардың балаларына арналған заңнамалық мектебі дәрістері өткізілді.

Заң дәрістерін өткізудің мақсаты – мигранттардың балаларына өмірлік дағдыларын дамытуда қолдау көрсету.

Ұйымдастырушылар – «Қайсар» ҚҚ кейс-менеджері, «Тараз-анти ВИЧ» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, жоба үйлестірушісі Рамиль Перзадаев, «Мирекл» ҚБ маманы, Жамбыл облыстық Тәжіктер этномәдени бірлестігінің өкіілі Гүлсара Тухтамышева. Семинар жаттықтырушылары ретінде «Volonter_Group_08» Еріктілер ҚБ төрағасы, Тараз қаласы Өзбек мәдени орталығы төрағасының орынбасары Рустам Ташметов пен «Азаматтық құқықтарды қорғау»  комитетінің басшысы, Жамбыл облысы «Радонеж» Орыс қауымдастығы кеңесінің мүшесі, өңірлік Медиаторлар кеңесінің төрайымы Ирина Федорова өз ойларын ортаға салды.

Іс-шара барысында қатысушыларға шет елдерден келген азаматтарға қатысты құқықтар мен міндеттер бойынша ҚР заңнамасының тармақтары, еріктілер қозғалысы және т. б. келелі мәселелер жөнінде сауалдар қойылып, қанағаттанарлық жауаптар алынды.

Ақпараттық жұмыс және қоғаммен байланыс бөлімі

БІРЛІК ПЕН ЫНТЫМАҚ НЕГІЗІ – ДОСТЫҚ

ҚР Президентінің Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІІ сессиясында берген тапсырмасының негізінде ҚР Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары А.Ғ.Балаеваның қатысуымен өткен отырыстың Хаттамасына сәйкес ҚХА құрылымдарын жұмылдыра отырып, бірқатар іс-шаралар кешенін ұйымдастыру жоспарланған болатын. Оның бірі – жазғы сауықтыру және мектеп жанындағы лагерьлерде «әралуандықтағы бірлік» қағидаты тақырыбына іс-шаралар ұйымдастыруды қамтамасыз ету еді.

Осыған орай, ағымдағы жылдың 22 маусымында Жамбыл облыстық ҚХА «Ассамблея жастары» РҚБ және «М.Қашқари атындағы Ұйғырлар этномәдени бірлестігі» ҚБ Жамбыл ауданы Жасөркен ауылында орналасқан «Болашақ» сауықтыру лагеріндегі түрлі этностардан құралған демалушы балаларға арналған «Біз әртүрліміз, бірақ бірдейміз!» атты іс-шара өткізді.

Шараны өткізудегі мақсат – бірлік пен ынтымақтың басын біріктірер адал достық қасиетін дәріптеу, этносаралық қатынасты нығайту, жасөспірімдер арасында өзара түсіністік, келісімнің нық орнауына ықпал ету, жалпыұлттық қазақстандық бірегейлікті сақтауға баулу, білімді, мәдениетті, өз еліне жанашыр патриот тұлға қалыптастыру және мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту.

Аталмыш Ұйғыр бірлестігі жастар қанатының өкілі, сондай-ақ, өңірлік «Ассамблея жастары» РҚБ мүшесі Ирода Абдусатарова мен “Қоғамдық келісім» КММ “Жобаларды іске асыру және ҚХА құрылымдарымен жұмыс” жөніндегі бөлімінің жетекші сарапшысы Рахат Ерханұлы жетекшілігімен “Ассамблея жастары” РҚБ белсенділері лагерь демалушыларына тәрбиелік мәні бар ойын-сауық бағдарламасын ұсынды.

Іс-шара барысында олар жасөспірімдерге «Әралуандықтағы бірлік» тақырыбында тренинг өткізіп, қызықты ойындар ұйымдастырды.

Сонымен бірге, балалардың интернеттік тәуелділіктен бір уақыт бас тартып, уақыттарын тиімді, әрі пайдалы өткізулері үшін, мектептен алған білімдерін ұмыттырмау, дамыту және зеректігін арттыру бағытында оларға қиын да қызық жұмбақтар құрастырылып, викториналық сауалдар да қойылды.

Ойын-сауық шарасы соңында іс-шараға белсенді қатысқан жеңімпаз балақайларды “Қоғамдық келісім” мекемесінің жастарға жауапты маманы Р. Ерхан құттықтап, өңірлік “Ассамблея жастары” ҚБ-нің мүшесі И.Абдусатарова оларға түрлі сыйлықтар табыстады.

Ерекше атап өтейік, аталмыш шарада балалардың сыйлықтарға ие болуына төрайымы Мухабат Турдыева бастаған облыстық М.Қашқари атындағы Ұйғырлар этномәдени бірлестігі демеушілік етті.

Игілікті кездесу өз деңгейінде жоғары өтті деп саналмақ.

“Ақпараттық жұмыс және қоғаммен байланыс” бөлімі