ҚАРАКЕМЕРДЕ ЖАҢА ЗАМАНАУИ ФУТБОЛ АЛАҢЫ АШЫЛДЫ

Ағымдағы жылдың 25 мамырында Жамбыл облысы Қордай ауданы Қаракемер ауылында Қазақстан халқы Ассамблеясының қолдауымен заманауи үлгідегі жабық футбол алаңына арналған спорттық нысанның салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Іс-шараға Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі ҚХА Хатшылығының меңгерушісі М.Әзілханов, Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Этносаралық қатынастарды дамыту комитетінің төрағасы Ғ.Шойкин, Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Қ.Мәдібек, Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Л.Буларов, Қордай ауданының әкімі Б.Болатбеков, «Ордабасы» футбол командасының бас жаттықтырушысы,Жамбыл облысы әкімдігінің ІСБ және облыстық «Қоғамдық келісім» КММ басшылары, аудан тұрғындары қатысты.

Қайырымдылық деген асыл қасиетті бойына сіңірген, республикаға белгілі кәсіпкер, меценат Қайрат Молдасейітов өзінің туған жері Қаракемер ауылына футбол алаңымен қамтамасыз еткен.

Игілікті шараларға арнайы келген жұртшылық жаңа нысанды аралап, спорт кешенінде марапаттау рәсімін жүргізді. Жиналған қауымды құттықтаған Қазақстан халқы Ассаблеясы хатшылығының меңгерушісі Марат Әзілханов аудан қайраткері, жанашыры Қайрат Молдасейітовке және қайрымдылықпен айналысып, туған жерге туын тігіп жүрген жандарға Ассамблеяның төсбелгісін тақты.

Осындай төсбелгімен «Асар» жобасы аясында Қордай ауылында мұқтаж отбасыларына 14 тұрғын үй, бір мешіт асханасын салған жас кәсіпкер Ұлан Солтанбеков, және де Сортобе ауылына кіші футбол алаңшасын салып берген кәсіпкер Двумар Щимеев марапатталды. Құттықтаулар легіне Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек те қосылып, жаңа спорт нысаны ауыл спортын, бұқаралық спортты дамытуға жаңа леп беретініне сенім білдірді. Қаракемер ауылы халқын ҚР Ассамблеясы төрағасының орынбасары Лугмар Буларов та құттықтады.

Жиын соңында сөз алған меценат Қайрат Молдасейітов алдағы уақытта да осы бағытта жұмыстар жалғасатынын жеткізіп, ауылдың жас футболшыларына “Ордабасы” футбол клубы ойыншыларының құттықтауы жазылып, қолы қойылған доптарын табыс етті. Әрине, жаңа нысанның символикалық кілті де берілді.

Ерекше атап өту керек, бұдан өзге де Қайрат Молдасейітовтың демеушілігімен Қаракемерде ауылдық мешіт, 100 орындық «Ырыс» балабақшасы, «Отау Мед» дәрігерлік амбулаториясы, Молдасейіт атындағы спорттық-сауықтыру кешені бой көтерген болатын.

 

“Ақпараттық жұмыс және қоғаммен байланыс” бөлімі

МАСАНШЫДА “ТАЗА ҚАЗАҚСТАН” АКЦИЯСЫ ОРЫН АЛДЫ

Президент бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» акциясы Қордай ауданында ерекше қарқынмен өтуде. Тазалық десе тасада қалмайтын қордайлықтар осы аралықта үлкен жұмыстар атқарып, ауыл ажарын ашуға, туған жерді көркейтуге барын салған болатын.

Масаншыда болған «Біз «Таза Қазақстан» акциясын қолдаймыз!» атты шараға Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Марат Алмасұлы Әзілханов,Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Этносаралық қатынастарды дамыту комитетінің төрағасы Ғалым Нұрмағамбетұлы Шойкин, Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Қанатбек Қайшыбекұлы Мәдібек,Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Буларов Лугмар Харкиевич және Қордай ауданының әкімі Бегзат Сейсенқұлұлы Болатбеков қатысты.

Мемлекет басшысы пәрменімен іске асқан акцияның маңыздылығына тоқталған қатысушылар, қордайлықтардың еңбегі үшін алғыс білдірді. Шара соңында: Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметіне және ел бірлігін нығайту мен Қазақстанның рухани құндылықтарын шоғырландыруға бағытталған әлеуметтік, мәдени және ақпараттық жобаларды іске асыруға белсенді қатысқаны үшін Қазақстан халқы Ассамблеясының «Алғыс» төсбелгісімен Майшибекова Кульмария, Джаахунов Абдула, Нухаров Рамазан, Щерба Малик, Лосы Паншар марапатталды.

Сонымен қатар, осы бүгінгі күні демеушілер тарапынан Қаракемер мен Масаншы ауылының бірнеше тұрғынына кіші қажылыққа жолдама берілді.

Келесі кезекте шараға қатысқан қонақтар мен тұрғындар Масаншыда ағаш отырғызу акциясына қатысты.

 

«Ақпараттық жұмыс және қоғаммен байланыс» бөлімі

СОРТӨБЕДЕ ЕРЕН ЕҢБЕК ЕТКЕНДЕР ЕЛЕНДІ

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен 8 сәуірде басталған «Таза Қазақстан» акциясы аясында Сортөбеде ауқымды жұмыстар қолға алынған болатын. Тіпті ауыл болып арнайы техника сатып алып, тек тазалық айында ғана емес, өзге де табиғатқа байланысты төтенше жағдай кезінде олар ауданның кез-келген ауылына көмекке жетуге әзір екендіктерін де білдірді.

Сол техникалар жанында ауыл халқымен, белсенділермен Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары, ҚР Президенті Әкімшілігінің Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Марат Әзілханов, Мәдениет және ақпарат министрлігінің Этносаралық қатынастарды дамыту комитетінің төрағасы Ғалым Шойкин, облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек, Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Буларов Лугмар және Қордай ауданының әкімі Бекзат Сейсенқұлұлы Болатбеков кездесті.

Астаналық қонақтар атқарылған еңбек үшін, этносаралық келісімді нығайтудағы қосқан үлесі үшін баршаға алғыстарын айтып, ауданның бірқатар тұрғындарын марапаттады.

Осы күні Қазақстан халқы Ассамблеясының «Алғыс» төсбелгісімен Сава Двумар, ал Ассамблеяның Алғыс хатымен Таубалды Данияр, Саяков Шәміл, Көпбаев Орынбек, Дургалов Абдул, Абитаев Адамбек, Нинжуров Рахим, Щилязов Шисыр,. Эрва Ихия, Жапеков Руслан, Дыров Юсуф, Масанов Рамазан, Ванчанщи Айдир марапатталды.

 

”Ақпараттық жұмыс және қоғаммен байланыс” бөлімі

ОБЛЫСТЫҚ АССАМБЛЕЯ КЕҢЕСІНІҢ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ

Бүгін аймақ басшысы, облыстық ҚХА төрағасы Ербол Қарашөкеевтің төрағалық етуімен Жамбыл облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы кеңесінің отырысы өтті.

Кеңес жұмысына ҚХА төрағасының орынбасары Лугмар Буларов, облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының құрылым мүшелері және этномәдени бірлестіктердің жетекшілері қатысты.

Жиынның күн тәртібінде Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІІІ сессиясы талқыланып, «Қоғамдық келісім» мекемесінің атқарған жұмыстары баяндалды.

Басқосудың алғы баяндамасын ҚХА төрағасының орынбасары Лугмар Харкиевич жасады. Ол өз сөзінде татулық пен келісімді, жалпықазақстандық бірегейлікті сақтау және этносаралық қатынастарды нығайту жолындағы Ассамблея жұмыстарына тиімді де тың бағыт-бағдар берді.

Алқалы жиында өңірдегі этносаралық татулық пен қоғамдық келісімді сақтау, облыстық ассамблеяның қызметін жандандыру және оның қоғамдық-саяси рөлі мен маңызын арттыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы облыстық «Қоғамдық келісім» мекемесінің басшысы Мубарак Жинақбаева баяндама жасап, мекеменің алдағы жоспарларымен бөлісті.

Мубарак Қасымқызы этносаралық қатынастарды дамытуда республикалық және облыстық жобаларды жүзеге асырып отырған өңірлік ҚХА құрылымдары – «Ассамблея жастары» РҚБ, Ақсақалдар мен Аналар кеңестері, Медиация кабинеті, Ғылыми-сараптамалық тобының көп қырлы қызметі туралы мәлімдеді.

Өз кезегінде сөз алған «Днепро» Украин этномәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің мүшесі Тарас Леоненко жастарды мемлекеттік тілді игеруге шақырды: – Қоғамның бірлігі үшін аса қажет әлеуметтік мәселе – мемлекеттік тілді игеру. Ассамблея — тура осы механизмді халыққа тарататын, әрбір өкілге жеткізетін, өзге ұлттарға ұғындыра білетін ұйым. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ тілі – азаматтық интеграцияның тиімді құралы, мәдени-рухани тұтастықтың жарқын көрінісі екенін айтты. Сондай-ақ, қазақ тілі ғылыми прогресс пен білімнің озық жетістіктеріне жол ашатын құралға айналуы керегін атап өткен болатын, – деді Т.Леоненко.

Күн тәртібінде көтерілген мәселелер бойынша Жамбыл облыстық «Өзбек ұлттық мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бахром Муминов, «Ордабасы» командалық ойынының Қазақстандық федерациясы» РҚБ президенті Руслан Исмазов та тақырыптық баяндамаларын жасады.

Кеңес отырысын қорытындылаған аймақ басшысы Ербол Шырақпайұлы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІІІ сессиясында берген тапсырмалары Жамбыл облысында сапалы орындалуы қажеттігіне тоқталды.

Сонымен қатар, өңірде этносаралық келісім мен тұрақтылықты сақтау, мемлекеттік тілді насихаттау және жастарды қоғамдық-мәдени өмірге тарту бойынша жүргізілетін жұмыстар жүйелі және сапалы болу керектігін де атап өтті.

ҚР ЕҢБЕК СІҢІРГЕН ҚҰРЫЛЫСШЫНЫ ЕСКЕ АЛУ КЕШІ ӨТТІ

Халықаралық отбасы күніне орай «Қазақстандық Татарлар мен башқұрттар конгресі» РҚБ Жамбыл филиалының төрағасы Фарида Нақыш бастаған педагогикалық ұжым және қазіргі заманғы гуманитарлық-техникалық колледж студенттері аталған колледжде оқу орнында отбасылық құндылықтарды насихаттауға бағытталған іс-шара ұйымдастырды.

Шара кеңестік құрылыс саласының озық үлгісі, социалистік Еңбек ері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген құрылысшысы, Тараз қаласының Құрметті азаматы – Гончаров Петр Терентьевичке арналды. Сондай-ақ, оның қызы Наталья Гончарованың, «Жамбыл облыстық «Полонез» Поляк тілі мен мәдениеті орталығы қоғамдық бірлестігінің төрайымы Лариса Калькова мен Қазақстан кәсіпкерлер әйелдері «Айша» ЖШС басшысы Людмила Сушкованың қатысуымен өтті.

Іс-шара барысында Фарида Нақыш аудиторияға отбасылық құндылықтар, ата-аналардың балалар өміріндегі алатын орны мен тәрбиелеу маңыздылығы, мамандық таңдау туралы егжей-тегжейлі айтып беріп, құнды ақыл-кеңестерін берді.

Сондай-ақ, жиналған жұртшылыққа колледж білімгерлері Петр Гончаровты еске алуға негізделген өлеңдерін де арнады.

15 МАМЫР – ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ОТБАСЫ КҮНІ

Құрметті қазақстандықтар!

Сіздерді Халықаралық отбасы күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймыз!

Әрбіріміз үшін отбасы – қасиетті ұғым, қастерлі құндылық. Адам баласына берілетін тәрбиенің ең негізі осы отбасында қалыптасады. «Отан – қуат, отбасы – шуақ» дегендей, жанұя – мемлекеттің тірегі. Қоғамдағы әр отбасының босағасы берік, мерейі үстем болса, мемлекетіміз мықты болмақ.

Отбасының жемісі – тәрбиелі ұл мен қызы» деп мақтан тұтар ұрпағымыз көп болғай!

Әр отбасының керегесі кең, төрт құбыласы тең, шаңырағы биік, босағасы берік болсын!

Жамбыл облысы ІСБ «Қоғамдық келісім» КММ

Аналар күні тойланды

Бүгін Достық үйі – «Қоғамдық келісім» КММ ғимаратында Жамбыл облыстық Немістер қоғамы Аналар күніне орай «Muttertag» – «Бар жақсы саған, қымбаттым!»  атты мерекелік концерт өткізді.

Қазақ биінен басталған іс-шара «Инфинити» тобының биіне жалғасып, түрлі концерттік әндер мен билер, өлеңге толы шығармашылық кешке ұласты.

Мамыр айы — қуанышты мерекелердің легінен болса, оған Мемлекет басшысының жарлығымен бекітілген Аналар мейрамы қосылды. Мамырдың екінші жексенбісінде Қазақстандағыдай Германияда да құрметті аналар мен әжелерге арналған “Muttertag” мерекесі тойланады екен. Бүгінгі концерт дәл осы мерекеге арналды.

Күллі әлемде біз қасиеттеп атайтын сөздер бар. Сол жылы да шуақты сөздердің бірі — үш-ақ әріптен тұратын «ана» сөзі.

Осынау сөзде қаншама мейірімділік, қаншама жақсылық жатыр десеңізші?!

Аталған іс-шарада «Sterne»,  «Juwel» вокалдық топтарының әндері шырқалып, қатысушы балалардың аналарына арнап өздері шығарған өлеңдері де оқылды. Мәселен, «Meine Mama ich liebe dich» өлеңі.

Бұған қоса, «Herz Schmerz – Singende Herzen», «Рахмет өмір»,  «Анамның ескі үйі», «Қазақстан, сен өркендей бер»  өлеңдері тыңдалып, сондай-ақ, Татьяна Осипованың анасына арнаған өлеңі де жиналған жұртшылықтың назарына ұсынылды.

Аналар мейрамына арналған би мен ән, маржан сөздермен көмкерілген мерейге толы мерекелік концерт жоғары деңгейде өтті.

АШЫҚ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ТУРНИР ӨТТІ

Бүгін Жақсылық Үшкемпіров атындағы «Тараз-Арена» спорт кешенінде 7 мамыр – “Отан қорғаушылар күні” мерекесіне орай «Таэквон-до WT» және «Ордабасы» командалық ойынынан ашық Республикалық турнир басталды.

Жарысқа отандық және Өзбекстаннан келген 10 команда қатысуда. Оның ішінде 5 команда Жамбыл облысының атынан жекпе-жекке түсуде.

Бәсеке тәртібіне сай ойын жас ерекшеліктеріне қарай 5 санатқа бөлініп жүргізіледі. Бүгінгі ойында спортшылар 4 санат бойынша сайысқа түсті. Тартысты ойын екі күн бойы жалғасатын болады.

Естеріңізге сала кетейік, бұл ойынды жерлесіміз, ҚХА мүшесі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт қайраткері Руслан Исмазов жасап, ұйымдастырып келеді.

«Ордабасы» командалық спорттық ойыны балалар мен жастарды отансүйгіштікке, мемлекетіміздің рәміздерін және ел намысын қорғауға, батылдық пен адалдыққа тәрбиелейді.

Турнир қорытындысы бойынша командалық жарыстың жүлделі орындары сайыс соңында анықталатын болады.

ТЫЛ АРДАГЕРІН ҚҰТТЫҚТАДЫ

Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында жауынгерлерді киім-кешекпен, азық-түлікпен, қару-жарақ сияқты қажетті заттармен қамтамасыз еткендердің қатарында әйелдердің бар екені айтпасақ та белгілі. Олар елде қалған қарттарына қарайласып, бала-шағаның қамын ойлап, майдандағы жақындарынан жырақ жүрсе де жеңіс туын желбіретуге зор үлес қосты.

Сондай нәзік жандылардың бірі – тыл еңбеккері Алтаева Фарида Алтайқызы-КСРО, ҚР «Халықағару ісінің озық қызметкері», 94 жастағы зейнеткер ұстаз. Жамбыл облысы ҚХА төрағасының қоғамдық орынбасары , Жамбыл облыстық қан орталығының директоры, облыстық мәслихатының депутаты Гулам Умаров Мұхтарұлы және қан орталығы ұжымы Фарида Алтайқызын Ұлы Жеңіс күнімен құттықтады. Мектепті бітірісімен, 1947 жылы Семейдегі педагогикалық институттың филология факультетіне оқуға түсіп, оны 1951 жылы «Қазақ тілі және қазақ әдебиеті пәндерінің мұғалімі» мамандығы бойынша бітірді.

Училищеде еңбек ету барысында қанша алғыс, мақтау грамоталарына ие болған. Қоғамдық жұмыстарға белсене қатысып, 2 рет аудандық Кеңес- 1 рет қалалық Кеңеске депутат болған, Кеңес Одағы- және Қазақстанның «Білім беру ісінің үздігі» деген төсбелгісіне мараппаталды.

Сұм соғысты әлі күнге дейін санасынан өшірмеген әжеміз өткен күнге көз тастап, ескірмеген естеліктерімен бөлісті.

«Ел іргесі тыныш, бейбіт заманымыз мәңгілік болсын! Халқымыз аман болып, түрлі қиындықты еңсеріп, жақсы күндермен қауышып жүре берейік. Егемен еліміздің ертеңі жарқын, кемел келешегіміз жақсы күндермен жалғаса берсін. Ұрпағымыз ұлағатты, бақытты ғұмыр кешсін»,- деп ақ жаулықты әжеміз ақ батасын арнады.

 

Ерлігі – ұрпаққа өнеге

 

Биыл Ұлы Жеңіске – 79 жыл. Бұл күн – сұм соғыс деген атаумен тарих беттерінде таңбаланған батырларымыздың жанкешті ерлігінің жеңісі. Соғыстан кейінгі 79 жыл ішінде жыл сайын ардагерлеріміз азайып келеді.

Ағымдағы жылы айтулы мерекені елімізде 148 ардагер мен бұл күнге үлес қосқан тыл еңбеккерлері мен ақталған азаматтар және т.б 50012 азамат атап өтуде.

Бүгінде аймақта 8 майдангер батырларымыз бар.

Жыл сайын Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне барынша әлеуметтік қолдау шаралары жүргізілуде. Биыл да бұл үрдістен жаңылмай өңірімізден шыққан батыр ардагерлерімізді құрметтеу шаралары өз жалғасын табуда.

Осынау мереке қарсаңында Жамбыл облысы әкімдігінің ІСБ «Қоғамдық келісім» мекемесінің қызметкерлері мен жастары Ұлы Отан соғысының ардагерлері Григорий Нещеретнев, Муфтала Хамдиева және тыл ардагерлері Галина Губайдулина мен Любовь Накарякованың шаңырағына барып, атаулы мерекемен құттықтады.

Ұрыс даласында ерлік жасаған ерен еңбек иелері қашанда құрметке лайық! Бұл тұрғыда мемлекет тарапынан ардагерлерге көр­сетілген қамқор­лық пен жеңілдік қатары арта түсуде. Айта кетейік, дәстүрлі түрде Қазақстанда ардагерлерге төленетін төлем мөлшері басқа елдермен салыстырғанда бірнеше есе жоғары.

Мәселен, биыл Қазақстандағы Жеңіс күніне біржолғы төлемнің мөлшері 3833 долларды құрап отыр.

Иә, жыл санап қатары сиреген қазыналарымыздың майдан шебіндегі ерлігі қымбат. Сондықтан, жеңісті келешек ұрпақтың жарқын болашағы үшін жақындатқан майданда соғысқан және тылда еңбек еткен ардагерлеріміздің өшпес ерліктерін ұмытпауға тиіспіз!

Жамбыл облысы әкімдігінің ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ «Ақпараттық жұмыс және қоғаммен байланыс» бөлімі