ҚОҒАМДЫҚ ТҰРАҚТЫЛЫҚ КЕПІЛІ — ОРТАҚ КЕЛІСІМ

Ассамблея жұмысының басты міндеттері қатарына ең алды­мен, патриоттық тәрбиені күшейту, мемлекеттік тілді ілгерілету, этносаралық және кон­фес­­сияаралық келісімді нығайту жатады.

Осы орайда, биылғы жылдың 8-ақпанында ҚР Президенті Әкімшілігі ҚХА Хатшылығы меңгерушісінің орынбасары Махан Ғалымжан Жайықбайұлы мен Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, «Тәжіктердің республикалық этномәдени орталығы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Исмаилов Ақбаржон Яхияқожаұлы Жамбыл облысына жұмыс сапары желісімен Жамбыл, Байзақ аудандарының Ақсақалдар кеңесі мен этномәдени бірлестік жетекшілерімен және белсенді жастармен кездесті.

Кездесу барысында Ғалымжан Махан қоғамда тұрақтылық пен этносаралық татулықты сақтаудағы мемлекеттік саясаттың басым бағыттарына тоқталып, өңірлерге жұмыс сапарының мақсаты мен міндеттерін атап өтті.

Өз кезегінде сөз сөйлеген Жамбыл, Байзақ аудандарының Ақсақалдар кеңестері мен этномәдени бірлестік төрағалары бірлестіктің жұмыстарымен таныстырып баяндама жасады.

Жалпы, бұл кездесулер этностарды ұйыстыру барысында оларға қазақстандықтардың ортақ игілігі үшін мемлекеттіліктің құн­дылықтарын мызғымас етуді, жалпықазақ­стандық бірегейлік пен азамат­тық даму үрдісін нығайтуды, яғни, әлеуетіне басымдық беру және мәдени-рухани жаңаруды меңзеді.

«Ақпараттық жұмыс және қоғаммен байланыс» бөлімі

ТАРАЗДА ТӘЖІК ЭТНОСЫМЕН КЕЗДЕСУ ӨТТІ

Биылғы жылдың 8-ақпанында Тараз қаласының Достық үйінде «Жамбыл облыстық Тәжіктер этномәдени бірлестігі» ҚБ ҚР Президенті Әкімшілігі ҚХА Хатшылығы меңгерушісінің орынбасары Ғалымжан Махан және Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Ақбаржон Исмаиловпен кездесуі өтті.

Тәжік этносының жергілікті өкілдері қонақтарды этномузыкамен және арнайы мәдени бағдарламамен қарсы алды. Оларға тұрмыстық заттар, тәжік этносының музыкалық аспаптары және жәдігерлері кіретін арнайы көрме-экспозиция ұсынылды.

Жиын этносаралық қатынастардың тұрақтылығы және өңірдегі тәжік этносының ахуалын бағдарлау тұрғысында өткізілді. Ғалымжан Махан тәжік этномәдени бірлестіктері құрылу тарихының түпқазығынан бастап, бүгінгі күнге дейінгі тыныс-тіршілігіне тоқталды.

Спикер ҚХА жұмысы, құрылымдардың жүйелі жұмысының маңыздылығы, жастар арасынан жаңа көшбасшылар құрудың, әйелдерді белсенді қоғамдық өмірге тартудың өзектілігін, бірлестік өкілдеріне мемлекеттік тілді үйренуге де зор мән беру керектігі және мемлекет тарапынан бұл іс-қимылдарды жүзеге асыруға қажетті барлық мүмкіндіктер жасалғандығын тілге тиек етті. Өз сөзінде этносаралық бағыттағы көптеген маңызды мәселелерге шолу жасай келе, тәжік мәдениетінде алдыңғы орынға ие қолөнер көрмелері мен музыкалық шығармашылықтарын республикалық деңгейге дейін көтеру мәселесіне аса мән беруді айтып өтті.

Сондай-ақ, Ақбаржон Исмаилов өзге этностардың қасиетті Қазақстан жерінде туылып өскендіктен және Қазақ елінің оларға салт-дәстүрі мен мәдениетін өсіп-өндіруге, сақтауға зор мүмкіндіктер жасап отырғандықтан, мемлекеттік тіл – қазақ тілін үйренуге және мәдениеті мен тарихын білуге ерекше ықылас қою керектігін баса айтты: «Мұндай мүмкіндіктер этностарға тек Қазақстанда ғана жасалған, осының қадірін білу керек. Қазіргі кезде тәжіктер бірлестіктерінің өкілдері қазақ тілін өте жетік меңгерген, 100 пайызға біледі десем де артық болмайды. Жалпы республика бойынша 11 этномәдени бірлестік филиалдары бар, қоғамдық жұмыстарға белсене қатысады».

Бұған қоса, Тараз қалалық Өзбек мәдени орталығының төрағасы Абдырахман Зайнутдинов тәжік этносының тарихына көз жүгіртіп, тәжік және өзбек этностарының өзара тығыз байланысы мен жақындығы туралы баяндап берді. Сонымен бірге, бірлестік төрағасы Махкам Орифов орталықпен атқарылып жатқан жұмыстары жөнінде баяндады.

Шара соңы қоғамдық-мәдени жұмыстарға атсалысқан тәжік этносы өкілдері мен жастарының ҚР Президенті Әкімшілігі ҚХА Хатшылығы меңгерушісі, ҚХА төрағасының орынбасары Алмас Әзілхановтың Алғысхаттарымен марапатталуымен аяқталды.

«Ақпараттық жұмыс және қоғаммен байланыс» бөлімі

БІРЛІГІМІЗ-ТАТУЛЫҚТЫҢ ТІРЕГІ

2024 жылдың 7 ақпанында Шерхан Мұртаза ат. Халыкаралык Тараз инновациялык институтында «Экономика және бизнес» факультеті мен өңірлік ҚХА ұйымдастыруымен «Бірлігіміз-татулықтың тірегі» атты кездесу өтті.

Келелі отырыста «бірлігіміз әралуандықта» қағидаттары негізінде бір мақсатқа жұмылдыратын, этносаралық бірлік пен татулықты насихаттайтын спорттық және мәдени шараларды жүйелі, әрі тұрақты түрде ұйымдастыруды қарастыру мәселелері тілге тиек етілді.

Бұған қоса, азаматтықтың құндылықтарын дамытуға, бейбітшілік пен келісімді сақтау, «Бірлік әралуандылықта» қағидаттарын ілгерілетуге бағытталған жобалар талқыланды.

«Ақпараттық жұмыс және қоғаммен байланыс» бөлімі

Тату елдің тасы қашанда өрге домалайды

Тату елдің тасы қашанда өрге домалайды. Қоғамдық келісім сақталған жерде қордаланған мәселе болмайды.

Бүгін Достық үйінде ҚР Президенті Әкімшілігінің ҚХА Хатшылығы меңгерушісінің орынбасары Ғалымжан Махан және ҚХА Төрағасының орынбасары Акбаржон Исмаилов этномәдени бірлестіктер мен Жамбыл облысы ҚХА құрылымдарының өкілдерімен кездесті.

Кездесу басы модератор, Жамбыл облысы әкімі аппаратының басшысы Лесбек Ілебаевтың облыстық ҚХА жұмыстарын таныстырумен басталды.

Өз кезегінде сөз сөйлеген Ғалымжан Жайықбайұлы ҚХА алдында тұрған уақытылы орындалуға тиіс өзекті, тың әрі маңызды міндеттер туралы мәлімдеме жасады. Сондай-ақ мемлекеттік тілді меңгеру, медиация және қоғамдық келісімнің сақталуы туралы т.б. бірқатар маңызды мәселелерді қозғап жиылған жұртшылықпен пікір алмасты.

Іс-шара барысында Облыстық ҚХА төрағасының қоғамдық орынбасары Гулам Умаров өңірлер арасындағы қажетті тәжірибе алмасуды қолға алу, волонтерлік қызметтің заң аясында өрбуі туралы айтты.

Ал, «Әулиеата» қазақ мәдени орталығы төрағасының орынбасары Айгүл Қабиева бірлестіктің жұмысымен таныстырып баяндама жасады. Сонымен қатар жиында сөз сөйлеген Жамбыл облысы әкімдігінің «Ассамблея жастары» РҚБ басшысы Хамида Тұрдыева 6 маңызды бағыт бойынша флагмандық жобаларға тоқталды.

Келелі кездесуде облыстық ҚХА Аналар кеңесінің төрағасы Эльмира Мырза-Ғали сөз сөйлеп, қолға алынған «қауіпсіздік сағаты» атты жаңа жобасы туралы айтты. Ғалымжан Махан бұл жобаны жүзеге асырудың маңыздылығы ерекше екендігін атап өтті.

Жиын соңы этномәдени бірлестіктер мен құрылымдардың атқарып жатқан орасан зор жұмыстары мен өңірдегі этностардың дарынды өкілдерінің көп екенін айтқан «Қоғамдық келiсiм» КММ басшысы Мубарак Қасымқызы Жинақбаеваның сөзімен түйінделді.

«Ақпараттық жұмыс және қоғаммен байланыс» бөлімі

«ҚАУІПСІЗДІК САҒАТЫ» ЖОБАСЫ АЯСЫНДА ДӨҢГЕЛЕК ҮСТЕЛ ӨТТІ

Бүгін Жамбыл облыстық ҚХА жанындағы Аналар және Ардагерлер кеңестері жанындағы Аналар алқасының ұйымдастыруымен «Анаға тағзым» орталығында «Қауіпсіздік сағаты» жобасы аясында дөңгелек үстел өтті.

Жиынға облыс әкімі аппаратының басшысы Илебаев Лесбек Құралбайұлы төрағалық етті. Аппарат басшысы жобаның өзектілігін атап өтіп, бұл бағыттағы жұмысты жүйелеп, кестеге сай атқару керектігіне айрықша тоқталды. Бұған қоса, өңірлік ардагерлер кеңесі толықтай жобаны қуаттайтыны жөнінде Еркінбек Солтыбаев айта кетті.

Алқалы жиында жастар арасындағы құқықбұзушылыққа жол бермеу, оның алдын алу, қыздар арасындағы кикілжің, есірткі және оны тұтынудан аулақ болу секілді түйткілді мәселелер талқыланды.

Алқалы жиында балалар құқығын қорғау мәселесі бала өмір сүріп отырған қоғамның мәдениеті мен даму сатысы туралы облыстық ардагерлер кеңесі жанындағы Аналар алқасының төрайымы Хадиша Оспанова тілге тиек етті.

Облыстық ата-аналар комитетінің төрағасы Ринат Нұрақбаев және Тараз қалалық ата-аналар комитетінің төрайымы Ғалия Рысбаева бүгінгі таңда ата-аналармен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жүргізіп жүргендігінен хабар беріп, бұл тың жоба туралы өз ойларын ортаға салып, ұсыныс-тілектерін жеткізді. Аталған отырыста республикалық, облыстық Дүнгендер қауымдастығы Аналар кеңесінің төрайымы, ҚХА Аналар кеңесінің белсенді мүшесі Сара Даузова өзінің ұстаздық тәжірибелері және балалармен жұмыс жасауда ұтымды әдіс деп табылатын тың ақпараттармен бөлісті.

Келелі жиынның соңында жүзеге асырылуы керек жұмыстардың жоспарын сараланып, ата-аналар жиналысын өткізудің кестесі құрылды. Жоспарға сай мамыр айында есеп беріліп нәтижелер талқыланатындығы айтылды.

«Ақпараттық жұмыс және қоғаммен байланыс» бөлімі

ТЕМІРЖОЛ БОЙЫНДАҒЫ ЭТНОСТАР БАУЫРЛАСТЫҒЫ

Жамбыл облысы әкімдігінің ІСБ «Қоғамдық келісім» КММ «Ақпараттық жұмыс және қоғаммен байланыс» бөлімі этносаралық және әлеуметтік тақырыптарда бейнероликтер дайындау мақсатында және Алғыс айту күні қарсаңында “Жамбыл пайдалану локомотив” депосының тыныс-тіршілігі, тың тарихына бойлап қайтты.

Теміржол – сан түрлі сапарлар мен сезімдерге ерік беретін, ұшақ жолы мен көлік жолдарына қарағанда ең ыңғайлы, әрі ең қауіпсіз жол десек те болады. Ал оның қауіпсіз болуы ол өз алдына үлкен жауапкершілікті жүктейді.

Темірдің тілін тауып, тәртібіне идірген, жолаушылар отыратын жүрдек пойыздарды алып жүретін алып тепловоздарды жөндеу нысаны – локомотив депосының жұмысын бүгінде қазақтармен бірге онға жуық түрлі этнос өкілдері де дөңгелетіп отыр.

Сан түрлі этностарды тонның ішкі бауындай бауырластықта ұстап отырған Нұрболат Нұрсейітов Төлегенұлы олардың мемлекеттік тілге жетік екендерін де алға тартты.

Сұхбат барысында кәсіпорын басшысы бастауы Мұхамеджан Тынышбаевтың ерен еңбегімен басталған Жамбыл пайдалану локомотив депосына бүгінде 100 жыл толып отырғанын хабарлады.

Бұдан өзге цех жұмысының жүйесі, техникалық бақылаулар мен жаңартулар, біліктілікті арттыру мәселелері туралы да сөз қозғады. Нұрболат Төлегенұлы ең бастысы ауызбіршілік бар жерде ғана ойға алған істер оңынан жүзеге асатынын жеткізді.

Әрмен қарай теміржолдағы түрлі маман өкілдерінің жұмысымен таныстық. Осы орайда мұндағы жұмысшылардың денсаулығына аса қатты көңіл бөлінетінін айта кеткен жөн. Олардың әрқайсысы үшін жұмыс күні медициналық тексерістен өтуден басталады.

Сондай-ақ, мұндағы медициналық құрылғылардың заманауи, жаңа екені көрініп-ақ тұр. Ол құрылғыда жұмысшының қан қысымын, тамыр соғысын және алкагольдік сусындар пайдаланғандығын тексеретін арнайы функциясы бар. Тексеру аяқталғаннан кейін медицина қызметкері жұмысшының денсаулық көрсеткіштері қалыпты болса ғана жұмыс істеуге рұқсат береді.

Бүгінде “Жамбыл пайдалану локомотив” депосын ыстық ұямыз деп санайтын орыс, корей, қырғыз, өзбек, түрік, дүнген, неміс, украин т.б этностардың өкілдерінен құралған қызметкерлер тобы басшылары мен жұмыс орындарына алдағы “Алғыс айту” күніне орай алғыстарын айтты.

Бір шаңырақтың астында татулығы мен бірлігі жарасып, ауыр жұмысты еңсеріп отырған этнос өкілдері ең бастысы — Қазақ халқына ризашылықтарын білдірді.

«Ақпараттық жұмыс және қоғаммен байланыс» бөлімі

«ҚОҒАМДЫҚ КЕЛІСІМ» МЕКЕМЕСІНІҢ БАСШЫСЫ ЕСЕП БЕРДІ

Жамбыл облысы әкімдігінің басқарма басшыларына арналған есептік кеңестер басталды.  Бүгін осыған орай ІСБ қарасты «Қоғамдық келісім» КММ басшысы  Мубарак Қасымқызы Жинақбаева облыс әкімі аппаратының басшысы Лесбек Илебаевтың алдында есеп берді.  Мекеме басшысы өз есебінде 2023 жылы атқарылған жұмыстардың есебіне тоқталды. Сонымен қатар өңірлік ассамблея жасаған қайырымдылық істері және 2024 жылға арналған тың жоспарлармен бөлісті. Жүйелі жұмыс барысында жаңа жобалар іске асырылмақ.

 

«Ақпарттық жұмыс және қоғаммен байланыс» бөлімі

ДОСТЫҚ ҮЙІНДЕ КОНСТРУКТИВТІ КЕЗДЕСУ ӨТТІ

Тараз қаласының Достық үйінде биылғы жылдың 31 қаңтары күні облыс әкімі аппаратының басшысы, өңірлік ҚХА төрағасының орынбасары Лесбек Илебаевтың Жамбыл облысы ҚХА мүшелері және этномәдени бірлестік төрағаларымен келелі кездесуі өтті.

Аппарат басшысымен кездесуге ҚХА мүшелерінен өзге “Ассамблея жастары” РҚБ мүшелері, «Қоғамдық келісім» КММ қызметкерлері де қатысты.

Жиын облыстық ҚХА төрағасының қоғамдық орынбасары, модератор Ғұлам Умаровтың сөзімен басталды.

Кездесу барысында «Әулие Ата» Қазақ мәдени орталығының белсенді мүшесі, өңірлік ҚХА Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Асқарбек Сейілханов, «Днепро» Украин мәдени орталығының жетекшісі Федор Клименко, «Анаға тағзым» орталығының басшысы, облыстық ҚХА Аналар кеңесінің төрайымы Эльмира Мырза-Ғали, «Жамбыл облыстық «Вынхуа» Дүнгендер этномәдени орталықтары» қоғамдық бірлестігінің мүшесі Лугмар Буларов сөз сөйлеп, пікірлерін білдірді.

Сонымен қатар, облыстық «Айнұры» Татар-башқұрт мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Амир Халиков және «Ахыска» Түрік этномәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Махмутжон Давришев және «Вайнах» Шешен-ингуш мәдени орталығының төрағасы Рамзан Магомадов толғандырып жүрген түйткілді мәселелер төңірегінде өздерінің ұсыныстарын білдірді.

Жиын соңында Лесбек Илебаев Достық үйі қызметкерлерінің жұмыстарымен танысты.

 

«Ақпараттық жұмыс және қоғаммен байланыс» бөлімі

Ассамблея

Тәуелсіз қоғамымыз бен егемен еліміздің негізгі үміті – жастар. Оларға сенім арту – барлық қоғамға тән құбылыс. Қоғам дамуының алғы шарты – адам факторы, адамның білімі мен біліктілігіне тікелей байланысты, қазіргі жастардың білім алуына, таланты мен дарынына орай мінберлерге шығуына баспалдақ болатын мемлекет тарапынан жасалып жатқан іс-шаралар, атқарылып жатқан жұмыстар аз емес.

Осы орайда өңірлік «Ассамблея жастары» РҚБ 2024 жылғы іс – шаралар жоспарын талқылап тың ойлары мен кеңестерін ортаға салды.

Бірлестік төрайымы Хамида Турдыева алдағы уақытта атқарылатын шаралардың біршамасын жастарға егжей-тегжейлі баяндап шықты.

Аталмыш бірлестік өз жұмысын бастаған сәттен жастардың күш біріктіріп қоғамдық-мәдени жұмыстарға белсене араласуымен көптеген өзекті мәселелер оң шешімін тапқан болатын. Осы негізде ассамблея жастарының жарқын идеялары мен бастамалары жүзеге асырылмақшы. Елімізде қашанда жастарға кең қолдау, зор мүмкіндіктерге жол ашық.

Атқарылған жұмыстар ауқымды, алда тұрған міндеттер де аз емес. Жалынды жастары бар елдің рухы биік болмақ.

 

«Ақпараттық жұмыс және қоғаммен байланыс» бөлімі

ШЫМКЕНТТІК ӨЗБЕК ДРАМА ТЕАТРЫ ТАРАЗ ШАҺАРЫНДА

Биылғы жылдың 30 қаңтарында Шымкент қалалық Өзбек драма театры «Тановор» спектаклін көрермен назарына ұсынды.

Театрдың Таразға келіп өнер көрсетуіне Жамбыл облыстық этномәдени бірлестігі мен Өзбек мәдени орталығы себепші болды.

Шара екі мерекеге – Халықаралық ана тілі және Алғыс айту күніне арналып өткізілді.

Аталмыш қойылым көрермендерінің қатарында Жамбыл облыстық этномәдени бірлестіктерінің өкілдері мен «Қоғамдық келісім» КММ қызметкерлері де болды. Бұл өзбек тіліндегі этникалық ерекше мюзикл-спектакль саналды.

Қойылымда Өзбек этносының төл мәдениетінен хабар беретін бірқатар салт-дәстүрлер енгізіліп, шынайы этнофольклор бейнеленді.

Өзбек театрының өнерпаздары ұсынған этностильдік сахналық қойылым концерттік бағдарламамен аяқталып, көрермендердің зор ықыласына бөленді.

Атап өтейік, айтулы мерекеде Өзбек драма театрының барлық өнерпаздары өңірлік «Қоғамдық келісім» мекемесі мен қос бірлестіктің марапаттарына ие болды.

Өзбек мәдениетін жұртқа паш етуде айрықша атсалысқан тұлғалар— Жамбыл облыстық Өзбектер этномәдени бірлестігінің президенті Бахром Тохтасынұлы Муминов пен Тараз қалалық Өзбек мәдени орталығының төрағасы Абдырахман Юлдашұлы Зайнутдинов.

 

«Ақпараттық жұмыс және қоғаммен байланыс» бөлімі