25 қазан мерекесі қарсаңында..

 

25 қазан – Республика күнін мерекелеу қарсаңында Жамбыл облыстық «Қоғамдық келісім» мекемесінің ұйымдастыруымен өтіп жатқан «Біз үшін» челленджінде грек-рим күресінің палуаны, спорт шебері, алтын медаль иеленген қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада және әлем кубогының күміс жүлдегері , екі дүркін Кеңес Одағының чемпионы, Қазақ КСР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Жақсылық Үшкемпіров туралы айтқалы отырмын.
Жақсылық Үшкемпіров спорттағы жетістіктері үшін «Құрмет белгісі» орденімен, бірнеше медальдармен марапатталған.
Өзінің шебер техникасымен, шапшаңдығы және төзімділігімен қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы келер ұрпаққа үлгі екені анық.
Қазақ жанкүйерінің көз қуанышы болған балуан өзінің тарихи жеңісіне 40 жыл толғанда жарық дүниемен қоштасты.
Соңғы сұхбаттарының бірінде Жақсылық Үшкемпіров өзінің Мәскеу Олимпиадасындағы ерлігін қайталайтын қазақ балуандарының жеңісін көріп кетуді армандайтынын айтқан.
Дәл осы арманды орындайтын ұрпақтар көп болсын!
Тараз қаласының Өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы, Абдурахман Зайнутдинов

Таразда «Мың бала» республикалық мәдени-ағартушылық жобасының облыстық кезеңі өтті

Таразда «Мың бала» республикалық мәдени-ағартушылық жобасының облыстық кезеңі өтті
Биылғы жылдың 20-қазанында «Қоғамдық келісім» мекемесінің ұйымдастыруымен өткен шараға Тараз қаласы мен шалғай аудандардан этнос балалары, мектеп мұғалімдері және БАҚ өкілдері қатысты.
Байқаудың басты мақсаты – мемлекеттік тілді меңгеруге ерекше қызығушылық танытқан өскелең ұрпақты, түрлі этностық топтардың жастарын ынталандыру шаралары арқылы қазақстандық бірегейлік пен бірлікті дамытуға жәрдемдесу.
Ауқымды шара мемлекеттік тілді үйрену арқылы жастарды патриоттыққа тәрбиелеу және балалардың жастардың бойына кітап оқу мәдениетін, қазақ әдеби тілі мен поэзиясын меңгеруге қызығушылық дарыту, этностардың мемлекеттік тілді меңгерген жас өкілдерін анықтау, оларға қолдау көрсетуді көздеу.
Мемлекеттік тілдің мерейін көтеруге бағытталған іс-шара тұжырымдамасы бойынша қазақ тілін оқыту бойынша «Тіл мектебі» авторлық бағдарламалары, «Өнер алды – қызыл тіл» мектебі», «Өнерлі өрге жүзер» музыкалық конкурсы, «Жарқыра, жас дарын!» байқауы жалпы 4 жоба бойынша өткізілді.
Іс-шараға әр номинация бойынша оқушылар мен мұғалімдер,барлығы 40-тан астам үміткер қатысты.
«Тіл мектебі» авторлық бағдарламалары номинациясы бойынша Жамбыл ауданынан С.Кусёва – І орын, Қордай ауданынан С. Нуркеева – ІІ орын, Меркі ауданынан И. Алденбекова – ІІІ орын иеленді. Қалған қатысушылар алғысхаттармен марапатталды.
«Өнер алды – қызыл тіл» мектебі номинациясы бойынша Меркі ауданы, И.Трубицын атындағы №17 мектеп-гимназиясының оқушысы М.Гайпова – І орын, Шу ауданы, Д.Қонаев атындағы орта мектебінің оқушысы Ж.Папаладзе – ІІ орын, Байзақ ауданы, Г. Мұратбаев атындағы гимназия оқушысы Е.Бондарь, Меркі ауданы, №21 орта мектебінің оқушысы Д.Тайрова, Жамбыл ауданы, Шайқорық орта мектебінің оқушысы Л.Исмайлова – ІІІ орындарды иеленсе, қалғандары алғысхаттармен марапатталды.
Байқаудың шарықтау шегі, ең қызықты тұсы – этнос балалары өздері шығарған жыр шумақтарын мәнерлеп оқып, берілген тақырыпқа қатысты суырып салмалық қабілеттерін танытты.
Сонымен қатар, оқытушылар да қазақ тілі пәнін оқытудағы үздік әдістемелік жаңалықтарымен бөлісті.
«Жарқыра, жас дарын!» байқауына Меркі ауданы, №44 орта мектебінің оқушысы С. Айденов – І орын, Тараз қалалық дарынды балаларға арналған мамандандырылған “Дарын” лицей-интернатының оқушысы Н.Эрнисбекқызы – ІІ орын, Т.Рысқұлов ауданы, Ақтоған орта мектебінің оқушысы М. Ирисқұлов және Қордай ауданы, №4 Б.Бөлтірікова атындағы мектеп-лицейінің оқушысы Д. Сапронов – ІІІ орындарды иеленсе, ал «Өнерлі өрге жүзер» музыкалық конкурсы бойынша Тараз қаласы, Оқушылар сарайының оқушысы Н.Гирина – І орын, Меркі ауданы, И.Трубицын атындағы №17 мектеп-гимназиясының оқушысы А.Акнамурадова – ІІ орын, Қордай ауданы, №1 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназиясының оқушысы В. Третьяков пен Тараз қаласы, Оқушылар сарайының оқушысы К.Заитова – ІІІ орынды иеленді. Өзге қатысушылар марапатқа алғысхаттар алды.
”Өнерлі өрге жүзер” музыкалық және «Жарқыра, жас дарын!» байқауларының жеңімпаздары үстіміздегі жылдың қараша айында Астана қаласында өтетін республикалық кезеңге қатысатын болады.
Атаулы жоба кезеңінің соңы «Қоғамдық келісім» мекемесінің басшысы Мүбарак Жинақбаеваның қорытынды сөзімен аяқталды. Өз сөзінде М.Қасымқызы алдағы уақытта да қатысушыларға өмір мектебі іспеттес болған «Мың бала» байқауының жеңімпаздарымен Достық үйі үнемі байланыста болатындығын тілге тиек етіп, сондай-ақ,алдыңғы байқаудың жүлдегерлері оқу гранттарын ұтып алып, өмірде өз жолдарын табуларына аталмыш байқаудың себепші болғандығын айрықша атап өтті.
Айта кетейік, байқауға облыстық филармония, білім басқармасының қызметкерлері және өңірлік баспа БАҚ өкілдері қазылық етті.
”Ақпараттық жұмыс және қоғаммен байланыс” бөлімі

ҚАЗАҚСТАН — БІЗДІҢ ОРТАҚ ҮЙІМІЗ

Республика күнін мерекелеу қарсаңында, бүгін – 21 қазан күні Достық үйінде «Қазақстан-біздің ортақ үйіміз» атты дөңгелек үстел өтті.

Ұйымдастырушылар-Жамбыл облыстық Тәжіктер этномәдени бірлестігі.

Мақсаты — этносаралық қатынастарды, қазақстандық бірегейлікті нығайту, бейбітшілік пен келісімді сақтау.

Іс-шараға тәжік орталығының мүшелері, әйелдер кеңесі, басқа да ЭМБ және БАҚ өкілдері қатысты.

«Біз Республикамыздың Тәуелсіздігі қалыптасқан кезден бастап осы тарихи ұлттық мерекені атап өтудеміз», — деп атап өтті

«Жамбыл облысы бойынша тәжіктердің тәжік этномәдени орталығы»  ҚБ республикалық филиалының төрағасы Махкам Орифов өз сөзінде.

Дөңгелек үстелдің барлық қатысушылары қазақ ата-бабаларының күш-жігерінің арқасында осы тәуелсіздікке қол жеткізілгенін және барлық этностар мен ұлыстардың Қазақстанда тығыз достықта, бейбітшілік пен келісімде өмір сүріп жатқанын айта келе, әділетті Қазақстанның құрылысына өңірде кім қандай үлес қосты, қосып жүр – осы жөнінде сөз қозғады.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сарабдал саясатының арқасында біздің көпэтносты Республикамыз экономикада, саясатта, құрылыста және индустрияда күн сайын жаңа жетістіктерге қол жеткізуі де атап өтілді. Солардың бірі — барлық этностар мемлекеттік тілді үйрене бастағандығы, жастардың татулықта, бірлікте екендігі, т.б.

Сонымен қатар, қалалық Өзбек мәдени орталығының басшысы Әбдірахман Зайнутдинов та: «Қазақстан-біздің ортақ үйіміз! Біздің әрқайсымыз өз Отанымызға сүйіспеншілікпен қарап, бағалауымыз қажет. Біз балаларымызды Отанға деген патриотизм рухында тәрбиелеуіміз керек. Біздің күшіміз —бірлік пен өзара түсіністікте»,—деді өз сөзінде.

Шара соңында Тәжік этномәдени орталығының басшысы Махкам Жұманазарұлы барша қазақстандықтарға зор денсаулық, отбасылық бақыт, амандық, қуаныш, достық және бейбітшілік тілеп, келе жатқан ұлттық мереке – Республика күнімен құттықтады.

«Ақпараттық жұмыс және қоғаммен байланыс» бөлімі

 

Челендж – Бахром Тохтасунұлы Муминов

#меніңқазақстаным

#мойказахстан

#Республикакүні

#Бізүшінчелленджі

#Қоғамдықкелісім

#ЭМБөкілдері

 

25 қазан – Республика күнін мерекелеу қарсаңында ҚР АҚДМ және «Қоғамдық келісім»  РММ, сондай-ақ, облыстық «Қоғамдық келісім»  КММ-мен ұйымдастырылған «Біз үшін» пост-челленджін — Мен, Бахром Муминов жалғастырамын. Бұл челлендж арқылы Ханчжоуда өткен Азия ойындарында Қазақстан құрамасы күрестен алғашқы медальді жеңіп алған Тараз Мемлекеттік Педагогикалық институтының студенті, спортшы Бекәділ Шаймерденовпен жақын таныстырмақшымын.

Қазақстан үшін бұл Ханчжоудағы 28-ші медаль, оның 3-і алтын, 5-і күміс және 20-сы қола.

Сондай ақ, Бекәділ Шаймерденов «International Masters Bremen» атты жасөспірімдер арасындағы дзюдодан XXXI Халықаралық турнирде 73 келі салмақ дәрежесінде Әлем чемпионы атанған болатын.

Бекәділ үшін спорттың келешегі зор. Ол жастығына қарамай көптеген белесті бағындырып үлгерді. Алдағы уақытта да талай қарсыласын шаң қаптыратынына сенімдімін. Өйткені, ол өте еңбекқор және төзімді. Аталмыш қасиеттер спортта көп нәрсеге қол жеткізуге зор мүмкіндік береді.

Еліміз тәуелсіздік алған жылдан бастап Қазақстан жастары қай спорт түрінен болмасын байрақты бәсекелерде топ жарып, еліміздің абыройын асқақтатып жүр. Ел үмітін ақтайтын ерлеріміздің қатары көп болсын!!

 

 

Жамбыл облыстық Өзбектер этномәдени бірлестігінің және ҚР «Құраш» Федерациясының Президенті, Бахром Тохтасунұлы Муминов

 

Мәртебелі ұлттық мереке

Былтыр Ұлытауда өткен алқалы жиында мемлекет басшысы Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынып, оны Қазақстанның басты мейрамы ретінде атап өту туралы бастама көтерген болатын. 13 жылдан кейін, 25 қазан – Республика күні ретінде қайта аталып, қазақстандықтар үшін ұлттық мерекеге айналды.

Әрине, бұл мерекені атап өту өте дұрыс, өйткені ата-бабаларымыз сан ғасырлар бой осы тәуелсіз ел болуымызды аңсап кеткен жоқ па?! Кешегі, «Алаш»- деп ұрандатқан, бізге ғибрат аларлық үлгі тастап кеткен алаш зиялыларының, желтоқсанда алаңға шыққан жастардың сол кездегі үміті, арманы осы тәуелсіз Қазақстан Республикасы еді.

Ия, тәуелсіз ел болғалы биыл міне 32 жыл толғалы отыр, сол өткен жылдарға бір көз жүгіртіп қарап, жасалған еңбектерді, кемшіліктерді саралап, елімізді жарқын болашаққа жетелейтін жаңа игі бастамалар көп болса екен деймін. Әрине, бәрі халық үшін, еліміздің өркендеуі үшін, келер ұрпақтың болашағы үшін!

Осы тұста республикамыздың әр азаматын айтулы мереке – Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын.Еліміздің еңсесін көтерер азаматтарымыз көп болсын. Қазақстанның тұрақты дамуы мен кемелденуі жолындағы еңбектеріңіз табысты, барлық бастамаларыңыз сәтті болсын! Сіздерге мықты денсаулық, отбастарыңызға береке, бақыт, жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін!

 

Жазира Шілдебаева

Жамбыл облысы әкімдігінің ішкі саясат

басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ

«Ғылыми-сараптамалық қолдау»

бөлімінің жетекші сарапшысы

«Біз үшін» челленджін

Мен, Шамсутдинов Ариф Республика күні қарсаңында өткізіліп отырған «Біз үшін» челленджін — бір өзі бір дәуір өнерінің бірегей тұлғасы, қазақ драма театры мен киносының ең танымал тарланы, Алаштың ардақтысы Асанәлі Әшімов жайлы айтумен жалғастырмақшымын.

Көптеген фильмде бас кейіпкер рөлін сомдаған кез келген образы арқылы әлі де бабындағы актер екенін барша жұртқа сан мәрте дәлелдеген Асанәлі аға — қазақ киносын әлемдік деңгейге көтерген актерлердің бірі болып танылған.

Ұлы дала ұлағатына лайық өнерімен, барша көрерменнің көңілінен шыққан дара таланты мен ерен еңбегінің арқасында Әшімов шебер актер, ойлы режиссер, қайраткер тұлға ретінде болашақта қазақ мәдениетінің төрінде есімі алтын әріппен жазылып,халқының жүрегінен мәңгі өшпес орын алатыны сөзсіз.

Бүгінде театр педагогі, атақты профессор Асанәлі Әшімовтің өзінің шәкірттері мен өнер жастарына берер тағылымы әлі де көп, ғұмыры ұзақ болсын!

 

Облыстық «Вынхуа» Дүнгендер этномәдени бірлестігі жастар қанатының белсенді мүшесі, Ариф Шамсутдинов

Челлендж – Мухаббат Миражапова

#Республикакүні

#Бізүшінчелленджі

#Қоғамдықкелісім

#ЭМБөкілдері

 

Мен Республика күні қарсаңында өткізіліп отырған «Біз үшін» челленджін жалғастырғалы отырмын.

Челлендж мақсаты– ел үшін, халық үшін көп еңбек сіңірген және жасап жатқан нағыз патриоттарды еске алу негізінде екенін ескере отырып, мен бүгін Бақтияр Артаев пен Ақжүрек Таңатаров сынды облыс спортшылары жөнінде атап өтпекшімін.

Атап айтқанда, Бақтияр Артаев – боксшы, Олимпиада чемпионы, «Вел Баркер» кубогының иегері, халықаралық спорт шебері, 1-дәрежелі «Барыс» орденінің иегері болса, Ақжүрек Таңатаров- Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері, еркін күрестен Қазақстанның 4 дүркін чемпионы, бірнеше халықаралық біріншіліктердің жеңімпазы.

Дәл осы азаматтар сынды облыстың патриоттарын өскелең ұрпақ үлгі тұту керек деп білемін.

Спорт пен мәдениетті дамыту саласында сан жылдар тер төгіп, әлі де спорттың пұшпағын илеп жүрген осындай азаматтарды көргенде алдымыздан қажырлы еңбек пен айтулы жеңістер, әдетте қатар жүретін қиындықтар мен жетістіктер, сонымен қатар қарапайым адами қызықтар сомдаған қайраткер тұлғасы шығады.

Биік рухты, өр мінезді, білімді де білікті, өскен елін өрге сүйрейтін туған жер перзенттерінің қатары арта берсін!

 

Мухаббат Миражапова, Жамбыл облыстық Өзбектер этномәдени бірлестігінің өкілі, ҚХА Аналар кеңесінің мүшесі.

 

«Қоғамдық келісім»

25 қазан – Республика күнін мерекелеу қарсаңында Жамбыл облыстық «Қоғамдық келісім» мекемесінің ұйымдастыруымен жаңа «Біз үшін» челленджі пост түрінде жалғасуда.

Осы негізде Бауыржан Момышұлы және Ғазиз Байтасов сияқты танымал тұлғалардың есімдерін құрметтеу, әрдайым жадымызда ұмытпай сақтап жүру мақсатында жасалып отыр.

Олардың бірі — соғыс кезінің батыры болса, бірі— бейбіт күннің батырлары ретінде халықтың басындағы аласапыран, алапат кезеңнің жауапкершілігін жіті сезініп, Отан үшін от кешіп және кенеттен болған келеңсіз апатқа бейбіт күнде кеудесін оққа тосып қарсы тұра білген қайсарлық иелерінің есімдері ел жадында мәңгі сақталып қалды. Осы тұлғалардың нағыз патриоттық қадамдарын келер ұрпаққа дәріптеп,тәрбиелік мәні зор отансүйгіштікке жанашырлыққа баулу басты міндеттеріміздің бірі.

Челлендждің аты айтып тұрғандай ұлттың ұлы тұлғалары «Біз үшін» келер ұрпақ алдында зор жауапкершілік жүгін арқалағаны сөзсіз.

Осы сұрапыл соғыс күндері өз есімдерін алтындай таспаға жазып кеткен батырлардың орны да ерекше. Бүгінгі ұрпақтың негізгі парыздарының бірі-осы өр тұлғалардың атын өшірмеу, жоқтатпау.

 

Жамбыл облыстық Махмұт Қашқари атындағы Ұйғырлар этномәдени бірлестігі жетекшісі, Мухабат Абдрахмановна Тұрдыева

БАЙЗАҚТА ҚХА АҚСАҚАЛДАР КЕҢЕСІНІҢ КӨШПЕЛІ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ

Жамбыл облысы әкімдігінің ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ ұйымдастыруымен «Достық керуені» жобасы аясында Ақсақалдар кеңесі бас қосты.

Дәлірек айтқанда, ағымдағы жылдың 12 қазанында Байзақ ауданы Сарыкемер ауылы, «Қоғамдық келісім» мекемесінде өңірлік ҚХА Ақсақалдар кеңесінің «Ақсақалдар кеңесі – ел бірлігінің кепілі» атты көшпелі отырысы өтті.

Іс-шараға қатысқандар — Жамбыл облысы ҚХА Ақсақалдар кеңесінің төрағасы мен мүшелері, этномәдени бірлестіктері, Байзақ аудандық Ақсақалдар кеңесі мен этномәдени орталықтары, БАҚ өкілдері, ауыл тұрғындары.

Сонымен бірге, алқалы топта сөз сөйлегендер қатарында Жамбыл облысы ҚХА Ақсақалдар кеңесінің мүшесі, «Жамбыл облыстық «Вынхуа» дүнгендер этномәдени орталықтары» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Идрис Юнусов, облыстық ҚХА Ақсақалдар кеңесінің мүшесі, «Ахыска» түрік этномәдени бірлестігі қоғамдық бірлестігінің төрағасының орынбасары Ибрахим Зуфаров, «Хазар» әзербайжан этномәдени бірлестігі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Асабали Поилиев өз ой-пікір, ұсыныстарын ортаға салды.

Қазақстан халқы Ассамблеясы өңірлік ақсақалдар кеңесінің үлгілік жұмыс жоспары мен Жамбыл облысы ҚХА Ақсақалдар кеңесінің 2023 жылға жұмыс жоспарының орындалуы талқыланды.

Сондай-ақ, 2022 жылғы 25 қарашада Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің отырысында бекітілген Үлгілік ереженің 8-тармағы, Ақсақалдар кеңесінің міндеттерін басшылыққа алып жұмыс жасау керектігі түсіндірілді. Ұлтаралық келісім, жастар тәрбиесі, діни радикализм жөнінде де айтылды.

Алдағы уақытта да қоғамдағы тұрақтылыққа аса зор назар аударып отырса, Ақсақалдар кеңестері үкімет пен тұрғындар арасындағы әмбебап диалог алаңына айналатыны сөзсіз.

«Ақпараттық жұмыс және қоғаммен байланыс»  бөлімі

БАЙЗАҚ АУДАНЫНДА «ДОСТЫҚ КЕРУЕНІ» ЖОБАСЫ АЯСЫНДА ҰЛТТЫҚ ОЙЫНДАРЫ СПАРТАКИАДАСЫ ӨТТІ

Жамбыл облысы әкімдігінің ІСБ «Қоғамдық келісім» мекемесінің ұйымдастыруымен Сарыкемер ауылы, №3 Байзақ колледжінде облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының «Достық керуені» жобасы аясында ұлттық ойындар спартакиадасы өтті.

Шараның мақсаты — ҚХА этномәдени бірлестік мүшелерінің халықпен кездесулерін өткізу мен коммуникациялар қалыптастыру, этносаралық саладағы тәуекелдердің алдын алу үшін жастар, мәдени және басқа да құрылымдар нысанындағы диалог алаңдарының жұмысына қатысу.

Оған мектеп оқушылары және колледж білімгерлері арасындағы этнос жастары қатысты.

«Ақпараттық жұмыс және қоғаммен байланыс»  бөлімі